Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024 16:52

Отырар аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті

Отырар ауданы әкімдігінің мәжіліс залында сегізінші шақырылымдағы Отырар аудандық мәслихатының кезектен тыс он төртінші сессиясы өтті.

Отырар аудандық мәслихатының төрағасы У.Ұзақовтың төрағалығымен өткен сессия отырысына аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жансұлтан Сейтжанов, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары, дербес бөлім басшылары, ауыл әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Сессияның қарауына:

1. Отырар ауданы мәслихатының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы №10/57-VIІI «2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;

2. Отырар аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №11/63-VІІІ «2024-2026 жылдарға арналған ауылдық округтерінің бюджеттері туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;

3. Отырар ауданының жер комиссиясының құрамына өзгерістер енгізу туралы;

4.«Отырар ауданының құрметті азаматы» атағын беру туралы - мәселелер енгізілді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай хабарлама жасап, аудан бюджетінің салаларға бағытталуы жөнінде түсіндірме берді. Сондай-ақ көп жылғы еңбектері үшін «Отырар ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы – аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов хабарлама жасады.

Күн тәртібіндегі мәселелер аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының мәжілістерінде жан-жақты талқыланғандықтан, сессия қорытындысымен күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты ұсыныстар қолдау тауып, шешім жобалары бір ауыздан бекітілді.

Жалпы айтқанда, Отырар ауданының бюджеті жыл санап артып келеді. Инвестиция тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да аз емес. Мәселен, былтыр негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі - 24 млрд 948 млн 200 мың теңге болып, нақты көлем индексі – 152,2 пайызға артты. Бөлшек сауда көлемі – 4 млрд 059 млн 227 мың теңге болып, нақты көлем индексі – 101,9 пайызға, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 18 млрд 849 млн 236 мың теңге болып, нақты көлем индексі – 108,0 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 8 млрд 613 млн 600 мың теңге болып, нақты көлем индексі – 249,0 пайызға, іске қосылған тұрғын үйлер 18 657 шаршы метр, нақты көлем индексі – 109,1 пайызға, Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 35 млрд 503 млн 700 мың теңге болып, нақты көлем индексі 104,2 пайызға орындалды.

Аудан бюджетінің кірістер жоспары былтыр 15 млрд 799 млн 957 мың теңгені құрады. Жергілікті өзіндік кірістер жоспары 1 млрд 800 млн 651 мың теңге болып бекітілген, орындалуы 1 млрд 876 млн 962 мыңға теңгеге жетіп, 104,2 % ға немесе 76 млн 311 мың  теңгеге артық орындалды.

Аудан бюджетінің шығыстар жоспары былтыр 15 млрд 799 млн 957 мың теңге болса, орындалуы 15 млрд 613 млн 398 мың теңгені құрап, бюджет 98,8 пайызға орындалды. 2023 жылы ауданның өзіндік кірістері 2 млрд 80 млн 425 мың теңгеге немесе 2022 жылмен салыстырғанда (айырма 259 млн 546 мың теңге) 15,6 пайызға ұлғайтылып бекітілді.

Отырар ауданы негізінен ауыл шаруашылығына бейімделген аудан екені белгілі. Ал енді, осы ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелердің бірі – пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Бұл бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Таяуда осы мәселеге байланысты, яғни, Отырар ауданындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және анықтау бойынша комиссиялардың көшпелі отырысы өтті. Сол жерде бұл мәселе жан-жақты талқыланған болатын.

Жалпы, Отырар ауданында агроқұрылымдардың мақсатына сай игермеген 162 703,81 га (оның ішінде:суармалы 8191,7 га, жайылым 154 512,11 га) жерлері анықталып, тізімі 2022 жылы Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне шара көру үшін жолданды. Биыл ірі агроқұрылымдармен екі жақты меморандум жасау арқылы елді мекенге жақын орналасқан 94 200 га жайылымдық жерлер ортақ жайылымға пайдалану үшін келісім жасалды (2022 жылға жоспар 90,7 мың га).

Қазіргі уақытта ауыл округтері бойынша 50,6 мың га ортақ мал жайылым жерлер бар.  2022 жылы мақсатына сай пайдаланбай жатқан жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жайылым жерлерді пайдаланбай жатқан жерлердің есебінен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 30,0 мың га жерлерді елді мекеннің ортақ мал жайылым жеріне беру жоспарлануда.

Бүгіндері Отырар ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 640 109 гектарды құраса, оның ішінде: суармалы жерлер — 43492 гектар; жайылымдық жерлер — 594 890 гектар; шабындық жерлер — 1294 гектар, көп жылдық екпелер 433 гектар болып отыр. 2022 жылы ауыл шаруашылығы жерлеріне жүргізілген түгендеу жұмыстары нәтижесінде мақсатына сай пайдаланылмаған 79,1 мың гектар (оның ішінде: 4142,0 гектар — суармалы, 74708,0 гектар — жайылым, шабындық — 204 гектар) жерге шығарылған қаулылардың күші жойылып, ауданның арнайы жер қорына қайтарылған.

Қазіргі таңда аудан көлемінде жалпы қолда ұсталатын мал басының саны артуына байланысты елді мекендерде 317 189 гектар ортақ мал жайылым жерлерге қажеттілік туындап отыр. Қажетті жайылым жерлерді пайдаланбай жатқан жерлердің есебінен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 140,0 мың гектар, 2024 жылы 89,1 мың гектар, 2025 жылы 90,2 мың гектар жерлерді елді мекеннің ортақ мал жайылымына беру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 67,5 мың гектарды құрады.

Отырарда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері жоба аясында 35 азамат кәсіптік бағытта 400 АЕК көлемінде грант қаражатын алып, өз кәсібін бастаған. Осылайша кір сабын шығару, тары егу, түйе сүтін өндіру секілді жаңа жобалар жүзеге асуда. Тағы бір кәсіп иесі мұражай қорындағы керамикалық жәдігерлердің үлгісімен кәдесыйлар дайындайды. Қыштан құмыра, сазсырнай секілді түрлі бұйымдар жасап, сатуға шығарады.

Жалпы, ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдама ауылдық аумақ­тар­дың географиялық ерекшеліктері мен бәсе­ке­лестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Басты мақсат – әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту арқылы қо­лай­лы ауыл ортасын қалыптастыру. Бұл – жаңа мектептер мен медициналық объек­тілерді салу, таза сумен және электрмен жабдықтау, кең жолақты интер­нет­ке және спутник­тік байланысқа қол­же­тімділікті қам­та­масыз ету, ауылдың ішіндегі жолдар­дың сапасын арттыру, мәдени нысандар – кітапханалар, клубтар, мұра­жай­лар мен кинотеатрлар, спорт ғима­рат­та­рын салу, халыққа қыз­мет көрсету орта­лық­тарын ашу. Ал онда­ғы тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін инженерлік коммуникация­лар­ды жаңа жер учаскелеріне жеткізу жұ­мыс­тары жалғастырылады. Бұл ретте елді мекендерде өз қызметкерлеріне тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жеңілдету мақсатында пайдалануға берілген ауданы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидия беріледі.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді. Сонымен қатар қызмет ба­ғыт­­тарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орын­­дары пайда болады, осылайша ауыл­дан жас кадрлардың кетуі азаяды.

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­да­масы бірқатар шараны қамтиды, со­ның ішінде ауыл тұрғындарын жер­гілікті өзін-өзі басқаруға тарту, әр­түр­лі мемлекеттік қолдау көрсету, ту­ризм­ді дамыту, экспортты ынталандыру, эколо­гиялық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету. Аталған тұжырым­да­ма­дан күтетін нәтиже – табысы ең төмен­гі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл хал­қының үлесі 5,8%-ға, ал ауылдық жер­лерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар елді мекен­дерді таза сумен қамтамасыз ету – 100%, интернетпен қамту – 97%, нор­ма­тивтік жағдайдағы жергілікті жол­дар­дың үлесі 95% болмақ.

Ел ішінде «Көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер» деген жақсы сөз бар. Ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеру, ауылды жандандыруға берілген тиімді қармақ, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарламаның ең басты мақсаты – қарапайым ауыл тұрғындарын кәсіпке баулу арқылы тұрмыс-тіршілігін жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, ауылдық жерде шикізат өңдейтін өндірісті дамыту. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 5 жылдан 7 жылға  дейін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Алу шарттары да жеңілдетілген, яғни кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік, меншіктегі жер немесе арнайы техниканы бағалап, соған сәйкес шағын несие алуға болады.

Ауданда жүгері кластерін дамыту аясында ауқымды жобалар қолға алынған. Соның нәтижесінде аймақтағы жүгері дақылы 10 мың гектардан асқан. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды таяуда Отырар ауданына жасаған сапары барысында 50 га жерге жүгері егіп, өнімділігін арттырған жергілікті кәсіпкермен кездескенін де айта кеткен жөн. Шаруажүгерінің «Маями» сортын егіп, әр гектардан 13 тоннаға дейін өнім алады екен. Облыс басшысы жүгері дақылын өсіруді дамытып, сапасын да арттыруға баса мән беруді айтқан еді.

Отырарда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы да сәтті жүзеге асып келеді. Былтыр жыл басынан бері жоба аясында 35 азамат кәсіптік бағытта 400 АЕК көлемінде грант қаражатын алып, өз кәсібін бастағанын айта кетейік.

Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, 202ң жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыру мақсатында ағымдағы жылға 37 мыңнан аса гектар егіс алқабына егіс егілген. Атап айтқанда, күздік бидай, дәндік жүгері, күнбағыс, мақта, картоп, көкөніс, бақша өнімдері. Ал, сор шаюға берілген 1350 гектар жер толығымен суғарылып, 343 гектар күздік бидай, 4 668 гектар жаңа жоңышқа, 75 гектар бақша дақылдары егілген.

Бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасы» бойынша 230,0 гектар жерді игеру жоспарланса, жоспар барлық ауыл округінде 100 пайызға толығымен орындалған. Тамшылатып суғару әдісін ендіруге 425 гектар жоспарланып, орындалуы — 435 гектар немесе 102,4 пайыз. Жоспарды Көксарай, Маяқұм, Отырар ауыл округтері мүлдем орындамаған. Жаңбырлатып суғару әдісін енгізуге 770 гектар жоспарланса, орындалуы — 280 гектар, 36,4 пайыз. Жоспарды тек Ақтөбе, Қарақоңыр, Шілік ауыл округі ғана орындаса, қалған ауыл округтерінде бұл бағыт бойынша бірде-бір жоба іске аспаған.

Мұнан бөлек Мыңшұқыр ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің артындағы жол бойы жарықтандырылып, Қоғам ауылындағы Бескепе көшесін орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін биылғы жылы аудандық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Сондай-ақ, Талапты елді мекеніндегі ауылдық амбулаторияның құрылысына биыл облыстық бюджеттен қаржы қаралып, бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Былтыр аудандағы 5 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу және бірнеше ауыз су нысандарына насос жиынтықтарын сатып алу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Аталған елді мекендердің қатарында Отырар ауылы да қамтылған. Сонымен бірге Қоғам елді мекенінде балалар ойын алаңшасын салу және Отырар елді мекеніндегі ішкі көшелерге аяқ жолдар салу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, Талапты елді мекеніндегі Ж.Смайлов және Қарғалы елді мекеніндегі Қарғалы-2 көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Отырар ауылындағы "Ауыл- Ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы аясында Т.Ибрагимов көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 171 рет