Бейсенбі, 25 Шілде 2024 15:08

Түркістан қаласы: «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізіледі

Мектеп оқушыларын жалпыға бірдей міндетті біліммен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылдың 1 тамыз - 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» Республикалық акциясы өткізіледі.

Акция аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету мақсат етілген.

Осыған орай, Түркістан қаласының білім бөлімінде 87473147919 сенім телефоны жұмыс жасайтындығын ескертеді. Акцияға байланысты сұрақтарыңыз болса аталған сенім телеефонына хабарласуға болады.

Сондай-ақ, таяуда «Экобазар» кешенінде Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеге жергілікті 26 кәсіпкер қатысты. Жәрмеңкеге қойылған кеңсе құралдары, балалардың мектеп сөмкелері, формалары мен аяқ киімдерді қолжетімді бағада тұрғындарға ұсынылды. Шараның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде мектеп тауарларын нарықтық бағадан төмен бағада сатып алуға жағдай жасап, дайындықты жеңілдетуге бағытталған.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес.

Қазіргі таңда қайырымдылық шараларын ұйымдастыру-өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі заманда тұрмысы төмен, күнкөрістері нашар отбасылар баршылық. Қазіргі қымбатшылықтың, жұмыссыздықтың салдарынан да мұндай жағдайлар қоғамда орын алып отыр. Кейбір жанұяларда көпбалалы немесе әкесіз, анасыз жетім балалар киім жоқтықтан, тұрмысы төмен ақша жетіспеушілігінен мектепке барып білім ала алмай, жыртық киіммен жүрген балалар да бар. Бұл бір жағынан баланың болашағына зиянын тигізеді. Осының салдарынан кейбір жасөспірім балалар өзінің тұрмыс-тіршілігінен, киімнің жоқтығынан басқалардан өзін төмен санап, арланып, басқа балалардан өзін аулақ ұстай бастайды. Ересек адамдар мұндай тұрмысқа шыдай алмай ішімдікке салынып,ұрлық,қылмыс жасауға дейін барады.

Қаншама балалар, үлкен адамдар ауырса да емделе алмай ауруы асқынып, шарасыздықтан көз жұмады. Осыдан келіп жетім балалар мен жесір аналардың санының көбеюіне әкеледі. Қазіргі нарық заманында Қазақстан бойынша көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық шаралары жиі ұйымдастырылып тұрса жақсы болар еді. Бүгіндері мекемелерде, мектептерде «Қайырымдылық акциясы» ұйымдастырылып жүр. Бұл жақсы іс-шара. Жалпы, әл-ауқаты жақсы, барлық жағдайлары жеткілікті отбасылар кимейтін (аяқ-киім болсын, сырт киім) артық киімдерін далаға, қоқысқа тастамай көмекке мұқтаж жандарға беріп тұрса нұр үстіне нұр. Осы киімдерді ақшалай емес, тегін таратып беретін бір қайырымдылық ұйымы ашылса, жақсы болар еді. Бұл, көмекке зәру жандарға кішкене болса да көмек екені рас.

Барлығымыз осы айтылған ұранмен жұмылып күш салсақ, құнды қасиет-адамгершілік қасиетіміз оянса, бір-бірімізге деген адами көзқарасымыз болып, «Қазағым» деп, жүрек дүрсілдеп жиі соғар еді! Қайырымдылық – адам жанының нұры. Қайырымдылық — көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйішпеншілік пен нақты көмек болып табылады. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі. Қайырымдылық— адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін, адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді.

Қайырымдылық ұғымының екі қыры бар.Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Біреуге жақсылық, жан-жануарларға, табиғатқа камқорлық жасау — қайырымдылықтың көрінісі. Рақымды, мейірімді, жан жылуы мол адамды қайырымды адам дейді. Ал ешкімге жаны ашымайтын, жүрегінің жылуы жоқ, қатыгез адамды қайырымсыз деп атайды.та-бабаларымыз ұрпағына мұра етіп қалдырған тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Олар бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүрген. Ұрпағының білімді болғанын армандаған.Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі. Бұл дәстүр қазақ тіршілігінде түрліше іске асып отырған. Қайырымдылық — көмекке мұқтаж адамдарға көмек көрсету (өтеусіз немесе жеңілдікті жағдайларда). Қайырымдылықтың негізгі белгісі түрді, уақытты және орынды, сондай-ақ көмекті (мақсатты) ұстауды ерікті таңдау болып табылады.

Кең даладан дарқандықты бойына сіңіріп өскен қазақтың бойында көптеген асыл қасиеттер бар еді. Ертеден жетімін жылатқан жоқ. Оның көз жасын сүртіп, бауырына қысты. Жесірі де қамқорсыз емес. Оған да ағайын-туыс көмегін беретін. Бұл ертеден келе жатқан қасиеттің бірі болатын. Мейірбан қалпымызбен кейде қолындағы барын бөлісетін ағайындар көп-ті. Әрине, одан аз зиян да көрген жоқпыз. Кейде есіктен кіріп төр менікі дейтін адамдар да кездескен. Оларды бағып-қағып, қиналған сәтте қолтығынан демегенін кейбірі ұмытып та кеткен шығар-ау. Қалай десек те, адам баласының бойында осында асыл қасиеттердің болуы шарт. Бұл жайында түрлі діни кітаптарда айқын көрсетілген. Ол жайында қайталап айтып жатқанымыз артық шығар. Бір айта кетерлігі, ежелгі заманнан біздің дана халқымыз сондай қасиеттерді бойына сіңіріп өсті. Үлкеннің алдынан кесе-көлденең өткен жоқ. Солардың айтқанымен жүрді. Одан ешкім зиян көрмегені тағы белгілі. Ақсақалдар оны үнемі айтып отыратын.

Қазақ құдайы қонақты үйден құр шығармайтын. Барын алдына тосатын. Тіпті, жаяу-жалпы жүргеніне астына ат мінгізіп жіберетін сәттер де кездескен. Оны тарихтан джа білеміз. Құймақұлақ қарттарымыз да бұл жайында жиі әңгімелеп отыратын. Осыдан 20-30 жылдай бұрын жол шетінде көлігі бұзылып немесе басқа себептермен қалып қойған адамдар жақын жердегі ауылға барып, ол ауылдағы кез-келген үйдің есігін емін-еркін қағатын. Өзінің құдайы қонақ екенін айтып, бір күн түнеуді немесе қажетті көмекті сұрайтын еді. Мұндай өтінішке ешкім де бәлсініп қалмайтын. Қолынан келгенше көмек қолын созатын.

Қала адамдарынан былай қойғанның өзінде, ауылдағы ағайын да мұндай құдайы қонақ түгілі ет-жақынына қарайласа қоймайтын әдет тапты. Мұны қалай түсінеміз? Тіпті, келген адамыңның өзінен үрке қарайтын уақыт туды. Солай болатын жөні де бар секілді. Себебі, қазір елдің арасында құдайы қонақтан гөрі құдай ұрған қонақтар көбірек жүретін жағдай туды. Біреудің үйінде қандай дүние бар, соны есептеп жүретін, реті келгенде соны үптеп кетуге дайын тұратыны тағы бар. Сонымен, қазақтың атадан бойымызға сіңген адал қасиеті адыра қалып, бір-бірімізге жау көзбен қарайтын жағдайға жеттік.

Оның себебін қалай іздейміз? Ілгеріде ауыл ақсақалдары жас буынға жақсы мен жаманды таразыға тартып отыратын. Ол жайында аңыз бен әпсана қозғап, санамызға шегелеп тастайтын. Содан кейін жүрегіңде мейірім оянып, әрбір адамды өзіңнің дос-бауырың көретінің ақиқат емес пе? Бұл қайта дәлелдеуді, қайта айтуды қажет ете қоймайтын дүние. Ілгеріден мұсылмандықты ізгі тұтып, соның жолында дарқан пейілін көрсеткен қазекем жайында кезінде біздің ұлан-ғайыр даламызға тағдыр талайымен келген талай ұлт пен ұлыс өкілдері жылы лебізін аз айтқан емес. Қолыңда барыңды бөлісіп, жығылғанды тұрғызып, сүрінгенді қолтығынан демеу әрбір азаматтың парызы болса керек-ті. Шындығында, қым-қуыт кезеңде мұндай жанашырлық пейіл көп ұлттардың бойында кездесе бермейтіні тағы бар. Дегенмен, сондай асыл қасиеттерін адыра қалдырмай, сол кескін-келбетімен әлем жұртшылығын аузына қаратып отырған ұлттар да баршылық. Өзіміз жиі мысалға алатын корей мен жапон жұрты әрдайым өзінің ізетін көрсете отырып-ақ, жер-жаһандағы жұртшылық алдында атақ-абыройы асқақтап келеді. Ендеше, біз үшін солардың үлгісін алудың ешқандай айыбы жоқ. Біз солардың жолымен жүре алсақ, ешқандай ұтылып қала қоймайтынымыз айдан-анық.

Адамның өмір сүру барысындағы қолданатын тәсілінде оның түрлі қажеттіліктері, ақыл-ойының қалыптасуы, еркіндік жауапкершілігі, қызметін ұйымдастыруы және болжамы анықталады. Оның іс-әрекеті және сол арқылы адамның қалыптасуы мен дамуы өз шешімін табады. Адам- дүниені өзгертуші күш. Орыс жазушысы К. Г. Паустовский: «Адам ақылды, кішіпейіл, әділ, батыл да қайырымды болуға тиіс. Тек сонда ғана оның осынау Адам деген мәртебелі атпен аталуға құқы болады» десе, Куба жазушысы, саяси қайраткер Х.Марти: «Адам бола білу – ең қиын мамандық» — деп жазған. Ең ұлы жеңіс- өзіңді-өзің жеңу. Өзіне-өзі ие бола білген адам ғана барша жұрттан мықты.

Адамзат тарихында адамгершілікке байланысты пайда болған категорияларға мыналар жатады: жомарттық, батырлық, ерлік, әділдік, қарапайымдылық, кішіпейілділік, адалдық, шыншылдық, ұяттылық, ар мен намыс, тағы басқалары. Сондай-ақ адамзаттың, әрбір адамның ішкі рухани адамгершілік дүниесінің негізгі формалары – үміт, сенім және махаббат үнемі даму үстінде болды және солай бола беруге тиіс. Қайырымдылық – адамның бойындағы ең жағымды қасиеттердің бірі. Ондай адам рухани құндылықтарды материалдық құндылықтардан жоғары қояды. Өзінің жанашырлығымен және таза ниетімен ерекшеленеді. Мұқтаж адамдардың қажеттіліктеріне немқұрайлы қарамай, оларға барынша көмек көрсетуге тырысады. Өкінішке орай, жомарт азаматтардың саны азайып келеді, адамдар кез-келген жағдайда, бірінші кезекте өз пайдасын ойлап тұрады.

Жомарт адам жақсы істерді көпшіліктің алғысын алу үшін жасамайды, ол мұқтаждарды кішкене болса да бақытты еткісі келеді. Қолында тұрған зат өзіне қажет болғанымен, оны артық сөз айтпай басқаға бере салады. Біз осындай керемет жандардан үлгі алуға тиіспіз. Мейірімділік дегеніміз – қиын жағдайға тап болған адамға шын жүректен қолдау көрсетіп, басқа адамның бақыты үшін өз уақытыңды, ақшанды немесе денсаулығыңды құрбан ету. Сондықтан, ата-аналары балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуі керек. Қайырымдылық жасау – қазақтың қанына сіңген қасиет екені айтпасақ та түсінікті. Осындай қайсар рухты, жігері мықты азаматтардың берекелі тірлігі бейбіт күнгі ерлікпен пара-пар.

Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған. «Қыран жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» деген мақалдың мәніне терең бойлап, жалғыз өзі тойғанша жұртпен бірге қиналуды жөн көрген.

Мысалы, баяғыда қазақтың байлары жан-жағының жағдайын ойлап отыратын менеджер іспетті болған. Олар мал-дүниесімен ғана емес, ақыл-парасатымен, жомарттығымен, сақилығымен де сый-құрметке бөленген. «Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген қазақ бір ауыз сөзбен-ақ ауқатты адамның қоғамдағы рөлін анықтаған. Себебі халқымыз ырыс-несібені Алла Тағаланікі деп білген. Сондықтан байлар да Құдайдың сүйікті құлы атану үшін туған-туыс, малшы-жалшысына қол ұшын созып, барынша көмектесуге тырысқан. Бұл көбіне-көп рулық қатынастардың негізінде орын алды. Осылай үйлесімді өмір сүргендіктен, қазақ қоғамында құл деген болмаған. Байдың малын баққандар оны өз малым деп есептеген. Өйткені ертең өз басына күн туса, байдың шарапаты тиетінін кәміл түсінген. Ал сараң байдың қашан да халық арасында қадірі қашқан. Ондайларды «сасық бай» деп атаған. Тіпті, ауыл-ауылды аралап жүретін сал-серілер де шықберместердің үйіне аттап баспаған. Атақты Ақтамберді жыраудың «Қайырлы болса баяжан, айдын шалқар көлмен тең, қайырсыз болса жаман бай, тартылып қалған шөлмен тең» дейтіні де сол.

Байларға деген көзқарасты Кеңес өкіметі өзгертті. Қарынбай, Шығайбай сынды ілуде бір кездесетін жағымсыз образдарға баса назар аударған «қызылдар» дәулетті жандардың бір ауылды, бір рулы қауымды асырағанын қасақана ескермеді. Амал қанша, қайырымдылық сынды қайырлы қасиет бәріне бірдей тән емес.  «Қазіргі заманда оның қажеті жоқ» деген пікірлерді де кейде естіп қаламыз. Алайда олай дейтіндер қатты қателеседі. Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын альтруист адамдар кез-келген қоғамның негізгі тірегі саналады. Өзіңіз ойлаңызшы, еліміз кілең енжар, өзімшіл азаматтардан құралса, қайтер едіңіз? Мұндай ортада өмір сүргіңіз келер ме еді? Әлбетте, жоқ дейсіз. Рас, «табиғатта тек мықтылар тірі қалады» дейтін заң бар. Бірақ адам саналы тіршілік иесі ғой. Homo sapiens-тің хайуаннан айырмасы жақынына жанашырлығымен өлшенеді. Бір данышпан: «Өркениетті қоғамды оның балалар мен қарттарға, яғни қорғансыз жандарға деген қарым-қатынасына қарап бағалауға болады» депті. Келіспеске амал жоқ.

Әлсіздерге, кедейлерге жәрдемдескен адам өзінің адамгершілігін айғақтайды. Біреудің қайғысына ортақтасу арқылы өз өміріне басқаша қарай бастайды, құндылықтарын қайта зерделейді. Кезінде маңызды көрінген, көңілге маза бермеген мәселелердің түкке тұрғысыз екенін түйсінеді. Қайырымдылық жүректі нұрландырады, өмірге мән дарытады.

Аға буынның есінде шығар, КСРО дәуірінде «Ерлік жасауға әрдайым жағдай табылады» деген ұран болатын. Біз осы ұранның мағынасын сәл-пәл өзгертіп: «Өмірде жақсылық жасауға әрдайым жағдай табылады» дер едік. Себебі айналаға көз салсақ, көмекке мұқтаж адамды оңай кездестіреміз. Қарт көршіміз, жалғызбасты ана, бәле-жалаға ұшыраған досымыз, танысымыз, тағысын тағылар...

«Адам – әлеуметтік жаратылыс» деп тұжырымдайды ғалымдар. Ағылшын ақыны Джон Донн: «Бір де бір адам жеке арал емес, ол – құрлықтың бір бөлігі, үлкеннің бір бөлшегі» дейді. Дамыған әлемдегі бір тамаша дәстүр  кәсіпкерлердің қайырымдылық қорын құрып, туған халқынан бастап атасы басқа адамзаттың баласына дейін көмектесуі. Жасыратыны жоқ, бұдан бұрынғы жылдары кейбір қазақ байлары қайырымдылық дейтін қастерлі ұғымды арзан атақ шығарудың құралына айналдырды. Ата-бабасына ас берді, тас орнатты, айтыс өткізіп, ат шаптырды, мансап қуды. Дегенмен кейінгі кезде әрқилы жобалар мен акцияларды қолдап, қайырымдылықты мақсат тұтқан жомарт кісілердің көбейгені байқалады. Апат болған орындарға қомақты ақша атау, айықпас дертке шалдыққан балаға жылу жинау секілді дағдылар – шын мәніндегі ізгіліктің, биік мәдениеттің белгісі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, оларға ақпараттық қолдау білдіріп, әрбір әрекетін үлгі ретінде насихаттау керек.

Қайбір жылы ғалымдар түрлі мемлекет тұрғындарына «Танымайтын адамдарға қаншалықты көмектесесіз?», «Қайырымдылық қорларына ақша аударасыз ба?», «Еріктілер жұмысына қатысасыз ба?» деген сұрақ қойып, зерттеу жүргізді. Charities Aid Foundation деп аталатын британдық ұйым Дүниежүзілік қайырымдылық индексін жасап, Қазақстанды 78-орынға қойыпты. Бірақ сауалнама нәтижесі менің көңіліме қонбады. Бір күдік жаныма жай таптырмады. Неге десеңіз, жаңағы зерттеуде екінші орын рохинджа мұсылмандарын басып жаншыған Мьянмаға бұйырыпты. Ал мәдениеті мен менталитеті бізге ұқсайтын Өзбекстан 25-орынға орныққан. Меніңше, зерттеушілер қазақтардың әлеуметтік желі арқылы жылу жинайтынын, банк картасына ауыстыра салатынын, әр жұмада садақа беретінін ескермеген сияқты.

Ақиқатында, қазақ – табиғатынан қайырымды халық. 2020 жылды Президентіміз «Волонтер жылы» деп жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейтуді аса маңызды міндет деп атады. Қазақстан секілді этносаралық және дінаралық келісімнің өзіндік моделі қалыптасқан көп ұлтты мемлекетте қайырымдылық жасауға барлық негіз бар. Бұған  бірлік, бейбітшілік пен қайырымдылықты ту еткен еліміздегі діндер мен конфессиялар да септігін тигізуде.

Бұл аз десеңіз, Конституциямызың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Әлеуметтік мемлекет дегеніміз – ел байлығын тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, білім алуына мүмкіндік жасауға, денсаулық сақтау саласын жоғары деңгейде қолдауға арнайтын мемлекет.

Қазір әрбір адам жылы сөзге, мейірімге мұқтаж, өзгелердің көмегіне зәру. Сондықтан осы сәтті пайдаланып, бармен бөлісіп,  қуанышты көңіл күй сыйлап жатсақ  нұр үстіне нұр болар еді.  Жақсылық жасайтын жандар әрқашан  және әркез табылатыны қуантарлық жағдай. Адам ақылды, кішіпейіл, әділ, батыл да қайырымды болуға тиіс. «Жаңбырменен жер көгерер, алғыспенен ел көгерер» демекші, дүниеде ел алғысына бөленуден артық сый жоқ! Қамқорлыққа зәру жандардың қамқоршысы болып, жылы сөз, жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсетіп жүрген жомарт жандар қатары көбейе берсе екен дейміз.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 49 рет