Іс-шара барысында су ресурстарын үнемді пайдалану және санитария мәселелеріне қатысты проблемалар талқыланды. Маңызды жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды су саласын дамыту бағытындағы жұмыстар, мәселелер және алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.
– Құрметті Мәулен Сағатханұлы! Парламенттік комиссия отырысының Түркістан облысында өткізіліп жатқаны біз үшін өте маңызды. Мемлекет басшысы «Ішкі су қорымыз көктемгі және қардың суын жинап және оны егістікке тиімді пайдалану» үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд. текше метрді құрайтын 42 су қоймасы бар. Жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағы су қоймаларын қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. «Боралдай», «Бәйдібек ата» су қоймаларын салу жобалары әзірленді. Жобалар толық іске асқан жағдайда «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн.м3 ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласы аумағында ағын су мәселесі шешімін табады. «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жұмыстарына 2023 жылға облыстық бюджеттен 680 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары басталды. «Боралдай», «Бөген», «Қосқорған» су қоймаларының техникалық экономикалық негіздемесі және жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Түркістан облысында барлық каналдардың жалпы ұзындығы 12,3 мың шақырымды құрайды. Ұзындығы 59 шақырымды құрайтын «Түркістан магистральды каналын күрделі жөндеу» жобасының 1-ші кезеңі аяқталды. Нәтижесінде, жылына 60 млн. м3 ағын су үнемделіп отыр. Ендігі кезекте каналдың 2-ші кезеңінің жобасы дайын. Жобаны аясында 25 дана су өткізу құрылымдары автоматтандырылады, 24,9 шақырым каналды бетондау арқылы жылына 29 млн. м3 ағын су үнемделеді. Сонымен қатар бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін су нысандарына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бүгінгі таңда жалпы құны 73,9 млрд. теңгені құрайтын 17 жоба дайын. Тиісті қаржы бөлінсе, 236 шақырым канал бетонмен қапталып, 49,8 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады. Облыстық «Тұран су» коммуналдық кәсіпорнының жұмысы жүйеленіп, 46 дана арнайы техникалар сатып алынды. Мекеме өз қаражаты есебінен 680 шақырым каналға тазалау жұмыстарын жүргізді, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындар ашылуда. «BNK Group LTD» ЖШС-нің жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару зауыты іске қосылды. «Тұран су» кәсіпорны жанынан жылдық қуаттылығы 9 мың гектарға тамшылатып суғару жүйесін шығаратын кәсіпорын іске қосылады. Сонымен бірге өңір тұрғындарын ауыз сумен қамту бағытында да жүйелі жұмыс атқарылуда.
Түркістан облысына сапар аясында Мәулен Әшімбаев бастаған сенаторлар жергілікті мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен де кездесті. Өз сөзінде Сенат төрағасы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда белгілеп берген бастамаларына кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ облыс тұрғындарымен бірге өңірдегі өзекті мәселелерді оңтайлы шешу жолдарын талқылады.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. 2023 жылы өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштерінің оң өсімі сақталды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3,8 трлн. теңгеге жетіп, өнеркәсіп өнім көлемі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асып, 2,5%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында жоспарланған 20 жоба толық іске қосылды. Нәтижесінде 30,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, 594 жұмыс орны құрылды.
Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 1,2 трлн. теңгені құрап, республикада көш бастады. Облыс экономикасына 972 млрд. теңге инвестиция тартылып, көлемі артты. 2023 жылға жоспарланған 56 инвестициялық жоба толығымен іске қосылған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 407,5 млрд. теңгені құрап, +11,1%-ға өсті 2023 жылы 899 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Жұмыс сапары соңында Мәулен Әшімбаев өңірдің белсенді жастарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.
Ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан озық технологияның бірі – тамшылатып суару. Түркістан облысында көптеген шаруа қожалықтары осы әдіске көшкен. Арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп. Атап айтқанда, тыңайтқыш көлемі 5-6 есе азаяды және мол өнім алуға болады. Ең бастысы, су үнемделеді.Түркістан облысының шаруалары бірнеше жылдан бері егістікті жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісіне көшіп жатыр. Техниканы тасымалдаушылар қондырғыны іске қосу, бассейн мен құдық қазу, тоқ беретін генераторды орнату секілді жұмыстарды толық мойнына алады. Алып техника бір жүргенде кемінде аумағы 500 метр жерді суарады.
Облыстың оңтүстік өңірлерінде монодақылға айналған мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері, бұршақты дақыл және малазықтық дақылдармен алмастыру арқылы ауыспалы егісті ендіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл бағытта дәндік жүгеріні өткізу нарығымен қамтамасыз ету мақсатында, Шардара ауданының индустриалды аймағында 35 га аумаққа құны 32 млрд. теңгені құрайтын Түркия және Франция елдерінің технологиясымен «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда.
Ағын су тапшылығын төмендету мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 32 мың гектарға су үнемдеу технологиялары ендірілді.Ағын су шығынын төмендету бағытында облыста су үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға енгізілген (22 мың га. тамшылатып, 10,3 мың га. жаңбырлатып). Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын ендіру көлемін 216,3 мың гектарға жеткізу қарастырылып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында кеңінен етек жайғалы отырған машина станциясының тиімді тұстары көп. Ол техникалық қызмет көрсетуде қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Әрі қауіпсіз. Энергия көзі ретінде дизель генераторы қолданылады. Ең бастысы – экономикалық жағынан тиімді. Жаңбырлатып суару әдісінің арқасында арықпен суарылған жерлерге қарағанда астық молырақ жиналады.
Жалпы, Түркістан облысында су шаруашылығын дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Су қоймалары мен тоғандарға ағымдағы жөндеулер де жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, былтыр Ордабасы ауданында орналасқан «Бөген» су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Стратегиялық маңызы бар нысандарда жыл сайын арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Соған сәйкес, су қоймасында тиісті шаралар қолға алынды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Бөген» су қоймасының жай-күйімен танысып, жөндеу жұмыстарының барысын бақылау үшін арнайы барып, тексеріп те қайтқан болатын.
Облыс басшысы сол сапарында жауапты сала басшыларын мұқият тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Нысанды мерзімінде сапалы етіп тапсыру талабын қойды. Жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлуді тапсырды.– Стратегиялық маңызы бар нысанның жөндеу жұмыстары аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өңірдің ауыл шаруашылығы үшін су қойманың берері мол. Сондықтан жауаптыларға қойылар талап та күшті. Қауіпсіздікті сақтау – басты мақсатымыз. Жөндеу жұмыстарының әр сатысы жан – жақты әрі тұрақты бақылауда болады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығының бай аймақтарының біріне жатады. Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиеселі (548,2 мың гектар) және 70 мың агроқұрылымдарда 180 мыңға жуық адам еңбек етуде. 1967 жылы салынған «Бөген» су қоймасы су шаруашылығы нысандары стратегиялық объектілер тізбесіне жатқызылған. Аумағы – 65 км2, ұзындығы 13 км, ені 6 км, тереңдігі 15 м. Бөген су қоймасының су сыйымдылығы – 370 млн текше метр. Арыс, Бөген өзендерінің суымен толығады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат