Стандартқа сай жабдықталған білім ордасы, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, балаларға арналған спорт, ойын алаңшаларымен қамтылған ауылда өткен жылдан бері тұрғындардың сұранысына орай тиісті жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елді мекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальтпен, 100 пайыз көше жарықшамдарымен қамтылды. Бұған қоса толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген.
Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке орауда. Сәні мен салтанаты келіскен ауылдың ажарлана түсуіне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы да серпін бергені анық.
Сонымен қатар, бүгінде ауылда 69 алтын құрсақты батыр аналар тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар. Сондай-ақ Округ бойынша 28 азамат “Ауыл аманаты” жобасы бойынша 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша соңғы уақытта ауылдан өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артуда. Әрбір істі аса ұйымшылдықпен атқаратын ауылда соңғы 5 жылға жуық уақытта ешқандай қылмыс дерегі тіркелмеген.
Ауыл ардагері Садық Әбдірашұлы өз сөзінде “Ауылымызда көптеген игі жұмыстар атқарылып, ауылымыз ажарлана түсуде. Жастарымыз игі істерге белсене араласып, кез-келген істі ұйымшылдықпен атқаруда. Әрбір азамат елім, жерім, отаным, туып – өскен мекенім деп қызмет етсе, көркею, даму сынды үздіксіз процесс орындалатыны ақиқат”,-деп ауылдың бүгінгі келбетін аса қуанышпен жеткізді.
Дүниедегі ең қиын нәрсе – адамның өз нәпсісін жеңуі. Адам бәрімен күресе алады, бірақ өзімен күресуді ылғи ұмыт қалдырады. Бүгінгі қоғамдағы болып жатқан жәйттарға қарасақ, соған анық көзіміз жетеді. Технолоиялық жақтан қанша дамып жатқанымызбен, рухани әлемнің бостығы адамзатты небір қиындықтарға әкеп тіреп жатыр. Соның бірі – маскүнемдік. Әсіресе осы пандемия кезінде елімізде ішімдік көп пайдаланылыпты. Жұмыс жоқ, үйде жатқан адамдар рухани ізденбесе басқа қандай әрекетке баруы мүмкін.
Осы арақ-шараптан біз бірінші жастармызды қорғауымыз керек. Ішімдікке бейім боп келетін уақыт – жасөспірім кезеңі. Бұл уақыттарда бала өмірінде көптеген өзгерістер болады. Организмнің психо-эндокриндік қайта құрылуы қалыптасады, екіншіден ер жетіп қалған баланың көзқарасы, ортасы өзгереді. Психологиялық қайта құрылу дискамфорттық жағдайлардың пайда болуының себебінен қиын қалыптасады. Мінездері тұрақсызданып, ренжігіш, өкпелегіш боп алады. Осы кезеңде сырттан дос іздей бастайды. Бұл кезеңде топтармен бірге арақ-шарапқа үйрену қауіпі артып, ата-аналары мен педагогтардың ескертпелері еркіндігіне, құқығына қарсы көрініп, темекі, ішімдікке құмарта бастайды. Сол арқылы өзін өстім деп ойлайтын психология болады. Бұл біздің қоғамның дертінің бірі. Осы кезеңде баланы қиындыққа соқытыра бермей, аман алып шығу ата-ананың міндеті. Қиындықтан қашу да балаларды алкогольдік топтарға әкелуі мүмкін.
Жаһанда 7 миллиардтан астам халықтың үштен бірі ішімдік ішеді екен. Біздің ел де ішімдікке құмар елдердің қатарында екен. Халық тұтынатын ішімдіктің бір жылдық мөлшерін жан басына шаққанда 12 литр арақ, 31 литр сырадан келеді екен. Соңғы дерек бойынша Қазақстанда бір жылда 261,5 млн литр сыра өндірілген. Бұл ішімдіктер бизнес ретінде де қарастырылатыны түсінікті. Бірақ қоғам өмірі үшін үлкен зиян. Алла Тағала қасиетті Құранда айтады: «Әй мүміндер! Арақ, құмар, тікілген тастар (бұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар» /«Маида» сүресі, 90-аят/ дейді. Бұндай жерде шайтанның азғыруы болатынын айтып: «Одан құтылудың жолы сақтаныңдар, жоламандар, сонда ғана құтыларсыңдар» – дейді.
Осы арақтың кесірінен қанша отбасының шаңырағы ортасына түсіп, күллі көкке ұшып жатыр. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисте «Арақ ішпеңдер! Себебі, арақ – бүкіл жаманшылықтың көзі» дейді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) өз үмметін харам нәрседен сақтануға шақырады.
Ішімдік отбасы мен қоғам үшін зияндылығынан басқа, ең алдымен жеке адамның өз денсаулығын құртушы. Ішімдік неше түрлі ауруды тудырады. Арақ ішкен адамның бауыры майланып, одан әрі циррозға (бауырдың қабынуы), тіпті бауыр рагына апарып соғатыны белгілі. Медицина саласының мамандарының мәліметінше, бауыр рагына ұшыраушылардың басым көпшілігі арақ ішушілер екен.
Арақ – адамды азғырушы шайтанның бір құралы. Арақ ішетін адам үш түрлі хайуанның образына енеді. Алдымен арақ ішер алдында өтірік күлу, жағымпаздану сияқты түлкі мінезділікке салынса, одан кейін бірнеше шөлмек босатқасын, есін еміс-еміс біліп, күші тасып, ырылдасып, төбелесіп, қасқыр мінезге ауысады, артынша есін білмей шошқа секілді кез келген лас жерге ұйықтай салып, өзін адам санатынан шығарады.
Ішімдік соншалықты талай қылмысқа себепкер болса да, оны жойып жіберуге ар-ұятымызды жұмылдыра алмай жүрген жайымыз бар. Егер аз да болса шараның бірінші қадамын жасалып, ішімдіктің этикеткасына: «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі арақ-шарап ішу отбасыңызға зиян келтіретінін, қылмыс жасауға, өліміңізге себепкер болуы мүмкін екендігін ескертеді» деген жазу жазылса, дұрыс болар еді.
Қоғамда ішімдік дертке ем деген сөз бар. Тіпті, кей замандастарымыз күніне бір рет арақ ішу денсаулыққа пайдалы деп, соны әдеттеріне айналдырып алған. Алайда «Тәулігіне бір-екі рет алкоголь қолдану денсаулыққа пайдалы деген сөз – миф. Бұл баяндама сол мифтің тас-талқанын шығарды», – дейді АҚШ-тың Сиэтл қаласындағы Денсаулық көрсеткіштері және анализ институтының профессоры Эммануэла Гакиду. Бұл институт әлемнің 195 елінде зерттеу жүргізіп, алкогольдің адам ағзасына зиянын зерттеген. Нәтижесі Lancet медициналық журналында жарияланған. Онда келтірілген деректерге қарағанда, спирттік ішімдіктер кесірінен жыл сайын дүниежүзінде 15-49 жас аралығындағы 2,8 миллион адам қайтыс болады екен.Бұл өте қорқынышты көрсеткіш.
Арақ атамыздан қалған ас емес. Қоғам да одан біржола, бір демде арылып кете алмайтыны түсінікті. Бірақ қазір елімізде арақ-шараптан бас тартқан ауылдар бар. Соның бірі жоғарыда тақырыбымызға арқау болған Созақ ауданындағы Жартытөбе ауылы. Бұл ауылда ішімдіктен біржола бас тартып, дүкендерінде сатпайтынын айттық. Бұл үрдіс ақырындап кең етек ала берсе, әсте-әсте жамандықтан арылармыз анық. Онда қылмыс та, қорлық-зорлық та азаяр еді.Жалпы айтқанда, алкоголь – заман дерті. Ол қаншама тағдырларды өз жолынан адастырып, теріс бағытқа әкетті. Қаншама жанның өмірі күрт үзілді, қаншама бала жетім қалды… Ішімдікті серік еткендердің денсауылығында туындап жатқан проблемалар да жеткілікті.
Ендігі жерде адам денсаулығына тигізер зияны туралы ғылым не дейді деген сауалға жауап іздеп көсрек. Асқазанға жеткен ішімдік 120 секундтан кейін қанға өте бастайды. Ал қан оны ағзаның барлық жасушаларына таратып жібереді. Одан ең бірінші үлкен ми сыңарларының жасушаларына зиян келеді. Алкоголь кесірінен адам қимыл-қозғалысына дұрыс жауап бере алмайды. Ендігі арақ ми қыртысының маңдайдағы бөлігінде орналасқан жасушаларға жеткенде ішкен жанның эмоциялары өзгеріске ұшырайды, себепсіз қуанып, жөнсіз күліп, өзін-өзі басқарудан қалып, сау кезінде айтпайтын сөздерін айтып, әртүрлі іс әрекеттерге барады. Алкогольдің тағы бір зияны жоғары дәрежелі жүйке орталықтарын жансыздандыруы. Күрмеліп қалғандай олардың мидың төменгі бөлігінің ешбір қызметіне жауап бере алмай қалады. Соның кесірінен көз қимылының үйлесімі кетіп, аяқ алып жүру қиындап, тілі күрмеледі. Иә, бұл алкогольдің ағзаға әсер етер жалпы сипаттамасы. Британдық психиатр және фармаколог Дэвид Наттың зертеуіне көз жүгіртер болсақ, алкоголь адам денсаулығына ең қауіп төндірер зиянды нәрсенің бірі. Яғни, оның героин, кокаин, LSD және тағы басқалармен салыстырғанда да қаупі жоғары боп есептеледі. Сонымен, алкогольдің дене мен миға тигізер зардабы туралы айтпас бұрын азын-аулақ көрсеткіштерге көз жүгіртсек.
Алкоголизммен күрес жөнінде Америка институтының статистикасында адамдардың 87%-ы он сегіз жастан бастап барлық өмірінде ішімдікті пайдаланса, 71% -ы өмірінің соңғы жылдары шарапқа ауыз салған. Ал 56%-ы дүние саларының соңғы айларында ащы сусынға әуестенген. Ілгеріде алкогольдің зияны кейбір есіріткілерді де артта қалдыратын жөнінде айта кеткен едік. Оған бірден бір себеп, ішімдіктің кез келген адамға қолжетімді болуы. Шындығында, барлық бұқаралық ақпарат өкілдері есірткіге салынып қылмыс жасағандарға көп көңіл аударады. Әрине, ішімдіктің де зардабынан туындап жатқан түрлі оқиғалар бар. Олардың бірі айтылса, келесісі назардан тыс қалады. Бұл көлік апаттарына ұқсас келеді. Егер ұшақ не кеме суға кетсе, барлық әлем сол оқиғаға құлақ түріп, қаза тапқандар туралы деректер іздеуге көшеді. Ал күніне алкогольден неше адам өз өмірімен қоштасып жатқаны назардан тыс қалып отыр.
Расында да, көп мөлшердегі ішімдік адам ағзасына орасан зор залал әкеледі. Алкогольдің 20 пайызы асқазанда сіңеді, ал қалған 80 пайызы аш ішекке жетеді. Алкогольдің денеге таралуы оның концентрациясына тікелей байланысты. Жоғары болған сайын адам жылдам масаяды. Мәселен, сыраға қарағанда, арақ тезірек сіңеді. Толып тұрған асқазан абсорбция мен масаю эффектісінің жылдамдығын түсіреді. Ащы шарап қарын мен ішегіңізге жеткен соң, қанайналымға өтеді. Яғни ағзамыз бұл зиянды нәрседен тезірек құтылуға тырысып жатыр деген сөз. Алкогольдің 10 пайыздай мөлшері өкпе мен бүйректен ауа және зәр арқылы шығарылады. Сол себепті, алкотестерлер сіздің ішкеніңізді-ішпегеніңзді анықтауға қауқарлы. Ал қалған ащы сусынмен бауыр күресетіндіктен, ең ауыр зардабын тартуға мәжбүр. Алкогольдің бауырға кері әсерін тигізетін екі нақты себеп бар: Тотықтандырылған стресс. Алкогольдің адам денесінен шығу үшін бауырдың рөлі зор дегенді айттық. Міне, көп жұмыс атқарған бауыр жасушасы химиялық реакциядан кейін қатты зардап шегеді. Өзін-өзі емдеуге тырысқан ол қабынып, тыртықтанып кетуі әбден мүмкін. Ішек бактерияларындағы токсиндер. Алкоголь ішекке де залалын тигізетіндіктен, сондағы бактериялар бауырға өтеді. Ол да қабынуға алып келуші фактор.Алкоголь эффектісі бірден туындамай, бірнеше қабылдаудан кейін барып көрініс беруі мүмкін. Оған себеп – организм өзі сыртқа шығара алмайтын спирттің мөлшері артқанда сигнал тастауы.
Жоғарыда адам миына жеткен алкогольдің қалай көрініс беретіні жөнінде айтылған еді. Жалпы, көп алкогольді пайдаланған жандардың координациясы өзгеріп, балансы бұзылып, сау ойлаудан айырылады. Ең негізгі симпомдардың бірі тежелген реакция, сол себепті, ащы сусын ішкен адамдарға рөлге отыруға тыйым салады. Алкогольдің миға әсерінен нейромедиатрлардың деңгейі өзгереді. Ол өз кезегінде нейрондардан бастап, бұлшықет тініне импульс жеткізуші. Нейромедиаторлар сыртқа тітіркендіргіштерге, эмоцияға, қимыл-қозғалысқа жауап береді. Олар мидағы электрлік белсенділікті арттыруы мүмкін немесе керісінше. Тежегіш нейромедиатрлардың ең маңыздысы – гамма-аммин май қышқылы. Алкоголь оның эффектісін арттырып, адамның іс-қимыл мен сөйлеуін бәсеңдететін әсер береді. Жалпы, ұзаққа созылған алкогольмен аурудың үш сатысын көрсете кетсек, біріншісі – ішімдікке шамадан тыс құмартудан адамның орталық жүйке жүйесі мен ішкі ағзалар жұмысының бұзылуымен сипатталады. Екінші сатысы психология тұрғысынан келгенде адам үрейге, қорқынышқа бой алдырып, мидың жұмысына кері әсер етуімен көрініс береді. Ал соңғысы мидың жүйке жасушалары келіп жатқан алкогольдің көп мөлшеріне шыдас бермегендіктен, адам араққа тіптен салынып кетеді. Бұл ең ауыр саты болып есептеледі.
Орталық жүйке жүйенің жасушалары зақымданған науқастың ақыл-есінде де айтарлықтай өзгерістер орын алады. Ағзаға сіңген алкоголь бірден тарап кетпей, бір-екі тәулік бойы сақталатыны бар. Сол себепті, салынып ішпей, тек күніге жарты стақан жүзім шарабы мен сыра ішушілердің де мастығы басылмайтынын естен шығармаған жөн. Сырада көптеген көмірсулар болады. Олар жылдам майға айналып, ішке жинала береді. Сырақұмар жандардың салмақ қосуының өзі бір мәселенің ұшын шығарды деген сөз. Негізі, маскүнемдік тұқым қулайтын ауру емес. Барлығы адамның өз қолында. Араласатын орта, достары кейде адамның ішкі кедергілері арақұмарлыққа алып келетінін көрдік. Маскүнемдіктен сақтанып, оның алдын алуға болатынын ұмытпаған дұрыс. Бұл аурудың артында бұзылған тағдыр, шырылдаған жақын жандар тұр.
Сонымен, алкогольке деген басыбайлықтан қалай арылуға болады? Ішуді доғарыңыз. Бірақ, бұл сөзге «иә» деп келісе кететіндер жоқтың қасы. Ендеше, өздігіңізден алкогольден арыламын десеңіз мына кеңестерге құлақ асыңыз. Ішімдікке құмар жандардан бойыңызды аулақ ұстаңыз. Кез келген шақыруына «жоқ» деп жауап беру сіз ойлағандай сондай қиын емес. Көндіруге тырысатын сөздерін назарға ілмеуге де болатынын жақсы білесіз. Тек «сына» көрмеңіз.Жақсылап тынығыңыз. Ұйқының қануы адамның өзін-өзі жақсы сезінуін және күнімен энергиясының сарқыламауын қамтамасыз етеді. Мұндай жағдайларда тез шаршап қалатын адам, қолын шарапқа жүгіртуге құмартып тұрады.Спортпен шұғылданыңыз. Тәуелділіктен арылу үшін ләззат сыйлайтын басқа амал іздеу керек. Бақыт гормоны физикалық жаттығулар кезінде бөліне бастайтынын тағы да есіңізге саламыз.Күйзеліспен күресетін тәсіл қажет. Алкогольге басыбайлылық көбінесе созылмалы шаршаумен байланысты. Жүйкені спиртпен сабырға әкелуге тырысудың керегі жоқ. Осы тұста сізге сүйікті хоббиіңізді қолға алатын уақыт келіп жеткендей. Сурет, музыка, кітап оқу сияқты шұғылданатын істің көмегі зор болмақ. Өміріңізді құртуға жол бермеңіз!
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат