Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024 13:29

Түркия елшісі Түркістандағы өзгерістерге жоғары бағасын берді

Түркістанға Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мустафа Капуджу келді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елшімен кездесіп, екіжақты байланыстарды нығайту жөнінде пікір алмасты.

– Қасиетті Түркістанға қош келдіңіз! Түркістан – Түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы. Халқымыз үшін өте қастерлі мекен. Мұнда дін қайраткері Қожа Ахмет Ясауи, Қазақ елінің болашағына қызмет еткен хандар, билер, батырлар жерленген. 2018 жылы Түркістан облысы құрылып, тарихи шаһардың жаңа тынысы ашылғанын білесіздер. Бұл ретте түрік бауырлардың Түркістанға деген ықыласы ерекше екенін айта кеткен жөн. Біз осы рухани, мәдени, тарихи тамырластықты тереңдетуіміз керек. Түркия жастарына Түркістан, Қожа Ахмет Ясауи туралы мағлұмат берілсе, туристер саны артатыны анық. Түрік кәсіпкерлері өңірге инвестиция салып жүр. Дегенмен, экономикалық байланыстарды нығайта түсу керек. Өңірімізде инвесторларға, кәсіпкерлерге инфрақұрылым, салық және өзге де мәселелер бойынша қолдау көрсетіледі. Түркия кәсіпкерлерін Түркістанда жұмыс істеп, жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз! – деді Дархан Сатыбалды.

Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мустафа Капуджу құрметпен қарсы алған өңір басшысына, Түркістан жұртшылығына алғысын білдірді.

– Түркістанға екінші рет келіп тұрмын. Өзгерістер бірден байқалады. Қала дамып жатыр екен. Қожа Ахмет Ясауи – Анадолы үшін де ортақ рухани тұлға. Былтыр елімізде жер сілкінісі болған кезде Қазақстаннан, оның ішінде Түркістаннан қолдау көп болды. Тарихи шаһардың маңызы ескеріліп, Түркістанда Түркияның ресми консулдығы ашылды. Сіздің игі істі бастамаларға қолдау көрсеткеніңізден де хабардармыз. Алғысымды білдіремін. Экономикалық байланыстарды нығайту туралы ойыңызды қолдаймын. Түркістанның инвестициялық әлеуетін кәсіпкерлерімізге таныстыруға күш саламыз. Бұл ізденістер Түркия инвесторларын да қызықтырады деген ойдамын, – деді Түркия елшісі. Қос тарап жан-жақты байланыстарды тереңдете түсуге уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.

Осы тұста айта кетейік, наурыз айында Түркістан облысының делегациясы Түркия Республикасының өндіріс орындарымен танысып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес шетелдік инвестицияны тарту, өндіріс орындарын құру және өндірістердегі жаңа технологиялар бойынша тәжірибе алмасу мақсатында Түркістан облысынан құралған делегация Түркия еліне іссапар жасады. Іссапарды Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы ұйымдастырды.

Оның құрамында «Turkistan Invest» инвестиция тарту және экспортты дамыту» агенттігі, «Turan» арнайы экономикалық аймағының, Кентау және Арыс қалалары, Отырар, Созақ және Сауран ауданы әкімдіктері және бизнес өкілдері бар. Делегация Измир және Конья қалаларының Сауда және өнеркәсіп палатасы басшылығы, іскерлік бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіп, одан әрі «В2В» форматында келіссөздер жүргізді. Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту бойынша кәсіпкерлік саясатты жүргізуге жауапты Сауда- экономикалық байланысты дамыту палаталарымен меморандумдарға қол қойылды.

Кездесулерде Измир және Конья қалаларының Сауда және өнеркәсіп палаталарына, бизнес ассоциацияларына Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, түркі мемлекеттер ұйымы арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін құрылған «Turan» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктері таныстырылды.

Іссапар барысында құрамында 197 компания жұмыс істейтін «Избаш», 250 компания қызмет ететін «Есбаш» еркін экономикалық аймақтары жұмысымен және кәсіпорындарымен танысты. Кәсіпті кеңейту тұрғысында Түркістан өңірінде өндіріс ошақтарын құру бойынша ұсыныстар білдірілді. Экономикалық аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындармен қатар, делегация бірқатар өндіріс орындары технологияларымен танысты. Олардың қатарында «Akaylar Derі» тері өңдеу зауыты, «Hidromek» ауыл шаруашылығы техникаларын және құрылғыларын өндіру зауыты, «Abalioglu yagi» күнбағысы майын өндіру зауыты, жаңбырлатып және тамшылатын суару жүйелерін өндіретін «Elit plastic», «Sertsan Plastik», «Ercanlar Plastik», «OpalPivot», «Akona plastik» компаниялары, «RTM Tarım Kimya» кіші, ірі қара және құстарға арналған жем шығару зауыты, кептірілген жемістерді өндіретін «Pinar Kuruyemis», Түркия елінің үштен бір бөлігін ет өнімдерімен қамтамасыз ететін консервіленген дайын ет өнімдерін өндіретін «Konaet» компаниялары бар.

Делегация іссапары Конья елінде өтіп жатқан Түркия еліндегі ең ірі және Еуропадағы 3-ші ең ірі «Konya Agriculture Fair 2024» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде жалғасты. Жәрмеңкеде соңғы технологияларды қолданатын ауыл шарушылығы саласындағы кәсіпорындарға Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстар берілді. Келіссөздерде бірқатар кәсіпорындар Түркістан облысына инвестиция салуға қызығушылық танытты. Түркиялықтар алдағы уақытта Түркістан өңіріне қызметтік іссапармен келеді деп күтіліп отыр.

Тарихи-мәдени байланыстар негізінде қалыптасқан Түркия мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастар соңғы 30 жыл ішінде Еуразия аймағындағы ең сенімді серіктестік үлгісіне айналды. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастау алған интеграция тұрақты түрде дамып келеді. 2009 жылы қол қойылған «Стратегиялық әріптестік туралы келісім» арқылы ынтымақтастық жаңа белеске шықты.

Тараптар арасындағы дамып келе жатқан байланыстар екіжақты деңгейде ғана емес, ай­мақ­тық және халықаралық деңгей­де де маңызды. Екі ел де өздерінің халықаралық ұстанымдарын қайта айқындайтын кезеңді бас­тан өткеріп жатыр. Халықаралық және аймақтық тыныштықты, қауіпсіздікті, тұрақтылық пен өр­кендеуді арттыруға мүдделі екі ел ортақ сыртқы саяси көзқарасты ұс­танады. Соның айқын дәлелі – «Ке­ңейтілген стратегиялық әріптестік туралы келісім».

Тәуелсіздігіне биыл 32 жыл толатын Қазақстан ішкі саясатында да, халықаралық жағдайда да өзгеріс­терді басынан өткізіп жатыр. Осы себепті Қазақстанның өз ішіндегі қиындықтармен қалай күресетіні, қандай сыртқы саясат ұстанатыны және Орталық Азия геосаясатында қандай рөл атқаратыны маңызды. Бұл мәселелер тек Қазақстан үшін ғана емес, барлық аймақтық елдер мен жаһандық ойыншылар үшін өзекті.

Қазақстанның жаһандық және аймақтық рөлі тұрғысынан Түр­киямен қарым-қатынасы ерек­ше маңызға ие. Ең алдымен, Түр­кияның сыртқы саяси басым­дықтары мен Қазақстанның ба­сым­дықтары арасында ұқсастық бар. Екі ел де ешбір жаһандық дер­жаваға тәуелді болмай, өздері­нің толық тәуелсіздігі мен стра­тегиялық автономиясын сақтай отырып, аймақтағы тепе-теңдікті сақтайтын және бейбітшілікке үлес қосатын сыртқы саясатты ұстанады. Сондықтан Түркия мен Қазақстан түрлі жаһандық және аймақтық проблемалар алдында ынтымақтаса отырып, проблемаларды шешуде сындарлы рөл атқаруы мүмкін.

Экономика жағынан Түркия – Қазақстанның Батыс нарығына шығу жолындағы маңызды ел. Екі ел арасындағы сауда-саттық қарым-қатынастары тұрақты түрде өсіп келеді. Қ.Тоқаевтың Түр­кияға сапары экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі жан­дандыратын келісімдерге қол қойылған үлкен бетбұрыс бол­ды. Екі ел арасындағы эконо­ми­калық қарым-қатынастар сау­да көлемін арттырып қана қой­май, Қазақстанның Еуропа нары­ғына шығуын жеңілдетеді. Демек Қазақстан-Түркия қарым-қаты­насы Қазақстанның Батыспен экономикалық және саяси қарым-қатынасына оң әсер етеді. Бұл Қазақстанның жаһандық тепе-теңдікті сақтайтын саясатымен әбден үйлеседі.

Түркия мен Қазақстан ара­сын­дағы қарым-қатынастар ай­мақтық қауіпсіздікке үлес қоса береді. Түркі мемлекеттері ұйы­мының жетекші елдері ретінде Түркия мен Қазақстан өздерінің аймақтық қарым-қатынастарына құрылымдық сипат беріп келеді. Екі ел аймақтағы ешбір елді шеттетпей, ынтымақтастық негізінде әрекет етеді. Осының арқасында өңірлік интеграциялық үдерістер де серпін алып, жаһандық бей­біт­шілік пен тұрақтылықты сақтауға ерік-жігер артып жатыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 139 рет