Бейсенбі, 25 Сәуір 2024 14:02

Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылуына Түркістан облысы қатысуда

2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған сапарының нәтижесінде «2024 жыл - Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы» болып жарияланды. Осыған орай, Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылының ресми ашылуы өтті. Халықаралық жиынға Қазақстанның делегациясы келіп қатысты. Құрамында Премьер-Министрдің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ әкімдіктердің, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері мен 150-ден астам мәдениет қайраткерлері бар.

Еліміздің 17 облысы стендтерінде өз өңірлерінің тарихын, мәдениетін және туристік әлеуетін кеңінен таныстырды. Түркістан облысының делегациясы жоғары дайындықпен жасаған ақпарат алаңы қытайлықтар мен іс-шара қатысушыларының назарын аудартты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің арнайы макеті, «Жер ана» инсталяциясы, қазақтың алып батырлары көптің таңдайын қақтырды. Келушілеріге қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдар, облыстың туризм бағытын қамтыған үнпарақтар, брендтік өнімдерді ұсынды. Атап айтқанда, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы, «Керуен сарай» кешені, «Turan tour» туристік операторы, облыстық қолөнершілер қауымдастығы белсене атсалысуда. Бұл іс-шаралар Қазақстанның әр аймағының туризмімен таныту, туристер алмасу, тәжірибемен бөлісу тұрғысынан өте маңызды.

Халықаралық туристік көрме аясында «Туризм және инвестицияны дамыту» атауымен форум және екі панельдік сессиясы өтті. Сондай-ақ екі елдің туристік операторларының байланыс орнатып, Түркістанға туристерді тарту бойынша В2В кездесулер ұйымдастырылды. Онда меморандумдарға қол қойылып, ақпарат алмасты. Саланы бірлесіп ілгерілету жайында да келіссөздер жүргізді.

Жалпы, Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым-қатынастар жыл өткен сайын жанданып келеді. Былтыр облыс орталығында Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы компанияларының өнімдері ұсынылған бірлескен көрмесі өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Қытайдан арнайы келген бірнеше ірі кәсіпорын басшылары қатысты. Аймаққа инвестиция тартып, жергілікті өнімдерді экспортқа шығаруды мақсат еткен іс-шарада жалпы саны 60-қа жуық тауар өндірушінің өнімдері қойылды. Атап айтқанда, киім, аяқ киім, ыдыстар, текстиль өнімдері, электр машиналары, күннен қорғайтын өнімдер, электр скутерлері және Түркістан облысы бойынша тамақ, жиһаз, химия, жеңіл өнеркәсіп өнімдері ұсынылды.

«Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында екіжақты сауда байланысын арттыру мақсатында өткен көрмеде Қытайдың «Илутун» деп аталатын онлайн-платформасы таныстырылды. Илутун - бұл трансшекаралық онлайн көтерме сауда дүкені. Онда барлық тұрмысқа қажетті заттарды тікелей өндірушіден сатып алуға мүмкіндік бар. Логистика жағынан да жылдам жеткізу тәсілдері қарастырылған. Бүгінгі таңда бұл платформадан 500-ден аса зауытты тауып, тауарлар жайлы ақпаратты үш тілде (қытай, ағылшын, орыс) алуға болады. Арада делдалдарсыз тікелей зауытпен байланысып, қол жеткізу қарастырылған.

Одан өзге, көрме аясында екіжақты байланысты дамытып, бірлескен жобалар ашып, тәжірибемен бөлісу бойынша Меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, кабель желісін жасау, электр көліктерін зарядтау станциялары, тігін фабрикасын ашу бойынша жалпы сомасы 3 млрд-тан астам қаржыға кәсіпорындар ашу бойынша Индустриалды аймақ және Арнайы экономикалық аймақ басшылығымен меморандумдар түзілді.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қытайға жұмыс сапары кезінде екі елдің, оның ішінде Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі, автомобильдер жасау, пластмассадан бұйымдар жасау, робототехника т. б өндірісті дамытуда бірқатар ірі инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесіп, әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізген болатын. Бұл кездесулер нәтижесін беріп, жақын күнде Түркістан қаласының Индустриалды аймағындағы дайын өндіріс алаңында (brownfield) қазақ-қытай бірлесуімен шұлық және ерлер костюмін шығаратын зауыт ашылмақ. Мұндай ірі кәсіпорындар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі басты назарға алынған.

Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі - әлемдік нарыққа шығудың ірі көзі. Облыстан мың шақырым радиуста 70 миллионнан астам адам тұрады. Түркістан облысының салалық мамандануын, сондай-ақ экономиканы дамытудың басым бағыттарын ескере отырып, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жер қойнауын пайдалану, туризм, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Түркістан облысы мен Қытай тауар өндірушілері екіжақты байланысты дамытып, бірлескен жобалар ашып, тәжірибемен бөлісу бойынша Меморандумдарға қол қойғаны белгілі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, кабель желісін жасау, электр көліктерін зарядтау станциялары, тігін фабрикасын ашу бойынша жалпы сомасы 3 млрд. теңгеден астам қаржыға кәсіпорындар ашу бойынша индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақ басшылығымен меморандумдар түзілді.

– Түркістан өңірі Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі болып саналады. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары тек нығая түсуде. Бүгінгі өтіп жатқан көрме қазақ-қытай кәсіпкерлері арасында оң нәтижелер беретініне сенімдімін. Қытай елінің бай тәжірибесі Түркістан өңірінің әлеуетін көтеруге зор мүмкіндік береді. Осыған дейін Қытайға жұмыс сапарымен барып, өздеріңізбен жүздесіп едік. Біраз маңызды жобаларды талқыладық. Бүгінгі кездесу сол сапардың жемісі деп білеміз. Біздің аудан әкімдері Қытайдағы ірі өндіріс орындарын аралап, тәжірибе жинауын жалғастырып жатыр. Осы тәжірибелерімізді жинақтап, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашуды көздеп отырмыз,– деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Жалпы Қытай – Қазақстанның ірі сауда және стратегиялық серіктестерінің бірі екені белгілі. Қос мемлекет арасындағы сауда қарым-қатынасын жандандырып, қазақстандық тауарларды Қытайға экспорттау көлемін ұлғайту – үкіметіміздің басты бағыттарының бірі деуге болады. Мәселен, өткен жылдың соңында Қазақстанның Қытайға экспорты 9,9 миллиард долларды құраса, оның ішінде 4,5 миллиард доллары өңделген өнімдерге тиесілі.

Былтыр Қазақстаннан Қытайға өңделген тауарлар экспорты 17,8%-ға өсіп, 1 млрд долларды құрады. Мысалы, мыс және мыс катодтары, өсімдік майлары, титан және одан жасалған өнімдер, жарма немесе өңделген бұршақ дақылдарының қалдықтары, циклдік көмірсутектер және т.б. сияқты тауарлардың жеткізу көлемі артқан. Қаңтар-наурызда Қытайдан Қазақстанға өңделген тауарлар импортының көлемі 2,1 млрд долларды құрады. Қазақстан Қытайдан ауа баптау қондырғыларын, компьютерлерді, топырақты сұрыптауға және ұнтақтауға арналған жабдықтарды, көтеруге, жылжытуға, тиеуге немесе түсіруге арналған машиналар мен құрылғыларды, электр генераторлық қондырғыларын, шиналарды, телефондарды импорттайды. Соңғы отыз жылда Қазақстан-Қытай саудасы 368 млн АҚШ долларынан 25,25 млрд АҚШ долларына дейін, яғни 70 есеге жуық өсті. Ал осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда көлемі 17,7 млрд АҚШ долларына жетіп, жылдық есеппен 20%-ға артты.

Бүгінде Қазақстан мен Қытай мемлеткеттері бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалар саны да аз емес. Қазақстан-Қытай транзиттік тасымалдары және халықаралық құрлықтағы-теңіздегі мультимодальдық тасымалдар айтарлықтай табысқа жетті. Екі тарап та тұрақты түрде жұмыс істейтін 7 порт, мұнай мен газды тасымалдауға арналған 5 трансшекаралық құбыр желісін, 2 трансшекаралық теміржол магистралін және халықаралық шекара маңы ынтымақтастығының орталығын ашты. Биыл бірінші жартыжылдықта Қытай-Еуропа пойыздарының 6 195 пойызы Шыңжаңның екі порты арқылы Қазақстанға өтіп, жаңа рекорд орнатты. Пандемия жағдайында Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың дұрыс дамуы халықаралық өндірістік тізбек пен жеткізілім тізбегін тұрақтандыруда маңызды рөл атқарды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 136 рет