Сейсенбі, 10 Қараша 2026 16:20

Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын сақтауға өлшеусіз үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына биыл 95 жыл

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың ұлттық мәдениеті мен тарихи мұрасын сақтау мен жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібектің туғанына 95 жыл толып отыр.

Өзбекәлі Жәнібек ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тарихи жадымызды жаңғыртуға және мәдени мұраны ұрпаққа аманат етуге айрықша еңбек сіңірді. Ол ұлттың жоғын түгендеп, ұмыт қалған салт-дәстүр, өнер мен қолөнерді қайта жаңғыртуға бастамашы болды. Қайраткердің есімі Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруы, Тайқазанның Түркістанға оралуы, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, ұлттық өнер мен қолөнерді дамыту сынды ел тарихындағы маңызды бастамалармен тығыз байланысты.

Әсіресе, Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын сақтауға қосқан еңбегі айрықша. Оның қажырлы қызметінің нәтижесінде көптеген құнды жәдігерлер мен ұлттық мұралар ел игілігіне қайта оралды. Өзбекәлі Жәнібектің өнегелі ғұмыры мен ұлт мәдениетіне сіңірген еңбегі – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес рухани мұра. Ұлт мұрасын ұлықтаған тұлғаның есімі ел жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Өзбекәлі Жәнібеков (28.8.1931, Оңтүстік Қазақстан, Отырар ауданы Сарықамыс ауылы -22.2.1998, Алматы) – мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымның кандидаты (1990). Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) бітірген (1952). Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысының Келес ауданында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі (1952-1955), Келес ауданы комсомол комитетінің 1-хатшысы (1955-1956), Шымкент облысының комсомол комитетінің хатшысы (1956-1961), Қазақстан ЛКЖО ОК – нің 1-хатшысы (1961-1970), Қазақстан компартиясы Торғай облысы комитетінің хатшысы (1970-1975), Қазақстан компартиясы ОК-нің шет елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі (1975-1977), Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары (1977-1988); мәдениет министрі (1987-1988), Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы (1988-1991) қызметтерін атқарды. Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына үлес қосты.

Әр заманда елдің тарихы мен мәдениетін жаңғыртатын, ұлттың бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізе білетін алып тұлғалар болады. Солардың бірі әрі бірегейі – көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі этнограф Өзбекәлі Жәнібеков.Ол атақ-абыройды қуған жоқ. Кеңестік идеологияға қарамастан, Алаш зиялыларының ақталуына атсалысты. Елдің Наурыз мейрамымен қайта қауышуына үлес қосты. Тайқазанды қайтарып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болды. Музей ашты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. 

Оның балалық шағы қиындыққа толы болды. Әкесінен ерте айырылды. Соған қарамастан, барлық қиындыққа төтеп беріп, соғыстан кейінгі ауыр жағдайға мойыған жоқ. Жастайынан қара жұмысқа араласты. Отын шапты, шөп жинады, су тасыды, мал бақты. Аурушаң анасына барынша көмектесуге тырысты. 9 жасында анасынан айырылды. Жетімдіктің қамытын ерте киіп, тағдырдан әбден теперіш көрді. Соған қарамастан, білімін шыңдап, Абай атындағы Қазақ педагогика институтына түседі. Бірақ жоқшылықтың салдары сезілді. Ауылынан Алматыға шыққанда жолына ақша таппай қиналды. Ал қалаға барғаннан кейін күндіз сабақ оқып, кешке қара жұмыс істеді. Вагондардан жүк түсірген кездері аз емес.

Институтты үздік бітірген Өзбекәлі Жәнібеков алдымен оңтүстікке оралып, мектепке ұстаздық етіп, тарих пәнінен сабақ берді. Білімді әрі білікті ұстаз бірден көзге түседі. Оқу ісінің меңгерушісі болды. Қоғамдық шараларға белсене атсалысып жүрді. Сөйтіп, аудандық комсомол ұйымының жетекшісі қызметіне дейін көтеріледі.Өзбекәлі Жәнібеков Келес ауданында қызметте жүргенде болашақ жары Халиханмен көңіл қосып, шаңырақ көтереді. Екі ұлы және бір қызы дүниеге келеді. Өзбекәлі балаларын қазақылыққа барынша баулып өсірген. Халыққа да жақын болды. Ел арасында оны "Өзаға" деп атайтын.

Ол - өзінің турашылдығымен, қазақ халқын жан-тәнімен сүйетін ұлы қасиетімен ел арасында аты аңыз болып тараған адам. Қазақстан комсомолын басқарып жүріп, қазақтың салты, әдет-ғұрпы, дәстүрі деген мәселелерді ешкімнен қорықпай, үнемі дәріптеумен болған адам.Өзбекәлі кеңес билігінің кейбір қисынсыз шешімдерді бұзудан қорықпады. Қызметтен айырылып қаламын деп сасқан жоқ. Соның ішінде үкіметтің қазақ жастарын мал шаруашылығына жаппай жіберу, ал қыздардан трактор бригадаларын құру ұсынысына қарсылық танытқан. Өз ойларын «қарсы екенін» де ашық айтты. Жастарды өнер-білімге баулуға жағдай жасады. Осы жолда өзінен жоғары тұрған басшылардан қарсы шығудан именбеді.

Ұлтжанды Өзбекәлі Жәнібеков кеңестік идеологияның тар шеңберіне сыймаған тұлғалар қатарында болды. Мысалы, ол биліктің ұстанымына қарамастан, қазақтың тарихын терең зерттеді, салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға күш салды. Содан оны астанадан шалғай жерге жіберді. Өзекең жаңадан құрылған Торғай облысына барды. Облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы қызметін атқарып жүріп, Торғай өңірін танымастай өзгертуге атсалысты. Бес жылдан кейін Орталық комитеттің шет елдермен байланыс бөлімін басқарады. Оны ұлттың мүддесі үшін пайдаланады. Ал араға бір жыл салып, мәдениет министрінің орынбасары болып тағайындалады.

 Өзбекәлі Жәнібеков мәдениет министрлігіне келген бойда қазақтың сәулет ескерткіштеріне көп мән бере бастады. Оның тұсында 400-ге жуық археологиялық нысанды қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Соның ішінде Қожа Ахмет Иасауи кесенесі де бар. Басшымын екенмін деп «кекірейген» жоқ. Балағын түріп, жұмысшылармен бірге құм тасыды. Әсіресе, әулие кесенесі негізінде құрылған «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің құрылуына қосқан үлесі зор. Кеңес өкіметінің саясатына қарамай, кесенеде жерленген хандар мен сұлтандар, билер және батырлардың құлпытастарын музей экспозициясына қойды. Атеистік қоғамда Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы мен іліміне бетбұрыс жасады.

Өзбекәлі Жәнібеков құлпытастардағы араб тіліндегі жазуларды да қазақ тіліне аударуға атсалысты. Ол кезде кесененің сән-салтанаты болған атақты Тайқазанның орны бос тұрған. Оны 1935 жылы Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербор) қаласында өткен Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға апарған. Бірақ кері қайтарған жоқ еді. Араға 54 жыл салып, 1989 жылдың 18 қыркүйегінде Тайқазан тарихи отанына қайта оралды. Бұның бәрі – Өзбекәлі Жәнібековтің жанқиярлық еңбегінің арқасында болды. Ал оның тағы бір тапқырлық қырын Арыстан баб кесенесінің жұма мешітін қалпына келтіруге кіріскенде Мәскеу рұқсат бермейді. Содан Өзбекәлі Жәнібеков айлаға көшіп, Отырардың суландыру жүйесінің экспозициясын жасаймыз деп, кезінде құлатылған мешітті қалпына келтірді. Оның бастамасымен Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатымен "Арқас" қоғамы құрылды.

 Өзбекәлі қазақ халқының көне музыкалық аспаптарын да зерттеді. "Шертер", "Адырна", "Алтынай" және тағы басқа фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. Ансамбль мүшелерінің әрбір киіміне мән берді."Өзекең біздің дәуірімізге бірде-бір қасаба жетпеді ме деп, оны эрмитажға дейін іздеп барды. Татарлардың арасында бар екенін біледі. Сөйтіп жүріп, орталық архивтен ертеде тапсырылған бір қасабаны тауып, соны ары қарай ұлт мәдениеті ретінде көрсетті", - деп еске алады профессор Құлбек Ергөбек. Өзбекәлі Жәнібеков шошаланың эскизін айна-қатесіз жасап, кезінде Сырдариядан жүрген ағаш қайықтың үлгісін де қалпына келтірді. Алаш арыстарының, оның ішінде Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Наурыз мейрамының жаңғыруына зор үлес қосты. Айтысты жаңғыртты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.

1970-1975 жылдары Өзбекәлі Жәнібеков Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы мен іліміне алғаш бетбұрыс жасаған тұлғалардың бірі.  Көне «Диуани хикмет» кітабының қолжазба, баспадан шыққан нұсқаларын мұражай қорына жинақтауды тапсырып, өз бақылауына алған болатын. Ауылды жерлерді аралап көптеген діни, тарихи кітаптарды қорық-мұражай қорына топтастыруға мұрындық болды.

Сондай-ақ 1980 жылдар басында кесене ішінде сақталған құлпытастарды ғалым Әбсаттар қажы Дербісәліге (ол кезде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің оқытушысы) оқытып, алғаш болып ғылыми айналымға енгізді. Есім хан кесенесі, Шілдехана діни-ғұрыптық орны, Қылует жерасты мешіті, белгісіз сағаналар, қам кірпіштен тұрғызылған қамал қорғанның шығыс бөлігі қалпына келтірілуіне, Рабия Сұлтан Бегім күмбезінің қайтадан бой көтеруіне  септігін тигізді. Бұл тұрғысында «...Тарихымыздың, әсіресе ескерткіштеріміздің білімпаздарының бірі – Өзбекәлі ағамыз еді» – дейді қоғам қайраткері М.Жолдасбеков.

Кесенеге жүргізілген қайтажаңғырту жұмыстарының кейбір тұстарына көңілі толмады. Алматыда жұмыс бөлмесінде отырса да, тұрса да көңілі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жүргізілген жұмыстарға алаңдаушылық танытты. Осы ойды Өзбекәлі Жәнібеков өзінің «Тағдыр тағылымы» еңбегінде одан әрі былай сабақтайды:«Қолымызды байлай бергені – заттық-техникалық ресурстарды былай қойғанда, «Әзірет Сұлтан» қорығы сияқты аса күрделі сәулет ғимаратын қалпына келтіретіндей озық тәжірибенің жетісе бермейтінінде, маманданған шілеңгерлердің аздығында, әртүрлі себептермен бірін-бірі алмастыра берген шеберхана басшыларының тұрлаусыздығында еді» - деп жазды.

Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениетін жаңғыртуға да ерекше күш жұмсады. 1970-жылдары Торғай облысында қызмет істеген кезеңде Арқалықта «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің қалыптасуына ықпал етті. Ансамбльдің ерекшелігі – сахнада бұрын сирек қолданылған көне халық аспаптарын пайдалануында еді. Кейін «Адырна», «Сазген», «Алтынай» сияқты шығармашылық ұжымдардың құрылуына қолдау көрсетті. Бұл ансамбльдер арқылы жетіген, шертер, адырна, сазсырнай, сыбызғы сияқты ұлттық аспаптар кәсіби сахнаға қайта орала бастады. Бұл жұмыста көне музыкалық аспаптарды зерттеген Болат Сарыбаев бастаған мамандардың ғылыми ізденістері мен аспап жасаушы шеберлердің еңбегі қатар жүрді. Жәнібеков сахнадағы ұлттық сипаттың тек музыкадан тұрмайтынын жақсы түсінді. Сондықтан орындаушылардың киімі, ою-өрнегі, сахналық безендірілуі мен репертуарына дейін мән берді. Ұлттық би өнерін дамыту үшін құрылған «Алтынай» ансамблі де осы бағыттағы ірі жобалардың бірі болды. Ансамбль қазақтың тұрмыс-салтына негізделген би қимылдарын сахналық өнерге бейімдеп, дәстүрлі мәдениетті жаңа формада таныстырды. 

1980 жылы Алматыда Республикалық халық музыкалық аспаптар музейін құру туралы шешім қабылданды. Музей 1981 жылғы 24 сәуірде келушілерге есігін ашты. Қазіргі Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің құрылуы Өзбекәлі Жәнібековтің қызметімен тікелей байланысты. Мұнда домбыра мен қобыздың түрлі үлгілері ғана емес, сирек кездесетін қазақ аспаптары мен басқа халықтардың музыкалық мұрасы жинақталды. Музейдің жанында кейін «Сазген» фольклорлық ансамблі құрылды. Жәнібеков үшін музей көне заттарды үнсіз сақтайтын қойма болмауға тиіс еді. Жәдігер қайта зерттеліп, жасалып, сахнаға шығып, қоғам өміріне қайта қосылуы керек болатын. 

Жәнібеков қазақ тілінің қоғамдық мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыстарға да қатысты. Кеңестік кезеңнің соңында қазақ тілінің қолданыс аясының тарылуы, қала өмірінде және мемлекеттік мекемелерде орыс тілінің басым болуы қоғамда үлкен мәселе ретінде көтеріле бастады. Осындай жағдайда ана тілін дамыту, оның білім беру, мәдениет, баспасөз және мемлекеттік басқару салаларындағы орнын кеңейту жөніндегі ұсыныстар әзірленді. Өзбекәлі Жәнібеков осы бағыттағы мемлекеттік тұжырымдамалық жұмыстарға атсалысты.

Өзбекәлі Жәнібеков тек ұйымдастырушы, мәдениет саласының жанашыры және мемлекет қайраткері болған жоқ. Ол қазақтың дәстүрлі мәдениетін жүйелі түрде зерттеген этнограф, тарихшы әрі қаламгер ретінде де мол мұра қалдырды. Мемлекеттік қызметте жүріп жинаған тәжірибесін, ел ішінен көрген этнографиялық материалдарын, көне бұйымдар мен дәстүрлер туралы деректерін ғылыми-зерттеу еңбектерінде пайдаланды. 1990 жылы тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

Жәнібековтің маңызды зерттеу бағыттарының бірі – қазақтың дәстүрлі қолөнері. Оның «Қазақтың ұлттық қол өнері» атты еңбегінде халық шеберлері жасаған тұрмыстық және сәндік бұйымдар, киіз басу, тоқу, кестелеу, ағаш, сүйек және металл өңдеу сияқты қолөнер түрлері қамтылды. Ұлттық киім тарихы да оның ғылыми қызығушылығының маңызды бөлігі болды. «Қазақ киімі» еңбегінде қазақтың дәстүрлі киім үлгілері, олардың жас ерекшелігіне, әлеуметтік жағдайға, тұрмыс пен салтқа байланысты қолданылуы қарастырылды. Отырар тарихы да зерттеулерінде ерекше орын алды. «Ежелгі Отырар» еңбегінде Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі мәдени және сауда орталығы болған көне қаланың тарихы, археологиялық және мәдени мұрасы сөз болды. 

Жәнібековтің кітаптары арасында «Қазақтың ұлттық қол өнері» (1982), «Жаңғырық» (1991), «Уақыт керуені» (1992), «Жолайрықта» (1996), «Қазақ киімі» (1996), «Ежелгі Отырар» (1997), «Тағдыр тағылымы» сияқты еңбектер бар. Бұл кітаптарда этнографиялық зерттеумен қатар тарихи оқиғалар, мәдениет мәселелері, қоғамдағы өзгерістер және автордың өзі куә болған кезеңдердің көрінісі қамтылды. Өзбекәлі Жәнібеков 1998 жылғы 22 ақпанда дүниеден өтті. Алайда оның бастаған және жүзеге асыруға атсалысқан көптеген ісі Қазақстанның мәдени өмірінде әлі де жалғасып келеді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 17 рет