Түркістан қаласындағы NIS пен Сарыағаш жалпы орта мектептері арасында меморандум орнатылды

Түркістан қаласындағы NIS Зияткерлік оқу ордасында  Сарыағаш ауданының №5, №32 Қасым Аманжолов атындағы, №60 жалпы орта мектептерінің директорлары мен орынбасарлары келіп, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үздік кейстерімен тәжірибе алмасуда арнайы меморандум орнатты.

Басқосу мақсаты – Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі ғылыми және тәрбие жобаларының ұйымдастырылуы, оқу процесін жақсартуда қолданылатын білім ресурстары мен жалпы білім беру бағдарламасындағы (NIS Programme) үздік кейстермен тәжірибе алмасу болып табылады. Айта кетейік, аталмыш кездесуді өткізуге Сарыағаш ауданының мектеп директорлары ниет білдірген еді.

Жиын барысы мектеп бойынша экскурсиялық турдан кейін, тәжірибе алмасу алаңындағы отырысқа ұласты. Басқосуда мектептің миссиясынан бастап, құндылықтар, білім беру бағдарламасы (NIS Programme), оқу процесінің қалай өтетіндігі жайында мектеп басшысы Балқан Касимовтың барлық ақпаратпен қамтып өтті. Директор оқу процесіндегі күнтізбелік тақырыптық жоспар бойынша өткізілетін оқушылардың оқу сауаттылығын мен математикалық сауаттылық және жазылым дағдысын арттыруда өз бетінше білім алу және оны практикада қолдану қабілетін қалыптасыратын таңғы жиындар мақсатына тоқталып, сарыағаштық мектеп директорларына оны өткізудегі маңызын айшықтап өтті.

Сонымен қатар білім беру жүйесіндегі тәрбие жобалары таныстырылып, зияткерлерді пәндік олимпиадаларға және ғылыми жобаларға дайындау барысы жайлы да мектеп ұстаздары өз тәжірибесімен бөлісті.

Сарыағаш ауданының мектеп директорлары білім сапасын арттыру, оқу бағдарламасы мен жоспарларын дайындауда және өз мектептерінің педагог мамандарының кәсіби біліктілігін нығайтуда NIS-тің жобалары өз септігін тигізеді деп отыр.

 

 

ШЫМКЕНТТЕГІ № 8 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ЖАҢА ОҚУ КОРПУСЫ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

 

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясында болып, қосымша салынып жатқан оқу ғимаратының құрылыс жұмыстарын тексерді. Нысан сапасын әкім бұған дейін де бірнеше рет келіп тексерген. Бекітілген өндірістік жұмыс кестесінен кешіккені үшін айыппұлдар салынып, жауапты тұлғаларға кеткен кемшіліктерді реттеуді тапсырған болатын. Қазіргі кезде барлық олқылықтар жойылып, құрылыс қарқынмен жүргізілуде. Жаңа ғимарат 1 100 оқушыға лайықталған. Одан бөлек жобада 250 орындық АКТ залы, спортзал, 20-30 мың кітап қоры бар кітапхана мен 320 орындық асхана қаралған.  Құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған, жоспарға сәйкес 2023 жылы падалануға беріледі. Оқушыларға үш тілде білім беретін М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы Шымкент қаласындағы ең көне мектеп. 2021 жылы Қазақстан бойынша үздік «100 олимпиадалық мектептер» тізіміне енген. Шаһар басшысы тек үздіктерді тәрбиелейтін білім ошағының қосымша ғимаратпен толығуы білімді жастардың артуына жол ашатынын айтып өтті. Тілге тиек етейік, Шымкент қаласында 2022-2023 оқу жылында мектеп саны 20-ға артып, 223 мектепте 242 525 оқушы мен 19 534 педагог оқу-тәрбие жұмысын бастады. Жалпы, Шымшаһарда өткен жылы 25 мектеп пайдалануға берілген. 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүргізілсе, соның 20-сы  жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азайды. Ал 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Айта кетейік, Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген. Оның оннан бір үлесі Шымкентке тиесілі.

ТҮРКІСТАН МЕКТЕПТЕРІНЕ ПОРТАЛ АРҚЫЛЫ ЖҰМЫСҚА ТҰРАДЫ

 

Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімі «№28 мектеп-лицей» КММ 2022 – 2023 оқу жылына педагогикалық кадрлар қажеттілігіне https://jumys.snation.kz порталында конкурс жариялаған болатын. Бүгін сол https://jumys.snation.kz порталына жүктелген кандидаттардың құжаттары қаралып, кандидаттарың ұпайлары бойынша конкурс нәтижесін  жариялағалы отырмыз. Осы конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз деп танылған үміткерлер 14.09.2022 күні сағат 10:00 де мектепке келіп, комиссия төрағасымен жолығуларыңызды сұранамыз. Осы конкурсқа жалпы қатысқан үміткерлер конкурс бойынша және конкурс нәтижесі бойынша айтар пікірлеріңіз болса, келіспеушілік тұстарыңыз болса 16.09.2022 күні сағат 15:00 де мектепке келіп, комиссия төрағасына жолығуларыңызға болады!

Төменде конкурс нәтижесін және бұйрық мәтіндерін жариялаймыз:

1. №51568 бос орыны (қазақ тілі мен әдебиеті пәні) бойынша комиссия отырысында https://jumys.snation.kz порталына жүктелген кандидаттардың құжаттары қаралып, кандидаттарың ұпайлары бойынша Асылбекова Гулбану Джаксибековна жеңімпаз деп танылып, Есенбаева Турсунай Смаиловна резервтегі үміткер деп шешім қабылданды.

2. №51569 бос орыны (Ағылшын тілі) бойынша комиссия отырысында https://jumys.snation.kz порталына жүктелген кандидаттардың құжаттары қаралып, кандидаттарың ұпайлары бойынша Жупарбекова Жансая Бейсенбаевна жеңімпаз деп танылып, Құралбай Айым Талғатқызы резервтегі үміткер деп шешім қабылданды.

3. №51570 бос орыны (Ағылшын тілі) бойынша комиссия отырысында https://jumys.snation.kz порталына жүктелген кандидаттардың құжаттары қаралып, кандидаттарың ұпайлары бойынша Абдеш Айжамал Қайратқызы жеңімпаз деп танылсын, Құралбай Айым Талғатқызы резервтегі үміткер деп шешім қабылданды.

4. №51571 бос орыны (тарих пәні) бойынша комиссия отырысында https://jumys.snation.kz порталына жүктелген кандидаттардың құжаттары қаралып, кандидаттарың ұпайлары бойынша Тастанов Рысбек Сәкенұлы жеңімпаз деп, Арынбек Нұрдана Анарбекқызы резервтегі үміткер деп шешім қабылданды.

5. №51572 бос орыны (бастауыш сынып) бойынша комиссия отырысында https://jumys.snation.kz порталына жүктелген кандидаттардың құжаттары қаралып, кандидаттарың ұпайлары бойынша Тасыбекова Асылзат Нұрлыханқызы жеңімпаз деп, Садикбекова Раушан Амангелдиевна резервтегі үміткер деп шешім қабылданды.

6. №51573 бос орыны (математика) бойынша комиссия отырысында https://jumys.snation.kz порталына жүктелген кандидаттардың құжаттары қаралып, кандидаттарың ұпайлары бойынша Кенжебаева Гаухар Қанатқызы жеңімпаз деп, Сыздыкова Назым Кенжебекқызы резервтегі үміткер деп шешім қабылданды.

7. №51641 бос орыны (ән-күй) бойынша комиссия отырысында https://jumys.snation.kz порталына жүктелген кандидаттардың құжаттары қаралып, кандидаттарың ұпайлары бойынша Шураева Акнур Камалхановна жеңімпаз деп, Қайратұлы Айдар резервтегі үміткер деп шешім қабылданды.

Шымкенттегі 25 мектепте Jas Leader Akademiiasy жобасы іске асырылуда

Болат Өтемұратов Қоры Шымкент қаласының білім басқармасымен бірлесіп, Jas Leader Akademiiasy жобасын 2021-2022 оқу жылы 25 мектепте пилоттық жоба ретінде бастаған болатын. Бағдарлама 5 жылға жоспарланған. Бағдарламаның мақсаты – мектеп оқушылары арасында көшбасшылық қабілеттерді қолдау және дамыту, балаларға болашақта бәсекеге қабілетті маман болуға, өзі және айналасындағы адамдар және өз елі үшін жауапкершілік алуға көмектесетін бірегей қосымша білім мен дағдыларды - қарым-қатынас дағдыларын, көпшілік алдында сөйлеу, уақытты жоспарлау және басқаруды меңгертуді және өзіне деген сенімділікті дамытуды көздейді,-дейді ұйымдастырушылар.

Жобаға 25 мектеп, 50 мұғалім-тренер, 7000 оқушы қамтылған. Бағдарлама бойынша оқу жылы барысында - аптасына бір рет факультатив сабақтар, айына бір рет біркүндік тренингтер, тоқсанына бір рет шағын конференциялар және жазғы каникул кезінде Алматы қаласында бір жылдық қорытынды форум өткізіледі.

2022 жылдың 7-11 шілде аралығында Алматы қаласы, "ТАУ-САМАЛ" сауықтыру орталығында өткен Көшбасшылар Форумында Шымкент қаласы бойынша 2021-2022 оқу жылы "Jas Leader Akademiiasy" жобасымен жұмыс жасаған 25 мектептің жұмысы қорытыланды.

Қорытынды бойынша:

N23 және N46 мектеп-лицейлері 1 млн теңгелік сертификат ұтып алса, N7 IT мектеп-лицей мұғалімі Сейтбекова Гүлнұрға, N9 ІТ лицей мұғалімі Байжұманова Бақытқа,N46 мектеп-лицей мұғалімі Халбаева Дарихаға ноутбуктар табысталды.

2021-2022 оқу жылында Jas Leader Akademiiasy жобасын сәтті жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы Болат Өтемұратов Қорының директоры М.Т.Айтмағамбетовтың арнайы алғыс хатымен марапатталды.

Шымкент: Жаңа оқу жылында 223 мектепте алғашқы қоңырау соғылды

Шымкенттегі 223 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Осылайша биылғы оқу жылын 242 525 оқушы мен 19 мыңнан аса педагог оқу-тәрбие жұмысын бастады.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде өткен Білім күні мерекесіне арналған  салтанатты жиынға қатысты.  Барша білім алушыларды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Жиында ұстаздар мен оқушылардың салтанатты шеруі болды. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер өлең айтып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шымкентте жаңа оқу жылында 20 жаңа мектеп ашылды. Нәтижесінде 45 мектеп бір ауысымды, 173 мектеп екі ауысымда, 5 мектеп үш ауысымда білім береді. Білім ұяларының 97,8 пайызы бес күндік, үш ауысымда білім беретін 5 мектеп алты күндік оқумен қамтылады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы бес күн оқитын мектептер – 61-ге артып, 6-күн оқитын мектептер 40-қа кеміді. Айта кетейік, оқу бағдарламасына сәйкес, оқушылар 36 оқу аптасында 173 оқу күн оқып, 192 каникул, демалыс күндерімен демалады. Оқу жылына 2 апта қосылуына байланысты біршама мүмкіндіктерге қол жетті. Қалалық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, қалада өзін-өзі тану пәні мұғалімдерінің саны – 339, оның ішінде 102 мұғалім «әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану» мамандығына ие. Өзін-өзі тану пәнінің қысқаруына байланысты, оның 42-сі өз білім беру ұйымына әлеуметтік педагог болып орналасса, 23-і жаһандық құзыреттілік курсымен қамтылады. 37 мұғалім кәсіптік бағдар беруші лауазымына ауысты. Ал, дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің саны – 1 385. 2021-2022 оқу жылында мұғалімдердің орташа оқу жүктемесі – 24,5-ті құраған.

Сараптау нәтижесінде сағатпен қамтылмаған 45 денешынықтыру пән мұғалімдеріне жаңадан ашылатын 20 жекеменшік мектептердегі 113 бос орындар ұсынылды. Нәтижесінде, 5-11 сыныптарда денешынықтыру пәні бойынша жалпы орташа оқу жүктемесі – 16,3 сағат, бастауыш сыныптарда – 16 сағатты құрады. Қалада орыс тілі пәні мұғалімдерінің саны – 1 310. 2021-2022 оқу жылында мұғалімдердің орташа оқу жүктемесі – 26,5-ті құраған. Сараптау нәтижесінде пән мұғалімдері сағатпен толық қамтылған. Олардың 16-20 сағатпен – 776, 20-24 сағатпен – 521, 24-27 сағатпен – 13 мұғалім жұмыс жасайтын болады.

Шымкенттегі 223 мектептің 41-і бір ауысымды оқиды

Шымкенттегі 223 мектептің 41-і бір ауысымды оқиды

Шымкентте білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету көрсеткіші соңғы үш жылда 32% - дан 72% - ға дейін өсті және екі еседен астам нығайды. Бұл оқушылардың сапалы білім алуына оң әсер етеді. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов "Құндылық бағдары: сапалы білім, Өзін-өзі бағалау, жаңа мүмкіндіктер"тақырыбында өткен тамыз педагогикалық конференциясында мәлімдеді.

- Мемлекет басшысы мұғалімдерге қолдау көрсетуді және балалардың сапалы білім алуына жағдай жасауды тапсырды. 2019 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 75 пайызға өсті. 2023 жылдан бастап тағы 25 пайызға өсу жоспарланып отыр. Егер 2018 жылы Шымкенттің барлық бюджеті 146 миллиард теңгені құраса, биыл тек бір білім беру саласына 176 миллиард теңге бағытталды. Осының арқасында білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету көрсеткіші соңғы үш жылда 32-ден 72 пайызға дейін өсті. Мектептерді интерактивті тақталармен және модификация кабинеттерімен жабдықтауға ерекше көңіл бөлінеді, - деді қала басшысы.

Сонымен қатар, Шымкентте осы жылдан бастап алғаш рет барлық бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ете бастады. Оны жаңа оқу жылынан бастап 103 мың бала алатын болады.

Барлық мектептерде бейнебақылау камералары, турникеттер және дабыл нүктелері орнатылды, олар полицияның бақылауына алынды. Оқушылардың қауіпсіздігін нығайту үшін мамандандырылған кәсіби күзет мекемелерімен келісімшарттар жасалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін елімізде 1000 мектеп салу туралы тапсырма бергені белгілі. Оның ішінде Шымкентте 101 мектеп салу жоспарланған. М.Айтеновтың айтуынша, екі жыл ішінде қала аумағында 50 мектеп салынды. Қалған 51 мектепті 2025 жылға дейін ашу жоспарлануда.

- Төрт жыл бұрын Шымкентте 15 мектеп үш ауысымда жұмыс істеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жаңа оқу жылын тек үш ауысымды бес мектептен бастаймыз. 2023 жылы бұл мәселені толығымен шешеміз. Енді екі ауысымды мектептерді біртіндеп бір ауысымға ауыстыруға көшеміз. Қаланың 223 орта мектебінің 41-і бір ауысымда жұмыс істеп жатыр, - деді әкім.

ҚАЛА ӘКІМІ КҮРДЕЛІ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРІП ЖАТҚАН МЕКТЕПТЕРДІ АРАЛАДЫ

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Осы орайда, шаһар басшысы күрделі құрылыстан өтіп жатқан, ескі мектептерді аралап шықты.

М.Әйтеновтың атбасын бұрған алғашқы білім ордасы – А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы болды. Құрылыс жұмыстарын көруге арнайы барған шаһар басшысы жауапты тұлғаларға тапсырылған істің сапалы орындалуын талап етті.

Қазіргі таңда А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының ішкі бөлмелері сыланып, есік, терезе, электр жүйелері жаңартылуда. Алғашқы әскери дайындық, робототехника, биология, химия, физика кабинеттері де заман талабына сай жабдықталды. Қосымша су жаңа 500-ноутбук, 150 компьютер, 100 планшет сатып алынды.

Ғимаратты аралау барысында шаһар басшысы жұмыстың жүйелі түрде атқарылып жатқанына көз жеткізді. «Құрылысты мерзімінде тапсыруға асығамыз деп, сапаны естен шығармайық»-деген қала әкімі тиісті сала басшыларына құрылыс қарқынын жіті бақылауды тапсырды.

Мұнда күрделі жөндеу жұмыстарының 65%-ы біткен. Ендігі кезекте «отмостка» құю, сыртқы қоршауды салу, көгалдандыру сынды шаруалар атқарылуы тиіс.

 № 107 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

Шаһар басшысы М.Әйтеновтың келесі бағыты - Сайрам тұрғын алабындағы Ю. Сареми атындағы №107 мектеп-лицейі. Аталмыш білім ордасы күрделі жөндеуден өтуде.

2000 орынға арналған мектеп 3 қабаттан тұрады. Бұл білім ошағының жылу жүйесі 11 жыл бұрын ауыстырылса, шатыры мен бірнеше есік-терезесінің қойылғанына 8 жыл болған. Биыл ғимараттың тозығы жеткен тұстары бүтінделіп, шатырының 955 м2 ауысты, электр жүйелері 100%-ға жаңарды. Информатика, физика, химия, биология, логопед кабинеттері заман талабына сай жаңғырып, 2 интерактивті тақта, 350 ноутбук, 130 компьютер, 200 планшет, 8 панель сатып алынды.

Ғимарат құрылысын тексеру барысында қала әкімі бірнеше кемшіліктерді байқап, ескертулер жасады.

«Тексеруші топпен істің 100% сапалы орындалуын келіп, қайта көретін боламыз»,-деді әкім жауапты сала мамандарына.

Жалпы білім ошағы жаңа оқу жылына 90%-ға дайын. Қазіргі таңда аяқ жолдар төселіп, асфальттау жұмыстары жүруде.

 №11 МЕКТЕПТІҢ ҒИМАРАТЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

Шымкент қаласының әкімі  А.Навои атындағы №11 жалпы орта мектебіне де барды.

Аталмыш білім ошағы осы кезге дейін күрделі жөндеу көрмеген. Биыл шатырынан бастап, есік, терезе, еденіне дейін толық жаңартылды. Жылу жүйелері 100%-ға ауыстырылып, жаңа қоршау салынды. Сонымен қатар, химия, физика, биология, информатика т.б. зерттеу-лабороториялық кабинеттері қосылды.

250 ноутбук, 100 компьютер, 10 панель сатып алынды.

-Мұның барлығы үлкен жұмыс және жауапкершілік. Жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылар жаңа ғимаратқа көшкендей әсерде болады деп ойлаймын. Қандай да ақау шықса, жауапты мердігер мекеме жіберген қателіктерін 5 жыл ішінде қайта түзеп беруі тиіс. Осы жағын дұрыстап қадағалаңыздар,-деді әкім.

Әзірге жұмыстың 85% орындалған. Күрделі жөндеу қыркүйекке дейін толық аяқталмақ.

 

 

 

БИЫЛ ШЫМКЕНТТЕ 34 МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРУДЕ

Сапалы білім беру мақсатында 5 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 86 079 орынға арналған 101 мектеп салу жоспарланған. Жоспарлы жұмыстардың орындалу барысын, жаңадан бой көтеріп жатқан білім мекемелерінің құрылысын қадағалау, жаңа оқу жылына дайындығын пысықтау мақсатында бүгін қала әкімі М.Әйтенов бірқатар жекеменшік мектептерді аралады.

Осы жылы балалар игілігіне берілетін мектептердің бірі – Қайтпас-1 шағын ауданында орналасқан 228 орындық Әлихан Бөкейхан атындағы бастауыш мектеп. 2 қабатты ғимаратта 12 оқу бөлмесі, оқушылар асханасы, мед кабинет, спортзал қарастырылған. Осы жылы пайдалануға беріледі. Жалпы, Шымкентте өткен жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді. Биыл жалпы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, ал 24 нысанның құрылысы жаңадан басталған. Жыл соңына дейін 24 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтін болады. Одан бөлек, Оқушылар сарайы мен Саз мектебі салынуда.

Естеріңізге салайық, өткен жылы Шымкентте 25 мектеп салынған.

Айта кетейік, 2021-2022 оқу жылында Шымкент қаласы бойынша  11 189 оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде  444 түлек «Алтын белгі», 571 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Тағы 19 251 оқушы 9 сыныпты тәмамдады.  Оның ішінде Ұлттық біріңғай тестілеуге 433-і қатысса, қалған 20 үміткер шетел жоғары оқу орындарына түсуіне байланысты ҰБТ тапсырудан бас тартқан. Ал, білім саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде осы оқу жылында 500-ден астам шымкенттік оқушы халықаралық және республикалық сайыстарда топ жарды.