РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ҰЛЫҚТАЙТЫН МЕРЕКЕ

«Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» дейді қазақ нақылында. Расында, бұл ақиқат. Кәрі тарих қате айтпайды.

Дүние жүзінде отарлаудың алдыңғы көшінде ағылшындар болған ғой.Бұл жайында Африка халықтарының көсемі былай дейді. «Ағылшындар біздің елімізге келгенде олардың қолында Библия, ал біздің жеріміз болды. Кейін қарасаң біздің қолымызда Библия, ал біздің жер ағылшындардың қолында екен».

Міне, біреуге отар болудың қасіреті. 25-і қазан – Қазақстанда Егемендіктің Декларациясы қабылданған күн болып тарих парағына жазылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былай дейді:

– 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Президент.

Ұлтым өзбек болса да, мен өзімді қазақтың бел баласындай көремін. Өйткені, осында өстім, өркендедім, бақытымды таптым. Мереке құтты болсын, ағайындар! Жаңа Қазақстанымыз өркениетті елдердің қатарынан өз орнын ойып аларына сенеміз.

 

Икрам ХАШИМЖАНОВ,

Республикалық «Дуслиг» өзбектер қауымдастығының төрағасы

«ТҮРІК АҒАЙЫНДАР ДА МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАП ЖАТЫР»

Қазақстандағы айтулы мерекелердің бірегейі Республика күні келіп жетті. Бұл – өте үлкен қуаныш. Үш жүз жыл өзге елдің отары болып, Жұбан ақын айтқандай «мың өліп мың тірілген» қазақ үшін бұл күн өлгені тіріліп, өшкені жанған күн. Тумысынан ақеділ қазақ халқының түркітектес халықтар ішінде беделі зор. Қазақстан Тәуелсіздік алғанда ең алдымен құттықтап, ақниетін айтқан түрік ағайындар еді. Түркияда менің де бірге тумасақ та туғандай болып кеткен бауырларым жетеді. Олар Республика күнімен құттықтап жатыр. Мені жақсы біледі дейтінім, мен «Дүние жүзі түріктерінің маршын» жаздым. Оған башқұрт компазиторы Нұр Дауытов ән шығарды. Маршты түркі тілдес халықтар жақсы қабылдап, бауырлар арасындағы достыққа қызмет етіп келеді.

«Қол ұстас Самарқан, Түркістан,

Анкара, Астана туысқан.

Бішкегім, Бакуым, Ашхабад

Шығарма достықты уыстан» деп айтқанда қуаттанбаған түркі баласы жоқ.

– Мағжан Жұмабаевтан кейін түрік бауырларын есіне алып жыр жазған Құрал Көмекке алғысымыз шексіз. Мен түрік елі зиялыларының алғысын жеткізейін деп арнайы келдім. Ақын Құрал Көмектің «Мен даланың ұлымын» поэмасын Түркияда таралуына кепілдік беремін. Дүние түріктері көп те емес. Осы себепті біз, бауырлар бірігуіміз керек. Бүгін түркі тектес халықтардың ынтымағы мен бірлігі ғана біздің болашағымызды баянды ете алады,– дейді Ілияс Доган, құқықтанушы, профессор, доктор бауырым.

«Түркі тілдес түгел бол» деген екен Тұрар Рысқұлов ағамыз. Түгел, біртұтас болайық. Қазақ байрағы бейбіт аспан, зеңгір көкте желбірей берсін!

 

Құрал КӨМЕК, ақын, халықаралық «Физули» атындағы сыйлығының лауреаты

ТӘУЕЛСІЗДІК – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ ҰСТЫНЫ

Республика күні – халқымызды азаттыққа бастаған ұлық мереке. Барша отандастарымызды осынау мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! 

Қайта жаңғырған бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінің егемендікке жету мақсатындағы құқықтық бастауы Кеңес Одағының ыдырауы қарсаңындағы Қазақ КСР-ы Жоғарғы кеңесіндегі ұлтжанды азамат, кемеңгер заңгер Салық Зиманов бастаған бір топ депутаттардың жасаған тарихи құжатында көрініс тапты. Олар қоғамның зор өзгеріс алдында тұрғандығын сезді. Жаңа белестерге шығу мүкіндігін жіберіп алмауды жақсы білді. Қазақстан атты іргелі егеменді ел болу бақыты көрінді. Осы мақсатқа жету үшін тарихи құжат жасау қайраткер депутаттардың зор шабытын туғызды. Депутаттар құжат жасау барысында республикамыздың егемендік құзыреттерін әлі де сүйегі сөгіле қоймаған одақтық шарттың талаптары арқылы реттелетіндігін көрсетуге мәжбүр болды. Сол үшін де ол құжат заң емес, декларация деп аталды. Ел тәуелсіздігін рәсімдеудің бастапқы қадамы болған бұл құжат сол кездердегі кеңестік империя кеңістігінде болып жатқан экономикалық және саяси дүрбелең жағдайында әзірленді. КСРО Жоғарғы Кеңесінің басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдауына алуан түрлі кедергі жасады, сондықтан халқымыз үшін тағдыршешті осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу азаматтық батылдықтың актісі болды.

1776 жылы 13 британ отарының метрополиясынан бөлініп, дербес, тәуелсіз мемлекет – Америка Құрама Штаттарының құрылғаны секілді қазақ депутаттары да АҚШ-тың демократтарының жасаған үлгісімен Тәуелсіздік декларациясын дайындады. Тәуелсіздік Декларациясында адамдардың заң алдындағы теңдігі, олардың өмір сүруге деген табиғи құқығы, бостандығы мен бақытқа ұмтылуы жарияланады. Ең бастысы, Тәуелсіздік декларациясын жариялаған мемлекетті құқықтық субъекті ретінде дамыған елдер дипломатиялық тұрғыдан мойындауы қажет болатын. Осыны мақсат тұтты біздің озық ойлы депутаттар.    

Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны талқылау отырысы ұзақ болыпты. 3 күнге созылыпты. 1990 жылдың 25 қазанындағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы негізінде қабылданған. «Республика – егеменді мемлекет. Қазақ ССР-і Одақтан еркін шығу правосын өзінде сақтап қалады» деп басталатын құжат 17 баптан тұрды. Сонымен қатар, алғаш рет Қазақ КСР-нің басқа егемен республикалармен ерікті одаққа бірігіп, келісімшарт негізінде қатынас жасай алатын егемен мемлекет мәртебесін жариялады. Ел тарихында тұңғыш рет демократиялық-құқықтық мемлекет құру ел дамуының мақсаты ретінде жарияланды, сол арқылы азаматтық қоғамның қалыптасу негізі қаланды.  Талас болды. Айталық, "Қазақ республикасы", "Қазақ елі" болсын деген тақырыпта. Философия және құқық институты мен Ахмет Байтұрсынов атындағы тілтану институтының ғалымдары сол кезде "Қазақ Республикасы" деген атауды ұсынған екен.   Шындығында ол уақытта басқа ұлттың үлес салмағы жоғары еді. Сондықтан да, таласты қояйық деп декларацияға  "Қазақстан" деген сөзді енгізуді ұсынған – Мұрат Әуезов болыпты. Декларацияның алғашқы нұсқасын қабылдауда Өзбекәлі Жәнібеков, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Манаш Қозыбаев, Серікбосын Әбділдин, Шахмардан Есеновтердің саяси ерік-жігері шешуші рөл атқарыпты.   Арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен бару үшін  қайраткер ағаларымыз осындай қадам жасады.  Олардың жасаған құжаты 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Констит-уциялық заңына құқықтық негіз болып қаланды. Сонымен қатар,1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Конституцияның құқықтық нормасын заңнамалық тұрғыдан айқын қалыптастырды, бағыт берді.

Біз енді егемендіктен айрылып қалмауды ойлауымыз керек. Біздің мемлекет болуымыз үшін ең бірінші – отансүйгіш жастар керек, біртұтас халық болуымыз керек. Жер керек. Одан кейін мемлекетте нық орныққан ана тіліміз керек. Осы үшеуін қатар ұстамай, тізгінді шылбырымен қосып, біріне көңіл аударып, екіншісіне көңіл аудармай кетсек, біз қателік жіберіп аламыз.    Егемендік ұғымын жастардың санасына берік орнықтыру маңызды. Тәуелсіздік құндылығын олардың санасына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек.

Көз алдымызда төртінші өнеркәсіптік технологиялық даму үрдісі жүріп жатыр. Сөйлесу пункттері мен таксофондардың қызметі керек болмай қалды. Үй телефондарынан да бас тартып жатырмыз. Бүгінде бұл функцияларды бір ғана смартфон атқарады. Интернет пен ұялы байланыс дүниені өзгертті. Осылар өз-өзінен пайда болып, дамып жатқан жоқ. Бұл адами капиталы дамыған елдердің өнімдері. Адами капиталдың материалды байлықтан да құнды екендігін тағы да айқындалып келеді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты мақаласында «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. «Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болуы керек» деп атап көрсетті. 

 «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация Қазақстанды тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде бекіткен алғашқы конституциялық маңызы зор акт болып табылды. Ол тәуелсіз қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудың бастауы және ұлттық заңнаманы құрудың негізі болды. Осынау үлкен істі жасаған санаулы сәтте ерекше қайрат көрсеткен жоғарғы кеңес депутат-тарының отан алдындағы ерлігі деп түсінуіміз қажет.

Өткен жылдан бастан әділдік салтанат құрып, мемлекеттілікке жол салған құнды құжаттың тарихтағы орны бағаланып, ұлттық деңгейде қайта мерекеленетін болды. Құтты болсын!

 

Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!

Бахадыр АЙТАЙ,

Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің аға оқытушысы, тарих ғылымдары кандидаты

«ҚАЗАҚ ЕЛІ ҮШІН ЕҢ ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ»

Бірлік – ынтымағы мен берекесін тең ұстаған Қазақ елі үшін ең қастерлі ұғым, сан ғасырлардан мирас болып келе жатқан дана халқымыздың асыл қасиеті. Бабаларымыз ынтымақ пен татулықты, ортақ келісім мен ауызбірлікті, жарасымдылық пен сыйластықты мүдделі түрде еліміздің біртұтастығын сақтауда әрдайым биік мақсат етіп қойған. Бірлікті елдікпен ұлт болып ұйысып, ынтымақпен сыйысып отырудың басты кепілі ретінде санаған. 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ол жайында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп, ерекше атап өткен-ді. Бүгінде Республика күні ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырып, елдің бірлігін нығайтып, ұлттық рухын күшейтуге, ынтымағын арттыруға үндейтін айтулы күнге айналып отыр. Бай әрі терең тарихымызбен, мәдениетімізбен, бірлік пен ынтымақты ту еткен халқымызбен, «Елім, жерім» дейтін ұрпағымызбен мемлекетіміз әлемнің дамыған елдерінің қатарынан көрінетін күн жақын. Себебі, бүгінде еліміздің тарихын, әдебиетін, мәдениетін дәріптеп, әлем елдеріне танытуға үлкен күш салынып жатыр. Талантты жастарымыз әлем сахналарында өнер көрсетіп, биіктерден көрініп жүр. Бекем бірлігімізбен алға қойған мақсаттарға жетіп, биік-биік асуларды бағындыратынымызға сенім мол.

Құрметті қазақстандықтар, Республика күні құтты болсын! Отанымыздың босағасы берік, шаңырағы биік болсын! Еліміздің бірлігі нығая түссін! 

 

Бекболат ҚҰРМАҒОЖАЕВ,

Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрдың көркемдік жетекшісі

«Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы жол толық қайта жөндеуден өткізіліп жатыр

Түркістан облысы құрылғалы өңірдегі күре жолдардың барлығы жөндеуден өткізіліп жатыр. Соның ішінде маңызды жобалардың бірі – «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы жол. Жалпы ұзындығы 64 шақырымдық облыстық маңызы бар автомобиль жолы бүгінде толық қайта жөндеуден өтуде.

Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға биыл 40 млрд теңге бөлінді

Түркістан облысында 2022 жылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдауға 30,3 млрд. теңге бөлінсе, биылғы жылы қолдау көлемі 30%-ға артып, 40 млрд. теңге бөлінді. Бұл туралы брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының м.у.а. Әлібек Әбдіхалықұлы мәлімдеді.

Мақтаарал ауданында тоқыма комбинаты және логистикалық орталық ашылады

Мақта-тоқыма кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі компаниялардың бірі – «Global textile» компаниясы Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында тоқыма комбинатын және логистикалық орталық ашады. Шетелдік компания 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қоспақ.

Қазақстандағы агроқұрылымдардың 33 пайызы Түркістан облысына тиесілі

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласы республикада айрықша орын алады. Өйткені, еліміз бойынша аталған саладағы жалпы өнімнің 13%-ы күнгей өңірге тиесілі. Сондай-ақ, агроқұрылымдардың 33%-ы (80 мың) Түркістан облысында.

Түркістанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті

Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Мәжіліске облыс әкімі Д.Сатыбалды, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы М.Төлеубаев, құқық қорғау органдарының бастықтары, басқарма басшылары және бейнебайланыс арқылы аудан, қала әкімдері мен қатысты.