Шымкенттік спортшы Махмұд Сабырхан пәтерлі болды

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Бокстан Әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырхан мен жеке жаттықтырушысы Илияс Оралбековты қабылдады.

Дүбірлі додада еліміздің құрамасы 4 алтын, 1 күміс медальмен толықты. Бұл жеңісте 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен шымкенттік сайыпқыранның үлесі зор. Спортшы ақтық бәсекеде өзбекстандық Ойбек Джураевты екі мәрте нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жерлесіміз осыған дейін Куба, Гана, Үндістан мен Мажарстан спортшыларын жеңген болатын.

Мұрат Дүйсенбекұлы құрама қоржынына екінші алтынды салған спортшы мен оның жеке жаттықтырушысын құттықтап, алдағы Азия және Олимпиада ойындарына сәттілік тіледі.

Әлемдік аренада еліміздің абыройын асқақтатып, туымызды желбіреткен спортшыға 2 бөлмелі пәтер мен 5 млн теңгенің сертификатын табыстады.

Естеріңізге сала кетейік, Махмұд Сабырхан Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатның финалында өнер көрсетті. 54 келі салмақта сынға түскен спортшы ақтық бәсекеде өзбекстандық Ойбек Джураевпен қолғап түйістірді. Бірінші раунда Махмұд соққыларын дәл жұмсап, төрешілердің бәрін өзіне бұрды – 5:0. Екінші кезеңде бес қазының төртеуі басымдықты қазақ боксшысына берді. Үшінші раундта Махмұд Сабырхан қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Өзбекстандық спортшыны екі мәрте нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.Махмұд екі жыл бұрын Белградта өткен жаһандық доданың күміс жүлдегері атанған. Сайыпқыранымыз бұл жолы ринг қожайыны Ойбек Джураевпен жекпе-жекте шеберлігін паш етті. Мұны қапталдағы төрешілер де мойындады. Ұлттық құрама қоржынына кезекті алтын жүлдені сыйлаған спортшымызды құттықтаймыз! Естеріңізде болса, Сербия мемлекетінің астанасы Белград қаласында бокстан ересектер арасындағы өткен әлем Чемпионатынан күміс жүлдемен оралған Махмұд Сабырхан: «Бұл жалғыз менің жеңісім емес. Ата-анам, бапкерлерім және жанкүйер болған халықтың жеңісі. Әлем чемпионатында бес кездесу өткіздім. Оның төртеуін жеңіспен аяқтадым. Барлық жекпе-жегім оңайға соққан жоқ. Олимпиададан кейін әлем чемпионатына барымызды салып дайындалдық. Чемпион атанамын деп ойлаған едім. Бірақ бұйырғаны күміс болды. Келесі жылы Азия ойындары болады. Әрі Ташкентте өтетін әлем чемпионатында көк туымызды көтергім келеді. Жарыстарға дайындалып, өз есемді қайтарамын», – деген еді.  

Жерлесіміз Махмұд Сабырхан – Әлем чемпионы!

Махмұд Сабырхан  Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының финалында өнер көрсетті.  

Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтынды шымкенттік боксшы Махмұд Сабырхан салды. 54 келі салмақта сынға түскен спортшы ақтық бәсекеде өзбекстандық Ойбек Джураевпен қолғап түйістірді. Бірінші раунда Махмұд соққыларын дәл жұмсап, төрешілердің бәрін өзіне бұрды – 5:0. Екінші кезеңде бес қазының төртеуі басымдықты қазақ боксшысына берді. Үшінші раундта Махмұд Сабырхан қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Өзбекстандық спортшыны екі мәрте нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қазақстандық боксшы мұның алдында Куба, Гана, Үндістан мен Мажарстан спортшыларын ұтқан. Махмұд екі жыл бұрын Белградта өткен жаһандық доданың күміс жүлдегері атанған. Сайыпқыранымыз бұл жолы ринг қожайыны Ойбек Джураевпен жекпе-жекте шеберлігін паш етті. Мұны қапталдағы төрешілер де мойындады.  Ұлттық құрама қоржынына кезекті алтын жүлдені сыйлаған спортшымызды құттықтаймыз! Естеріңізде болса, Сербия мемлекетінің астанасы Белград қаласында бокстан ересектер арасындағы өткен әлем Чемпионатынан күміс жүлдемен оралған Махмұд Сабырхан: «Бұл жалғыз менің жеңісім емес. Ата-анам, бапкерлерім және жанкүйер болған халықтың жеңісі. Әлем чемпионатында бес кездесу өткіздім. Оның төртеуін жеңіспен аяқтадым. Барлық жекпе-жегім оңайға соққан жоқ. Олимпиададан кейін әлем чемпионатына барымызды салып дайындалдық. Чемпион атанамын деп ойлаған едім. Бірақ бұйырғаны күміс болды. Келесі жылы Азия ойындар болады. Әрі Ташкентте өтетін әлем чемпионатында көк туымызды көтергім келеді. Жарыстарға дайындалып, өз есемді қайтарамын", – деген еді. Ер жігіт айтты, Ержігіт орындады деген осы болар, сірә!

Шымкентте бәйгеден ел чемпионатына іріктеу өтті

Шымкент қаласының ипподром алаңында Ұлттық ат спорты бәйгесінен ҚР чемпионатының аймақтық іріктеу турнирі болып өтті. Ат спорты біздің ұлттық генетикамыздың белгісі, өткен мен бүгіннің сабақтастығының көрінісі. Шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, жиналған жанкүйерлерді аламанның ашылуымен құттықтады.

Қаламызда ұлттық спорт түрлері бұқаралық сипат алған. Қазір 20 мыңнан аса спортшы ұлттық спорт түрімен шұғылданады.

- Біздің спортшылар өткен жылы Әлем, Азия және ел чемпионаттары мен кубоктарындағы медальдер саны бойынша республика бойынша көш бастады. Бүгінгі республикалық бәйге жарысы да мегаполисіміздің мерейін асырып, ұлттық спорттың өркендеуіне мол мүмкіндік береді деп сенемін, - деген Мұрат Дүйсенбекұлы дүбірлі додаға қатысушыларға жеңіс пен сәттілік тіледі.

Турнирде ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Т.Есентаев және республикалық «Бәйге» федерациясының президенті Қ. Көпбаев қонақ ретінде келді, сондай-ақ, бәйгеде 65 сәйгүлік пен шабондоз додаға түсті.

Аламан бәйгеде оза шауып, жиырма бір шақырымдық жолда желдей жүйріктік танытқан елордалық Бақыт Торғаев, Қыран есімді сәйгүлігімен бірінші орынды қанжығасына байлады.

Он төрт шақырымдық топ бәйгеден Ұлытау атты тұлпары бар Нұрдәулет Әкімжанов бірінші орынды иеленді. Сайыстың соңғы сатысы сегіз шақырымдық құнан бәйгеде шымкенттік Шағала атты жүйріктің иесі Бекжан Қоржынбаев бірінші орынға лайық деп табылды.

Шараны Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен «Бәйге» федерациясы республикалық қауымдастығы ұйымдастырды.

Айта кетейік, Шымкентте ұлттық спорт түрімен шұғылданатын азаматтар саны артып, 20 742 адамға жетті. 2022 жылдың статистикалық қорытындысына сәйкес, шымкенттіктердің 42 пайызы, яғни 498 852 адам дене тәрбиесімен айналысып, спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Ұлттық спорт түрлерімен шұғылданатын азаматтар оның 4.1 пайызын құрап отыр. Мегаполисте ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дамыту мақсатында Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда ұлттық спорт түрінен ҚР Еңбек сіңірген 2 жаттықтырушы еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, ҚР жасөспірімдер, жастар, ересектер құрама командасының тізімінде 1 ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 4 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 8 ҚР спорт шебері, 111 Спорт шеберіне үміткер және І спорттық дәрежедегі 57 спортшы бар.

 

 

Шымкентте жас каратэшілер сынға түсті

Шымкент қаласында 9 мамыр - Жеңіс күніне орай шинкиокушинкай каратэден жасөспірімдер, жастар арасындағы қалалық ашық турнир өтіп жатыр. Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және Шымкент қаласының кекушинкай каратэ федерациясы бірлесе ұйымдастырған сайысқа еліміздің барлық өңірінен, жалпы 500-ге жуық спортшы бақ сынауға келген.

Жарыстың ашылу рәсімінде ҚР каратэ федерациясының вице-президенті Талғар Ахмадиев, Шымкент қаласы жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов, ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төраға орынбасары Есебалы Алиев көпшілікті бүгінгі мерекемен құттықтап, аталған спорт түрлері елімізде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Шымкент қаласының өзінде 600-ден астам жасөспірім осы спорт түрімен шұғылданады.

Жарыс бұқаралық спортты дамыту, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және спортшыларды алдағы додаларға іріктеуді мақсат еткен. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері бүгін анықталады.

Айта кетейік, бұлдан бөлек Шымкентте теннистен жастар арасындағы әлем чемпионатына іріктеу бойынша Дэвис кубогы кезеңінің финалдық ойындары өтті.  Қазақстан командасы әлем чемпионатына жолдама алды. Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы атшабарда аударыспақтан 2000-2005 жылы туған жастар арасындағы XVII ҚР чемпионаты өтті. Жарысқа еліміздің барлық аймағынан, жалпы 202 спортшы келген болатын. Сондай-ақ, үшінші мегаполисте  «Шымкент конькиі-2023» республикалық турнирі өтті. Респубикалық турнирге еліміздің Астана, Алматы қалалары, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау өңірлерінен және көрші Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен 270 спортшы қатысты. Турнирде Шымкент қаласынан 60 мәнерлеп сырғанаушы шеберлігін шыңдады.

Шымкентте жастар арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті

Шымкент қаласының Ұлттық теннис орталығында жастар арасындағы әлем чемпионатына іріктеу бойынша Дэвис кубогы кезеңінің финалдық ойындары өтті. Junior Davis Cup және Juniors Billie Jean King Cup Азия/Океания аймағының жасөспірім қыздар арасында іріктеу сайысының жеңімпаздары анықталды.Теннистен Қазақстан қыздар құрамасы 16 жасқа дейінгілер арасында алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Шымкент қаласында Азия - Тынық мұхит аймағы бойынша өтіп жатқан іріктеу турнирінің жартылай финалында Ярослава Шведованың шәкірттері әлемдегі үздік құрамалардың бірі, жасөспірімдер арасында Билли Джин Кинг кубогінің бес дүркін чемпионы Аустралияны 2:0 есебімен тізе бүктірді. Бірінші ойында Ариана Гогулина қарсыласын тартысты матчта 7:5, 3:6, 7:5 есебімен ұтты. Ол бірінші партияда 2:5 есебімен жеңіліп жатып, қатарынан бес геймді алды. Полина Слепцова Аустралия көшбасшысы Тахлия Коккинисті жеңді - 7:5, 6:4.ҚР Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттап, барша ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Қыздар бәсекесінде Жапония құрамасы топ жарса, ҚР жасөспірімдер командасы екінші орынға иелік етті. Аустралия командасы үздік үшінші орынды жеңіп алды. Осылайша аталған үш команда әлем чемпионатына жолдама алды.Теннистен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына іріктеу елімізде алғаш рет өтіп жатыр. Енді 8 мамыр күні жасөспірім ұлдар бәсекесі басталады. Отандастарымызға сәттілік тілейміз! Естеріңізге сала кетейік, былтыр  Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия/Тынық мұхит аймағы іріктеу турнирінде қазақстандықтар үшінші орынға ие болған еді.  Ол кезде  Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үшінші орын үшін бәсекеде Таиландпен сынға түскен болатын.

«Шымкент барысы-2023» турнирінің жеңімпазы белгілі болды

Шымкент қаласында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай қазақ күресінен «Шымкент барысы-2023» қалалық іріктеу турнирі өтті. Жеңіл атлетикалық спорт кешеніндегі сайыста салмағы 90 келіден асатын, 18 балуан күш сынасты.

Турнирдің ашылу салтанатында Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық қазақ күресі федерациясының президенті Балтабай Асанов іс-шараның маңызы зор екеніне тоқталып, ұлттық спортқа қолдау жалғаса беретінін айтты.

– Ұлттық спорт түрлері ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл мұрамыз. Біз оны көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз аз емес. Шаһарда қазақ күресінен әлемдік деңгейде биік тұғырлардан көрінген, әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Сайыстың Отан қорғаушылар мерекесіне орай өткізілуінің де өзіндік символикалық мәні бар. Отан қорғау үшін күш те керек, рух та керек. Мұндай турнирлердің ұлттық спортты дамыту, нағыз отан қорғаушыларды тәрбиелеуде маңызы зор, – деді қала мәслихатының төрағасы.

Сонымен, әлем және Азия чемпионатының жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберлері қатысқан сайыстың жеңімпаздары анықталды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов бүгінгі белдесулерде топ жарған балуандарды марапаттап, жерлестерімізге алдағы додаларда сәттілік тіледі. Жеңімпазға 1 миллион теңге, екінші орынға 500 мың, үшінші орынға 300 мың теңге сыйақы берілді.

Айта кетсек, «Шымкент барысы» қалалық іріктеу турнирінде белгілі балуан Ерсұлтан Мұзаппаров жеңіске жетті. Жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Мейіржан Әбдімәліков екінші орынға ие болды. Енді олар шілде айында Астана қаласында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық жарысында Шымкенттің намысын қорғайды.

 

«Шымкент конькиі-2023» республикалық турнирі басталды

Мұз сарайында өтіп жатқан респубикалық турнирге еліміздің Астана, Алматы қалалары, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау өңірлерінен және көрші Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен 270 спортшы қатысып отыр. Турнирде Шымкент қаласынан 60 мәнерлеп сырғанаушы шеберлігін шыңдайды.

Төрт күнге жалғасатын республикалық сайыста мәнерлеп сырғанаушылар өз разрядтарын қорғамақ. Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Аманжолұлының айтуынша, мұндай турнир бұқаралық спортты қолдау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

– Спортшыларымызды кәсіби аренадағы үлкен додаларға дайындауда осындай спорттық сайыстың маңызы зор. Бүгінгі шараға көршілес елдерден де мәнерлеп сырғанаушылар келіп отыр. Спорттағы разрядттық санаттары мен жас ерекшеліктеріне сай мәнерлеп сырғанаушылар төрт күн бойы қазылар алқасына өз өнерлерін ұсынады, – деді Е.Дәрменов.

Ашылу салтанатының шымылдығын Қазақстан Республикасының спорт шебері, Шымкент қалалық №8 қысқы спорт түрлерінің олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің спортшысы Олег Мельников мерекелік қойылыммен ашты. Түскі үзілістен кейін жасөспірім мәнерлеп сырғанаушылар турнирді жалғастырды.

Жарыстың мақсаты - Қазақстан Республикасында конькимен мәнерлеп сырғанау спортын насихаттау және дамыту. Конькимен мәнерлеп сырғанаушылардың спорттық шеберлігін арттыру, әр жас тобындағы ең мықты спортшыларды анықтау. Конькимен мәнерлеп сырғанаудан дарынды балаларды анықтау және салауатты өмір салтын насихаттау.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр «Балалар жылына» арналған «Шымкент конькиі - 2022» атты ашық турнирі өткен болатын.
Жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Қызылорда, Ақтау, Ақтөбе, Қостанай,Теміртау облыстарынан, сонымен қатар Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен 350 - ден астам спортшылар қатысқан.

Шымкентте 9 салмақ бойынша аударыспақтан ел чемпиондары анықталмақ

Шымкент қаласындағы атшабарда аударыспақтан 2000-2005 жылы туған жастар арасындағы XVII ҚР чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің барлық аймағынан, жалпы 202 спортшы келген.  Бүгін ел чемпионаты салтанатты түрде ашылды. Іс-шарада аударыспақтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Нұркен Байбөриев, Шымкент қаласы ұлттық және ат спорты түрлері клубының директоры Данияр Мыңбаев аталған сайыс алдағы халықаралық жарыстарға іріктеу екенін атап өтті.

Шымкенттегі жаңа атшабарда 9 салмақ бойынша аударыспақтан ел чемпиондары анықталмақ. Олар алдағы Азия чемпионаты және келесі жылы көшпенділер ойындарына қатысады. Қазіргі уақытта аударыспақ спорты еліміздің барлық аймағында қарқынды дамып жатыр. Биылғы чемпионатқа қатысушылар арасында Азия чемпионаты, ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпаздары бар екенін айта кеткен жөн.ҚР чемпионатына Шымкент қаласынан 22 спортшы жүлделі орындарға таласып көрмек.

Айта кетейік, Шымкентте ұлттық спорт түрімен шұғылданатын азаматтар саны артып, 20 742 адамға жетті. Бұл туралы Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлімдеді. 2022 жылдың статистикалық қорытындысына сәйкес, шымкенттіктердің 42 пайызы, яғни 498 852 адам дене тәрбиесімен айналысып, спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Ұлттық спорт түрлерімен шұғылданатын азаматтар оның 4.1 пайызын құрап отыр. Мегаполисте ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дамыту мақсатында Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы жұмыс істеп келеді.

Қазіргі таңда ұлттық спорт түрінен ҚР Еңбек сіңірген 2 жаттықтырушы еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, ҚР жасөспірімдер, жастар, ересектер құрама командасының тізімінде 1 ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 4 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 8 ҚР спорт шебері, 111 Спорт шеберіне үміткер және І спорттық дәрежедегі 57 спортшы бар.