432 шымкенттік жуырда баспаналы болады

Бүгінде Шымкентте мемлекет бюджеті есебінен 67 көпқабатты тұрғын үй салынып, 17 үйдің абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Әкімшілік іскерлік орталығы аумағынан бой көтерген 9 қабатты сегіз тұрғын үйдің абаттандыру құрылысын тексерді. Тұрғын үйлердің ирригациялық жүйелері тартылып, ішкі жолдары асфальттелген. Қазір аулада көгал төселуде, бригада ауланы абаттандыру жұмыстарын аяқтап жатыр. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға қолданысқа дайын 432 пәтерді мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана кезегіндегі тұрғындарға үлестіруді ұйымдастыруды тапсырды.

Айта кетейік, 2023 жылдың басында 976 отбасыны арендалық пәтермен қамту жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда жұмыс істейтін жастарға 300 пәтер бойынша тұрғын үй комиссияның шешімі қабылданып, пәтерлердің кілттері беріліп жатыр. 1 сәуірде 161 пәтер бойынша тұрғын үй комиссиясының шешімі шықты. Бұл ретте жетім балаларға 10 пәтер, көпбалалы отбасыларға 106 пәтер, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына 45 пәтер беріледі. Комиссияның келесі отырысы мамыр айында өтеді деп күтілуде. 2023 жылдың соңына дейін кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 1 580 пәтер сатып алу жоспарланған. Пәтер сатып алуға 22,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Нарықтағы жеке құрылыс салушылардың тізімі анықталып, талдау жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін кредиттік негізде 4 197 отбасыны пәтермен қамту көзделуде. 2023 жылы мамыр айында жергілікті бюджет есебінен бастапқы жарна үшін, 300 млн. теңгеге дейін (әр азаматқа 1 млн теңгеге дейін) тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарда. Сонымен қатар, 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен бөлінген 6 млн. теңгеге «Тұрғын үй сертификаттарын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі автоматтандырылды.

Шымкент: Құрсайлықтар биыл сапалы ауыз суға қол жеткізеді

Бүгін Тұран ауданының әлеуметтік – инфрақұрылыммен қамтылу көрсеткішін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды БАҚ өкілдеріне таныстыру үшін арнайы пресс-тур ұйымдастырылды.

Қазіргі уақытта аудан тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан аумағындағы бірнеше нысандарда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Соның бірі – Құрсай елді мекені. Тұран ауданы аумағында орналасқан Құрсай елді мекенін сапалы ауыз сумен қамту құрылысы II кезек бойынша 2021 жылы басталған.

Бүгінде Құрсай I кезек бойынша, 185,5 шақырым ауыз су құбырының 95,5 %-ы орнатылды. Ал II кезек бойынша, барлығы 151 шақырым ауыз су құбырының 92 %-ы аяқталды. Құрылыс жұмысы биыл маусым айында аяқталып, абоненттеу жұмысы жүргізілетін болады. Нәтижесінде, Құрсай елді мекеніндегі 22 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ, Құрсай елді мекеніне су беру мақсатында жоба бойынша 1000 м3-тан 2 дана су жинау резервуарының құрылысы қарастырылған. Резервуардан шыққан ауыз су екі сорғы станциясы арқылы абоненттерге беріледі. Қазіргі таңда, резервуардың қабырғалары құйылуда. Құрылысын желтоқсан айында аяқтап, іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңда, Құрсай елді мекені тұрғындары ауыз суды кестемен тұтынуда. Жыл соңында Құрсайдағы 8 336 абонент, яғни 41 680 адам сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Айта кетейік, Тұран ауданы 99,5 % сапалы ауыз сумен қамтылған. Биыл Құрсай елді мекеніндегі құрылыс жұмысы аяқталу нәтижесінде, аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту  көрсеткішісі 100 %-ға жетеді.

Сондай-ақ, биыл Құрсай елді мекеніндегі Аққыстау, Таңатар және Қармақшы көшелері жарықтандырылатын болады.

Шымкент қаласында мемлекеттің инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағдарламалары сәтті іске асып жатыр. Мәселен, Шымкент қаласы республикалық мәртебе алған 5 жыл ішінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсіеткіші 93 пайыздан 98 пайызға артты.Жалпы, Шымкентте ауыз суды кестемен тұтынатын тұрғын алаптар саны жыл сайын азайып келеді. Шымкент қаласындағы 81 елдімекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген.Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады. 

 

 

Шымкент: Металлург стадионы 1 маусымда пайдалануға беріледі

Шымкентте жартығасырлық тарихы бар "Металлургтер" стадионы қолданысқа беріледі. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов заманауи талапқа сай бой көтерген “Металлург” стадионының аяқталу сатысындағы реконструкциялық жұмыстарын тексерді.

«Бұл стадион біраз жыл қиын жағдайда тұрды. Өзіміз де осы жерде жаттықтық. Бұл жастар үшін өте маңызды спорт алаңы. Жастар спортпен айналысуы керек. Сондықтан 2 жылдың ішінде қайта құрылыс жүргізіп шықтық. Құрылыс жоспары бұрын дұрыс жасалмаған. Қайта өзгерттік»,-деді қала әкімі.

Шаһар басшысы бала кезінде дәл осы алаңда жаттыққанын айтады. Қазір мұндағы жұмыс барысы қызу жүріп жатыр. Себебі жаздың бірінші күні тарихи нысан қайта қолданысқа беріледі. Құрылысшылар спорт залдарының ішкі әрлеу, сыртқы абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Жоспарға сәйкес мұнда 1504 орындық трибуна, командалық ойындарға арналған 480 орындық спорт зал, 62 орындық спортшылар үйі, әкімшілік корпус қарастырылған. “Нысан қаламызда бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға мүмкіндік береді. Стадион жанында 60 адамға арналған қонақүй қарастырылған. Мұнда республикалық маңызы бар жарыстар, түрлі спорттық шаралар ұйымдастыруға барлық жағдай жасалады” – деді қала әкімі. М.Дүйсенбекұлы стадионды Халықаралық балалар күнінде қолданысқа беріп, үш жыл қатарынан өтіп жатқан Жастар Лигасының финалдық кезеңдерін өткізуді ұйымдастыруды тапсырды.

Осыдан 6 жыл бұрын қирандыға айналудың алдында тұрған алаң қайта түледі. Айта кетейік, мұнда спорттың 10 түрі бойынша жаттығуға мүмкіндік қарастырылған. Стадион 1500 адамға шақталған. Онда спорт залдары, әкімшілік ғимарат пен спортшылар үйі қарастырылған. Қала әкімі енді мектеп лигасы тек осы «Металлургтер» стадионында өтетінін жеткізді. 

Түркістан: сейсмикалық оқу жаттығу өтті

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері Адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты білім беру мекемесінде "Сейсмикалық оқу жаттығу" өткізілді. Жаттығуға 1000 оқушы , ТЖД қызметкерлері, 2 арнайы техника қатысты.

Түркістан облысы: Бескепе ауылында улы газдан уланудың алдын алу мен өрт қауіпсіздігі бойынша рейд жүргізілді

Сайрам ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының және № 6 ӨСБ қызметкерлерімен «Улы газдан уланудың алдын алу», «Өрт қауіпсіздігі» бойынша Бескепе ауылына рейдтік іс-шаралар жүргізді.

Сайрам ауданы Төтенше жағдайлар басқармасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде жиналыс өтті

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін, Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен жемқорлықтың тамырына балта шабылу керек екендігін атап өткен болатын.

Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу үшін құжаттарды қабылдау жүргізіледі

«Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық - құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу үшін құжаттарды қабылдауды жүргізеді.

Түркістан облысы: су басқан аула аумағынан 204 адам мен 790 бас ұсақ мал эвакуацияланған

Бұл туралы Түркістан облысы ТЖД ТЖЖБ бастығының м.у.а. а.қ. майоры Исахожа Тажихожаұлы Елеусизовтың «ТЖЖ бағыты бойынша 2023 жылдың 1-тоқсанында атқарылған жұмыстары туралы» баяндамасында айтылды. Исахожа Тажихожаұлытөтенше жағдайлар бойынша облыс көлемінде атқарылған жұмыстар мен орын алған оқиғалар жөнінде төмендегідей мәліметтерімен бөлісті.

Шымкент: Еңбек келісімшарты 100 пайыз электронды жүйеге өтеді

Шымкентте жыл басынан бері еңбек инспекциясына азаматтардан 490 өтініш түскен. Нәтижесінде 98 құқық бұзушылық анықталып, жалпы көлемі 5,1 млн. теңге айыппұл салынған. Оның ішінде 2,8 млн.теңге көлеміндегі 17 айыппұл өндірілген. Бұл жөнінде бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов баяндады.

Сонымен қатар еңбек инспекторларымен 34 кәсіпорындағы 935 жұмыскердің 451,6 млн берешек жалақысы өтелген.

– Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу туралы тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда Шымкентте 18 кәсіпорыны «Халықтық бақылау» жобасын енгізді. Сондай-ақ, Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы және Қазақстанның атқарушы органдары арасында «Vision Zero - Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тұжырымдамаға 70 кәсіпорын қосылды. Дегенмен, өндіріс болғасын, жазатайым оқиғалар орын алады. Жыл басынан бері қала аумағында 10 жазатайым оқиға орын алып, 12 адам зардап шекті. Өкінішке орай, 3 жұмыскер қайтыс болды, 8 жұмыскер ауыр жарақат алған. Тергеп-тексеру материалдары құқық қорғау органдарына жолданды, – дейді Бауыржан Ахметәліұлы.

Қаламыздағы кәсіпорындар мен мекемелерде тұрақты түрде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізіліп отырады. Осыған байланысты өңіріміздегі 4 кәсіпорынға «Сенім сертификаты» тапсырылған. Ал сақтандыру мәселесі бойынша Шымкент қаласындағы 7558 компанияның 2538-і ғана сақтандыру келісімшарттарын жасаған.

Мекеме басшысының айтуынша, жылдың соңына дейін электронды еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне кәсіпкерлік субъектілер 100 пайыз тіркелуі тиіс. Әзірге бұл көрсеткіш 32 пайызды құрап отыр.

Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі көп ұзамай шешіледі

Қала әкімінің өзі бұл мәселені қадағалауға алып,  құзырлыларға тиісті тапсырмаларды берді. Қазір Шымкентте 7 білім нысанында қосымша ғимарат құрылысы жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов аумағы кеңейтіліп жатқан бірқатар білім ошақтарының құрылыс жұмыстарымен танысты.  Сайрам шағынауданындағы №65 мектеп-гимназиясының қосымша 600 орындық оқу корпусы бой көтеруде. Соңғы үлгіде салынған ғимаратта сынып бөлмелері, кітапхана, логопед кабинеті, спортзал, 220 орынға арналған асхана қарастырылған.  Мұрат Дүйсенбекұлы Ш.Қалдаяқов көшесіндегі №45 мектеп-гимназиясында да болып, 300 орынға арналған 3 қабатты қосымша ғимараттың құрылыс-монтаж жұмыстарын қадағалады. Заманауи талапқа сай салынған оқу корпусында сынып бөлмелерінен бөлек, спортзал, зертхана бөлмелері, 78 орынға арналған асхана қарастырылған. “ Ғимараттардың интерері классикалық үлгіде болуы керек. Бұл ретте дизайнерлермен тиісті жұмыстарды жүргізіңіздер. Құрылысқа қатысты өзекті мәселелер дер кезінде шешілуі тиіс” - деді қала әкімі. Мұрат Дүйсенбекұлы М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназиясының да қосымша корпустарының құрылысын тексерді. 1 100 орынға арналған ғимаратта сынып бөлмелері, 250 орындық акты залы, спортзал, 320–орындық асхана құрылысы жобаланған. Қала әкімі жауаптыларға сапасыздыққа жол бермей, нысандарды өндірістік кестеге сай саяқтап, үш ауысым мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды. Тілге тиек етейік, Шымкентте 2023-2025 жылдар аралығында "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасы аясында 25 мектептің құрылысы жүргізілмек. Аталмыш пилоттық білім нысандары жалпы 37700 орынға арналады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық жобаның алғашқы кезеңі биыл жүзеге асырылады. Яғни, Шымкентте 2023 жылы 17 300 орынға арналған 12 мектептің, ал келесі жылы 20 400 орындық 13 мектептің құрылысы басталады.