Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Президент Жолдауында айқындалған басым бағыттар мен нақты тапсырмаларды аудан көлемінде іске асыру мәселелері талқыланды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Райымқұлов баяндама жасады. Баяндама барысында Жолдауда белгіленген басымдықтарды жергілікті деңгейде жүзеге асыру, тиісті салалар бойынша жұмысты жүйелеу және белгіленген міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Мәжілісте қаралған келесі мәселе – 2026 жылдың үшінші тоқсанындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары. Аталған бағыт бойынша аудан әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ербол Айдарбеков баяндама жасап, негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Аудан экономикасының даму қарқыны, бюджет қаражатының игерілуі, салалар бойынша қол жеткізілген нәтижелер мен орындалуы тиіс міндеттер сараланды. Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы әрбір бағыттағы жұмыстарға жеке-жеке тоқталып, қол жеткізілген нәтижелермен қатар, орын алған кемшіліктерді де назардан тыс қалдырмады. Бірқатар көрсеткіштердің орындалу деңгейіне қатысты жауапты мамандардан нақты түсініктемелер сұрап, қалыптасқан олқылықтардың себептерін анықтау және оларды қысқа мерзімде түзету қажеттігін тапсырды.
Жұмысты тек есеп берумен шектемей, әрбір көрсеткіштің артында нақты нәтиже мен тұрғындардың әл-ауқаты тұруы керектігін жеткізді. Осы ретте салалық орынбасарларға, бөлімдер мен мекеме басшыларына өз бағыттары бойынша жұмысты жандандырып, белгіленген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде қатаң тапсырмалар жүктеді. Жиын соңында алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарлары пысықталып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамиканы қалыптастыру, өзекті мәселелерді жүйелі шешу және барлық саладағы жұмыстың тиімділігін арттыру бағытында нақты міндеттер айқындалды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат