Сейсенбі, 23 Шілде 2024 11:25

Түркістан облысы: кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Облыстық құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау және білім саласының өкілдері, сонымен қатар комиссия мүшелері, аудан, қалалардағы комиссия төрағалары мен хатшылары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан жиында үш мәселе қаралды.

Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Бегімхан Ахметов кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын-алу мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өкілі кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын ұйымдастыру және демалыс маусымында қауіпсіздікті алдын алу шаралары туралы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова да осы саладағы жұмыстарды баяндады. Содан соң облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жалайыров білім беру ұйымдары жанындағы жол инфрақұрылым белгілері «Қауіпсіз жол» жобасы жайында мәлімдеді.

Айта кетейік, облыста арнайы және ресми халықтың шомылатын орындары жоқ елдімекендерде модульді-каркасты бассейіндер сатып алынып, тегін және қауіпсіз шомылуына мүмкіндіктер жасалынуда. Биыл жыл басынан бері 72 дана қаркасты бассейн сатып алынып, орнатылды. Қазіргі таңда жалпы каркасты бассейндер саны 143-ге жетіп отыр.

Жекеменшік стационарды бассейндері бар кәсіпкерлермен меморандум түзіліп, әлеуметтік тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан 2 мыңға жуық бала ақысыз суға шомылуда. Бұдан өзге «Білім беру ұйымдарын қауіпсіз жол инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің жоспары» аясында жол белгілерін жөндеу, жаңалау, жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша 1698 дана жол белгілерін орнату, жаңарту жұмыстары жоспарланса, бүгінгі таңда 409-ы орнатылған. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хаттама түзіліп, назарға алынатынын жеткізді. Жиында айтылған мәселелер бойынша құзырлы органдарға тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, жалпы жаз мезгілінде Түркістан облысында 33 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Биыл өңірдегі 70 мың бала сауықтыру лагерьлерінде демалады. Оның ішінде 50 мың бала - әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен тегін демалса, 20 мың бала - ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста жалпы 3 421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Биыл Түркістан облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог жұмыс істейді. Бұл жайында таяуда Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов арнайы брифингте мәлімдеген болатын. 

«Түркістан облысында жалпы 1 052 мектепте 518 733 оқушы білім алады. Оның ішінде 32 306 оқушы 11-сыныпты бітірмек. Ал 27 340 оқушы ҰБТ-ға қатысады деп күтілуде. Облыстағы түлектердің 1 727-і - «Алтын белгіге» үміткер болса, 2 466 оқушы - «Үздік аттестат» иегері атанбақ. Жазғы сауықтыру лагерьлеріне жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, облыстық колледждерден 80 студент өндірістік тәжірибеге тартылады. Сонымен қатар, 20 мыңнан астам бала ата-аналар есебінен ақылы демалады. Ал «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыстағы 3 421 оқушы Түлкібас және Төлеби аудандарының лагерьлерінде жазғы уақыттарын өткізеді» - деген болатын Жандос Маханбетұлы.

Сонымен қатар, мектептер жанынан да лагерьлер ұйымдастырылған. Онда жергілікті бюджет есебінен 10 000 оқушы жазғы демалыста болады. Облыста жазғы маусым кезінде барлық мектептерде спорттық командалар жасақталып, жарыстар, спартакиадалар, үйірме жұмыстары ұйымдастырылады. Жасөспірімдердің Отанына, туған еліне деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық тәрбие беру мақсатында Түркістан, Отырар, Сайрам, Бәйдібек өңірлеріне саяхаттар ұйымдастырылмақ.

Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, қала сыртындағы лагерлер маусым айынының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ Түлкібас пен Төлебидегі «Самал» және отбасылық үлгісіндегі балалар ауылы лагерінде облыстағы 2 отбасылық үлгісіндегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады.

Тәртібі бойынша мектепішілік және полиция есебінде тұратын 1100 оқушы Төлеби ауданында орналасқан «Тау барысы» лагерінде шатырлы лагермен қамтылады. Ал жаз айларында 266 оқушы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерлерінде тынығады.

Балаларды жазғы сауықтырумен қамтамасыз ететін лагерлер бейнебақылау жүйелерімен, күзет қызметімен, байланыс құралдарымен, өрт дабылдарымен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылатын дабыл батырмаларымен жабдықталуда. Жазғы сауықтыру лагерлерінде балалар қауіпсіздігі үшін күзет агенттіктері қызмет көрсетеді және орналасу ауданына қарай полиция қызметімен бірлескен жұмыстар жүргізеді.

Сонымен қатар өңірде мектеп жанындағы бір мезгілгі тамақпен қамтитын 350 лагерь (105 987 оқушы қамтылады) және 648 ойын алаңшасы (214 654 оқушы қамтылады) балалар үшін қызмет көрсетеді. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 108 мың оқушы көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмысына көмекші ретінде қатысады. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 446 педагог қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, 80 колледж студенті дуалдық білім беру шеңберінде тартылады.

Оқушылар үшін мәдени-ағартушылық, әскери-патриоттық және спорттық бағытта 83 облыстық іс-шаралар тізбесі бекітілген. Жаз айларында «Ұлттық мектеп лигасы» жарысы, «Жас құтқарушы» сайысы, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны, «Ашық алаң» дебаттық үйірмелері, ұл және қыз балалар арасындағы облыстық футбол турнирі, «Интелектуалды ұлт» мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы шахмат турнирі, «Менің аулам» әлеуметтік жобасы, «Жасыл сақшы» және «Тұран скауттары» жобалары іске асырылады.

Балалардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру мәселесі облыс әкімінің де назарынан тыс қалған емес. Дархан Сатыбалды таяуда осы мәселеге қатысты өткен жиында мемлекеттік және жекеменшік жазғы сауықтыру лагерлерінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді, жазғы сауықтыру лагерлерін санитарлық талапқа сәйкес келтіруді және кемшіліктерді жою бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Жауаптыларға балаларды жазғы сауықтырумен және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын қатаң бақылауға алуды жүктеді.

– Жазғы сауықтыру лагерлерінде спорт алаңдарын, балаларды дамыту орталықтарын жабдықтау, сондай-ақ, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бойынша шараларды арттыру керек. Әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларды сауықтырумен, жазғы демалыспен барынша қамтуды қамтамасыз ету қажет. Бұл жұмысқа ірі кәсіпорындарды, бизнес өкілдерін тартқан жөн. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің басты міндетіміз. Осыған орай, барлық лагерлерге полиция қызметкерлерін бекітіп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын қатаң жүргізуді тапсырамын. Жазғы демалыс кезіңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда.Мемлекеттік және жекеменшік жазғы сауықтыру лагерлерінде қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіліп, жазғы сауықтыру лагерлерін санитарлық талапқа сәйкес келтіру қажет,– деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Оқушыларды тасымалдайтын автобустарға міндетті түрде патрульдік полицияның арнайы автокөліктерімен ілесіп жүру жүзеге асырылады. Балаларды полициясыз тасымалдауға тыйым салынады. Оқушылардың жазғы демалыс кезінде полиция қызметкерлері олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын. «Абайлаңыз, балалар!» тақтайшасы алдынғы және артқы жақтарында, көліктін доңғалақтары және техникалық жағдайы талапқа сай болуы қажет. Автобуста қаралған орындықтардан артық балаларды отырғызуға болмайды және де қосымша жүргізуші міндетті түрде болуы тиіс. Балалардың жазғы демалу кезеңінде полиция қызметкерлері лагерлерге бекітіліп, қауіпсіздік шараларын қабылдау үшін лагерь аумағында тәулік бойы кезекшілікке түседі.

Жазғы балалар лагерлеріндегі әркім білуі тиіс қауіпсіздік шараларытуралы да айта кетсек. Жазғы лагерлерде өрт қауіпсіздігіне, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауына және өртке қарсы шараларын уақытылы орындауға лагердің басшысы жауап береді. Жеке жайлардың өрт қауіпсіздігін, өртке қарсы ережелердің талаптарын сақтауға және уақытында өртке қарсы іс-шараларын өткізуіне, басшының бұйрығымен осы жауапкершілік артылған лауазымды тұлғалар (тәрбиелеуші, бала шығармашылық үйірмесінің басшысы, асхана  және қойма меңгерушісі) жауапты.

Тәрбиелеушілермен, медицина және күту қызметкерлері құрамымен өрт қауіпсіздік ережелерін оқып үйренуге; жайларды қажетті өрт сөндіру және байланыс құралдарымен қамтамасыз етуге, кезекші қызметкерлерді - электр энергиясын өшірген жағдайда электр қол шамдармен қамтамасыз етуге; балалар және қызметкерлер болатын ғимараттарда пиротехникалық бұйымдар, тұтанғыш сұйықтық, жанғыш сұйықтық және басқа өртенгіш заттар мен маталарды сақтауға жол бермеуге; өрт пайда болған жағдайда балалардың, адамдардың және материалды құндылықтардың эвакуациялау жоспарымен және осы жоспарларға нұсқаулықтармен қамтамасыз етуге, осыған сәйкес жарты жылда бір рет оларды машықтау бойынша  тәжірибелік сабақтар өткізуге; әр ғимаратты, үй-жайды, лагерь аумағының учаскесін өрт пайда болуы мүмкін жағдайда өрт сөндіру және байланыс құралдарымен, дабыл беру жабдықтарымен, көрнекі үгіт-насихатпен, өрт қауіпсіздік белгілермен, адамдарды хабарландыру жүйелерімен қамтуға және олардың жарамды жағдайын қамтамасыз етуге жауапты.

Қызметкерлер құрамы кезекшілікке тұрған кезде: лагердегі балалардың санын білуі, алғашқы өрт сөндіру және телефон байланысының болуын және пайдалануға дайындығын тексеруі тиісті. Лагерь аумағында, ғимараттарында: арнайы орындардан басқа жерлерде шылым шегуге; алау жағуға, қоқыс өртеуге, пиротехникалық заттарды қолданып отшашуларды атуға; ғимараттарға және сукөздеріне өтпе және кіре беріс жолдарын қазуға тыйым салынады. Жиһаздарды орналастыру эвакуациялық жолдарды, өтпе және кіре беріс жолдарды бітеп тастамауы, адамдардың еркін өтуіне кедергі жасамауы керек. Лагерь басшысы (немесе оның орнын басатын тұлға) өрттен қорғау жүйелерін штаттық жаттыққан мамандардың күшімен білікті пайдалануын қамтамасыз етуге, оларды жұмысқа жарамды жағдайға келтіруге дереу шараларды қабылдауға міндетті.

ЛАГЕРЬДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ

Әрбір лагерге келгеннен кейін бірінші минуттан бастап лагерь дүние мүлкіне жауапкершілікпен қарау.

Лагерь бөлмесін қоқытуға рұқсат етілмейді.

Телеапаратураларды, шамжаққыштарды, электросымдарын балаларға қозғауға немесе бүлдіруге болмайды.

Лагерь аймағын ластауға, қағаздарды лақтыруға болмайды.

Тәрбиешінің рұқсатынсыз балаларға лагерь аймағынан кетуге болмайды.

Техникалық қауіпсіздік ережесі:

Бөлмелерде ұшты, өткір және жарылғыш заттарды ұстамау.

Электр сымдардың ашық тұрған жерлерін ұстамау және оңдамау.

Теледидарды және т.б. электр құралдарын өз беттерімен жөндемеу.

Балта, балға және өткір заттарды рұқсатсыз пайдаланбау. 

Лагердегі гигиеналық талаптар:

Киімді дұрыс таңдау, организмнің қоршаған ортаға тез үйренуіне, дененің жылуын сақтауына және терінің лас болмауына көмегін тигізеді. Жылы күндері жеңіл киім қажет. Күн ыссы болғанда күннің көзіне ақ матадан тігілген киім киген дұрыс. Тәрбиешілер оқушылардың киімдерінің таза болуын қадағалау қажет. Оларды өзінің гигиеналарына дұрыс қарауын тәрбиелеу керек. 

Өрттен сақтану ережелері:

Электр желісінен аулақ болу.

Электр пештерінен аулақ болу.

Өрт байқаған кезде тез арада лагерь меңгерушісіне немесе тәрбиешілерге хабарлау.

Сіріңке мен жарылғыш заттарды пайдаланбау.

Үтікті және электр құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін сақтау және оларды қараусыз қалдырмау.

Өрт болған жағдайда сыртқа шығу және кішілерге көмек беру.

Күйіп қалған жағдайда медициналық көмек көрсету.

Жиһаздар мен зат мүліктерін күтіп ұстау ережелері:

Лагерь мүліктерін таза ұстау.

Бөлмелерді, жиһаздар мен мүліктерін күтіп ұстау.

Төсек орындарын жыртпай және берген заттарды күтіп ұстау.

Төсек орындарын ауыстырып отыру.

Суда шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелері:

— Ең алдымен рұқсат етілген жерлерде ғана шомылыңыз (алдын-ала жағажай түбі тексерілген жерлерде және төтенше жағдай кезінде көмекке келетін адам бар жерде).

— Шомылатын орынға тыйым салынбағанын тексеріңіз.

— Шомылатын орынның тереңдігін біліп алыңыз;

— Тамақтанып болғаннан соң бірден суға беттемеңіз;

— Су ішінде алысып ойнамаңыз;

— Еш уақытта қараңғы уақытта, сондай-ақ, масайған күйінде шомылмаңыз.

— Егер шомылуға жалғыз барсаңыз ,жақсылап ой таразысына салыңыз, төтенше жағдай бола қалса, сізге кім көмектесетінін ойлаңыз.

— Судағы төтенше жағдайдың басты себептері: азаматтардың құтқарушылар күзетпейтін су айдындарында демалуынан, шомылуға жабдықталмаған және арналмаған жерлерде шомылуынан, судағы қауіпсіздік талаптарын білмеуінен әрі ұстанбауынан, ішімдік ішіп алып шомылуынан, жүзе білмеуінен, балалардың су жағасында ересектердің бақылауынсыз қалуынан болып тұр.

— Тым ұзақ шомылмаңыз, тоңып қалуға дейін жеткізбеңіз, аяқ-қолыңыздың тырыспауын қадағалаңыз;

— Қоршау белгілерінен алыстап кетпеңіз;

— Шомылу кезінде судың суық болмауын байқаңыз, себебі, суық суда тоңудың әсерінен өлім саны көп болады. Суық суға түскен адам 10 – 30 минутта суық өтіп қайтыс болады. Организмнің тез салқындауы ашыққан кезде, тым тойынған кезде, шаршаған кезде және адамның мас күйінде болады. Тұщы суда адам 1 – 3 минутта, ал теңіз суында 7-8 минутта қайтыс болады.

— Ерекше көңілді балаларға бөліңіз, үлкендердің қарауынсыз жеке қалдырмаңыз, шомылу білмейтін балаларды суға мүлдем жақындатпаңыз.

Әрбір бала ересектердің көмегімен жүзуді үйренуі тиіс, алайда балаларды суда ешбір қараусыз қалдыруға болмайды. Суға батып бара жатқан ең алғашқы істейтін шара- төңіректегілердің назарын «адам батып барады !» деп айғайлау арқылы аудару. Батып бара жатқан адамды құтқаруға ұмтылатын ересектер әрқашан табылады. Адамды кез келген құтқару құралының көмегімен аман алып қалудың оңай екендігін есте ұстаған жөн. Ол су бетінде қалқып жүрген және батып бара жатқанға лақтырып жүрген және батып бара жатқанға лақтырып жеткізетін кез келген зат болуы мүмкін.

 Балалар лагерлерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды, себебі өрт шыққан кезде үлкен материалдық шығын ғана емес, сонымен қатар балалардың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан балалар лагерінің әрбір қызметкері белгіленген өрт қауіпсіздігі ережелерін білуге және қатаң орындауға міндетті. Өрт шыққан жағдайда бірінші кезекте ол балаларды құтқару бойынша өзіне байланысты барлық шараларды қабылдауы, содан кейін өртті сөндіруге кірісуі тиіс. Көптеген ата-аналар балалармен өрт қауіпсіздігі ережелері туралы әңгімелерге уақыт таппайтыны немесе балаларды тәрбиелеу ісінде ғана мектепке сүйенетіні құпия емес.

Балалардың отпен ойнауы салдарынан пайда болатын өрттердің талдауы балалардың отпен абайлап әрекет ету дағдыларының жоқтығынан, олардың мінез-құлқына жеткіліксіз бақылау және балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыра алмауынан көрінеді. Алайда, балалармен жазатайым оқиғалардың көпшілігі қауіпсіз өмір сүру үшін қажетті жағдай жасау арқылы бала жасай алатын нәрселерді болжай отырып, алдын алуға болады. Ең бастысы ерте жастан балалардың отпен абай болу дағдыларын тәрбиелеу. 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 59 рет