Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданда жүргізіліп жатқан маңызды нысандардың құрылыс барысымен танысты. Мердігерлер, бас жобалаушылар, техникалық қадағалаушылар, жауапты басқарма өкілдеріне құрылыс кестесінен кешікпеу, жұмысшы күшін екі есе көбейту, құрылыс сапасына аса мән беруді тапсырды. Егер мерзімнен кешігу немесе құрылыс сапасы төмен болған жағдайда айыппұл салынатыны ескертілді.
Алдымен аудандық білім бөліміне қарасты «Толағай» лагеріне барды. Жазғы сауықтыру лагері биылғы 3 маусымда жұмысын бастаған. Қазіргі таңда мұнда ауысымдағы 200 оқушы демалуда. Жалпы жаз айларында 1660 бала демалады деп жоспарланған. Бес мезгіл тамақ беріледі. Қолөнер, сурет салу, футбол алаңы, шахмат, дойбы сынды үйірмелер мен бассейн бар. Сонымен қатар салқындатқыш кондиционерлер мен бейнебақылау камералары орнатылған.
А.Қалыбеков ауылдық округі, Төрткөл елді мекеніндегі фельдшерлік акушерлік пунктінің құрылысы да тексерілді. Былтыр қыркүйек айында басталған құрылыстың бас мердігері – «Нүрі-Л-Жетысай» ЖШС. Ал Бірлік ауылдық округі, Алғабас елді мекеніндегі мәдениет үйдің күрделі жөндеу жұмыстары биыл наурыз айында басталған. Ғимараттың жалпы ауданы 1835,3 шаршы метр, жер телімінің ауданы – 0,45014 га. Бас мердігер – «Allians & Arena» ЖШС.
Облыс әкімінің орынбасары Атакент кентіндегі Қ.Сәтбаев атындағы №6 жалпы білім беретін мектебіне барып, сонда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Типтік үлгідегі мектеп 1986 жылы пайдалануға берілген. 570 орынға арналған білім ошағында мыңға жуық оқушы білім алады. Бас жобалаушы – «Вибo-строй» ЖШС. Биыл маусым айында басталған құрылыс бір жылға жоспарланған. Келер жылы тамыз айында тапсырылмақ. Мектептің қабырғалары плитадан қаланған үш қабатты негізгі 3 блоктан тұрады. «Construction Group SAMRUK» ЖШС тарапынан күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда мектептің Б, В, Г блоктарының бұзу және бөлшектеу жұмыстары аяқталды. Әрі қарай ішкі сылақ жұмыстары, шатырды орнату, терезелерді дайындау, электр сымдарын орнату жалғасуда.
Іссапар барысында «Жастар» ресурстық орталығында Мақтаарал ауданындағы этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдары жетекшілері, қоғам белсенділерімен кездесті. Мақтаарал ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бейсенбай Төребеков аудандағы жалпы ахуалды, этнос өкілдерінің жұмыс барысын таныстырды. Сұрақ-жауап форматында еркін әңгіме өрбітіліп, қатысушылар пікір алмасты. Ел бірлігін нығайту, этносаралық келісімді сақтау жөнінде ой қозғалды.
– Өңіріміздің дамуы мен экономикалық өсімі қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен достық, өзара сенім мен құрметтен бастау алады. Қоғамда әділдікті, еңбекті дәріптеу, жастарға қолдау көрсету маңызды. Ол үшін балаларды дұрыс бағытқа бағыттап, сапалы білім беруге баса мән беру керек. Жұмыс күші де жетіспейді. Бос жүрген жастарды, жұмыссыз азаматтарды тартқан жөн. «Жастар практикасы» бар, «Серпін» бағдарламасымен оқу, әскерге шақыру жұмыстары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Сондай-ақ NEET санатындағы жастарды колледжге оқыту мәселесі де өзекті. Биыл жаңа оқу жылына 15500 орынға мемлекеттік тапсырыс беріп отырмыз. Жастар грантта оқи алады. Халық ақпараттануы керек. Ел татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету – басты қағидатымыздың бірі. Біз бірлесе атқарған жұмыстар арқылы азаматтарымыздың экономикалық-әлеуметтік әл-ауқатын арттыра аламыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан соң Мақтаарал, Жетісай аудандарының құқық қорғау органдары өкілдерімен, басшыларымен кездесіп, ең бірінші шешімін табу қажет мәселелерді талқылады. Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапарының соңында А.Пушкин атындағы жалпы білім беретін мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл мектеп 1967 жылы 536 оқушыға арналып салынған. Қазіргі таңда 1-11 сыныптар аралығында екі ауысымда 801 оқушы білім алуда. Мектеп ғимаратына 1967 жылдан бері кешенді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мектеп ғимараты екі қабатты екі бөлімнен тұрады. Биыл 10 мамырда күрделі жөндеу жұмысы басталды. Содан соң М.Тұрсын-заде атындағы жалпы білім беретін мектепке соғып, жалпы жай-күйімен танысты.
Осы тұста айта кетерлігі, Мақтаарал ауданында 200 балаға арналған 4 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар Жайлы мектеп ұлттық жобасымен тағы 5 мектеп салынуда. Аталған мектептерде пәндік кабинеттер оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен толықтай жабдықталады деп күтілуде. Сондай-ақ онда оқушылардың сапалы білімге қанық болып өсуі мен жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалады.
Жалпы, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынады. Оның 29-ының құрылысы биыл 2024 жылы аяқталады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы биылғы жылы басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынатын бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін береді.
Аталған ауқымды құрылысқа байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі алгоритм әзірленді. Алгоритмге сәйкес облыс көлемінде арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері, басқарма басшылары, депутаттар, білім саласы және инфрақұрылымға қатысты мекеме өкілдері енгізілді. Жұмысшы топтың отырысы айына кемінде 1 рет өткізіліп, өзекті мәселелер талқыланып жатыр. Әрбір білім ұясының құрылысы қатаң бақылауға алынады. Инфрақұрылымы, инженерлік жүйелері, жері, суы мен газы, электр жүйесі, жалпы әрбір өзекті мәселесін шешу жолдары жоспарланып, нақты жұмыс жүріп жатыр.
Оқушылардың саны зерделеніп, қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Сонымен бірге мектептердің жобасы, қолданылатын құрылыс материалдары мен жиһаздары бойынша да ортақ стандарт қабылданған. Ол мердігерлерге ұсынылған.Жүйелі әрі жедел жұмыс нәтижесінде 2023 жылы құрылысы жоспарланған 29 мектептің 19-ының жер телімдері бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мен жобалаушы мекемелері анықталды. Ал қалған 10 мектеп бойынша «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы тарапынан сатып алу конкурсының ашылуы өткізілуде.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.
«Жайлы мектептің» айырмашылығы неде деген сауалға жауап беретін болсақ, біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады. Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде тек бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.
Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек.
Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат