ШЫМКЕНТТІКТЕР ҚЫЗЫЛШАҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНАНЫ УАҚТЫЛЫ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен қызылша ауруының алдын алу және оған қарсы вакцинациялау мәселелері бойынша дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Дөңгелек үстелге аталған салаға жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, дәрігерлер мен дін қызметкерлері қатысты.

Мамандардың айтуынша, 2023 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасында халық арасында қызылша ауруы жиі тіркеле басталған. Бұл жағдай Ресейде, Украинада, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжікстанда және Еуропа өңірінің 17 елінде осы аурудың өршуімен байланысты екен.

–Биылғы 5 қазанға дейінгі мәліметті айтар болсақ, Қазақстан Республикасы бойынша қызылшаға күдікпен барлығы 17 мыңнан астам жағдай тіркелген. Оның ішінде Шымкент қаласы бойынша қызылшаға күдіктің 2 749 жағдайы тіркелді. Науқастардың 87 пайызы – балалар. Оның үстіне, олардың шамамен 60 пайызы ата-аналарының бас тартуына байланысты қызылшаға қарсы екпе алмаған, – дейді Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

Оның айтуынша, 2019 жылы – 3 091 жағдай, 2020 жылы – 873 жағдай, 2018 жылы – 8 жағдай тіркелген болса, 2021 және 2022 жылдары Шымкент қаласы бойынша қызылшамен сырқаттанған науқастар тіркелмеген. Алайда, биыл бұл індет қайта өршіп отыр.

Дәрігерлердің айтуынша, қызылша – вирустық жұқпалы аурулардың бірі және ол ауа тамшылары арқылы өте тез таралады. Бұл инфекция шамамен 100 пайыз сезімталдықпен сипатталады, яғни, бұрын қызылшамен ауырмаған немесе вакцинацияланбаған адам науқаспен байланыста болған жағдайда оны жұқтыру қаупі өте жоғары. Қызылшаның жиі кездесетін асқынуларының арасында ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхопневмония, жатыр мойны лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит секілді аурулар бар. Әрі 80 пайыз жағдайда бұл вирус балаларға жұғады.

–Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес бірінші егу 12-15 айлық балаларға, екіншісі 6 жастағы балаларға сау фонда жүргізіледі. Қосымша қызылшаға қарсы эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша бұрын қызылшаға қарсы вакцинацияланбаған, вакцинация туралы мәліметтері жоқ, осы аурумен ауырмаған 30 жасқа дейінгі адамдар аурумен байланыста болған кезде 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлеріне және қалауы бойынша 30 жастан асқан адамдарға егіледі, – дейді Айгүл Мелесқызы.

Бүгінгі таңда қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинация жүргізу үшін қаланың емханаларында вакцинаның жеткілікті қоры бар. Сондықтан мамандар барша тұрғындарды балалардың денсаулығын қатерге тікпей уақтылы вакцина қабылдауға шақырады.

Жиын барысында дін саласының өкілдері де сөз алып, барлық діндерде адамның өмірі мен денсаулығы жоғары бағаланатынын, сол себепті аурудан сақтану үшін екпе қабылдау дінге қайшы еместігін ашып айтты.

ШЫМКЕНТТЕ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА ЖРВИ МЕН ТҰМАУДАН ТОПТЫҚ АУРУШАҢДЫҚ ТІРКЕЛМЕГЕН

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Тұрымбетова Айгүл Мелесқызының қатысуымен қала аумағында тұмауға қарсы егу жұмыстары басталғандығы туралы өткен баспасөз конференцияда мәлім болды.

«Қалада 2022-2023 жылдың эпидемиологиялық кезеңінде мектеп оқушылары арасында ЖРВИ мен тұмаудан топтық аурушаңдық тіркелмеген.

Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) – тыныс алу жолдарының зақымдалуымен жүретін полиэтиологиялық аурулар тобы. Шымкент қаласының тұрғындары арасында ЖРВИ аурушаңдығы жыл мезгіліне қарамай тіркелуде. Ауырғандардың ішінде басымы 14 жасқа дейінгі балалар (61,7%)», - деді спикер.

Спикердің сөзінше, өткен эпидемиологиялық кезеңде (2022 жылғы қазан айы мен 2023 жылғы сәуір айы аралығында) тұмаудың нақтыланған 93 жағдайы тіркелді, тұмаудың А түрі басым болды. Қалада тұмаудан басқа вирустар да таралуда. Басқа тұмаусыз инфекцияларға 244 сынама тексерілді, оның ішінде 77 сынамада (31,5%) оң нәтиже анықталды, риновирус – 28, аденовирус – 3, коронавирус - 6, метапневмовирус – 2, РС вирус – 13, парагрипп – 25.

2023 жылы эпидемиологиялық маусым 01-қазаннан 2024 жылдың 30-сәуір аралығында жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың эпидемиялық маусымы және эпидемиологиялық ахуалдың өршитін кезі.

Тұмаудан эпидемиологиялық маусымда аурушаңдықтың алдын алу барысында жергілікті бюджет қаражаты есебінен халықтың 12,6% жететін «Гриппол+» вакцинасы (Ресей өндіруші) алынды. Ағымдағы мерзімде тұмауға қарсы егу ҚР БМСД 11.09.2023 жылғы «Тұмау және ЖРВИ жөніндегі 2023-2024 жылдардың эпидемиялық маусымына арналған санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы» №6 қаулысының талабына сай осы жылдың 1 қазан айынан бастап бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету мекемелерінде салынады.

ЖРВИ/тұмау клиникасының көріністері ұқсас. Науқастың тыныс алу жолдарының зақымдануымен ауру белгілері өте жіті басталатын, жалпы әлсіздік, мұрынның бітуі, тамақтың қышуы, 3-5 күннен астам уақыт дене қызуының 38-40°С жоғарылауы, бастың қатты ауыруы (ауруды басатын препараттарды қабылдағаннан күнде де), сондай-ақ демікпе, естің бұзылуы, аяқ-қолдың тартылуы, аяқта геморрагиялық бөртпелер пайда болатын жұқпалы ауру.

Баспасөз конференциясында Айгүл Мелесқызы ЖРВИ/тұмаудың асқынуы салдарынан болатын ауру түрлеріне де толық тоқталып өтті.

«ЖРВИ/тұмаудың асқынуы салдарынан вирусты және бактериалды пневмонияға, отит, гайморит, менингит, энцефалит, сонымен қатар септикалық асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Өте ауыр жағдайларда жиі өліммен аяқталады. ЖРВИ/тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы – тұмауға қарсы егу. Тұмауға қарсы екпе – медицина қызметкерлеріне, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен сәбилер үйлерінің балаларына, қарттар үйлерінің контингенттеріне, 2-3 триместрдегі жүкті әйелдерге, эпидемиологиялық көрсетіліммен егіледі», - деді А.Тұрымбетова.

Сонымен қатар тұмауға қарсы егу егілушінің немесе оның заңды өкілінің жазбаша түрдегі ақпараттық келісіммен дені сау кезінде тегін тіркелген емханада жүргізіледі.

Тұмау, ЖРВИ, ТҰА, АЖРИ-ды күнделікті және шолғыншы қадағалау шеңберінде және COVID-19-дың клиникалық белгілерімен медициналық ұйымдарға (емханалар, стационарлар) жүгінген пациенттерге, жансақтау мен қарқынды терапия бөліміне АЖРИ-мен емдеуге жатқызылған пациенттерге тұмаудың және басқа да ЖРВИ-дың және COVID-19-дың вирустарына зертханалық тексерулер жүргізіледі.

ШЫМКЕНТТЕ 2023 ЖЫЛЫ СІБІР ЖАРАСЫ АУРУЫ ТІРКЕЛМЕДІ

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Мұсаева Балкүміс Балсейітқызы баспасөз конференцияда айтты.

«Шымкент қаласы Республика көлемінде сібір жарасы аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық, эпизоотологиялық тұрғыдан қолайсыз аймақтар қатарына жатады. Жыл сайын қалада сібір жарасы ауруы жағдайлары тіркеледі: 2019 жылы - 1 жағдай, 2020 жылы - 3 жағдай, 2021 жылы - 6 жағдай, 2022 жылы мен 2023 жылдың 8 айында аурушаңдық тіркелмеді», - деді спикер.

Спикердің мәлімдеуінше, сібір жарасы (күйдіргі) – антропозоонозды жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы – (Bacillus anthracis) бактериялары. Сібір жарасының қоздырғыштары адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар сыртқы ортаның физикалық-химиялық әсерлеріне өте төзімді, қоршаған ортада жүз жылдап сақталады.

Сібір жарасының адамдарға жұқтырушы көзі – үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа, жылқы, бұғы) болып табылады. Адамға аурудың жұғу жолы көбіне жанасу арқылы (малды сою мен өңдеу кезінде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішкенде жұғады. Сонымен қатар, ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін. Биыл жаз өте ыстық болуына орай жайылымда шөп тез қурағандықтан, малдар ластанған топырақтан сібір жарасын жұқтыруы әбден мүмкін. Адамдар ауру малмен, ауру малдың еті және ет өнімімен қатынаста болғандар ауырады. Ауру адамнан адамға жұқпайды.

Сібір жарасының белгілері мен аурудың ағымы: ауру теріні зақымдайтын және сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдайтын түрде өтеді. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік түрінде бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсис түрінде 6-8 күнге дейін созылады. Аурудың терілік түрінде қабыршақ (карбункул) айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ, қызыл шоқтың ортасындағы көмір тәрізді көрінеді. Оның айналасында сезімталдық мүлде болмайды. Лимфа түйіндері ұлғаяды. Адамда ауру жиірек жағдайда терілік түрі болады.

Аурудың сепсис түріне ұласуы (теріден тыс түрі) қоздырғыштың тыныс алу, асқазан-ішек жолдары арқылы енген жағдайында дамиды. Терілік түрінің сепсиске ұласуы сирек кездеседі. Дер кезінде емделмеген жағдайда ауру өлім жағдайымен аяқталады. Аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуі қажет.

Сібір жарасының алдын алу.

сайын ауруға қарсы мал шаруашылығымен айналысатын, ет және ет өнімдерін өңдейтін (етті тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, қатысатын адамдар) мал соятын, тері-жүн өңдеумен айналысатындар, бактерияның тірі қоздырғыштарын зерттейтін зертханашылар вакцинацияға жатады.

Сонымен қатар егумен үй жануарлары да егіледі. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, адамдар мен жануарлар да егілуі керек. Декреттелген топтағы адамдар мен жануарлар дені сау кезде тегін егу жүргізіледі. Күздің келуіне орай, жіліктеп соғым алар алдын ет пен ет өнімдеріне тек ветеринарлық дәрігердің берген анықтамасы болғанда ғана алуға болады.

Мал өлген жағдайда тиісті құзырлы мекеменің мамандарына хабарлап, өртеп, жойған дұрыс. Сібір жарасымен ауырған мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Осы жағдайға орай, қала аумағында кезінде сібір жарасымен ауырған малдар сойылып, қаны тамған жерден қоздырғыштың анықталуына байланысты 8 стационарлық қолайсыз бекеттер бетонмен қоршалып, белгіленген.

Сонымен қатарауру малдарды көметін мал қорымдарының айналасында санитариялық қорғау аймағы ретінде 1000 метрден кем емес қашықтықта жер телімдерін пайдалануға тиым салынатыны да ескертіледі!

Аурудың алдын алу мақсатында осы белгіленген жерлерде мал бағуға және шарауашылық жұмыстарын жүргізуге тиым салынатыны тағы да ескертіледі!

 

 

Сауран: Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ескі Иқанда жаңадан салынған емхананы аралады

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпұхар Жолдасов Ескі Иқан ауыл округіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Соның бірі жаңадан салынған "AVICENNA-A" емханасы. Жобаға 2 млрд. 400 млн теңге инвестиция тартылған. Құрылтайшысы Усманкулов Адилбек. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталған.

Отырар ауданы: «Туған жерге тағзым» акциясы аясында халыққа тегін медициналық қызмет көрсетті

Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу қазақ халқының әлмисақтан жалғасқан салты. Ол - ұлттық санамыздағы аса қастерлі ұғым. Туып өскен өлкеге еңбегімен елеулі болған азаматтар аз емес. Олар туған жерге, туған елге қызмет етудің бірегей жолы - адал еңбек деп біледі.

ШЫМКЕНТТЕ 14 МЕМЛЕКЕТТІК, 31 ЖЕКЕМЕНШІК ЕМXАНА БАР

Азаматтың тұрғылықты жері алғашқы медициналық көмек көрсететін ұйымға қадамдық қолжетімділгі ескерілгені дұрыс. Бұл жайында Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру бойынша жиында айтылды.

Медициналық-снитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарына бекіту МСАК көрсету үшін негіз болып табылады және:

1) МСАК аумақтық қолжетімділігі;

2) МСАК ұйымын еркін таңдау;

3) МСАК маманын (жалпы практика дәрігері, учаскелік терапевт, учаскелік педиатр) еркін таңдау;

4) отбасылық қызмет көрсету;

5) меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарамастан МСАК ұйымдарының тең құқығы және адал бәсекелестігі қағидаттарымен жүзеге асырылады.

МСАК көрсететін денсаулық сақтау объектілеріне қадамдық қолжетімділік - халықтың демографиялық өсуін ескере отырып, (республикалық маңызы бар қаладағы аудандық) әкімшілік-аумақтық сақтай отырып, МСАК көрсететін денсаулық сақтау объектілеріне 20 минуттық қадамдық қолжетімділгі ескерілуі тиіс.

Бекіту науқаны кезінде МСАК ұйымына бекітілген тұлғалар қормен қызметтерді сатып алу шартын жасасқан жағдайда келесі жылғы 1 қаңтардан бастап МСАК алады.

Бекіту науқаны кезеңінде МСАК ұйымына еркін таңдау құқығын пайдаланбаған адам бұрын қызмет көрсетілген МСАК ұйымына бекітілген болып қалады.

Шымкент қаласы бойынша амбулаторлық деңгейде 14 мемлекеттік емхана және 31 жеке меншік медициналық орталықтар қызмет атқарады.

Бекітілген халық тіркелімі порталында 53 бастапқы медициналық санитарлық ұйымы қызмет атқарады. 14 мемлекеттік емханаға 625 мың халық тіркелсе, 39 жекеменшік емханаға 565 мың азамат тіркелген.

Шымкент қаласында 2023 жылғы 1 қаңтарында бекітілген халық тіркелімі базасында 1 174 142 азамат болған, 2023 жылғы 1 қыркүйегінде 1 190 730 азамат болған.

 

 

2023 ЖЫЛДЫҢ 7 АЙЫНДА 150 МЫҢНАН АСТАМ ШЫМКЕНТТІК СТАЦИОНАРЛЫҚ ЕМ ҚАБЫЛДАҒАН

МӘМС жүйесін енгізудің артықшылықтарына келер болсақ, медициналық қызметкерлердің орташа жалақысы өсті, жоғары технологиялық медициналық көмек (ЖТМК) көрсететін медициналық ұйымдар саны артып, қызметі қарқын алды. Оның ішінде, кардиохирургиялық, нейрохирургиялық және экстркорпаралды ұрықтандыру (ЭКО) қызметтері бар. Атап айтқанда, 2019 жылы 15 әйел, 2021 жылы 578 әйел, 2022 жылы 887 әйел ЭКО арқылы ана атанса, осы жылы 344 әйел босанып, 336 нәресте дүниеге келген.

МӘМС жүйесі енгелі тағы да қарқынды дамып жатқан бағыт, бұл, бауыр, бүйрек және 1 рет жүрек трансплантологиясы жасалды.

Сонымен қатар, ересектер мен балаларға арналған оңалту емі 2 есеге артқан. Оңалту ем шараларының да түрлері ұлғайған. Консультациялық диагностикалық көмек (КДК) көлемі де жыл сайын өсуде. Қымбат тұратын КТ, МРТ қызметі тегін көрсетілуде. 2022 жылы онкологиялық ауруды ерте диагностикалау үшін Позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ) орнатылды.

Филиал мамандарымен сұранысқа жиі ие консультативтік-диагностикалық қызметтер (КДҚ) бойынша, сонымен қатар КТ/МРТ сияқты қымбат тұратын қызметтердің тұрғындарға қолжетімділігіне 2021-2022 жылдары және 2023 жыл тоқсан сайын мониторинг жасалып, нәтижесінде диагностика алғашқы 1-5 күнде жасалып, 10 күннен артық күттіру 9% дан 2 % -ға төмендеді.

Медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында жүкті әйелдерге, балаларға, мектеп медицинасына, жастарға өз алдына қосымша қаржы қарастырылды.

Бұдан бөлек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (АЛО) бойынша тізімге енгізілген нозологиялар немесе аурулар деп аталатын топтардың саны 2,6 есеге, ал қаржыландыру 1,7 есеге өскен.

2019 жылы 182 901 адам стационарлық жағдайда ем алған болса, 2022 жылы 230 931 адам стационарлық ем қабылдаған, яғни 1,2 есеге ұлғайған. 2023 жылдың 7 айында 150 675 науқас стационарлық жағдайда емделген. Күндізгі стационарда 2019 жылы 48 816 науқас емделсе, 2022 жылы 71 205 науқас емделген, яғни көрсеткіш 1,5 есе көбейген.