Кеш барысында №20 Д.Құрманбек атындағы колледждің тарих пәнінің мұғалімі Әбдешбек Айгүл оқушыларды өз Отанын сүюге, Қазақстанда тұратынын мақтаныш етуге, туған халқының тілін, мәдениетін, салт – дәстүрін қастерлейтін саналы да парасатты азамат болуға шақырды. Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Сәуірхан Сұлтан Республика күніне арнайы мерекелік арнауын арнады. Студент жастар мерекеге арналған өлеңдерін оқып, ән-жырдан шашу шашты.
Сондай-ақ, Отырар ауданы, «Сейітжан Құртаев атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 25-қазан Республика күніне орай мектеп оқушыларының құттықтау челленджі ұйымдастарылды. Бұл іс-шарада мектеп оқушылары Республика күнінің маңызы мен мәртебесін сөз ете отырып, қазақстандықтарды төл мерекемізбен құттықтағанын айта кетейік. Сонымен қоса, аталмыш мектепте 25-қазан Республика күніне орай 6-11сынып аралығында оқушылардын қатысумен сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Оқушылар мектеп ауласы мен көше бойындағы қоқыстарды тазалап, көпке үлгі бола білді. Содан кейін осы "Сейітжан Құртаев атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 25-қазан Республика күніне орай мектеп оқушылары әнұранды шырқады. Мектеп кітапханашысы М. Малдыбаеваның ұйымдастыруымен оқушылар арасында «Қыран елім-Қазақстан» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті.
Және де айта кетерлік бір ақпарат, Отырар ауданындағы М. Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде ұлттық мереке - Республика күніне арналған 9-сынып оқушыларының бастамасы бойынша ұйымдастырылған «Көк байрақты құт мекенім» атты флешмоб акциясы өтті. Іс-шара барысында патриоттық тәрбиеге, мемлекеттік рәміздерге деген құрметке ерекше көңіл бөлінді. М. Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде Республика күніне орай «Мектеп тынысы» атты мектеп газетінің алғашқы номері 150 данамен шығарылды. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп қазақтың біртуары Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мектептің тыныс-тіршілігіне тоқталды. Мектептің тәрбие жүйесінде оқушыларды рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық, көркемдік-эстетикалық тәрбиесінің іске асыру барысында мектеп газетін ұйымдастыру оқушылар үшін тың ізденіс болды.
Ендігі жерде Республика күні мерекесінің тарихына, оның маңызына, басқа мерекелерден айырмашылығына аз-кем тоқтала кетсек артық болмас. Өздеріңіз білетіндей, биыл Қазақстан бірнеше жылдардан кейін алғаш рет Республика күнін тойлауда. Бұл күн мереке қатарынан алынып тасталғанымен, биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітті.
Мереке тарихынан сыр шертсек...
Алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды. Бұл жарлыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің No307-XII жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ал 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, ұлттық мереке болып жария етілді. Ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды.
Республика күнінің мәртебесі қалай қайтарылды?
2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. "Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні яғни 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.
Ұлттық мереке мен мемлекеттік мерекенің айырмашылығы не?
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Республика күнін мемлекеттік мереке мәртебесіне қайтаруды "маңызды және тарихи шешім" деп атады. "Осы заңға сәйкес 25 қазан - Республика күні мемлекеттік мереке болып бекітіледі. Бұл - тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде бекіту мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан маңызды қадам болып табылады. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізеді деп сенеміз", - деді Мәулен Әшімбаев. Қазақстандықтар Республика күнінде қанша күн демалады? Премьер-министр Әлихан Смайылов қазан айының басында қол қойған үкімет қаулысына сәйкес, биыл Республика күніне орай қазақстандықтар бірден үш күн демалады. Яғни 23, 24 және 25 қазан демалыс күні болып саналады. Ал 22 қазан, сенбі - жұмыс күні болып есептеледі. "Биыл 25 қазанда еліміздің ұлттық мерекесі ретінде алғаш рет Республика күні аталып өтеді. Демалыс күнін ауыстыру жұмыс істейтін қазақстандықтарға мереке кезінде демалысын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді", - деп мәлімдеді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.
1990 жылы 25-қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз Тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Осыдан кейін «Республика күні еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» деген ұран пайда болды. Қабылданған Декларацияда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі жарияланды. Одан бөлек, мемлекетке ішкі әскер, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығы берілді. Ал Президент Мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16-желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданғаны бәрімізге белгілі. Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Бұл – тарихи және өте маңызды шешім болды. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізеді деген сенім бар.
Айта кетейік, Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Алайда 2009 жылы алынып тасталып, 2022 жылдың 16-шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, «25-қазан Республика күні» – ұлттық мерекеге, ал «16-желтоқсан Тәуелсіздік күні» – мемлекеттік мерекеге айналды. Бұл – тәуелсіздік күнін «еске алу», «қазалы күн» деген тіркестермен халық санасына сіңіру болып тұр. Биыл бәрі өзгермек. Әр мерекеге тарихи баға беріліп, халық санасына қозғау салатындай бағдар көрсетілді. 13 жылдан кейін оралған Республика күні құтты болсын, қазақстандықтар!
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»