Шымкентте 4 айда 760 ерекше бала оңалтудан өтті

«Салауатты ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында Шымкентте ілкімді істер жүзеге асырылып отыр. Қуантарлығы, қалада түрлі патологияларды уақтылы анықтау, мүгедектіктің алдын алу, уақтылы сауықтыру мақсатында жоспарлы 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті скринингтермен қамтудың жалпы көрсеткіші 96,7 пайызға жетті. Оның ішінде неонаталдық скринингпен - 98,1%, аудиологиялық скринингпен – 89,2%, психофизикалық даму скринингімен – 99,4%, офтальмологиялық скринингпен – 100% қамту көзделген болатын.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, жүкті әйелдерді жеке және плинараралық пренатальды патронажбен қамту жоспары 87 пайыз болса, бүгінде 90,1 пайызға өсіп отыр. Ал, жаңа туған сәбиден 14 жасқа дейінгі балалар арасында артық салмақпен сырқаттану деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 113,1-ден 75 балаға төмендеген.

Сонымен қатар, Шымкентте 10 медициналық ұйымда балаларға қалпына келтіру және оңалту емі көрсетіледі. 2023 жылдың 4 айында оңалтудан өткендердің 32,6 пайызы, яғни 760-ы мүмкіндігі шектеулі бала. Шымкент қалалық денсаулық басқармасының 2023 жылға арналған жоспарында 35% қамту көзделген. Өткен жылы оңалту емін 682 ерекше бала қабылдап, 33,3 пайызды құраған. Оның ішінде церебральды сал ауруы диагнозымен тіркелген 303 бүлдіршін бар.

Шаһардағы балаларға арналған оңалту орталықтары кәсіби білігі жоғары мамандармен қамтылған. Олар — емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, кәсіби терапевтер, психологтар, логопедтер, дефектологтар, әлеуметтік және түзету педагогтары (ойын және музыкалық терапевттер, Монтессори-терапия мамандары) құрамында дәрігер-реабилитологтармен, педагог мамандар және көпсалалы командалар.

2023 жылы №2 оңалту орталығының базасында неврологиялық және басқа да патологиясы бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі ашылды. Бүгінге дейін 23 бала қалпына келтіру емінен өтті.

Айта кетейік, мегаполистегі балаларға арналған медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында қалалық балалар ауруханасында 180 төсектік жаңа ғимарат ашылды. Нысандағы төсек саны 315-тен 495-ке дейін ұлғайтылды.

 

 

Шымкентте 200-ші бүйрек трансплантациясы сәтті өтті

 

Шымкенттегі қалалық №1 клиникалық ауруханасында 200-ші бүйрек трансплантациясы өтті. Бас дәрігер Абылай Абдужаппарұлының жетекшілігімен жасалған ота сәтті аяқталды.

Дәрігерлердің айтуынша, 1986 жылғы рецепиент 6 жылдан бері бүйрек жетіспеушілігімен кезекте тұрып, гемодиализ аппаратына тәуелді болған. Науқастың 1995 жылғы інісі донор ретінде бүйрегін берген. Әдетте, бүйрек трансплантациясы 7-8 сағатқа созылса, №1 клиникалық аурухананың білікті дәрігерлері отаға небәрі 3-4 сағат уақыт жұмсаған.

Екі жүзінші пациентке аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай бастаған алтын қолды хирургтер - Ж.Сүйгенбаев, А.Калымбетов, Ұ.Мұканова, Р.Үмбетжанов күрделі отаны жасаса, анестезиолог Қ.Айтуов отаның сәтті өтуіне себепші болды.

Абылай Донбайдың айтуынша, Шымкентте бүйрек жетіспеушілігімен Шымкент қаласы бойынша екі мыңға жуық науқас тіркеуде тұр.

Дәрігерлер алдағы уақытта науқастарға жоғарғы медициналық көмек көрсету жүргізілетінін айтады. Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы «Жүрек» орталығында жылдан жылға жоғары технологиялық оталар саны артуда. Былтыр емдеу орталығында 555 науқастың жүрегіне ашық түрде ота жасалған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 100 адамға артық. Ал, былтыр тамыз айында кардиология бағыты бойынша медициналық ұйымда ахуалдық орталық ашылған. Орталық кардиология саласындағы мамандандырылған қызметтердің жұмысына жедел мониторинг жүргізіп, емдеу жұмыстарын жақсартуға мүмкіндік берді. Бұл бағытта 44 амбулатория мен 3 ауруханада кардиологиялық кабинеттер ашылды. Осыған дейін мұнда созылмалы жүрек аурына шалдыққан 8 науқасқа LVAC аппаратын орнату операциясы жасалған. Бұрын мұндай опрерациялар Астана қаласында жасалатын.

 



Шымкентте жаңа сауықтыру орталығы ашылды

Бүгін Шымкент тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсететін «BEL MED» медициналық сауықтыру орталығының лентасы қиылды. Медициналық мекемеде бел-омыртқа, мойын жарығы, остехондроз ауруларын емдеуге басымдық берілген.

Қалада Шымкент тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсететін "BEL MED" медициналық сауықтыру орталығының дәрігерлері бел омыртқасының, мойын грыжасының, остеохондроздың ауруларын емдейді.

Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мулкеманов мұндай медициналық мекемелердің халық үшін қолайлы жағдай жасау үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар, қаламызда медициналық қызметтің сапасын жақсартуда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қызмет көрсететін емханалардың үлесі көп екенін тілге тиек етті.

– Жеке клиникалардың көптеп ашылуы бәсекелестіктің артуына, нәтижесінде медициналық қызмет сапасының жақсаруына ықпал етеді, - деді аудан әкімі Р.Мулкеманов.

Медициналық мекемеде 40 пациентке дейін күндізгі және тәулік бойы қызмет алу мүмкіндігі бар. Орталықта тұзды шахта, әйелдер және ерлерге арналған бассейн, массаж, емдеу кабинеттері және электрофорез бөлімдерінде 22 маман-дәрігер қызмет көрсетеді.

–Біздің өзге орталықтардан ерекшелігіміз – тракциялық емдеу. Бұл терапия бел, кеуде және мойын жарығы немесе протрузиясын емдеу ісінде таптырмайтын әдіс. Орталықтың бірінші қабаты күндізгі стационарға арналса, екінші қабатында науқастар дәрігер-невропатолог, физиотерепевтерден тәулік бойы ем алады. Алдағы уақытта МӘМС арқылы тұрғындарға ақысыз қызмет көрсетуді де жоспарлап отырмыз, - дейді «BELMED» медициналық сауықтыру орталығының бас-маманы, неврорпотолог-дәрігер Нұрсұлтан Қабатаев.

 

Шымкент: АИТВ жұқтырған әйелдерден дені сау сәбилер туылды

Шымкентте АИТВ жұқтырған 646 әйел өмірге дені сау ұрпақ әкелген. Бұл туралы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық мамандары мәлемдеді. Салаға жауаптылардың сөзінше, инфекция жұқтырған аналар мен балалар қоғамға қауіпті емес.

Шымкентте ВИЧ жұқтырған 646 әйел босанған. Орталықта тіркеуде тұратын азаматшалардың барлығы дені сау сәбиді дүниеге әкелген. Инфекция жұқтырған аналардың балаларын дәрігерлер бір жылдан кейін ғана есептен шығарып, диагноз қояды. Салаға жауаптылардың сөзінше, ВИЧ-ке шалдыққандардың басым бөлігі жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар. Өкініштісі сол, инфекция жұқтырғандар ауруын мойындамай, ем жасауға қарсылық танытады. Бірақ АИТВ инфекциясын жұқтырғандар дер кезінде ем алса, өмір сүру ұзақтығы дені сау адаммен бірдей болады дейді мамандар.

АИТВ адам ағзасын әр түрлі инфекциядан қорғайтын иммунды жүйені зақымдайды. Біз АИТВ инфекциясын емдеуде ДДҰ ұсынған хаттамаларды қорлданамыз. Дертке шалдыққан адамның өмірін дәрі беру арқылы ұзартуға болады. Егер дәрі ішіп, уақытылы ем алса өмір ұзақтығы табиғи сау адамен бірге созылуы мүмкін: Сондай-ақ дені сау бала әкеле алады,- дейді Шымкент қалалық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов.

АИТВ инфекциясы бар азаматтарға ЖИТС орталықтарында емдеу жұмыстары тегін жүргізіледі.

Шымкентте ана мен баланың денсаулығын қорғау үшін барлық шаралар қолға алынған

Бұл жайында Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев пен қалалық онкологиялық орталығының бас дәрігері Жақсылық Мәуленовтың жыл басынан бері салада атқарылған жұмыстар жөнінде баяндамасында айтылды.

Медициналық қызмет түрлерінің ішінде стационарлық көмектің алатын орны ерекше. Бұл көмектің екі түрі бар. Бірі – жоспарлы түрдегі стационарлық көмек, екінішісі – шұғыл түрдегі стационарлық көмек. Б.Абдуллаевтың айтуынша, Шымкентте қазір науқастарға стационарлық қызмет көрсету ісі жанданған. Қаладағы 15 медициналық ұйымда 3407 орын әзірленіп, жыл басынан бері 35 мыңнан астам науқасқа қызмет көрсетіпті. Оның ішінде, 11 386 науқас жоспарлы түрде медициналық көмекке жүгінсе, 23 756 науқас шұғыл түрде келіп түскен.

Шымкентте халықтың саулығын жақсартуда оңды игі істер іске асып жатыр. Соның ішінде мегаполис медицинасындағы стационарлық көмек көрсететін емдеу мекемелерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, қазір қалада 1405 төсек-орын әзірленген көп бейінді 4 стационар, 5 монопрофильді стационар, 2 босандыру мекемесі және 4 оңалту орталығы халықтың денсаулығын сақтауда сапалы қызмет көрсетіп келеді, - деді Бақытжан Жүсіпбайұлы.

Брифинг барысында қалалық онкология орталығының бас дәрігері Жақсылық Мәуленов медициналық мекемеде атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады.

Қалалық онкологиялық орталығында 261 төсек-орын әзірленіп, оның ішінде 231 төсек орын ауруханалық, күндізгі бөлімшеде 30 орын және 150 келушіге арналған емханасы бар. Орталықта 2018 жылдан бастап заманауи эндовидеохирургиялық құрылғылырдың орнатылуымен науқастарға инвазивті емес жоғарғы технологиялық операциялар жасау күнделікті тәжірибеге енгізілген. Атап айтқанда, кеуде, іш қуысы органдарының қатерлі ісіктеріне жасалынатын кіші инвазивті операциялар саны жыл санап артқан. 2022 жылдың қорытындысы бойынша орталықта осындай 115 күрделі операция жасалынған. Қазіргі таңда орталықтың хирургия бөлімшесі Шымкент қаласы бойынша кеуде қуысы патологияларына кіші инвазивті операциялар жасайтын жалғыз орталық болып отыр, - дейді орталықтың бас дәрігері.

Өткен жылы онкологиялық орталықта 20 төсек-орынға арналған онкгематология бөлімшесі ашылып, қазір науқастарға жоғары дозалы химио-имунттерапиялық ем жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, орталықтың ішінен ашылған ядролық медициналық бөлімде жоғары сәулелі сызықтық үдеткішті 850 науқас ем алса, ал позитрон-эмиссиондық томография (ПЭТ) КТ арқылы 134 науқас тексеруден өткен.

Шымкент: Ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет сапасы артады

2022 жылы 1,038 миллиард теңгеге 17 медициналық техника алынып, денсаулық сақтау ұйымдары заманауи жабдықтармен жарақтандырылды. Биыл одан 3 есе көп медициналық қондырғы алу жоспарланған. Оның басым бөлігі ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталмақ.

Шымкентте медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Денсаулық сақтау ұйымдарына бекітілген талапқа сай 1 емханаға 30 мың тұрғыннан келуі тиіс. Шымкентте бүгінде 45 емхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Яғни, 1 емханаға орта есеппен 26 мың тұрғаннан келіп тұр. Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыру үшін бұл көрсеткішті 24 мың тұрғынға дейін жеткізу көзделген. Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін ұйым ғимараттарының жағдайына да көңіл бөлініп отыр. Мәселен, өткен жылы қалалық №2 оңалту орталығы мен №1 емхананың балалар бөлімшесі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Ал, биыл №5 емхана мен №1 клиникалық аурухананың бір бөлігі күрделі жөндеуден өтеді. №1 клиникалық ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыс ауқымына қарай 3 жылға жоспарланған. Сонымен қатар, былтыр қалалық балалар ауруханасынан онкогемотология, стоматология бөлімдері ашылған болатын. Биыл офтольмология бөлімін ашу жоспарланып отыр. Ол үшін инфекциялық модульдік орталық ғимаратын балалар ауруханасына бейімдеп, стационарлық орын дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

Қаладағы күрделі диагноз қойылған жүкті әйелдер қалалық перинаталдық орталыққа жолданып келеді. Алайда, тұрғындар санының артуына байланысты орталық жүктемесі шамадан тыс артып отыр. Бұл мәселені шешу үшін биыл №2 емханаға қарасты перзентхана бөлімшесінің қызметін 3 деңгейге жеткізу мәселесі қаралып отыр.

Айта кетейік, Шымкент жүрек орталығы да жыл сайын медициналық қызмет сапасын арттыруға ерекше назар аударып отыр. Бүгінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысында алғаш рет ЭКМО, Tavi, LVAD және стент-графттарды имплантациялау сынды жаңа технологияларды қолданысқа енгізу арқылы жоғары мамандандырылған медициналық көмектің үлесі артқан. Мәселен, былтыр орталық қызметіне 5501 адам жүгініп, оның 75 пайызына шұғыл медициналық көмек көрсетілген.

Шымкентте 3 айлық сәбиден 3 жасқа дейінгі «ерекше» бөбектер оңалту курсынан өте алады

«Елімізде 49 оңалту орталығы ерекше балалардың емінде маңызды рөл атқарып келеді. Оның ішінде мемлекеттік оңалту орталықтарынан бөлек, «Қамқорлық» бастамасының аясында ашылған 22 оңалту және ерте араласу орталықтары бар». Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова Шымкент қалалық №2 оңалту орталығы базасында ашылған «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінің салтанатты жиынында мәлімдеді.

— №2 оңалту орталығы ұзақ жылдардан бері балалардың денсаулығын жақсартуға атсалысып, оңалту ісімен айналысып келе жатқан ұйым. Ғимарат өткен жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен бүгін ерте араласу бөлімшесі ашылып отыр. Оған «Samruk-Kazyna Trust» қоры да атсалысты. Осы оңалту орталығында кешенді ем алуға жағдай жасап отырған демеушілерге алғыс білдіреміз, - деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.

Шымкенттегі «Қамқорлық» ерте араласу орталығы елімізде биыл ашылатын 13 орталықтың алғашқысы болып отыр. Жыл соңына дейін Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында ашылады.

Айтпақшы, биыл ашылатын 13 орталыққа келер жылы тағы 6 орталық қосылмақ.

Елімізде жүз мыңнан астам оңалтуға мұқтаж бала бар. Олардың әрқайсысы үшін оңалту емінің маңызы зор. Халықаралық сарапшылар балалар оңалту емін ерте кезеңнен бастаса, олардың денсаулығы 60-80 пайызға жақсара түсетінін айтып жүр. Сондықтан осындай оңалту емінде ерте араласу орталықтарының жұмысын үйлестіру — елімізде ерекше басымдыққа ие, басты назардағы іс, - деді Мағрипа Хамитқызы.

Шымкент қалалық №2 оңалту орталығының бас дәрігері Айгүл Сапарғалиеваның айтуынша, орталық бүгінге дейін неврологиялық, ортопедиялық және кардиологиялық патологиялары бар 18 жасқа дейінгі балаларға оңалту емін жүргізіп келген. Жыл сайын 1500 бала 100 төсек орынды орталықта стационарлық үлгіде ем алған. Енді оған қосымша «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінің көмегімен 3 айлық сәбиден 3 жасқа дейінгі бөбектер ем ала алады. Неврологиялық диагноздармен, церебральды сал ауруы, Даун синдромы және мидың басқа зақымданулары бар балаларды амбулаторлық үлгіде қабылдауды жоспарланған. Яғни, бөлімше бір мезетте 50 балаға дейін қызмет көрсете алады. Бұл бір жылда 600 балаға оңалту курсынын өтуге мүмкіндік бермек. Бір курс 21 күнтізбелік күнді құрайды.

Салтанатты жиын барысында қаламыздың оңалту орталықтарында тұрақты түрде ем алып жүрген бүлдіршіндер өнерлерін паш етті. Одан соң, Шымкент қаласының әкімі мен қор өкілдері ерте араласу орталығын аралады. Емдік дене шынықтыру залындағы «Бобот» функционалды кушеткасы, емдеуге арналған әртүрлі жұмсақ төсеніштер, валиктер, бұрыштар, «иппотренажер», «Мотомед» тренажері, «Атлант» пневмо-костюмдері, «Корвит» аппаратының қызметімен танысты. Сондай-ақ, су емдеу жабдығы – «Посейдон» құрғақ флоатинг ваннасы, тұзбен емдеу, шунгитті емдеу бөлмелерін және эрготерапевт кабинетінің жабдықталуын көрді.

 

Шымкентке инклюзивті театр келді

Шымкентке "Действие Буквально " Алматы инклюзивті театрының әртістері келді. Бұл Орталық Азиядағы алғашқы инклюзивті театр зертханасы. Труппа құрамында кәсіби әртістер, режиссерлер, музыканттар және психикалық даму ерекшеліктері бар адамдар бар.

Біздің қаламызда Алматыдан келген қонақтар өздерінің білім беру бағдарламасының семинарын өткізді. Мұндай семинарды Шымкентте "Ерекше жол" қоғамдық қорының арқасында өткізу мүмкін болды. Оның өкілдері атап өткендей, қор инклюзивті театр идеясына қызығушылық танытып, оны қаламызда насихаттауға ниетті.

Үш күн ішінде бағдарлама жаттықтырушылары кәсіби инклюзивті труппа құру тәжірибесімен және психикалық даму ерекшеліктері бар адамдармен театр практикасы арқылы жұмыс істеу құралдарымен бөлісті. Яғни, Даун синдромы, аутизм, церебральды сал ауруы бар адамдар кәсіби актерлермен бірге немесе онсыз ойнайтын спектакльдерді қалай құру керек екенін үйретті.

"Біздің зертханаға жеті жыл", - дейді инклюзивті театры зертханасының кураторы драматург Ольга МАЛЫШЕВА.

Семинарды ұйымдастырушылар театр мамандарына, денсаулығының психикалық ерекшеліктері бар адамдарды дамытумен айналысатындарға және тікелей осындай адамдарға арналған практикалық шеберлік сабақтарын көрсетті.

"Бұл даму ерекшеліктері бар адамдар үшін өте пайдалы іс - шара", - деп есептейді "Ерекше жол" Шымкент қорының басшысы Роза БЕРКЕШЕВА.

- Біздің қорды ерекше балалардың 400 ата-анасы ұсынады. Біз Шымкентте насихаттауға ниет білдірген инклюзивті театр идеясымен жандандық.