Сейсенбі, 17 Қараша 2026 08:32

Отырар ауданында халықаралық қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылды

Отырар ауданында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен «Ұлы Жібек Жолы бойындағы керамика өндірісі: дәстүр, технология және жаңғырту» тақырыбындағы халықаралық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесінің ашылу салтанаты өтті.

Іс шараның басты мақсаты - Ұлы Жібек жолы бойында қалыптасқан керамика өндірісінің тарихи дәстүрлері мен технологиялық ерекшеліктерін насихаттау, дәстүрлі қолөнерді сақтау және жаңғырту, сондай-ақ түркі мемлекеттері арасындағы мәдени байланыстарды нығайту. Киелі Отырар өңірінде өткен игі бастамаға шетелдік қонақтар мен отандық шеберлер үлкен қызығушылық танытып, белсене қатысуда. Атап айтқанда, көршілес Өзбекстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясы және еліміздің барлық өңірлерінен келген тәжірибелі керамика шеберлері өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды.

Бұл басқосу жай ғана көрме немесе сауда-саттық алаңы емес, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі қолөнерді дәріптеуге, ұлттық мәдени мұраны жаңғыртуға және халықаралық шығармашылық байланысты нығайтуға бағытталған маңызды мәдени бастама болды. Іс-шараның ашылу салтанатына Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев, Тынық мұхиты мен Орталық Азия қолөнершілер кеңесінің вице-президенті, ҚР қолөнершілер одағының төрайымы, «Біздің мұра» қорының Президенті Айжан Беккулова, ҚР Суретшілер және архитекторлар одағының мүшесі, қыш шебері, дизайнер Марат Сарсебаев, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Айбек Жандосовтар қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жиын барысында аудан өнерпаздары ән шашуларын тарту етіп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Салтанатты шараның маңызды сәті жәрмеңкенің ашылу лентасын қию рәсімі болды. Бұл құрмет Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеевке, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұловаға және қыш шебері Марат Сарсебаевқа берілді. Салтанатты шарадан кейін қонақтар мен қатысушылар қолөнер шеберлерінің арнайы көрмесімен танысып, шеберлік сағаттарын тамашалады.

Отырар атауы аталғанда, ең алдымен, Ұлы Жібек жолының бойында қалыптасқан бай тарих, өркендеген қала мәдениеті, сауда-саттық пен қолөнердің дамуы ойға оралады. Бір кездері Шығыс пен Батысты жалғаған керуен жолдарының бойында орналасқан бұл өлке түрлі халықтардың мәдениеті мен өнерінің тоғысқан мекені болған. Отырардың тарихи келбетін айқындайтын маңызды салалардың бірі – дәстүрлі қолөнер. Әсіресе, қыш жасау өнері көне қала мәдениетімен тығыз байланысты. Археологиялық мұралардан табылған қыш ыдыстар, тұрмыстық бұйымдар мен сәндік заттар ата-бабаларымыздың материалдық мәдениеті мен шеберлік деңгейінен сыр шертеді. Сондықтан халықаралық керамика шеберлерінің басқосуын дәл осы тарихи топырақта өткізу – үлкен мәнге ие. Бұл арқылы Отырардың тарихи мұрасы қайта жаңғырып қана қоймай, оның мәдени әлеуеті халықаралық деңгейде таныла түсті.

Халықаралық жәрмеңкенің ауқымы мен мазмұнына қатысушылар құрамының өзі-ақ айқын дәлел бола алады. Отырар төріне Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясынан тәжірибелі керамика шеберлері жиналды. Олар өз елдерінде қалыптасқан қыш өнерінің ерекшеліктерін, бұйым жасау тәсілдерін, ұлттық нақыштағы өрнектерін және шығармашылық ізденістерін көпшілік назарына ұсынды. Салтанатты жиында сөз алған құрметті қонақтар дәстүрлі қолөнерді сақтаудың, оны заманауи талаптарға сай дамытудың және жас ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ мұндай халықаралық кездесулердің шеберлер арасындағы ынтымақтастықты арттырып, мәдени тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жәрмеңкенің ең қызықты әрі мазмұнды бөлігінің бірі – қолөнер шеберлерінің көрмесі мен шеберлік сабақтары болды. Қыш жасау – тек белгілі бір бұйымды қалыпқа келтіру ғана емес, ол үлкен төзімділікті, дәлдікті, шығармашылық қабілетті және терең тәжірибені талап ететін өнер. Саз балшықты таңдау, оны өңдеу, илеу, қажетті пішінге келтіру, кептіру, өрнектеу және арнайы пеште күйдіру секілді бірнеше кезеңнен тұратын бұл үдерістің әрбір сатысы шеберден ерекше жауапкершілікті талап етеді.

Жәрмеңке барысында қатысушылар қыш бұйымдарын дайындаудың дәстүрлі технологияларын көрсетіп, өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Шеберлік сабақтарында сазбен жұмыс істеудің қыр-сыры, керамикалық бұйымдарды қалыптау және сәндік безендіру тәсілдері таныстырылды. Әр елден келген шеберлердің туындыларынан олардың ұлттық мәдениеті мен шығармашылық қолтаңбасы айқын байқалды. Бір бұйымнан көне дәстүрдің ізі көрінсе, енді бірінен заманауи дизайн мен жаңашылдықтың үйлесімін аңғаруға болады. Осындай кездесулердің құндылығы да осында. Бір елдің шебері екінші елдің тәжірибесін үйренсе, екіншісі өз өнерінің ерекшелігін танытуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде дәстүрлі өнер бір ғана өңірдің немесе мемлекеттің шеңберінде қалып қоймай, халықаралық мәдени кеңістікте дамуына жол ашады.

Халықаралық жәрмеңке аясында шеберлердің жұмыстары бағаланып, үздік өнер иелері арнайы марапаттарға ие болды. Жәрмеңке қорытындысы бойынша бас жүлде – Алматы қаласынан келген Индира Калибекқызы Өзбековаға, І орын – «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының маманы Абайхан Рысбаевқа, ІІ орын – Алматы қаласынан келген Данияр Бабашевке бұйырды. ІІІ орын – Тәжікстаннан келген Бустон Турсуновқа, Қырғызстаннан келген Пиримбек Мурзапаровқа және Отырар ауданынан қатысқан Жанұзақ Ерімбетовке берілді. Бұл марапаттар – шеберлердің тынымсыз еңбегі мен шығармашылық ізденісіне берілген лайықты баға. Әсіресе, Қазақстанның әр өңірінен және көршілес мемлекеттерден келген өнер иелерінің бір алаңда бақ сынауы жәрмеңкенің халықаралық сипатын айқындай түсті. Олардың әрқайсысы өз қолтаңбасымен, өзіндік әдіс-тәсілімен және ұлттық ерекшелігімен дараланды. Бұл дәстүрлі керамика өнерінің әлі де даму үстінде екенін, оның жаңа буын шеберлерінің шығармашылығы арқылы жаңаша сипат алып келе жатқанын көрсетеді.

Жәрмеңкенің тарихи-мәдени маңызын арттырған ерекше бастамалардың бірі – қатысушылардың өз қолдарымен жасаған керамикалық бұйымдарын «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының қорына табыстауы болды. Бұл – үлкен тәрбиелік әрі мәдени мәні бар игілікті іс. Себебі қолөнер туындылары тек тұрмыстық немесе сәндік бұйым ретінде ғана бағаланбайды. Олар – белгілі бір кезеңнің мәдениетін, шебердің дүниетанымын, халықтың эстетикалық талғамы мен дәстүрін бейнелейтін құнды жәдігерлер. Шеберлердің өз туындыларын музей қорына сыйға тартуы арқылы болашақ ұрпаққа сақталатын мәдени мұраның қатары толықты. Сонымен қатар бұл қадам халықаралық жәрмеңкеге қатысқан мемлекеттер мен өнер иелерінің Отырардың тарихи мұрасына деген құрметін де білдіреді. Уақыт өте келе бұл бұйымдар музей қорындағы құнды жәдігерлердің біріне айналып, келешек зерттеушілерге, өнертанушыларға және келушілерге дәстүрлі керамика өнерінің заманауи даму ерекшеліктерін танытуға мүмкіндік береді.

Бүгінде дәстүрлі қолөнерді сақтау мәселесі әлемнің көптеген елдері үшін маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Өйткені жаһандану дәуірінде ұлттық ерекшеліктерді жоғалтпай, төл өнерді жаңа заман талаптарына бейімдеу – үлкен міндет. Осы тұрғыдан алғанда, Отырарда өткен халықаралық жәрмеңкенің маңызы ерекше. Мұнда көне дәстүр мен заманауи шығармашылық өзара сабақтастық тапты. Шеберлер ата-бабадан қалған әдістерді көрсетумен қатар, оларды бүгінгі көркемдік талаптармен ұштастырудың жолдарын да танытты. Қыш өнерінің болашағы оны тек музейлік жәдігер немесе тарихи естелік ретінде сақтаумен шектелмейді. Керісінше, оны күнделікті өмірге енгізу, тұрмыстық бұйымдар мен сәндік композициялар жасауда пайдалану, жас шеберлерді даярлау және шығармашылық кәсіпкерлікті дамыту арқылы дәстүрлі өнердің өміршеңдігін қамтамасыз етуге болады.

Мұндай шаралар қолөнершілердің кәсіби деңгейін көтеруге, өз өнімдерін кеңінен танытуға және халықаралық әріптестік орнатуға да ықпал етеді.Әсіресе, жастардың дәстүрлі өнерге қызығушылығын арттырудың маңызы зор. Себебі бүгінгі жас буынның арасынан ертеңгі кәсіби шеберлер, өнер зерттеушілері мен ұлттық мәдениетті жаңғыртушылар шығады. Сондықтан шеберлік сабақтары мен тәжірибе алмасу кездесулерін ұйымдастыру – мәдени мұраның үздіксіздігін қамтамасыз ететін маңызды тетік.

Халықаралық жәрмеңкенің тағы бір маңызды қыры – Отырардың тарихи-мәдени және туристік әлеуетін кеңінен танытуға қосқан үлесі. Тарихи орындарымен, археологиялық мұраларымен танылған аудан үшін осындай халықаралық мәдени іс-шаралардың өткізілуі өңірдің танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді. Өйткені мәдени туризмнің дамуы тек тарихи ескерткіштерді көрсетумен шектелмейді. Ол сол өлкенің дәстүрін, өнерін, қолөнерін, ұлттық тағамдарын және өмір салтын танытуды да қамтиды.

Отырарда өткен жәрмеңке осы бағыттағы жұмыстардың мазмұнын байыта түсті. Әртүрлі елдерден келген шеберлердің бас қосуы ауданның халықаралық мәдени байланыстарын нығайтып, жергілікті өнерпаздардың тәжірибе жинақтауына жол ашты. Сонымен қатар мұндай шаралар өңірдегі мәдени мекемелердің жұмысын жандандырып, тарихи мұраны насихаттаудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады. Отырардың өткен тарихы мен бүгінгі мәдени тынысын байланыстыратын осындай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тапса, аудан дәстүрлі қолөнерді дамыту мен халықаралық мәдени ынтымақтастықтың маңызды орталықтарының біріне айнала алады.

Отырар ауданында өткен осынау халықаралық қыш шеберлерінің жәрмеңкесі мазмұндық және мәдени маңызы жағынан ерекше іс-шара болды. Ол әр елдің өнерпаздарын бір ортаға тоғыстырып қана қоймай, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі керамика өнерінің бүгінгі тынысын танытты. Бірнеше мемлекеттің шеберлері бас қосқан бұл мәдени алаңда тәжірибе алмасу, кәсіби байланыс орнату, ұлттық өнерді дәріптеу және тарихи мұраны сақтау бағытындағы маңызды жұмыстар жүзеге асты. Ең бастысы, жәрмеңке Отырардың жай ғана тарихи мекен емес, мәдениеті мен өнері дамып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға үлес қосып келе жатқан рухани орталық екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Қыштан жасалған әрбір бұйымның астарында шебердің еңбегі, халықтың тарихы, ұлттың талғамы мен танымы жатыр. Сол себепті қолөнерді қолдау – өткенді құрметтеу ғана емес, болашаққа аманат қалдыру. Отырарда өткен халықаралық жәрмеңке де осы ұлы сабақтастықтың жарқын көрінісіне айналды. Көне Ұлы Жібек жолының бойында өркендеген өнердің бүгінгі ұрпақ қолымен қайта жаңғыруы – тарих пен бүгіннің, дәстүр мен жаңашылдықтың өзара үйлесім тапқанын аңғартады. Өнердің өміршеңдігі – оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуында. Ал Отырар төрінде өткен бұл халықаралық басқосу сол сабақтастықтың үзілмеуіне қызмет еткен тағылымды мәдени оқиға ретінде есте қалмақ.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 16 рет