Шымкент: «STEM пәндерін ілгерілету» сөз болды

«Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалының бастамасымен ҚР Президентінің Жолдауы аясында «Университеттердің білім беру бағдарламаларында STEM пәндерін ілгерілету» тақырыбында кездесу өтті. Жиынды ОҚМПУ оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Анарбаев жүргізіп отырды.

— STEM (Science, Technology, Engineering, Mathematics) -  ғылым, технологиялар, инженерия және математика ұғымын білдіреді. STEM негізінде бұл түсініктің жаңа нұсқалары пайда болды, солардың ішінде кең таралғаны STEAM  және STREM. STEAM-да өнер саласы,  STREAM-да робототехника бағыты қосылып тұр.  Қазіргі уақытта STEM әлемдік білім берудің басты трендтерінің бірі болып табылады. Бұл ұғымның маңызы —білім-ғылымды өмірде, өндірісте ұштастыра білумен құнды, - деп атап өтті Қ.Анарбаев.

«Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілі Бақтыбай Әлипов Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауындағы білім-ғылым мәселесіне тоқталды.

— Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында экономикалық даму, мемлекеттік басқару ісін жаңғырту, өнеркәсіпті күшейту, білім және ғылым, мәдениет, бизнес салаларына айқын тоқталды. Президент әр Жолдауда жастар мәселесі мен білім-ғылым саласының жайына айрықша мән беріп келеді. Мәселен, 2-6 жас аралығындағы балалардың толық балабақшамен қамтуды тапсырды. Сондай-ақ, Қ.Тоқаев: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» дей келе, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын тиянақты жүзеге асыруды міндеттеді. Қуантарлық жағдай, бүгінде Шымкентте апатты мектептер мүлде жоқ. Енді бірер жылда 3 ауысымды мектептер де болмайды. Ендігі мақсат — ауыл және қала мектептерінің білім сапасындағы айырмашылықты едәуір азайту. Ол мына сіздердің, жас, білікті мамандардың қолында, - деді ол.

Ал, аталмыш оқу орнының Физика-математика факультетінің деканы Ақмарал Ибашева универститет қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

— STEM – оқытудың біріктірілген тәсілі, оның шеңберінде академиялық ғылыми-техникалық тұжырымдамалар шынайы өмір контексінде зерттеледі. Мұндай тәсілдің мақсаты – мектеп, қоғам, жұмыс және бүкіл әлем арасында STEM-сауаттылықты дамытуға және әлемдік экономикадағы бәсекеге ықпал ететін нық байланыстарды орнату. Бүгінде физика-математика факультеті ғана емес, бүтін оқу орны бұл салаға ерекше мән беріп отыр. Біз жыл сайын қолымыздағы бар дүниелерді пайдалана отырып, түрлі құрылғылар ойластырып жүрген студенттеріміз үшін көрме ұйымдастырып отырамыз. Технологияның жетістіктерін пайдалана отырып, QR-код негізінде тарихи-танымдық ақпарат беретін орталықты жабдықтап шықтық. Яғни, тек техниканың тілін меңгеріп ғана қоймай, оны мәдениетіміз бен әдебиетімізді дамытып, тарихымызды дәріптеу мақсатында қолдана білуіміз шарт, - деді А.Ибашева.

Жиын соңында студенттер көкейтесті сауалдарын қойып, пікір алмасты.

 

"Aq-qara.kz" ақпарат

Түркістан: «Жасөспірімдер мен жастар арасында теріс ағымдардың ықпалын алдын алу» жиыны өтті

Түркістан қаласы Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде ағымдағы жылдың 7 қазан күні «Жасөспірімдер мен жастар арасында теріс ағымдардың ықпалын алдын алу» тақырыбында 8-9 сынып білім алушыларымен кездесу өткізілді. Кездесуге Түркістан қаласы әкімдігің Ішкі саясат бөлімінің маманы Айсұлу Марат және Дін мәселелерін зерттеу орталығының дінтанушы–теолог маманы Асхат Дүйсен қатысты. Кездесудың мақсаты - жастарға дін жайында ақпарат беру, теріс ағымдардың ықпал етуінің алдын алу. А.Дуйсен мырза өз баяндамасында секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыруымыз керектігін және «деструктивті діни ағым», «діни экстремизм», «діни терроризм» ұғымдарының бір-бірінен қандай ерекшелігі бар екенін айтып түсіндірді. Діни экстремизм деп діни дұшпандылық пен жек көрушілікті қоздыру мақсатымен мемлекеттің аумақтық біртұтастығы мен тәуелсіздігін бұзу және мемлекеттік құрылысты күшпен басып алуға үгіттейтін дінге негізделген немесе діни элементтерді қамтыған қауіпті іс-әрекетті айтамыз. Кез келген діни ағымның деструктивтілігі оның мақсаттарынан және іс-әрекетінің нәтижесінен аңғарылады. Теріс пиғылды ағымның арбауына түскен адамның жеке өмірінің деңгейі, сондай-ақ оның әлеуметтік, физикалық, экономикалық, рухани және моральдық жағдайы бұзылады. Соның салдарынан отбасы мен қоғам зардап шегіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді.

Бүгінгі күннің бет алысына қарай мың құбылып, сабан астынан су жүгіртуді көздейтін деструктивті діни ағымдармен біз ымырасыз күресуге тиістіміз. Өйткені, деструктивті діни ағым өкілдері жоққа шығарғысы келген дәстүрлі құндылықтарымыз ұлтымыздың қаны мен жаны болып есептеледі. Ал, рухани құндылықтарсыз мемлекеттің болашағы бұлынғыр. Яғни, дәстүрлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтау заман талабы. Жаһандық деңгейде әрекет ететін деструктивті ағымдардың ықпалымен күресте қоғамда ұлттық және діни-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ғана біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз. Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу мәселесі ең алдымен әр отбасының шеңберінде қарастырылуы керек. Бұл бағытта ата-ана, мектеп бірлесіп жұмыс атқарсақ маңызды жетістіктерге жетуге мүмкіндігіміз зор екендігін айтты. Мектеп ұжымы және білім алушылар атынан Дүйсен Асхат мырзаға және Марат Айсұлу ханымға тұшымды ойларымен бөліскені үшін зор алғысымызды білдіреміз.

ТҮРКІСТАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР ВИРТУАЛДЫ МЕКТЕПТЕ ОҚИ АЛАДЫ

Түркістан қаласының 6 сынып оқушыларының құлағына алтын сырға!

Ағымдағы жылдың 10 қазанында жалпы білім беретін мектептердің 6-сынып оқушылары үшін Виртуалды мектепке тіркелу басталады. Үміткерлер 24 қазан мен 21 желтоқсан аралығында математика, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен онлайн сабақтарға қатысып, тапсырмаларын орындайды.

Желтоқсанның 14 мен 21 аралығында қатысушылар қорытынды тестілеуден өтіп, бағаланады. Виртуалды мектептен сәтті өткен оқушылар желтоқсан/қаңтар айында өтетін Каникулярлық мектепке жолдама алады.

Виртуалды мектеп – бұл Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсуге ынталы оқушылардың пән бойынша білімдерін арттырып, қажетті дағдыларды дамытуға арналған ақысыз платформа.

Мектепке тіркелу үшін https://vs.nis.edu.kz/?lang=kk сайтына кіріп, жеке кабинет ашу қажет.

Қосымша ақпаратты + 7 702 066 33 77 байланыс телефоны арқылы алуға болады.

 

 

ШЫМКЕНТТЕ «АҚЫЛ – ТОЗБАЙТЫН ТОН, БІЛІМ – ТАУСЫЛМАЙТЫН КЕН» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейде ҚР Президентінің Жолдауы аясында білім саласының қызметкерлерімен арнайы кездесу өтті. «Аманат» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының сектор меңгерушісі Мұхтар Ақбердиев және мектеп мұғалімдері Жолдауды жүзеге асыру мәселелерін талқылап, білім саласына жүктелген міндеттер бойынша өзара пікір алмасты.

М.Ақбердиев Президент Жолдауындағы білім саласын ілгерілету, адам капиталын дамытудағы басым бағыттарға жан-жақты тоқталды. Еңбекші ауданында бұл бағытта барлық бастауыш партия ұйымдарында кездесулер ұйымдастырылуда.

– Жолдау аясындағы тапсырмаларды орындау бойынша ауданда бастауыш партия ұйымдары, мектепке дейінгі мекемелер, мектеп мұғалімдері белсенділік танытып келеді. Еліміздің болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздарға жүктелер міндет ауқымды. Алдағы уақытта партия мүшелерімен бірлесіп, жұмыстар атқарамыз, – деді сектор меңгерушісі М.Ақбердиев.

Мектеп директоры А.Сарымсақова білім саласына қатысты нақты тапсырмаларды бірлесе орындау қажеттігін айтты. «Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген қанатты сөзді Мағжан ақын өте орынды айтқан. Адами капиталды дамытуда, Қазақстанның болашағын кемелдендіруде ұстаздың орны ерен. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауда көтерген мәселелерін жүзеге асыруда бір мақсат аясында топталуымыз қажет, - деді ол.

Жиында тарих пәнінің мұғалімдері Л.Мырзақұлова, И.Бақтыбаев білімді ұрпақты тәрбиелеу бойынша баяндама жасады.

Білім ордаларындағы жүздесу мұнымен шектелмейді. Мектепке дейінгі ұйымдар, мектептердегі бастауыш партия ұйымдары, медициналық мекемелерде кездесулер одан әрі жалғасын табады.

ТҮРКІСТАН: ПИЛОТТЫҚ ЖОБА ЖАСТАРҒА ЖАҢА СЕРПІН БЕРМЕК

Түркістан қаласында «Zhas Project» жобасы аясында оқыту тренингтері өтті. Аталған тренинг Түркістан облысындағы «Zhas Рroject» грант алушыларының әлеуметтік, интеллектуалдық, ерікті және көшбасшылық құзыреттерінің деңгейін арттыруға, жәрдемдесуге бағытталған. Сонымен қатар, «Zhas Project» жастардың осал топтары арасында пилоттық жобаны іске асыру жобасы шеңберінде жүзеге асты.

Тренингтер жобалық менеджмент негіздері, көшбасшылық қасиеттер мен шешендік өнер, эмоционалды интеллект тақырыптарында өтті. Бұдан бөлек, кәсіпкерліктің цифрлық мүмкіндіктері, адам ресурстарын басқару процесі, жұмысқа орналастыру мен іс қағаздарын жүргізу тақырыптары талқыға түсті.

Сондай-ақ тренингте ҚР ЕК сәйкес құжаттарды рәсімдеу, стратегиялық ойлау мен мақсат қою, құқықтық және қаржылық сауаттылық жайында айтылды. Өндірістік цикл мен Smm, Pr, Target, клиентке бағдарлану деңгейін анықтау әдістеріне байланысты 12 тақырыпты қамтыды.

Оқыту тренингінде ҚР Президентінің жанындағы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік басқару академиясы, «Turkistan itech» ЖШС, «Capable group» ҚБ, Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы, Сүлейман Демирел атындағы университетінің және Түркістан облысының «Жастар ресурстық орталығы» КММ тренерлері өз білімдері мен тәжірибелерін ортаға салды.

Айта кетсек, оқыту тренингтері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының көмегімен «Түркістан облысында гранттар беру рәсімдерінің барынша ашықтығын қамтамасыз етті.

ШЫМКЕНТ: ЖҮЙЕЛІ БІЛІМ БЕРУ ҰЛТ САПАСЫН ЖАҚСАРТАДЫ

Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан универститетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы маңызды мәселелерді іске асыру бойынша «Білімді ұлт-орнықты дамудың кепілі» тақырыбында жастармен кездесу өтті.

Бас қосуға «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының кандидаты Сәкен Мәжінбеков және жоғары оқу орнының студенттері қатысты.

«Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов Жолдауда айтылған бағдарлардың маңыздылығына тоқталып өтті.

–Мемлекеттің дамуында ұлттың ауыз біршілігі, ынтымықтастығы және ұйымшылдығы ерекше рөл атқарады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші ұлт болып бірігіп, еліміздің орнықты дамуына әр азаматтың ат салысуы маңызды. Сонда ғана еліміз көркейіп дамиды. Жолдауда айтылған бағыт бағдар мен міндеттерді мемлекеттің ркендеу жолында жасалған нақты қадам деп ұғыну керек,- деді «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов.

Рухты ел-ұлттық рухты, ал ұлттық рух-үлкен елді қалыптастыратыны белгілі. Қазіргі мақсат-білімді ұрпақ, білімді ұлт дайындау арқылы әлемге танылу.

–«Білімдінің күні жарық» деген қанатты сөзді бүгінгі жастардың санасына құйып тәрбиелеу өзекті мәселе. Білімді жастың болашағы жарқын. Жастармен бас қосуымыздың басты себебі де – осы. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында білім беру жүйесінің ұлт сапасын жақсартуда аса маңызды рөл атқаратыны тайға таңба басқандай етіп айтылды. Яғни білім беру дегеніміз балабақшадан бастап жалпы, орта, жоғары білім беру ісін жан жақты дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Президент осы саланы реттеу, жүйелеу үшін Үкіметке бірқатар тапсырмалар да берді. Білімді ұрпақ еліміздің дамуына бірден-бір септігін тигізеді,- деді М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының кандидаты Сәкен Мәжінбеков.

Студенттер Жолдауға байланысты өз пікірлерін айтып, елімізде болып жатқан өзгерістерге қызығушылық танытып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жауап алды.