Жексенбі, 05 Мамыр 2024 10:29

Түркістан: қаржы ұйымдары басшыларына шаруаларға қолдауды күшейту тапсырылды

Түркістан облысында дала жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл ретте облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен диқандарға көмек беру шаралары қолға алынған. Өңірдегі «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы тарапынан да шаруаларға қолдау көрсетілуде. Таяуда облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен өткен жиында аталған қаржы ұйымдары басшыларының есебі тыңдалды.

«Оңтүстік» АИО ЖШС-нің басқарма төрағасы Бақбай Әбілдабектің айтуынша, 2023 жылы 8593 млн. теңгеге 846 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы тартылған 6165 млн. теңгеге 802 жоба жүзеге асқан. «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қолдау көрсетілген. 1100 жұмыс орны құрылған.

«Ырыс» микроқаржы ұйымының басшысы Мұхит Мыңбаев былтыр 5892 млн. теңгеге 883 жоба қаржыландырылғанын мәлімдеді. 2024 жылдың І тоқсанында көктемгі егін егу және жинау жұмыстарын жүргізу және ауыл шаруашылық субъектілерін қаржыландыру жұмыстары жүргізілген. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның ««АгроБизнес» бағдарламасы бойынша 124 жоба, «Кең дала» бағдарламасы бойынша 302 жоба, жалпы 426 жоба қаржыландырып, бөлінген қаражат толық игерілген.

Жиында алған қаржыны уақтылы қайтармай жүрген тұлғалардың мәселелері де сөз болды. Облыс әкімінің орынбасары қаржы ұйымдарының басшыларына шаруалармен белсенді жұмыс жүргізіп, көмектесуді тапсырды. Жобаларды уақтылы жүзеге асырып, сүйемелдеу маңызды екенін жеткізді. Аудан, қала әкімдеріне су үнемдеу технологияларына басымдық беру жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге жеңілдетілген жанар-жағармайға тапсырыс беру жұмыстарын жандандыруды жүктеді.

Бұл ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы әзірленуінің де зор пайдасы тиіп жатқанын атап өту қажет. Тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған.

Тұжырымдама жобасы 2023 жылдың ақпан айының 7 – 10 күндері аралығында облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен барлық аудан, қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, бөлім басшылары, мамандарымен  жан-жақты талқыланып, 2023 жылға арналған 37 даму көрсеткіші ауыл округтері кесіндісінде, аудан/қала әкімдерімен бекітілгенін айта кетейік.

Сонымен, 2023 жылы келесі көрсеткіштерге қол жеткізіледі:

Егіс көлемін 860 мың гектарға орналастыру;

Бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасын 9303 гектарға енгізу;

Қосымша 93 гектарға жылыжайлар салу;

Су үнемдеу технологиялары ендірілген алқапты 39,2 мың гектарға жеткізу (Оның ішінде 9,9 мың гектары — жаңбырлатып суғару);

Жаңадан 665 гектарға — қарқынды бау, 120 гектарға жүзім отырғызу;

Сақтау қуаттылықтарын қосымша 29,3 мың тоннаға арттыру;

1346 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын алу;

Жылдық қуаттылығы 40 мың тоннаға жеміс-көкөніс өңдеу, 17 мың тоннаға ет өңдеу, 37 мың тоннаға сүт өңдеу кәсіпорындарын ашу;

1000 бастан жоғары 13 бордақылау алаңын, 200 бастан жоғары 4 сүт фермасын ашу;

4 бірлік ірі құс фермаларын ашу және жалпы 270,0 мың басқа отбасылық құс шаруашылықтарын ашу;

4 бірлік тоқыма, тігін және 6 бірлік жүн, тері өңдеу кәсіпорындарын ашу.

Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 75,2 миллиард теңге, тамақ өнеркәсібіне 11 миллиард теңге жеке инвестициялар тартылып, жалпы өнім көлемі 1 триллион 127 миллиард теңгеге жеткізіледі (НКИ – 103 %). Көрсеткіштердің орындалуы бойынша ағымдағы жылдың I-ші тоқсаннан бастап рейтингтік бағалау жұмыстары ай сайын жүргізілетін болады. Сала бойынша негізгі 6 бағытты дамытуға басымдылық берілді.

ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ.

Жылыжайлар көлемі 690 гектарға ұлғайып, 2259 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде, алынған өнім көлемі 3 есеге дейін артып, 243,8 мың тонна өнім өндіріліп, Республика халқы қажеттілігі маусымаралық кезеңде 112 % қамтамасыз етіледі. (Республика халқының қажеттілігі — 217,2 мың тонна).

Оның ішінде, 500 гектарға жылыжайларға агроиндустриалды аймақ құру жобасы бойынша Келес, Ордабасы, Қазығұрт аудандарында жер телімдері нақтыланды, Сайрам, Сарыағаш аудандарында жер телімдерін бөлу мәселелері қарастырылуда.

Анықтама ретінде айта өтейік, Агроиндустриальды аймаққа 500 гектар жылыжай салуға жеңілдіктер қарастыру мақсатында, несие желілерін ашу, «Инвестициялық салымдарды субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде фермерлік жылыжайларды инвестициялық субсидиялауға жөнінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстар енгізілді.

ҚАРҚЫНДЫ БАУ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ.

Алма өндірісін арттыру бойынша қарқынды баулар көлемі ұлғайту жұмыстары жалғасуда. Жоспар бойынша егіс көлемі 4740 гектардан 8520 гектарға жеткізіледі (+3780 гектар). Облыс халқын алма өнімімен қамтамасыз ету 125,1 %-дан 153,5 %-ға артады (2022 жылы 125,1 мың тонна – 2027 жылы 160,3 мың тонна).

ЖЕМІС-КӨКӨНІС ӨНІМДЕРІН САҚТАУ ЖҮКТЕМЕЛЕРІН АРТТЫРУ.

Қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 38,0 мың тоннаны құрайтын 20 бірлік жеміс-көкөніс сақтау қоймасы бар. Ал облыста жылына 1,7 миллион тоннаға жуық жеміс-көкөніс, картоп өнімдері өндіріледі. Сондықтан бүгінгі күні аудан, қала әкімдіктерінің маусым аралық кезеңде баға тұрақтылығын сақтау шараларын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндіктер жоқ. Осыған орай, Тұжырымдама аясында 142,3 мың тонна жаңа қуаттылықтарды құра отырып, маусым аралық кезеңде жылына 250-300 мың тонна тауар айналымын жасауға қол жеткізіледі.

МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУ.

Тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді болып отыр. Елде мақта талшығын терең өңдейтін 3 кәсіпорын бар («Azala Textile» ЖШС, «Azala Cotton» ЖШС, «Ютекс-KZ» АҚ). Бүгінгі таңда тек 2 кәсіпорын жұмыс істейді, облыста өндірілген мақта талшығының 18 %-ға жуығы қайта өңделеді.

Бұл ретте мақта кластерін дамыту үшін 5 жылда Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу көзделуде. Нәтижесінде, мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17,0 мың тоннадан, 66 мың тоннаға ұлғайтылатын болады. Қазіргі таңда, жалпы құны 22 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны мемлекеттік жылдық 4% мөлшерлемемен несиелендіру жөнінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс енгізілді. 

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ (ЕТ, СҮТ, ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ).

Мал шаруашылығын дамытуда мал мен құс басын арттырумен қатар, 1000 бастан жоғары 38 бірлік ірі бордақылау алаңын ашып, жалпы 126,2 мың басқа бордақылау алаңдарын құру есебінен, сиыр етімен облыс халқын қамтамасыз ету көлемін 120,1 %-дан, 173,9 %-ға ұлғайтуға қол жеткізіледі. Ал республика халқын қамтамасыз ету көлемі13,3 %-дан 20 %-ға жетеді.

200 бастан жоғары 68 бірлік тауарлы сүт фермасын 26,0 мың басқа құру есебінен сүт өндірісі қосымша 98,3 мың тоннаға ұлғайтылады. Сонымен қатар, құс шаруашылығында 5000 бастан жоғары 365 бірлік отбасылық құс фермасын, 18 бірлік құс фабрикасын ашу есебінен, облыс халқын құс етімен қамтамасыз ету көлемін 11,6 %-дан 45% -ға,  жұмыртқамен қамтамасыз ету көлемін 45 %-дан – 60 %-ға жеткізілетін болады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 203 рет