ШЫМКЕНТТІК 52 НАУҚАСҚА ҚОР ЕСЕБІНЕН КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорына бүгінге дейін 156,9 млрд теңге қаржы жиналып, оның 49 млрд теңгесі көзделген қайырымдылық бастамаларды қаржыландырған. Ал, Шымкент қаласында қор арқылы 4,7 млрд теңгенің жобасы жүзеге асырылыпты. Бұл туралы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева Шымкент қаласында өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді.

Жиынды қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов ашып, жүргізіп отырды. Сондай-ақ, маңызды басқосуға қаладағы қоғамдық ұйым жетекшілері, басқарма басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері мен қала мәслихатының депутаттары қатысты.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2022 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы негізінде ашылған еді. Осы екі жыл ішінде қоғамдық қор негізінен денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру, мәдениет және спорт саласындағы мәселелерді шешу үшін қайырымдылық бастамаларға және төтенше жағдайлар кезінде халыққа көмек көрсетумен айналысады. Л.Шыңғысбаеваның айтуынша, қайырымдылық істерді қаржыландырудың басым бөлігі денсаулық сақтау саласына бағытталған екен.

–Жұмсалған қаржының 29 млрд теңгесі денсаулық сақтауға, 14,9 млрд теңгесі білім беру, 2 млрд теңгесі әлеуметтік қолдауға, 358 млн теңгесі спорттық бағдарламаларға және төтенше жағдайға көмек ретінде 3,6 млрд теңгесі жұмсалды. Осы қор арқылы сирек және ауыр сырқаты бар 324 науқасқа көмек үшін 24,9 млрд теңгеге 36 түрлі дәрі-дәрмек сатып алынды. Оның ішінде 7 түрлі дәрі Қазақстанға алғаш рет әкелінді. Осы қайырымдылық жоба арқылы Шымкент қаласында ауыр жағдайдағы 50 науқасқа 4,5 млрд теңгенің дәрі-дәрмек көмегі берілді. Өте сирек кездесетін ауру болғасын, оны емдейтін дәрілердің бағасы қымбат болды. Қарапайым халықтың қалтасы көтермейтіндіктен қордың көмегімен бұл мәселе шешімін тапты. Сонымен қатар, 20 науқасқа шет елде емделу үшін 585 млн теңге қаржы жұмсалды. Оның 2-і Шымкент қаласының тұрғыны. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз,– деді Ләззат Алтынбекқызы.

Көз трансплантациясын қажет ететін 304 науқас қорға өтінім берген екен. Бұл ота өте сирек, әрі бағасы да қымбат болғандықтан бүгінге дейін қайырымдылық қоры 45 науқастың операциясына демеушілік еткен.

–Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан әр өңірде түрлі жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру қажет. Өңірлерді аралаудағы мақсат – қоғамдық ұйым мен әлеуметтік сала басшыларымен кездесіп, қандай көмек қажеттігін өздерінен білу. Сондықтан сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз, – деді Л.Шыңғысбаева.

 

Отырар ауданы: Талаптыда бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салынып жатыр

Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың аудан халқымен кездесуінде айтылған ауыл тұрғындарының өтініші шешімін тауып келеді. Соның бірі Талапты елді мекенінің тұрғындары тарапынан «Ауылда дәрігерлік амбулатория салынса» деген мәселе көтерілген.

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 20 МЫҢНАН АСТАМ НӘРЕСТЕ ТУЫЛДЫ

Шымкенттегі қалалық №2 перзентханада дүние есігін ашқан сәбилерді үйге шығару рәсімі салтанатты мерекеге ұласты. Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Отбасы күні» мерекесі қарсаңында сәбилі болған отбасыларға ерекше қуаныш сыйлады.

Салтанатты мерекеде отбасыларға әсем әуен арналып, ақ тілектер айтылды. Арнайы ертегі аниматорлары мерекені сезіндіріп, дәмді торт ұсынды.

– Қаламызда жыл сайын дәстүрлі түрде бұл мереке аталып өтеді. Жастар ресурстық орталығы да мерекеге өз үлесін қосып, бүгінгі іс-шараны ұйымдастырдық. Жас отбасыларды гүлмен, дәмді тәттілерімен күтіп алып, көтеріңкі көңіл-күй сыйладық деп ойлаймын. Іс-шара басталғалы бері алты отбасыны құттықтадық. Жас аналарға тосын сыйымыз ертең де жалғасын табады,– деді Әл-Фараби ауданы әкімдігінің жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бөгенбай Қайратұлы.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Шымкент қаласында жыл басынан бері 20 667 нәресте дүниеге келген. Оның ішінде 10 678 ұл бала, 9 989 қыз, 267 егіздер дүние есігін ашыпты. Қоғамда отбасы құндылығы мен маңыздылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара жас отбасыларға күтпеген сый болды.

– Осы аптада немерем, ұлымның тұңғыш перзенті дүниеге келіп, айтулы күнде перзентханадан шығару рәсімі бұйырыпты. Қазақ әрқашан мұндайды жақсылыққа балайды. Қызымыз өсіп, еліне қызмет ететін ерекше бала болады деп сенемін. Қошемет көрсетіп, сый-құрметке бөлеп жатқанына үлкен рахмет. Отбасы — құнды, киелі ұғым. Мұны жастарымыз түсініп, сезінуі үшін мейрам етіп тойлау тамаша үрдіс деп ойлаймын,– дейді шымкенттік ана Феруза Ташанова.

Айта кетейік, мерекелік іс-шара апта бойы қаламыздың бірнеше перзентханасында ұйымдастырылмақ.

 

ШЫМКЕНТ: ЕМXАНАЛАРҒА ХАЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫСТЫ КҮШЕЙТУДІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛУДЕ

Шымкент медицинасында қызмет көрсету сапасын жақсарту және тұрғындар үшін медицинаға қолжетімділікті арттыруда үлкен жобалар іске асуда. Соның бірі – Шымкент қалалық №6 емхана базасында дәрігерлер халықпен байланысты күшейтудің жаңа моделімен жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, қаңтар айынан бастап емхана базасында GPS навигациясы іске қосылған.

Аталған емханада 60 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Дәрігерлер бұл цифрлы жүйе халықтан келіп түсетін өтініш-шағымдардың санын азайтып, бала өлімін болдырмау, медициналық көмекті өз деңгейінде көрсетуге, тіпті, әлеуметтік мәселелердің алдын алуға оң ықпалын тигізеді, – дейді.

–Қалалық №6 емханада мамыр айынан бастап үздік озық тәжірибелік орталығына көшу бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Осы мақсатта аймақтық медбикелерге Әмбебап прогрессивті патронаж моделін толық енгізуде GPS навигациясы іске қосылды. Бұл мақсатта 38 медбике қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Бұл жүйенің басты мақсаты – аймақтық медбикелер аула аралау кезінде 5 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүгізеді, динамикалық бақылауда тұратын азаматтарды жоспарлы профилактикалық тексеруге шақыруды қамтамасыз етеді.

Егер пациенттер арасында шұғыл медициналық көмек туындаған жағдайда GPS навигациясының батырмасын басу арқылы бас дәрігердің орынбасары, бөлім меңгерушісі және бас медбикенің сымтетіктеріне шақырту келіп түседі. Келіп түскен шақыртуға дер кезінде қажетті медициналық көмек ұсынылады, – дейді Шымкент қалалық №6 емхананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ұлбала Ерғалиқызы.

Аталған жүйеге 40-қа жуық медбике атсалысады. Құрылғы арқылы монитордан емхананың аумағында тіркеуде тұрғандардың нақты мекенжайлары көрінеді, пациент туралы ақпараттарды да жүйе арқылы көруге болады.

 

ШЫМКЕНТКЕ «АҢСАҒАН СӘБИ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА 429 КВОТА БӨЛІНДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы аясында қаламызда көптеген отбасы бала сүю бақытына ие болуда. Жалпы, республика бойынша жыл сайын 7000 квота бөлінеді. Ең көп квота Алматы, Астана, Шымкент қалаларына қарастырылған.
Еліміздің 9 өңірінде 19 медициналық ұйым ЭКҰ қызметін ұсынады. Оның 18-і – жекеменшік ұйым. Қала аумағында бүгінде 4 репродукция орталығы жұмыс істейді. Қалада ЭКҰ-ға дайындық бойынша қалалық перинаталдық орталықтың консультативті-диагностикалық блогы жетекші медициналық ұйым ретінде бекітілген. Онда 2018 жылдан бастап Бедеулік мәселелері жөніндегі кабинет жұмыс істейді. Түрлі ем шараларға қарамастан бір жыл бойы түрлі факторларға байланысты физиологиялық жүктілік болмаған ерлі-зайыптылар ЭКҰ квотасына қатыса алады. Биыл мегаполиске бағдарлама шеңберінде 429 квота бөлінген. Қазіргі таңда қалада бедеулікпен есепте тұрған 600 жұп бар. Жыл басынан бері арнайы орталықтарға 261 жұп ЭКҰ квота арқылы жолданды. Бағдарлама бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Қазақстанның азаматы болуға тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді.

Олар: репродуктивті жас – 18-ден 49 жасқа дейін;

қалыпты соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер;

  • жоғары фолликулярлық резерв.
Айта кетейік, 2021 жылы қалаға 403 квота бөлінген болса, соның ішінде жүкті болғандар саны – 202. Былтырғы жылы 413 квота бөлінген, соның ішінде жүкті болған саны – 220. Бағдарлама қолға алынған соңғы үш жыл ішінде квота арқылы 136 сәби дүниеге келген.
 

ШЫМКЕНТТІК ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ АТА-АНАЛАРЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Шымкентте «Ерекше балалардың ата-аналары» одағының ұйымдастырумен одаққа мүше ата-аналардың жиыны өтті. Жиын барысында ерекше бала асыраушы отбасылардың мұң-мұқтажы мен шешімін таппай жүрген мәселелері тыңдалды.

–Біз ерікті ата-аналар қоғамы болып жыл сайын дәстүрлі түрде мерекелік кештер, сұхбаттар өткізіп тұрамыз. Бүгінгі жиын барысында ата-аналарға жаңа оқу жылы қарсаңында демеушіміз «Биік» кеңсе тауарлары иесі атынан 10 пайыздық жеңілдік құжаттарын тараттық. Сондай-ақ жаңадан қосылған ата-аналармен танысып, олармен сұхбаттастық. Қала әкімінің қолдауымен қазіргі таңда көптеген кәсіпкерлер және басқармалармен меморандумға қол қойғанбыз. Олар бізге қолдау көрсетіп, көмектесіп отырады. Мысалы театрларға, концерттерге тегін жолдамалар, сондай-ақ азық-түлікпен, жөргектермен, дәрі-дәрмектермен қамтып, барынша көмек беріп келеді,– дейді одақ төрайымы Гүлмира Үсенбекова.

Одаққа мүше болған ата-аналар мұнда өз тәжірибелерімен де бөлісіп отырады. Қоғамнан шеттетілгендей күй кешкен аналар ерікті қызметіне араласқалы көңіл-күйіде жақсарып, жалғыз еместігін түсінген.

–Мен көпбалалы жалғызбасты анамын. Ата-аналардың ватсап желісінде өз тобы бар. Сонда балалардың ем-шаралары, қай жерде, қалай емделіп жатқандығы туралы ақпараттармен бөлісіп отырамыз. Жасыратыны жоқ кейде баламен қайда, қандай ем қабылдау қажеттігін де түсінбей абдырап қаламыз. Сондай кездерде бір-бірімізге көмекшіміз. Заң тұрғысынан да психологиялық, медициналық көмектер бізге ауадай қажет. Осының бәрін біз есік қағып сандалмай, Гүлмира ханымға айтып кеңес сұрап отырамыз. Мен өзім осы одаққа келгеннен кейін көңіл-күйім көтеріліп, айналама қарай бастадым. Бір-бірімізді түсініп, қолдап, театр, музейлерге, табиғат аясына серуенге барып тұрамыз. Бүгінгі беріліп жатқан жеңілдік те бізге үлкен көмек,–дейді Зарина Дәуітова.

Айта кетейік, «Ерекше балалардың ата-аналары» – одағы республика бойынша көптеген өңірлерде жұмыс істейді. Оған жеке басын растайтын куәлікпен тіркеліп, ерікті болуға немесе қажетті ақпараттар алып отыруға болады. Шымкент қаласы бойынша бұл одаққа 70-тен аса ерекше балалардың ата-аналары тіркелген.

ШЫМКЕНТТЕ АУТИЗМГЕ ШАЛДЫҚҚАН БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгінгі таңда балалар арасында кең тараған аутизм ауруы күрделі мәселе. Ерекше балаларды қоғамға бейімдеп, емдеу және оңалту шетелдік озық оңалту орталықтарының тәжірибесіне сүйенуді талап етеді. Аутизм синдромы бар балаларды оңалту шараларын дамыту мақсатында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова мен "Қамқорлық" оңалту орталығының мамандары Туркия еліндегі бірқатар оңалту орталықтарының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасуда.

Әлеуметтік сала басшысы іссапар барысында Стамбул қаласындағы аутизм мен аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған "Мармара" мемлекеттік және жекеменшік оңалту орталықтарының білікті мамандарымен кездесті. Оңалту орталықтары қатар орналасқан. Балалардың түрлі қызметтерді екі орталықтан бірдей алу мүмкіндіктері бар.

Мұнда бір мезгілде 600 балаға 200-ге жуық арнайы тәжірибелі мамандар қызмет көрсетеді. Одан бөлек, 30-дан астам мемлекеттің азаматтары осында келіп ем қабылдауда.

Оңалту орталықтары арнайы әзірленген бағдарлама арқылы жұмыс жасайды. Бағдарлама ең алдымен аутизмі бар балалардың ең маңызды мәселелерін, яғни, қоғаммен қарым-қатынастың бұзылуы және әлеуметтік өзара әрекеттесуді жеңуге бағытталған.

Мамандар ең алдымен заманауи әдістемелік тәсілдерге, аутист балалармен жұмыс істеу бойынша түрлі технологияларға сүйене отырып балаларға диагностика жүргізеді. Қорытындысы бойынша әр балаға жеке оңалту жоспары түзіліп, коррекциялық түзету жұмыстары басталады. Сонымен қатар әр балаға жеке педагог қарастырылған.

Тәжірибе алмасу кезінде ең маңызды мәселелердің бірі 18 жастан асқан аутизм синдромы бар азаматтарға білім беру, әртүрлі сипаттағы қызметтерге қол жеткізу, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік қолдау сынды мәселелер талқыланды.

ШЫМКЕНТ: БАС ДӘРІГЕР ЖҮРЕК АЛМАСТЫРҒАН НАУҚАСТЫҢ ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков жүрегін алмастырған науқастың халін білу үшін ауруханаға арнайы барды. Басқарма басшысы науқастың қазіргі денсаулық жағдайын сұрап, тезірек жазылып, отбасына оралуына тілеулес екенін жеткізді. Сондай-ақ қаланың бас дәрігері пациентке жасалған транплантациялық отаның қала медицинасын дамуындағы зор жетістік екенін атап өтті.

–Біздің жергілікті кардиохирургтар Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы мамандарымен бірлесіп, отаны сәтті жасап шықты. Осы орайда отаны жасаған білікті дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Қала тұрғындарының саулығын жақсартып, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барынша қызмет етеміз, –деді басқарма басшысы Н. Асылбеков.

Айта кетейік, 5-шілде күні Шымкент жүрек орталығында 61 жастағы тұрғынға жүрек трансплантациясы жасалды. Ота кезінде кардиохирургтар пациентке 46 жастағы ер адамның жүрегін орнатып берді. Донорлық жүректі қайтыс болған ер кісінің туған-туыстары пайдалануға рұқсат берген. Күрделі операциядан кейін тоғызыншы күні дәрігерлер науқастың жүрек тамырына стент орнатып берді. Бүгінде пациенттің жағдайы жақсы. Жүрегін алмастырған науқас медицина мамандарының бақылауында болады.

Біле білсеңіз, еліміздегі ең алғашқы ағза ауыстыру операциялары 2012 жылы қолға алынып, бүгінге дейін 2 мыңнан аса отандасымыздың ағзасы ауыстырылған. Демек Қазақстанда да трансплантология жасауға машықтанған мамандар да, заманауи технологиялар бар. Алайда донорлық органдар тапшылығын әлі де жоққа шығаруға болмайды.

Ал енді өзгенің ағзасына күні түсіп жатқан науқастардың арасында ең көп сұранысқа ие бүйрек пен бауыр екені баршамызға белгілі. Одан кейінгі орында жүрек трансплантациясы. Дәл қазір 147 дертті адам донорлық жүрек кезегінде тұр, оның ішінде 140-ы – ересек азамат, жетеуі – бала.