Сейсенбі, 23 Сәуір 2024 16:59

Түркістанда жылыжайы бар ерекше саябақ салынып жатыр

Түркістанда бой көтеріп жатқан нысандардың құрылыс барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауында. Аймақ басшысы кезекті рет Түркістанды жаяу аралап, құрылыс алаңдарында болды. Алдымен, Белсенді демалыс саябағында жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылаған облыс әкімі қала әкімі мен мердігер мекемелердің басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

– Саябақ ішінде ағаш көшеттерін отырғызуда нақты жүйе, логика болуы тиіс. Өңірімізде өсетін ағаштарды көбейтіңіздер. Көгалдандыруға мән беріңіздер. Бұл саябақ туристерді тартатын орынға айналуы керек. Құрылысты, көгалдандыруды сапалы жүргізіңіздер. Қатаң бақылауда тұр , – деген Дархан Сатыбалды мердігер мен мамандардың ұсыныстарын да тыңдады.

Демалыс аймағы №7 және №30 көшелердің бойында орналасқан. Құрылыс жұмыстарын «Компания Өнім» ЖШС жүргізіп жатыр. Жер көлемі – 10,5 гектар. Көгалдандыру алаңы 61,892 шаршы метр болса, жабындар алаңы 42777 шаршы метрді құрайды. Құрылысы 2 кезеңмен жүзеге асуда. Қазіргі таңда І кезең жұмыстары аяқталып, ІІ кезеңнің жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы басталған құрылыс нысанын биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, елімізде баламасы жоқ бұл саябақта тропикалық өсімдіктер, ағаштар өсіріледі. Арнайы жылыжай-ғимаратында саябақ қысы-жазы бойы жасыл болып тұрады. Арнайы жылу жүйесі орнатылады. Сонымен бірге сахна, трибуна, 2 субұрқақ, ойын алаңы, скейтбординг және шатырлар салынады. Саябаққа түрлі құстар, балықтар әкелінеді деген жоспар бар. Бүгінде мұнда ағаштар, бұталар, гүлдер егіліп, көгалдар төселген.

Түркістанда салынып жатқан құрылыс нысандардың, ғимараттардың, саябақтардың сапасы да – басты назарда. Сапаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта ашылған жедел әрекет ету бригадалары елге қызмет етіп жатыр. Мысалы, былтыр жедел әрекет ету орталығының көмегіне 397 қоңырау түскен. Мердігер мекеме тарапынан 136 өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. «Түркістан жылу» мекемесіне қатысты 124 өтініш қаралып, қажетті жұмыстар мерзімінде ұйымдастырылды. Былтыр әкімдік тарапынан кепілдік мерзіміне сәйкес 52 мердігер мекемеге ескерту берілген. Оның 33-і ұсынылған кемшіліктерді қалпына келтірді.

Өткен жылдары қала аумағында 19 мердігер мекемеге ескерту жолданып, 154 кемшілік қайта қалпына келтірілген. Соттың шешімімен 5 млн теңгеден аса айыппұл өндіріліп, екі мердігер мекеме жосықсыз деп танылған еді. «Жуырда жұмыс тобы құрылыс нысандарын аралап шығып, анықталған кемшіліктер бойынша мердігерлерге жұмысты сапалы атқару тапсырылды. Кемшіліктерді түзетуге мерзім белгіленіп, қадағалаушы мен бақылаушы мамандарға ескертілді. Түркістандағы әрбір құрылыс нысаны қатаң бақылауда болады», дейді қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.

Киелі шаһардағы құрылыс жұмыс­тары тек тұрғын үймен шектелген жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында салтанаты мен сәулеті сай әкімшілік ғима­рат­тары, «Алатау» медиа-орталығы, «Түр­кістан арена» стадионы, Оқушылар үйі, Конгресс-холл, заманауи теннис орталығы іске қосылды. Мәдени-руха­ни орталықта Қ.А.Ясауи мұражайы, «Керуен-сарай» кешені, «Фараб» кітап­ханасы, «Ұлы Дала елі» орталығы, драма театры, неке сарайы, туризм уни­верситеті бой көтерді. Құрылыс қар­қыны әлі де бәсеңдемей, қаланың бас жоспарына сәйкес жүйелі жүргізіліп келеді.

Туристер үшін тағы бір жақсы жаңалық – Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында қолөнершілер шеберханасы бар теңдессіз туристік кешен салынады. Онда ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, жоғары сапалы қолөнер бұйымдарының технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберханасын салу жоспарда бар. Мақсат – туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту ғана емес, мәдениет пен мұраны сақтап қалу.

Қолөнершілер қалашығында жалпы аумағы – 9 мың шаршы метрге жуық. Жаңа қалашықта сонымен қатар қонақүйлер мен ас үйлер салынады. Көрме немесе Showroom орналасады. Түркістанда қолөнершілердің әлеуеті зор. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан шаһардың орталғында орналасатын жаңа қалашықтың жобасы ерекше. Алдағы уақытта өңірде қолөнершілерге қолдау көрсету арқылы жұмыс орындарын ашу, туризмді дамыту көзделіп отыр. Бұл жоба әлі де терең талқыланып, тиісті шешім қабылданады.

Екінші тынысы ашылып, жаңа заманға сай қайта түрленген Түркістан өңірі ілгерілеу мен жаңарудың үлгісіне айналып отыр. Қазір мұнда тартылған инвестиция көлемі 8 есе артқан. 77 мың адамға арналған көпқабатты үйлер салынған. Тұрғындарды ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі толықтай шешілді деп айтуға болады. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионнан аса турист келген. Кейінгі бес жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен. Өңірде 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, экономиканың негізгі көрсеткіші – жалпы өңірлік өнеркәсіп өнімінің көлемі былтырғы 8 айда 534 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс-тырғанда 125 млрд теңгеге өскен.

Түркістан облыс орталығы болған уақыттан бері біраз өзгерістерді бастан кешіп, қаланың көркін арттырар ауқымды құрылыс нысандары салынып, дамудың жаңа кезеңіне беттеп бара жатқаны сөзімізге дәлел. Жаңа Түркістан мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік бөліктерден тұратынын ескерсек, тарихи-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала болған-дықтан қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс.

Мәселен, «Керуен сарай» көпсалалы кешені көркем жарықшамдар, түп-түзу жол, жағалай су бүр-кіген субұрқақтар, балғын көк майсамен көмкерілген Түркістанның қасиетін арттырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен жалғасып жатыр. Қала тұрғындарының өзі осы бір сұлулыққа таңырқап, қаланың жаңа статусқа ие болуы тұрмыстарына басқаша сипат бергенін айтып мақтануда. Келген туристерге өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттау керек екенін ескеруіміз керек. Орталық Азиядағы ең ірі туристік кешен саналатын «Керуен Сарайдың» жалпы аумағы 20,5 гектар жерді алып жатыр. Мұнда адам жанына керектінің бәрі де бар. Заманауи дүкендер мен ойын-сауық орталықтары, орта ғасыр стиліндегі сарайлар мен «ұшатын театр» көздің жауын алады. «Керуен Сарай» кәдуілгі кілт пішінінде соғылған.

Altyn Samuryk «ұшатын театрының» ғажабын сөзбен сипаттап жеткізу тіпті қиын. Кешен ұйымдастырушылары бұл жобаны 8D соңғы технологиясымен жарақталған Орталық Азиядағы бірегей театр деп бағалайды. Арнайы креслоға отырған соң-ақ алтын самұрық сізді көне тарих тереңіне тартып әкетеді. Байырғы тарихи шаһарларды аралатып, одан заманауи Астана шаһарының төбесімен ұшырып, соңында түрік дүниесінің темірқазығына айналған Түркістан қаласына қайтып алып келеді.Кешен туристер үшін тынығып, демалып, көңіл көтеретін мекен болса, кәсіпкерлер үшін – табыстың көзі. Әсіресе, жаз маусымы кезінде бұл жерде күніне мың доллардан асырып сауда жасауға болады.

Қаланың көрікті нысандары, жалпы жайлы ортаның қалыптасуы келген туристерді қызықтыратыны даусыз. Халық санының артуы, әсіресе тұрғын үй, мектеп, әлеуметтік нысандардың салынуын қажет ететіні анық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында 7 мектеп салынатынын айта кетелік. Оның ішінде 2 мың орынды 3 мектеп екі жылда ел игілігіне берілмек. «Дарын» мектебі мен 4 тілде білім беретін халықаралық білім ордасы да ашылмақ.

Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын 100-ден аса көпқабатты тұрғын үй салынады. Атап айтқанда, 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұр­ғын үй бой көтереді. Сонымен қатар «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есе­бінен көпқабатты 14 тұрғын үй кеше­нінің құрылысы басталмақ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қала тұр­ғындарымен кездесуінде Түркістан қала­сының тұрғын үй қорынан 2023 жылы 720 пәтер беру көзделгенін, оның ішінде көпбалалы 500 отбасына пәтер беру жоспарланып отырғанын айтқаны белгілі.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 11 рет