Адам өмірі мен денсаулығын қорғау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе күзгі-қысқы жылыту маусымында тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін сақтау, газ және пеш жабдықтарын талапқа сай пайдалану, улы газдан улану жағдайларының алдын алу айрықша маңызға ие. Өйткені қарапайым қауіпсіздік талаптарына салғырт қарау орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің өңір аумағында улы газдан уланудың алдын алу және өрт қауіпсіздігін сақтау шараларын күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Отырар ауданында арнайы профилактикалық жұмыстар қолға алынды. Аталған тапсырманың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Е.Қасымбек, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Д.Арын және «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы Отырар газ шаруашылығының инженері Ө.Исабеков аудан орталығындағы тұрғын үйлерді аралап, қауіпсіздік талаптарының сақталу барысын тексерді.
Аралау жұмыстарының негізгі мақсаты – тұрғын үйлердегі өрт шығу және улы газдан улану қаупін азайту, газ жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылау, тұрғындарға төтенше жағдайлардың алдын алу жолдарын түсіндіру және халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру. Жауапты мамандар тұрғын үйлерді аралау барысында ең алдымен газ жабдықтарының, жылыту құрылғыларының және электр желілерінің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне назар аударды. Сонымен қатар газ плиталары мен жылыту құралдарының дұрыс орнатылуы, олардың техникалық жағдайы, газ құбырлары мен қосылыстарының бүтіндігі, бөлмелердегі ауа алмасу жүйесінің талапқа сай болуы зерделенді.
Әсіресе улы газдан уланудың алдын алу мәселесіне басымдық берілді. Себебі көміртек тотығы, яғни иіс газы – адам өміріне аса қауіпті заттардың бірі. Оның ең басты ерекшелігі – түссіз әрі иіссіз болуы. Сондықтан газдың бар-жоғын иіс арқылы анықтау мүмкін емес. Адам улы газбен уланған жағдайда алғашқы белгілерін бірден аңғармауы да мүмкін. Бас ауруы, бас айналу, әлсіздік, жүрек айну және тыныс алудың қиындауы иіс газынан уланудың белгілері болуы ықтимал. Осы ретте мамандар тұрғындарға жылыту маусымында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Атап айтқанда, газ құрылғыларын тек мақсатына сай пайдалану, газ жабдықтарын өз бетінше жөндемеу, мұржалар мен желдеткіш арналарының жарамдылығын тұрақты тексеру қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар газбен жұмыс істейтін жабдықтарды қараусыз қалдырмау, газ плитасын үй-жайды жылыту мақсатында пайдаланбау, желдету жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ету және ақау байқалған жағдайда мамандарға жүгіну керектігі айтылды.
Күзгі-қысқы кезеңде тұрғын үйлердегі өрт оқиғаларының туындауына себеп болатын негізгі факторлардың бірі – жылыту пештерін пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. Пештің техникалық жағдайына уақытылы назар аудармау, мұржаның тазаланбауы, жарықтар мен ақаулардың болуы, от жағу кезінде жанғыш заттарды жақын орналастыру өрт қаупін арттырады. Осыған орай, аралау барысында мамандар пешпен жылытылатын үйлердегі қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударды. Тұрғындарға пештің қабырғаларында жарықтар болмауын қадағалау, мұржаны уақытылы тазалау, пештің алдына жанбайтын материалдан жасалған төсем орналастыру және пешке шамадан тыс отын салмау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, пешті жағу кезінде бензин, керосин секілді тез тұтанатын сұйықтықтарды қолдануға болмайтыны ескертілді. Жанып тұрған пешті қараусыз қалдырудың қауіптілігі, әсіресе ұйықтар алдында оттың толық сөнгеніне көз жеткізу қажеттігі айтылды. Мамандардың сөзінше, жылыту құрылғыларын дұрыс пайдалану – тек мүліктің сақталуы үшін ғана емес, ең алдымен отбасы мүшелерінің өмірі мен денсаулығын қорғау үшін қажет.
Тұрғын үйлердегі өрттің тағы бір жиі кездесетін себебі – электр желілері мен тұрмыстық электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбау. Электр сымдарының ескіруі, сапасыз ұзартқыштарды қолдану, бір розеткаға бірнеше қуатты құрылғыны қосу және электр жабдықтарын қараусыз қалдыру қысқа тұйықталуға, соның салдарынан өрттің шығуына әкелуі мүмкін. Осы мәселелерге байланысты тұрғындарға электр желілерінің жарамдылығын тексеріп отыру, бүлінген сымдарды дер кезінде ауыстыру, қолдан жасалған электр жылытқыштарын пайдаланбау жөнінде кеңестер берілді. Сондай-ақ электр құралдарын пайдаланғаннан кейін тоқ көзінен ажырату, үйден шығарда электр құрылғыларының өшірілгеніне көз жеткізу және балалардың электр құралдарымен ойнауына жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.
Тұрғын үйлерді аралау барысында жауапты мамандар қауіпсіздік талаптарын тексерумен шектелмей, тұрғындармен жеке кездесіп, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Күнделікті тұрмыста кездесетін қауіп-қатерлер, олардың алдын алу жолдары және төтенше жағдай туындаған кездегі алғашқы әрекеттер туралы кеңінен ақпарат берілді. Әсіресе отбасында балалар мен қарт адамдар бар тұрғындарға ерекше сақтық таныту қажеттігі ескертілді. Балаларға сіріңке мен оттықты пайдалануға рұқсат бермеу, оларды газ және электр құрылғыларынан алыс ұстау, үйдегі қауіпсіздік ережелерін ұдайы түсіндіріп отырудың маңыздылығы айтылды.
Сонымен бірге тұрғындарға газдың иісі сезілген жағдайда электр қосқыштарын қоспауға және өшірмеуге, ашық от жақпауға, мүмкіндігінше газ беруді тоқтатып, терезелерді ашып, адамдарды қауіпсіз жерге шығаруға және авариялық газ қызметіне хабарласуға кеңес берілді. Ал улы газдан улану белгілері байқалған жағдайда зардап шеккен адамды таза ауаға шығарып, дереу 103 немесе 112 нөмірлері арқылы жедел көмек шақыру керектігі түсіндірілді.
Тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін сақтау және улы газдан уланудың алдын алу жұмыстары бір реттік шарамен шектелмеуі тиіс. Бұл – әрбір азаматтың күнделікті өмірінде ұстанатын басты қағидаларының бірі болуы қажет. Әр отбасы өз шаңырағындағы газ жабдықтарының, жылыту пештерінің, мұржалар мен электр желілерінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы керек. Қандай да бір ақау немесе күмәнді жағдай байқалған сәтте оны өз бетінше жөндеуге тырыспай, тиісті мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Сондай-ақ тұрғындарға үйлеріне көміртек тотығын анықтайтын арнайы датчиктер орнату ұсынылады. Мұндай құрылғылар улы газдың қауіпті мөлшері анықталған жағдайда дер кезінде дабыл беріп, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Датчиктерді орнатумен қатар, олардың жарамдылығын және қуат көзін тұрақты тексеріп отыру да маңызды.
Отырар ауданында жүргізілген бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және халық арасында сақтық мәдениетін қалыптастыру. Жауапты сала мамандарының тұрғын үйлерді аралап, қауіпсіздік талаптарын түсіндіруі тұрғындардың өз өмірі мен жақындарының амандығына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Өрт пен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу – тек төтенше жағдайлар қызметінің немесе газ мекемесінің міндеті емес, баршаға ортақ жауапкершілік. Қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы ғана қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады. Ең бастысы – әр шаңырақта шаттық пен тыныштық орнап, әрбір отбасының амандығы сақталсын! Өйткені адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Қауіпсіздікке бейжай қарамау – өмірге деген құрметтің белгісі.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат