Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024 11:04

Жетісай ауданында дренаждар іске қосылып, өнім сапасы артатын болады

Негізгі табысы агросектор саналатын Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде ағын су бағасын тұрақтандыру, жеңілдетілген жанар жағар май мен минералды тыңайтқыштардың уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету, егістікке қажетті ағын су тапшылығын төмендету үшін каналдарды жөндеуден өткізу, ауыл шаруашылығы өнімі мен сапасын арттыру мақсатында тік дренаждарды іске қосу, елді мекендердегі жерасты суын төмендете отырып көгалдандыру, абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауында.

Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында өңір басшысы Ынтымақ ауылдық округіндегі тік дренажды ұңғымаларды қазу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, сапасын көрді. Жалпы Жетісай ауданы бойынша қалпына келтірілетін 210 дренаждың құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қараша айында Мақталы, Қызылқұм, Абай, Ынтымақ, Ш.Ділдабеков және Ж.Ералиев ауылдық округітерінде басталған болатын. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстарды «Киикбай стройсервис» ЖШС мен «АРТ Құрылыс» ЖШС мекемелері жүргізеді.

- Жұмыстың сапасы мен барысын бақылау өзімнің жеке назарымда болады. Өйткені, тік дренаждардың дұрыс жұмыс істеуі – аудан шаруаларының мол өнім алып, табыстарын арттыруға, елді мекендерді көгалдандыруға тікелей әсер етеді. Сондықтан, жауапты істі сеніп тапсырған соң сапасын қатаң бақылауда ұстаған жөн,- деді облыс басшысы.

Айта кетейік, ауданда тік дренаждардың істен шығуының салдарынан жер асты суы өз деңгейінен жоғары көтеріліп, егістік алқаптарда өнімнің сапасы мен көлемі төмендеген. Жауын-шашында судың жерге сіңуі қиындап, тұрғындар үйіргелік жерлеріне бау-бақша егуден қалған.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі «ҚазСушар» РМК тапсырысымен «Ислам Даму Банкі» есебінен жүзеге асырылып жатқан тік дренажды ұңғымаларды қалпына келтіру жобасы келер жылдың желтоқсан айында толықтай іске қосылып, нәтижесінде 37 мың гектардан астам суармалы жерлердің мелоративтік жағдайы жақсаратын болады.

Жалпы, Жетісай ауданында ауыл шаруашылғы саласы жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Мұнда шетел инвесторларын тарту жағы да жолға қойыла бастаған. Мәселен, ресейлік инвестормен жоңышқа грануласын, өзбекстандық инвестормен жібек жібін, қант өндірістерін құру жобалары пысықталуда. Сонымен бірге көп салалы реабилитациалық орталық ашу жұмыстары да жүргізілуде. Осы аталған жобаларды жүзеге асыру – ауданда өнеркәсіп саласын дамытуға негіз болады. 2025 жылға дейін қосымша 4 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Жетісай ауданында мал шаруашылығы жақсы дамыған. Жыл жылжыған сайын мал басы көбейіп келеді.Бүгінде Жетісай ауданында 152 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Солардың бірі – Жетісай ауданы Абай ауыл округіндегі «Махарам» шаруа қожалығы бүгінде жұмысын жақсы жолға қойған. Әрбір байланған қошқар орта есеппен 30-35 келі ет береді. Қазірдің өзінде қорада 300 бас жайдары қошқар жемге қойылған. Қожалықта өндірілген ет негізінен Алматы қаласының нарығына шығарылады. Бұдан бөлек, жекелей де сатып алушылардың қарасы қалың.

Аталған шаруа қожалығының өніміне сұраныс мол. Қазіргі таңда «Махарам» шаруа қожалығының иелігінде жалпы саны 5 мың бас қой бар. Олардың жем-шөбі, жалпы бағымы жүйелендірілген. Жетісай ауданында жайылым жер қат болғандықтан мұндағы отарлар Шардара ауданына қарасты құмда ұсталады екен. Сондықтан да күтім талғамайтын қой басы таңдап алынған. Жайдары қойлар шөл және шөлейт жер жайылымына көнбіс, күтім талғамайды. Ұсақ малдың жем-шөбін шауашылық өздері әзірлейді. Ол үшін шаруашылықтың өз егістік аумағы бар. Биыл 20 гектар жоңышқа мен 30 гектар жерге жүгері еккен. Шығымы жақсы болғандықтан өнімі де мол. Ала көктемнен қара күзге дейін тынбайтын шаруалар жоңышқаны 5 рет орып алады. Бұл малдың біраз жем-шөбіне қамсау болады. Егін егетін, оны оратын, жинайтын барлық қажетті техникалары да бар. Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданында 200 мыңға жуық ұсақ мал бар. Бүгінде ұсақ мал ұстап, оны бордақылаумен айналысатындардың қатары артып келеді.

Жайылымды жер демекші, Жетісай ауданында игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімінің 27.03.2023 жылғы №26 санды өкімі негізінде аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің жер қатынастары секторы тарапынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жер учаскелеріне түгендеу жүргізілген.

Нәтижесінде, ауылшаруашылық мақсатындағы игерілмеген жер учаскелерінің көлемі 351,57 га құрап, жер иелеріне Түркістан облысының жер ресурстарының басқару департаменті тарапынан тексеру тағайындау хабарламалары берілген. Соның ішінде 6 гектар жер игерілсе, 4 тұлға игерілмей жатқан 15,42 гектар жерді ерікті түрде мемлекетке қайтарған. Бүгінде 53 жер пайдаланушыларға тиесілі жалпы ауданы 330,2 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген жер телімдерін мемлекетке қайтару бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлері бойынша көшті Қызылқұм ауылдық округі бастап тұр. Мұнда 20 тұлғаға тиесілі 116,8 га жер учаскесі игерусіз болса, Жылы су ауылдық округінде 14 азаматтың 99 га жері қараусыз қалған. Алғашқы үштікті 11 тұлғаның 69,4 га жері игерілмеген Мақталы ауылдық округі түйіндесе, Қарақай ауылдық округінде 26,4 га, Атамекен ауылдық округінде 16 га, Жаңа ауыл ауылдық округінде 14 га, Ынтымақ ауылдық округінде 6 га және Қазыбек би ауылдық округінде 4 га жер көп жылдардан бері игерілмеген.

Одан бөлек, аудандағы қала, кент, ауылдық округтердегі заңсыз құрылыстарды жою бойынша анықтау, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, құжаттары толық алынбаған немесе дұрыс емес және өз мақсатына сай пайдаланылмаған нысандар анықталып, Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына және Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне өз құзыреті шегінде шара көру үшін жолданған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 86 рет