Жұма, 07 Қазан 2022 14:02

Түркістан: «Жасөспірімдер мен жастар арасында теріс ағымдардың ықпалын алдын алу» жиыны өтті

Түркістан қаласы Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде ағымдағы жылдың 7 қазан күні «Жасөспірімдер мен жастар арасында теріс ағымдардың ықпалын алдын алу» тақырыбында 8-9 сынып білім алушыларымен кездесу өткізілді. Кездесуге Түркістан қаласы әкімдігің Ішкі саясат бөлімінің маманы Айсұлу Марат және Дін мәселелерін зерттеу орталығының дінтанушы–теолог маманы Асхат Дүйсен қатысты. Кездесудың мақсаты - жастарға дін жайында ақпарат беру, теріс ағымдардың ықпал етуінің алдын алу. А.Дуйсен мырза өз баяндамасында секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыруымыз керектігін және «деструктивті діни ағым», «діни экстремизм», «діни терроризм» ұғымдарының бір-бірінен қандай ерекшелігі бар екенін айтып түсіндірді. Діни экстремизм деп діни дұшпандылық пен жек көрушілікті қоздыру мақсатымен мемлекеттің аумақтық біртұтастығы мен тәуелсіздігін бұзу және мемлекеттік құрылысты күшпен басып алуға үгіттейтін дінге негізделген немесе діни элементтерді қамтыған қауіпті іс-әрекетті айтамыз. Кез келген діни ағымның деструктивтілігі оның мақсаттарынан және іс-әрекетінің нәтижесінен аңғарылады. Теріс пиғылды ағымның арбауына түскен адамның жеке өмірінің деңгейі, сондай-ақ оның әлеуметтік, физикалық, экономикалық, рухани және моральдық жағдайы бұзылады. Соның салдарынан отбасы мен қоғам зардап шегіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді.

Бүгінгі күннің бет алысына қарай мың құбылып, сабан астынан су жүгіртуді көздейтін деструктивті діни ағымдармен біз ымырасыз күресуге тиістіміз. Өйткені, деструктивті діни ағым өкілдері жоққа шығарғысы келген дәстүрлі құндылықтарымыз ұлтымыздың қаны мен жаны болып есептеледі. Ал, рухани құндылықтарсыз мемлекеттің болашағы бұлынғыр. Яғни, дәстүрлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтау заман талабы. Жаһандық деңгейде әрекет ететін деструктивті ағымдардың ықпалымен күресте қоғамда ұлттық және діни-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ғана біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз. Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу мәселесі ең алдымен әр отбасының шеңберінде қарастырылуы керек. Бұл бағытта ата-ана, мектеп бірлесіп жұмыс атқарсақ маңызды жетістіктерге жетуге мүмкіндігіміз зор екендігін айтты. Мектеп ұжымы және білім алушылар атынан Дүйсен Асхат мырзаға және Марат Айсұлу ханымға тұшымды ойларымен бөліскені үшін зор алғысымызды білдіреміз.

Оқылды 330 рет