Тур аясында тілшілер аудан орталығында орналасқан Желтоқсаншыларға арналған ескерткішке барды. Орталық саябақта 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, Желтоқсан қаһармандарының ерлігіне арналған мемориал ашылған. Одан соң, БАҚ өкілдері Темірлан ауылындағы «Ана мен бала» аллеясына барды. Аталмыш саябақ ынтымақ пен татулықтың мекені саналған Ордабасы ауданындағы алтын құрсақ аналардың құрметіне салынған. Аудан орталығы Темірланда ана мен бала мүсіні, аяқжол, демалысқа арналған орындықтар, қоршау, жарықтандыру шамдары, балалар ойын алаңшасы мен Workout алаңы орнатылған. Сондай-ақ, онда жасыл желекпен қамту жұмыстары қарқын алған.
Одан соң, тілшілер аудандағы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында грант алған азаматтардың шығарған өнімдерінің көрмесіне қатысты. Көрмеде жоғары сортты шикізаттардан жартылай фабрикаттар шығаратын цех ашқан Гүлшария Манғұтованың өнімдері көрсетілді. Одан бөлек, жылқы басын көбейтіп отырған Есен Үткелбаев пен жылыжай шаруашылығын ашқан Орынбасар Шұлымбаевтың өнімдері көрмеге қойылды. БАҚ өкілдері кейін аудандық Мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарымен танысып, робототехника көрмесін тамашалады. Көрмеге дарынды 20 оқушының жұмыстары қойылған.
Бүгінде Түркістан облысында Ауыл — Ел бесігі жобасы аясында аудандарда бірқатар жобалар іске асып келеді. Мәселен, жоғарыда аталған Ордабасы ауданындағы 14 елді мекеннің көшелері қайта жөндеуден өтті. Ордабасыда аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 39,1%-дан 73,6%-ға жетсе, ал топырақ жолдардың үлесі 41,2%-дан 35,6%-ға төмендеген. Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен былтыр 23 көше және «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 27 көше орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде елдімекендердегі ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 60%-ға жетіп отыр.
Атап айтқанда, былтыр Ордабасы ауданында «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Теспе, Бөген, Жамбыл, Бірлік, Берген, Ынталы, Тоқсансай, Береке, Елшібек батыр, Ынтымақ, Қайнар, Қызылжар, Бейсен, Мақташы ауылдарындағы ішкі көшелер жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, Ынтымақ, Жеңіс, Қарақұм, Ақсары, Шұбарсу, Бадам, Ұялыжар, Жеңіс, Қарақұм, Мақташы, Темірлан, Көктөбе, Қызылсеңгір, Қажымұқан, Амангелді, Ынталы, Спатаев ауылдарындағы топырақ жолдарға тас төселді. Ауданда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 29 көше жарықтандырылды. Нәтижесінде аудандағы 140 көшенің жарықтандырылуы 20,6%-ға жетті. 2023 жылы 10 көшені толық жарықтандыру жоспарланып, жүзеге асырылды. Сондай-ақ, алдыңғы жылы аймақта автомобиль жолдары бойында 26 бейнебақылау камерасы орнатылса, былтыр 18 «Сергек» камерасы орнатылды.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылуы тұрақты бақылауда. Мемлекеттік бағдарлама аясында аймақтағы ауылдардың ажары кіріп, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау салалары нысандары жаңарып, жөнделуде. Ауыз су, жарық, табиғи газ, көлік инфрақұрылымы және жылумен қамтамасыз ету салалары бойынша құрылыс, қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің баяндауынша, білім саласында бір нысан жаңадан салынып, екі нысан күрделі жөндеуден өтеді. Әлеуметтік салалар мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қосымша 42 елді мекендегі 200-ден астам жобаға ұсыныс беріліп, қолдау тапты. Нәтижесінде Келес ауданында жаңа мектептің құрылысы басталып, Түлкібас ауданында жаңа медициналық мекемелер мен үш ауылдағы ауыз су жүйелері жаңартылмақ. Созақ, Отырар аудандарында жаңа мәдениет ошағы салынып, Ордабасы ауданындағы Төрткіл ауылында денешынықтыру және сауықтыру кешені бой көтереді. 104 ауылдағы ішкі көшелер жаңарады. 300 мыңға жуық халық тұратын 72 елді мекендегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандардың жағдайы жақсаратын болады.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасының мақсаты – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Маңызды жоба аясында ауылдарда жолдар жөнделіп, білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары бой көтеруде. Сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында 1,1 млрд. теңгеге 10 жобаның құрылысы жүргізілді. Білім саласында 5,4 млрд. теңгеге 34 жоба бойынша құрылыс және күрделі жөндеу жұмысы атқарылды.Мәдениет пен спорт салаларында 4 млрд. теңгеге 20 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында 3 млрд. теңгеге 21 жобаның құрылысы басталып, ағымдағы жылы халыққа пайдалануға беріледі. Облыста жол мәселесі өзекті екендігін ескере отырып, 4,4 млрд. теңгеге 168 жоба іске асырылды.
– Осы жылы 143 елді мекенде 294 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 23,4 млрд. теңге жоспарланды. Жобаларды іске асыру аясында 4,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2019 жылдан бастап52 млрд. теңгеге 1 мыңнан астам жобалар жүзеге асырылды. 58 инфрақұрылымдық, 126 әлеуметтік нысандарының құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ауылдардағы 1 мың шақырымнан астам ішкі көшелер орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде, 175 елді мекен тұрғындарының (600 мыңнан астам халық) өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалды. Тұрғындармен кездесу барысында 50 пайыздан астам сұрақтар ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымға қатысты көтеріледі. «Облысымызда тұрғындардың 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрғандықтан, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы біздің өңір үшін өте маңызды. Жалпы, жобаның іске асырылуы тұрақты бақылауда,- дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыста мектептерді білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Қазіргі таңда білім беру саласы мамандарына «Дипломмен –ауылға» жобасы аясында 100 АЕК мөлшерінде (306,3 мың теңге) біржолғы жәрдемақы және тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген кредит түрінде әлеуметтік қолдау қарастырылған. «Дипломмен – ауылға» жобасы іске асырылғаннан бері жалпы 11595 маманға 2,1 млрд. теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы ұсынылған. Оның 7911-сі – мұғалімдер. Сондай-ақ 11,6 млрд. теңге көлемінде бюджеттік кредит ұсынылып, нәтижесінде 3573 маман баспаналы болды, оның ішінде 2 265 білім саласының өкіліне қолдау көрсетілген. Алдағы уақытта өңірімізге қажетті мұғалімдер санын анықтап, «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында ұсынылатын қолдау шаралары мөлшерін ұлғайту бойынша ұсыныс енгізілмек.
Облыс әкімі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары жіті назарға алынып, тиісті жұмыс жүргізілетінін, бұл елдің әлеуетін көтеруде маңызға ие екенін айтып, жауапты басшыларға тапсырмалар берді. Осыған дейін үкімет отырысында Министр атап өткендей, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,8 млн жуық адам тұрады. «Ауыл — Ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90% қамтылған 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алынды. Бұл ауылдарды дамыту бойынша жұмыс 2019 жылдан бастап «Ауыл — Ел бесігі» жобасы шеңберінде жоспарлы түрде басым тәртіппен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты — инфрақұрылымды жаңғырту есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу болып табылады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат