Бейсенбі, 17 Қазан 2024 17:50

Түркістанда ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай «Agrofest Turkistan - 2024» шарасы өтті

Түркістан қаласында өз несібесін жерден терген, қажырлы еңбектерімен қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының нығаюына қомақты үлес қосып келе жатқан Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай «AGROFEST TÚRKISTAN - 2024» салтанатты шарасы өтіп жатыр. Бұл күні тұрғындарға ала жаздай ризық-несібесін жерден терген өңір диқандарының 3000 тоннадан астам өнімдері ұсынылды. «Керуен сарай» туристік кешенінде ұйымдастырылған мерекелік шарада асыл тұқымды мал шаруашылығы мен техникалар көрмесі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі және Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтуде.

Ауқымды шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығы техникалар көрмесін көріп, «Тұран су» МКК, «Ветеринариялық қызмет» МКК-на арнайы техникалар табыстады. Ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесін аралап, кол өнер шеберлерінің жұмыстарымен және мал шаруашылығы көрмесімен танысты. Еңбек адамдарына құрмет көрсеткен облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласы өкілдерін құттықтады.

– Халықтың әл-ауқатының жоғары болуы – агроөнеркәсіптік кешенінің дамуымен тығыз байланысты. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында облыстың агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Түркістан облысы аграрлық саланы дамытуда елімізде жетекші орынға тұрақтаған. Ауыл шаруашылығында еліміздегі жалпы өнім көлемінің 14 пайызы өндіріледі. Биыл 9 айда 747 млрд. теңгеге жуық өнім өндірілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп, бұл салаға ерекше мән береді. Осы тұрғыда, өнімділікті арттыру және жаңа технологияларды ендіру бағытында, біз көршілес Өзбекстан, Қытай және Түркия, Австралия мемлекеттерінің оң тәжірибелерін ендіруіміз қажет. Облыстың табиғи – климаттық қолайлығы, жұмыс күші тұрғысында саланы жан-жақты дамытуға мол мүмкіндіктер береді. Заман көшінен қалмай, біз өрлеу үшін алдымызға ауқымды жоспарлар түзіп, биік межелерді белгілеп отырмыз. Сіздерге адал еңбекпен еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүргендеріңіз үшін құрметпен алғысымды білдіремін. Өздеріңізбен бірге, облыстың аграрлық саласының жаңа бағытта дамуына қол жеткізетіндігімізге үлкен сеніммен қараймын. Өйткені, Түркістан өңірінің еңбекқор елі, құнарлы жері бар. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, береке мен бірлік тiлеймiн! Еліміздің игілігі жолында жаңа табыстарға жете беріңіздер. Мереке құтты болсын! - деді Дархан Сатыбалды.

Салтанатты шарада облыс әкімі бір топ азаматты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Жиында облыстың аграрлық саласының дамуына белсенді үлес қосып келе жатқан озат агроқұрылым басшылары мен өкілдеріне де құрмет көрсетілді.

Сондай-ақ облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде даму көрсеткіштерін орындауда алғашқы үштікке енген және негізгі капиталға инвестиция тартуда озат аудан, қала әкімдері облыс әкімінің дипломымен марапатталады. Бірінші орынды қайта өңдеу саласын дамытуда көш бастаған, 13 даму көрсеткіштері бойынша алғашқы орынға шыққан, жалпы өнім көлемі 108,7 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 129,8 пайызға жетіп, облыстық көрсеткіштің орындалуын қамтамасыз еткен Сайрам ауданы әкімдігі жеңіп алды. Екінші орынды Қазығұрт ауданының еңбеккерлеріне бұйырса, үшінгі орынға Жетісай ауданы лайық деп танылды.

«AGROFEST TÚRKISTAN - 2024» мерекелік іс-шарасы Қазақстанның жарық эстрада жұлдыздары «Мұзарт» тобы, Қайрат Нұртас және Мирас Жүгінісовтың қатысуымен кешкі гала - концертпен жалғасатын болады. Айта кетейік, Түркістан облысында бұл салада мақта кластерін дамыту, Австралия тәжірибесі негізінде ет кластерін құру, Жібек шаруашылығын дамыту, субтропикалық жылыжай шаруашылығын ұлғайту, қайта өңдеу саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген. Алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2,2 есе арттыру көзделген.

Облыста 80 мыңға жуық агроқұрылымдар жұмыс жасайды, бұл республикалық көрсеткіштің 31 пайызы. Өңірімізде 1 млн. ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы ауыл шаруашылығына тікелей қатысты. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар 1,6 есеге дейін артып, 148 млрд.теңгеге жетті. Қайта өңдеу көлемі 94 млрд. теңгені құрады. Ет экспорты бойынша облыс – еліміздің көшбасында келеді. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің – 80 пайызы, ұсақ мал етінің – 75 пайызы Түркістан облысының үлесінде.

Биыл облыста ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыруда кешенді шаралар қабылданды. Мемлекет басшысы Үкіметке ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейтуді тапсырып отыр. Осы тұрғыда, облыста су үнемдеу технологияларын жаңадан 17 мың гектарға ендірілді. Технологияның қол жетімділігін арттыру үшін, 3 жергілікті зауыт іске қосылды. Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын ендіру шығыстарының 80 пайызын субсидиялау жүргізуде.

Бұл салаға жаңа технологияларды ендіруге басымдық берілген. Биыл ағын сусуды, энергияны, еңбек ресурстары мен минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, жаңа технологиямен 2 мың гектарға егілген мақта дақылы 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. «ҚазАгроҚаржы» Акционерлік қоғамының жылдық 5 пайыздық қол жетімді лизингтік бағдарламаcы іске қосылды. Нәтижесінде, 9 айда жаңадан 1 603 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, облыстағы техникалар паркі 6,3 пайызға жаңаланды. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.

Өңірдегі су нысандарының құрылысын «Ислам даму банкі» арқылы қаржысын тарту есебінен жүргізу келісілді. Бірінші кезеңге құны 73,6 млрд. теңгеге 14 жоба қаржыландырылады. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталады. Нәтижесінде, 166 шақырым канал бетонмен қапталып, 53,3 мың гектар суармалы жерге су жеткізетін болады. Екінші кезеңге 2025 жылға 23 нысанға жобалық сметалық құжаттамалар әзірленуде. Жобалардың болжамды құны 120 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар коммуналдық меншіктегі 11 су нысанын «Қазсушар» республикалық мекемесі теңгеріміне беру арқылы «Ислам даму банкімен» қаржыландырылады. Нәтижесінде, 151 шақырым канал бетонмен қапталып, 78,7 мың гектар ағын сумен қамтамасыз етіледі.

Түркістан қаласын дамыту, өңірді өркендету бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі (1,8 трлн.тг. үлесі 64%). 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9347 жұмыс орны құрылды. Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Облыс 5 айда 196, 1 млрд. теңге инвестиция тартып, өсім қарқыны бойынша республикада алдыңғы орында тұр.

Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылы Түркістан қаласының жалпы өңірлік өнім көлемі 370 миллиард теңгені құраған.  2021 жылмен салыстырғанда, руһани астанада жалпы өңірлік өнім көлемі 38 пайызға артқан. Биылғы жылдың 4 айында бұл көрсеткіш 15 пайызға артып, 78 миллиардқа жеткен.

Құрылғанына 5 жылдан асқан облыс орталығында кәсіпкерлердің де саны артыпты. Шағын және орта бизнестің 22 мыңнан астам субьектісі тіркелген. Былтыр олар өндірген өнім көлемі 225 миллиард теңгені құраған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 26 миллиард теңгені құрап, жоспар 1,8 миллиардқа артығымен орындалды. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі болса, былтыр 356 миллиард теңгені құрап, жоспар 7 миллиардқа артығымен орындалып отыр.

Байқасаңыз, Түркістан қаласының экнономикалық көрсеткіштерінде оң өзгеріс көп. Бұл сандарды, назарларыңызға бекер ұсынып отырған жоқпыз. Көрсетілген миллиардтар артында орасан еңбектер бар және қала халқының әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін факторлар. Тағы бір тоқталатын маңызды мәселе тұрғын үй. Былтыр қалада құрылыс жұмыстарының көлемі 218 миллиард теңгеге жеткен. Жоспар 13 миллард теңгеге артығымен орындалып ғана қоймай, пайдалануға берілген тұрғын үй саны да артқан. Яғни,  құрылысы біткен тұрғын үйлердің шаршы метрі 417 мыңға жетіп, жоспар 23 мың шаршы метрге артығымен орындалыпты.

Түбі бір түркі елдері рухани орталық ретінде қастерлейтін Түркістан қаласы қазір алып құрылыс алаңына айналды, дамудың жаңа сатысына көтерілді. Қала қазір 3 бағытта дамып келе жатыр. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағы толығымен абаттандырылып, келушілерге қолайлы жағдай жасалуда. Ясауи мен Рәбиға Сұлтан Бегім кесенелерін қалпына келтіру, Әзірет Сұлтан қорық-мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе көне қонысының тарихи орындарын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тарихи, мәдени орталық көз қуантатындай жасалып келеді. Осындай рухани, мәдени орталықта Визит орталығы, «Ұлы дала» орталығы, Ясауи музейі, Фараб кітапханасы, театр, республикамыздағы алғашқы халықаралық туристік және меймандостық университеті сияқты бірнеше маңызды нысан бой көтерді. Түркі жұртының рухани астанасы Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейінгі туристердің қызықтап, арнайы ат басын бұратын орынның бірі  «Керуен сарайы». Нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерді. 188 гектар аумақты алып жатқан кешен шаһарға ерекше көрік беретін ауқымды жоба. Мұнда қонақүйлер, кинотеатрлар, мейрамханалар мен тарихи-сауда көшесі бар. Сондай-ақ, жасанды көл кешеннің көркін келтіріп тұр. Бұл алып кешен Түркістанның рухани-мәдени орталығының бір бөлігі ғана дерсіз. Себебі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің аумағы толықтай түрленіп, сәулеттік сән салтанаты жарасқан орынға айналды. Осыдан үш жыл бұрын құрылысы қызған сектор аумағында қазір бірнеше мұражай, технологиялық кітапхана, театр мен неке сарайы бой көтерді. Түркістанда туризмді дамытуға басымдық берілген. Жан-жақты жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларға қолдау көрсетіліп, екі жақты келісім жолға қойылды.

Жергілікті инвесторлар тарапынан қала аумағында – жалпы құны 351 млрд. теңге болатын және 3 920 жоспарлы жаңа жұмыс орындарымен қамту мүмкіндігі бар 233 әр түрлі саладағы инвестициялық жобаның пуллы қалыптастырылып, іске асырылуда. Одан бөлек, Түркістан қаласына жаңа инвестициялық жобаларды тарту мақсатында жалпы құны 37,6 млрд. теңге болатын және 1 000-ға жуық жаңа жұмыс орындарын құратын шет елдік 26 ірі инвестициялық жобалармен келіссөздер жүргізілуде. Жыл басынан бері құны 6,6 млрд.теңге болатын және 160 жаңа жұмыс орнын құратын 5 ірі инвестициялық жоба іске асырылды. (Тұран Мебель БК ЖШС, Қазақстан Нұр 001 ЖШС, Гранд Строй Каз ЖШС, Мырза ШҚ, Арыстанбаева ЖК).

Қазіргі таңда аймақта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өнім шығарылымы 82,8 млрд.тг. құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 11,3% артқан. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 22 292 бірлікті құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 25,5% құрады. Ал өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 18,8 млрд.теңгенiң өнімі өндіріліп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 4,3% артты. Сала мамандары биыл инвестиция саласы бойынша көрсеткіште оң динамика қалыптасқанын айтады. Яғни, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 245,8 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 23,3% артқан. Оның ішінде: жеке инвестиция көлемі 154,6 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 55% құрады.

Расында, халық табысының өсуі үшін көптеген жағдайлар жасалғандықтан, қаламызда кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны артып келеді. Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге айтарлықтай ықпалын тигізіп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер 17 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6%-бен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 млрд. теңгеге қаржыланып отыр.

Осы орайда облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.

Айта кетелік, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жүйелі жұмыстар нәтижесінде «Еңбек» бағыты бойынша 7 143 азамат жоспарланса, 6 501 азамат белсенді шараларға тартылды. Атап айтсақ, 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 201 азамат уақытша ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, 535 жас түлек «Жастар практикасымен», 102 жас алғашқы жұмыс орындарымен, 175 азамат – «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылса, 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.

2023 жылғы  Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда көлемі 11,4 млн. АҚШ долларын немесе 2022 жылғы қаңтар деңгейіне 98,5% құрады, оның ішінде экспорт, тиісінше – 6 млн. АҚШ долларын немесе 171,1%, импорт – 5,4 млн. АҚШ долларын немесе 66,6% құрады. Сонымен қатар, өңір ауылшаруашылық өнімдерінің ең ірі жеткізушісі болып табылады. Облыстың үлкен артықшылығы — тез дамып келе жатқан және халқы тығыз орналасқан Ташкент елімен көршілес. Тиісті инфрақұрылымды дамыту кезінде шекара маңы ынтымақтастықтың ірі орталығына айналуы мүмкіндігі жоғары.  

Өнеркәсіпті дамытудың перспективалы бағыттары тау-кен өндіру өнеркәсібі, машина жасау, тамақ өнімдерін өндіру, құрылыс материалдарын өндіру екені белгілі. Тау-кен өнеркәсібінің дамуы өнеркәсіптік айналымға перспективалы барит кендерін, мыс пен кенді емес пайдалы қазбаларды тартумен байланысты болады. экономикасының негізгі құраушы көзі  ауыл шаруашылығы (18,2%), өнеркәсіп (18,4%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (10,1%), құрылыс (9,2%), көлік және қоймалау (9,0%) болып табылады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 53 рет