Жұма, 30 Қыркүйек 2022 11:53

Түркістан: «Ұлт ұстазының ұлы мұрасы» атты қалалық семинар-практикум өтті

Түркістан қаласындағы NIS-те Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Қазақ тілінің жаңа кеңістігі» апталығы аясында облысқа қарасты аудан және қала мектептерінен келген қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің ұстаздарына арналған «Ұлт ұстазының ұлы мұрасы» атты қалалық семинар практикумы өтті. Аталмыш басқосу қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің әдістемелік бірлестігінің ұйымдастыруымен және мектеп басшылығының қолдауымен өткізілді.

Жалпы семинар мақсаты А. Байтұрсынұлының ағартушылық қызметі мен қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша педагогикалық идеяларын насихаттау, ғалымның қазақ тілі мен әдебиеті саласындағы еңбектерін оқу үдерісіне енгізу бойынша өзара тәжірибе алмасу болып табылады. Шараға қала және аудан мектептерінен жалпы саны 50-ге жуық ұстаздар қатысып, ең алдымен Зияткерлік мектеп бойынша экскурсиялық тур болып, білім ордасымен танысты. Семинар барысын модератор ретінде Нартай Советханұлы жүргізіп, толық тізгіндеді. Кампус турдан кейін ағартушының білім саласындағы еңбектерін оқу үдерісіне енгізу және тіл мәселелері туралы баяндалған мәжіліс залындағы отырысқа жалғасты.

Басқосу барысына мектеп директоры Балқан Касимов алғысөз сөйлеп, семинарға қатысушы барша мұғалімдерге ұлт ұстазының еңбектері арқылы оқу үрдісіне қажетті пайдалы ресурстар жинап, тәжірибе алуда сәттілік тіледі.

Сондай-ақ семинарда арнайы модераторлар келіп өз тақырыптарында баяндама жасады. Алғашқы модератор болып Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің доценті, PhD доктор Жанат Сапарбекқызы Ергубекова «Қазақ тілінің ғылымдағы мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде ол тіл жанашыры болған ұлт ұстазының ұлттық тіл терминіне баса назар аударғанын атап өтіп, қазіргі таңда қазақ тілді терминдерді жасаудағы проблемалар мен оның шешімдерін айқындап көрсетті.

Екінші модератор мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі Роза Есбалаева «А. Байтұрсынұлының әдебиет теориясы туралы ілімінің өміршеңдігі» тақырыбында баяндама жасап, қайраткердің «Әдебиет танытқыш» зерттеуі жайлы түсіндірді. Онымен қоса, семинарға қатысушы мұғалімдерден кез-келген шығармаға әдеби талдау жасауда қандай әдіс-тәсілдер қолданаты жөнінде мысалдар келтіруде сұрақтар қойып, тиімді кері байланыс орнатты.

Үшінші модератор әдебиет әлеміндегі поэзия атты көркем дүниені бүгінде әлеуметтік желіде насихаттап жүрген Рысгүл Досжан «Tarmaqtar» жобасының авторы ретінде оқушының тілдік дағдыларын дамытуда кез-келген әдеби шығарманың белгілі бір тармағын оқытуда оның әдебиетке деген қызығушылығын оята алады деп ұстаздарға өз кеңесін айтты.

Мәжіліс залындағы отырыстан соң ұстаздар әр секцияға бөлініп, Зияткерлік мектептің қазақ тілі пәні мұғалімдерінің ашық сабақтарына қатысты.

Оқылды 271 рет