Дүйсенбі, 02 Қыркүйек 2024 21:18

Менмендік адамның міні

Негізі адам бойында менмендік қасиет болатын болса, онда ол адамның бойында жаратушыға деген сенім әлсірейді. Менмендік – адам бойындағы жағымсыз қасиеттердің бірі. Ондай адам тек өзінің түйсігіне, күйзелісіне, қызығушылығына көңіл аударады. «Менмендік – адамның міні» – деп Жүсіпбек Аймауытұлы айтпақшы, бойды бұл міннен, дандайсудан аулақ ұстау керек.

Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновпен сұқбаттасып отырған Ахат Жақсыбаев былай деп сұрақ қойған екен:

– Қасеке, өмірде жек көретін нәрсеңіз не. Сонда қарт іркілместен:

– Өмірде ең жек көретін нәрсем – адам бойындағы менмендік қасиет. Менмендік адамды меңіреу етеді. Ал, меңіреулік түбіңе жетеді, – депті (А.Жақсыбаевтың «Қайтпас қайсар» атты сұхбат кітабынан).

«Үш нәрсе адамды бақытсыздыққа ұшыратады: сараңдық, қомағайлық және менмендік». Міне бұл дана, өткір сөздерді бабаларымыз айтып, ұрпағымыздың құлағына сіңіріп кеткен.

Ұлттық құндылығымыз «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қанатты сөз бар. «Ұлық» адам бойындағы қарапайымдылық жақсы, әйбат қасиет. Әрине, қарапайым, кішік боламын деп кісіліктен жұрдай болу, қарабайыр болу да қауіпті. Мінезсіз, тым ретсіз қарапайымдылық адамды бейшаралыққа, мүсәпірлікке айналдырады. «Қарапайым болыңдар, бірақ қарабайыр болмаңдар» деп бекер айтпаған. Тым қарапайымдылық адамды ынжық, күйрегіш етеді. Өйткені тіпті өзіне жақын бала-шағасы мен әйелі де оны менсінбей, пікірін елемей, қауқарсыз, үнсіз бейшара пендеге айналдырып жібереді. Демек, «кішік» болудың да өзіндік орны бар. Ал, жөнсіз кішік болсаң, жол жағасы – аяқ астындағы қауқарсыз бір түп шиге ұқсап кетесің. Ондай шиге ары өткен, бері өткен ит те сариды, көрінген мал да таптайды. Сөйтіп, ол келе-келе мүжіліп жоғала береді, бірте-бірте мүлдем жоқ болады, ізіде қалмайды.

Ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», деген екен. Ал, атам қазақ «Бидайдың кеудесін көтергені – дақылы жоқтығы. Жігіттің кеуде көтергені – ақылы жоқтығы» деген.

Асанқайғы бабамыз «Арғымаққа міндім деп артқы топтан адаспа»,-деп бекер айтпаса керек. Абай мақтанышты адамның өркөкіректік, мақтаншақтық менмендік сияқты мінезінің жағымсыз сипаттарына қарсы қояды. Мақтанышты үлкендіктін, кісіліктің баламасы деп түсінген ақын:  «Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Мысалы, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұраншақ өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылыктардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі», – деп тұжырымдайды.

Жаратылысымыздағы ең алғашқы күнә тәкаппарлық болған еді. Ибн Асакир риуаят еткен хадисте былай делінген: «Тәкаппарлықтан сақ болыңдар! Расында Ібіліс Адамға тәкаппарлықтан сәжде қылмаған болатын». Шындығында да тәкаппарлық күнәні ең алғаш бастаған махлұқ Ібіліс болатын. Құран Кәрімде Ағраф сүресінің 11-13 аяттарында: «Расында сендерді жаратып сонан кейін бейнеледік. Сонан соң періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар!» дедік. Барлығы сәжде етті. Бірақ Ібіліс сәжде етпеді де сәжде етушілерден де болмады. (Алла Ібіліске): «Саған, Мен әмір еткенде сені сәжде етуден не тыйды?» – деді. Ол: «Мен одан артықпын. Мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың» деді. (Алла): «Онда ол жерден түс. Онда сенің менменсуіңе болмайды. Дереу шық, қор болушылардансың» деді. (Ібіліс): «Қайта тірілетін күнге дейін мұрса бер» деді. (Алла): «Щынында мұрса берілгендерденсің» деді. (Ібіліс): «Ендеше, мені қаңғыртқаның себепті әлбетте мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңда отырып аламын» деді. Сонан соң оларға алды-артына, оң-солынан келемін де олардың көбін шүкір етушілерден таппайсың», – деп келтірілген. Суфиян Сәури былай дейді: «Нәпсіқұмарлықпен болған күнәнің кешірілуіне үміт бар, бірақ тәкаппарлықпен болған күнәның кешірілуіне жоқ. Оның себебі, Ібілістің күнәсі тәкаппарлықтан болатын, ал Адам Атаның күнәсінің негізі құмарлықтан еді».

Адам дүниеге келгенде тәкаппар болып туылмайды. Адам туылғанда таза, пәк күйінде болады. Тәкаппарлық- адам баласына жолдан жабысатын мінез. Бір-екі белестерді бағындырған кезде, бір жұмыстарың өрге домалаған кезде, жолың ашылып, армандаған армандарыңа, алға қойған жоспар, мақсаттарыңа жеткен кезде, бір кісілерде тәкаппарлық мінез пайда болады. Бәріне өзім жеттім, өз қолымды өз ауызыма өзім жеткіздім деп, көкірегін ұра бастайды. Негізінде олай емес екенін, Алланың берген бағы, сыйы, несібесі екенін ұмыт қалдырады.

Пенде болған соң, адам өзгеріп отырады. Бір көңіл күйге, бір эмоцияға, бір жағымды сәттерге байланысты адам өзгеріп отыруы заңдылық. Десек те, тәкаппар болып өзгеруден аулақ болғанымыз жөн.

 

Қ.Салықбаев,

Түркістан облыстық дін істері басқармасы

«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің басшысы

Оқылды 218 рет