Бейсенбі, 13 Маусым 2019 22:14

Түркістан облысы: Шардара ауданында үздіктерге облыс әкімінің марапаты тапсырылды

Мектеп бітірушілердің ішінен үздік деп танылған шардаралық 10 түлекке облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің марапаты тапсырылды. Сәрсенбінің сәтінде осыоқушыларды аудан әкімі Болатбек Қыстауов арнайы қабылдап, олардың облыс бойынша үздік атануларымен құттықтады. 

Сендер ауданымыздың мақтанышына айналып отырсыңдар. Бірінші кезекте өз қатар-құрбыларыңнан оза шауып, облыста үздік атануларыңмен шын жүректен құттықтаймын. Былтырғы оқу жылында 44 түлегіміз «Алтын белгіге» қол жеткізген болса, биылғы оқу жылында Шардара ауданы бойынша 48 түлек «Алтын белгімен» бітіріп жатыр. Яғнибұл көрсеткіш жылдан-жылға ауданымызда үздіктер қатары молайып, білім беру сапасы артып келе жатқанын білдіреді. Сендердің мектеп бітірген кездерің тарихи оқиғаларға тола жыл болды деп айтамыз. 2018-2019 оқу жылын аяқтаған түлектер Елбасы Жарлығымен құрылған Түркістан облысының тұңғыш түлектері болып саналады. Сондай-ақ кеше ғана еліміз үшін аса жауапты науқан – Қазақстан Республикасының Президентін сайлауды ұйымшылдықпен өткізіп, халықтың таңдауымен тәжірибелі саясаткер, Елбасының сара жолын ары қарай жалғастыратын мемлекет және қоғам қайраткері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекет тізгінін қолға алды. Осы ретте еліміздің келешегі саналатын жастарға артылар міндет те осал болмайды. Себебі, елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Өмірлік мамандық таңдауда сендерге тек сәттілік тілеймін. Қандай кәсіпті игерсеңдер де ең біріншіден Тәуелсіз Қазақстанымыздың мәртебесiн арттыратын, туған өлкеміздің өсіп-өркендеуіне атсалысатын азамат болып қалыптаса берулеріңе тілектеспін, - деді Болатбек Дүйсенбекұлы.

Мұнан кейін аудан әкімі түлектерге облыс әкімінің «Алғыс хаты» мен «Жас түлек – 2019» номинациясын салтанатты жағдайда табыс етті.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 959 рет