ШЫМКЕНТТЕ 172 КӨШЕДЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ

Биыл Шымкентте орталық магистрал және ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу 245 көшеге жоспарланған. Бүгінгі таңда 172 көшеде жұмыстар аяқталып, тұрғындар игілігін көруде. Бұл туралы баспасөз брифингінде Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов мәлімдеді.

-Жалпы, Шымкент қаласының дамуы жолында жол инфрақұрылымы мен көлік саласын өркендету міндеттеріне үлкен жауапкершілік жүктелген.Статистикаға сәйкес, Шымкент қаласы автокөлік көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі. Осы мәселеге орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамуда. Шымкент қаласы бойынша жолдардың жалпы ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрайды. Жыл соңына дейін жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2 пайызға жеткізу мақсатында жұмыстар жүргізілуде, - деді Р.Ибрагимов.

Сондай-ақ басқарма басшысы көлік саласы бойынша 2020 жылы қалалық мәслихатпен Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілгенін, схемаға сәйкес, 77 маршрутты құрайтын жаңа маршруттық желісі әзірленгендігін атап өтті.

– Маршруттық желісімен 6 ХАБ, 33 жеткізуші, 39 магистралды және 6 айналма маршруттары қаралған. Бүгінгі танда маршруттар толығымен қызмет көрсетуде, қала аумағындағы сонымен қатар, шет аймақтарда орналасқан барлық шағынаудандары мен тұрғын алаптары қоғамдық көлікпен 100 пайыз қамтылды, - деді Р.Ибрагимов.

Сонымен қатар қоғамдық көліктердің жол ақысын көтеру мәселесі қазіргі таңда қаралуда екендігі айтылды.

Айта кетейік, Шымкентте қоғамдық көліктердің жол ақысы үш жыл бұрын қымбаттаған болатын. Бүгінде қоғамдық көліктегі жол ақысы 70 теңге және ол республика бойынша ең арзан тарифтік көрсеткіш.

ШЫМКЕНТТЕ ПСИXИКАЛЫҚ ЕСЕПТЕ ОН ЕКІ МЫҢНАН АСТАМ НАУҚАС ТҰР

Қазақстандық дәрігерлер психикалық ақаулар дертінің жиілеп кеткенін айтып, дабыл қағуда. Олардың айтуынша, ел тұрғындарының 25 пайызы аталмыш дертке шалдыққан. Өкініштісі сол, оның 14 пайызын жасөспірімдер құрап отыр. Бүгін өзекті мәселе аясында Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы «Психикалық денсаулық сақтау қызметінің заманауи жағдайы» атты өңірлік ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Іс-шараға Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының психиатр, нарколог, невролог, педиатр және жалпы тәжірибелік дәрігерлер қатысты.

Басқосу әртүрлі психикалық және мінез-құлыққа қатысты, психикалық ауытқулардан туындайтын проблемаларды шешу, оған заманауи емдеу әдістерін қолдану мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бүгінгі қоғамда белең алған ең зиянды әдеттердің бірі – лудомания мәселелерін сарапқа салды.

— Жер шарында миллиардқа жуық тұрғын психикалық аурулардың шырмауында жүргені мәлім. Өкінішке қарай, олар мамандандырылған медициналық ұйымдардың көмегіне жүгінуге асықпайды. Себебі, психикалық ауруларға қатысты стигма мәселесі қоғамда, тіпті денсаулық сақтау саласында кең тараған. Динамикалық бақылауға, яғни, диспансерлік есепке алады деген үрей қоғамда бұл дерттің өршуіне әкеліп, науқастардың сапалы, уақтылы ем алу мүмкіндігінен айырып отыр. Бүкіл әлемде ментальді ауруға шалдыққан адамдардың әлеуметтік интеграциясы аса өзекті мәселе болып табылады, – деді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Конференцияда әсері ұзартылған препараттарды қолдану, психореабилитация, балалар аутизмі мәселелері, сонымен қатар, эпилепсия және деменциясы бар пациенттерге медициналық көмек көрсетудің аспектілері бойынша невролог және психиатр дәрігерлердің арасында пікірталас өтті.

Айта кетейік, Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығында 12057 науқас есепте тұр. Сонымен қатар, бүгінде қоғам дертіне айналған лудомания ауруымен республика көлемінде ресми 10 науқас тіркеліпті. Бұл — қоғамда «ауруын жасырып» жүрген жандардың көп екеніне тағы бір дәлел. Дәрігерлер лудоманияға шалдыққандар медициналық көмекке уақтылы жүгінсе, дертінен айығуына мүмкіндік мол екенін алға тартып отыр.

 

ШЫМКЕНТТЕ КАРДИОЛОГИЯ САЛАСЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ БАСТАЛДЫ

Екі күнге жалғасатын шарада шетелден және еліміздің өзге өңірінен келген дәрігерлер жүрек қызметін жақсарту бойынша тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік алуда.

Халықаралық деңгейдегі шараның ашылу салтанатына қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қатысып, үшінші мегополистегі кардилогия саласындағы жетістіктерге тоқталып өтті.

– Бүгінгі күні Шымкент жүрек орталығы мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмекті қала және Түркістан облысы тұрғындарына көрсетеді. Орталық медициналық қызметтердің сапасын жоғары мамандандырылған медициналық көмектің үлесін арттыра отырып, стент-графт, ЭКМО, Tavi, LVAD имплантациясы сияқты жаңа технологияларды енгізді. 2019 жылдан бастап 2023 жылдың ағымдағы кезеңіне дейін, 16 жаңа технология енгізіліп, 230-дан астам қызметкер біліктілігін арттырды, 34 мастер-класс және 2 халықаралық конференция өткізілді. Орталықтың осы жетістікке қол жеткізуі тікелей Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен жүргізілуде. Өздеріңізге белгілі, ел тарихындағы алғашқы жүрек трансплантациясы 2012 жылы арамызда отырған Юрий Владимирович Пяның басшылығымен Астана қаласында жасалып, қазіргі таңда оның саны 90-ға жеткен. Конференцияға қатысушыларға, өткізілетін мастер-класстарға нәтижелі жұмыс тілеймін. Осы конференцияның өтуі Шымқала тұрғындарының денсаулығын көтеретініне сенімдімін, -деді Қ.Асылов.

Жалпы конференция барысында теориялық практикамен қатар дәрігерлер жоғары мамандандырылған оталарды жасау бойынша біліктіліктерін арттырады. Шараның басты мақсаты – созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарды диагностикалау мен емдеуде қазақстандық және шетелдік кардиология, кардиохирургия мамандарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.

Конференция қорытындысы бойынша Орталық Азияда созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бағдарламасын дамыту мәселелері бойынша шаралар іске аспақ.

Еске сала кетейік, биыл алғаш рет қаладағы Жүрек орталағында еліміздің бас кардиохирургі Юрий Пяның қатысуымен жүрек алмастыру отасы жасалды. Операция сәтті өтіп, дәрігерлер 61 жастағы тұрғынның жүрегін хирургиялық жолмен алмастырып берді.

ШЫМКЕНТТЕ 8 АЙДА 20 МЫҢНАН АСТАМ СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН

Шымкент қаласының халқы 1 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, 1 210 658 адамға жеткен. Бұл көрсеткіш республикада 6-шы орынды, тығыздығы бойынша 3-ші орынды иемденген. Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингте Шымкент қаласы статистика департаментінің басшысы Ерназар Құлтаев осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, халық саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29 193 адамға артқан.

Үшінші мегаполис туу көрсеткіші бойынша 4-ші орында екен. Осы жылдың 8 айында шаһарда 20 234 сәби өмір есігін ашыпты. Ал, халықтың орташа бір айда жан басына шаққандағы ақшалай табысы ІІ тоқсандағы көрсеткішке сәйкес, 110 986 теңгені құрап, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 21,1 пайызға, нақты ақшалай табыс 5,1 пайызға өткен.

–Ақшалай табыстың негізгі бөлігі – жалдамалы және өзін-өзі жұмыспен қамтылудан түскен. Халықтың жұмыспен қамтылуын зерттейтін сауалнама нәтижесінде 2023 жылдың ІІ тоқсанында жұмыссыздар саны 21 845 болды. Мұны 2022 жылмен салыстырғанда 795 адамға кемігенін көрсетті. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында жұмыс істеп жүрген бір қызметкердің орташа еңбекақысы (шағын кәсіпорындардағы қызметкерлерді есепке алмағанда) 290 858 мың теңгені құрап, республикада орташа жалақы бойынша 18 орында тұр. Негізінен ең жоғары еңбекақы көлік және жинақтау саласы мен қызмет көрсету салалаларына тиесілі. Сонымен қатар, азық-түлік тауарларының бағасы 3,4 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 7 пайызға, халыққа ақылы қызмет көрсету – 9,6 пайызға көтерілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктен қырыққабат — 91 пайызға, күріш – 49, сәбіз – 24,7, картоп – 10,3 пайызға бағасы өскен. Ал, қарақұмық – 33,1, күнбағыс майы — 25,5, қант- 9,7, тауық еті – 6,1 пайызға арзандады, — деді Ерназар Сейтханұлы.

Брифинг барысында спикер қаланың экономикалық дамуына да тоқталды. Осы жылдың 1 қазанына дейін 28 334 заңды тұлға тіркеліп, өткен жылдан 5 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш республика бойынша заңды тұлғалардың жалпы санында қаланың үлесі 5,3 пайызды құрайды. Жалпы, заңды тұлғалардың басым бөлігі сауда саласына тиесілі. Бұл бағытта қаладағы кәсіпорындардың 30 пайызына жеткен. Сондай-ақ, Шымкентте жыл басынан бері өнеркәсіп орындарымен үй шаруашылықтары секторын қоса алғанда 7,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліпті. Мұны 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға артқанын көресетді.

–Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға 434,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл инвестицияның басым бөлігі жылжымайтын мүлік пен көлік, өнеркәсіп салаларына тиесілі. Инвестиция салымдарының 78 пайызын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған, — деді департамент басшысы.

 

ШЫМКЕНТТЕ «МЫҢ ЖҮЙРІК» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҒАРТУШЫЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Шымкентте «Қазақтану» жобасы шеңберінде этнос жастары арасында «Мың жүйрік» республикалық ағартушылық байқауы өз мәресіне жетті. Жобада еліміздің әр өңірінен 5-12 жас аралығындағы 575 жасөспірім бақ сынаған болатын. Бүгін қазылар алқасының қорытындысымен 10 қатысушы үздік деп танылып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

–Қаламызда үшінші рет өткізіліп жатқан жобаға қызығушылар саны жылдан-жылға саны артып келеді. Мәселен, 2021 жылы байқауға 100-ге жуық жасөспірім қатысса, 2022 жылы 300 бала, ал, биыл олардың саны 575-ке жетті. Бұл – осынша баланың қазақ ертегілерін тыңдап, мақал-мәтел, өлең оқуға деген ынтасы жоғары екенін білдіреді. Жоба онлайн форматта ұйымдастырылып, қазылар алқасы тарапынан қатысушылардың еңбегі сараланды. Бүгін жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 10 қатысушы үздік атанды. Сіздерді бүгінгі жеңістеріңізбен және «25 қазан – Республика күн» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Елімізде осындай мерейлі сәттер көп болсын, – деді қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бексұлтан Ержанұлы.

Байқау 4 бөлім негізінде ұйымдастырылды. Қатысушылар «Ертегі әлеміне саяхат», «Тұлғалар тағылымы», «Мен ұнататын мамандық» және «Туған өлкеге тағзым» тақырыптары бойынша сынға түсті. Алғашқы бөлімде үміткер өз қалауымен кез келген ертегіден үзінді айтып береді. Ұсынылатын ертегіде шығарманың желісі толық сақталуы керек. Қазылар алқасы өнерді бағалайтын кезде қатысушының өзін көпшілік алдында ұстауына, тіл көркемдігіне, мәнерлеп айту шеберлігіне назар аударды.

–Осынша баланың қазақ тілінде өнер көрсетуге деген құлшынысы бізді қатты қуантты. Тіпті, бір үйден 2-3 балаға дейін мемлекеттік тілде ертегі айтып, байқаудың көркін қыздырды. Әттең-ай, дейтін жері жобаға тек 5-12 жас аралығындағы жасөспірім деп бекітілуі болды. Өйткені, одан жоғары жастағы балаларда қатысуға ниет білдіріп еді. Тәртіп бойынша оларды қабылдай алмадық. Алдағы уақытта осы мәселе де ескерілсе екен, – дейді қазылар алқасының мүшесі, «Шұғыла» газетінің бас редакторы Базаркүл Қалбыр.

Қаладағы «Достық» үйінде өткен марапаттау салтанатына еліміздің Ақтау, Ұлытау, Алматы, Түркістан облыстарымен бірге Шымкент қаласының этнос жастары және оның жетекшілері келген.

–Біз Ұлытау облысы Жезқазған қаласынан келдік. Шәкіртім 6- сынып оқушысы Аврора Зурли – итальян ұлтының қызы. Ол қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді. Ертегі оқып, ондағы кейіпкерлерге тамсанып отырады. Осы байқау арқылы қазақ тілінде білім көкжиегін арттырып, жүлделі орыннан көрініп отыр, – деді Жезқазған қаласындағы №26 мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Орынбасар Серғазықызы.

Жеңімпаз 10 балаға арнайы диплом және велосипед табысталды.

Мақтааралдағы «Мырзашөл-құс» серіктестігі құс еті мен жұмыртқа өндіретін фабриканың құрылысын жүргізуде

Мақтаарал ауданында 2018-2022 жылдар аралығында 102,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы көшпелі брифингте аудан басшысы Бақыт Асанов мәлімдеді.Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласы 5 жыл уақыт аралығында жалпы ішкі өнім көлемі 2 есе өсіп, былтыр 81 млрд. теңгеге жеткен.

Түркістан: Төрткүлдің «ақ алтыны» шетелге экспортталады

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына үлкен басымдық берді. Бүгінде жолдау жүктеген міндеттер жергілікті жерде жоспарлы түрде іске асып жатыр. Ордабасы ауданы экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы саласы болып табылады. Ежелден жерді тиімді игеруді меңгерген Ордабасы ауданы еңбек өнімділігі жөнінен де алда келеді. Аграрлық салада орасан орны бар мақта шаруашылығы еліміздің оңтүстік өңірінде жақсы дамыған. Оның себебі де жоқ емес, бұл аймақтың ауа райы егістікке қолайлы. Мақтаның қажетті шикізат екені белгілі. Әсіресе мақта шитінің маңызы зор. 

Түркістан: Мақтааралда биыл тәулігіне 600 тонна мақта өңдей алатын зауыт іске қосылмақ

Мақтаарал ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур аясында журналистер әуелі Азаттық ауылының ауыз су жүйелерінің құрылысымен танысты. Аудандағы жалпы 69 елді мекеннің 67-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.

Түркістан облысында елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары жалғасуда

Облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрады. Сондықтан ауылдарды қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты бағыттардың бірі. Түркістан облысында бір жылда мүлдем ауыз суы жоқ 10 елді мекендегі 9 мың тұрғын ауыз сумен қамтылды. Сондай-ақ 10 елді мекендегі тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылды.

Түркістан облысында көгалдандыру, санитарлық тазалық және балық шаруашылығы қатаң бақылауға алынды

Түркістан облысының аудан, қалалары мен елді мекендерін көгалдандыру, облыс аумағындағы құрылыс қалдықтарын тастайтын орындар және балық шаруашылығы, сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының 4-ші бағыты бойынша балық шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша облыс әкімінің тапсырмасымен жиын өтті.