Созақ ауданында жастар күніне арналған концерт өтті

Созақ ауданының орталығындағы «Достар» стадионында Жастар күніне арналған гала-концерт ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтті. Мерекелік кеште аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан жастарын айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Отырар ауданы: Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовты еске алу кеші өтті

Отырар ауданында қазақ музыкасының қорын байытып, қазақ даласын әнімен тербеткен Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері, композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған «Әнім сен едің!» атты концерт өтті. Мерекелік шараға Отырар ауданы әкімі Сәкен Сұлтанханов пен Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Түркістандық айтыскер ақын республикалық жыр додасында бас жүлдеге ие болды

Түркістанның тумасы Бекарыс Шойбеков Павлодар облысы, Баянауылда өткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық мерейтойына арналған «Алты Алашқа жайылып кеткен атым» республикалық ақындар айтысында бас жүлдеге ие болды.

ӨЗБЕК ҰЛТТЫҚ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ ШЫМКЕНТТЕ ҚОНАҚТА

Қазақстан мен Өзбекстан театрлары арасында мәдени және шығармашылық байланыстарды дамыту мақсатында арнайы меморандум түзілген. Осыған орай, Шымкентке Өзбекстан Республикасынан Өзбек ұлттық қуыршақ театры гастрольдік сапармен келді.

Ташкент қаласынан келген шығармашылық ұжым 2 - 6 қазан аралығында шымкенттік көрермендерді өздерінің қызықты қойылымдарымен қуантады.

Терең тарихы бар театр ұжымының қоржынында көрермен көңілінен шыққан көптеген қойылымдар бар. Солардың арасынан «Веселый балаганчик» пен «Қуыршақтар әлемі» атты сазды қойылымдарын театр сүйер қауымға ұсынбақ.

Өз ісінің шеберлері жиналған театр ұжымында рөлдерін сомдап қана қоймай, қуыршақ образын жасаумен де айналысатын бесаспап мамандар да бар. Солардың бірі ¬– театр әртісі Муниса Игамназарова.

Осы театрда жұмыс істеп жатқаныма 30 жылға жуықтады. Қуыршақтарды пайдалана отырып ұшқыр қиялға ерік беріп, адам таңқаларлық әдемі көріністерді жасап шығуға болады. Қуыршақ театрының тәрбиелік функциясы басым болғандықтан әрбір қойылымның терең мағынасы, жеткізер ойы бар. Мен сахнада қуыршақтарды ойнатып қана қоймай, түрлі қуаршақтардың образын жасап, олардыөз қолыммен тігумен де айналысамын. Тіпті, қуыршақтардың билейтін биін де ешқандай хореографсыз өзіміз қоя береміз. Көптеген елдерде гастрольде болдық. Халқымыздың бай тарихына барлығы да тамсана қарайды. Сондықтан Шымкент қаласының тұрғындарын біздің қойылымдарымызды тамашалауға шақырамыз, – дейді ол.

Сонау 1939 жылы құрылған Өзбек Ұлттық қуыршақ театры – Өзбекстандағы тарихы тереңде жатқан өнер ордасының бірі. Оның көрші елдегі театр мектебінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор. Театрдың репертуары алуан түрлі, әрі ұлттық және классикалық драматургияға бай. Қуыршақ театры халықаралық фестивальдерге белсенді қатысып қана қоймай, шетелдерге гастрольдік турларға да жиі шығып тұрады екен. 1973 жылдан бастап труппа әлемдегі барлық континенттерде болған.

Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мәдени байланыстар жылдан жылға кең өріс алып келеді. Өзбек Ұлттық қуыршақ театрының гастрольдік туры – соның айқын мысалы. Шығармашылық турдың ресми ашылуы Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында басталды. Ташкенттік әртістер 6 қазанға дейін мектеп сахналары мен өзге де мәдени орындарда өнер көрсетпек.

 

ӨЗБЕК ЭТНОСЫНЫҢ МӘДЕНИ КҮНІ ШЫМКЕНТТЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Шымкент қаласының Абай саябағында Өзбек этносының мәдениет күні салтанатты түрде аталып өтті. Айтулы іс-шараны Шымкент қалалық ҚХА қолдауымен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің «Дустлик» қауымдастығы ұйымдастырып отыр.

Бүгінгі мерекелік іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Әзілханов, Өзбекстан Республикасы «Отандастар» қоғамдық қорының төрағасы О.Саттаров, Өзбекстан Республикасының қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы С.Үсенов, Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев және Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген мәртебелі меймандар қатысты.

Қазақ пен өзбек —тарихы тамырлас, достығы берік ұлт. Тәуелсіздіктен кейін Қазақстанда мекен еткен өзбек этносы болашағын, тағдырын осы елмен байланыстырады. Этнос күні аясында саялы саябақтың ішінде өзбек халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мәдениетін су­рет­тейтін ұлттық әшекей бұ­йымдарын, өрнекті ыдыс-аяқтарын, тұрмыста пай­даланылатын заттарынан, ұлттық нақыштағы киімде­рінен көрме әзірленді.

—Шырайлы Шымкенттің әсем саябағында өтіп жатқан бүгінгі мерекелік басқосу өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ол үшін қала әкімдігі мен «Дустлик» қауымдастығына алғыс білдіремін. Бүгін бауырлас халықтың өнерпаздарының өнерін тамашаладық, қолөнер бұйымдарына тамсандық. Мұндай мереке этнос өкілдерінің ыстық ықыласы еліміздің бейбітшілігі мен татулығын әйгілейді, — деді жиында сөз алған ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Алмасұлы.

Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан мен Өзбекстанның бірлігі, халықтарының тату тұрмыс кешуі өте маңызды. Кез-келген қиындықта екі бауырлас мемлекеттің бірлесе шешім қабылдауы да тұрақтылық пен сауда-экономикалық байланысты нығайтады. Мерекелік жиында сөз сөйлеген

Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев осылай деді.

—Өзбекстанның сыртқы саясатында Қазақстан маңызды рөл атқарады. 2022 жылдың 21-22 желтоқсан күндері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ташкент қаласындағы жұмыс сапарында екі ел арасындағы сауда-сатық, экономика, төтенше жағдайға қатысты келісімге қол қойғаны тарихқа алтын әріптермен жазылып, мемлекеттеріміз арасында жаңа байланыс парағы ашылды. Осы келісімнен кейін екі мемлекет арасындағы тауар айналым 4 есеге артты. Мәселен, 2023 жылдың қаңтар мен маусым айында тауар айналым 2 миллион доллардан 2 млрд долларға өсті. Мұндай көрсеткіш пен байланыс Қазақстан мен Өзбекстан тарихында алғаш рет орын алып отыр, — деді елші.

Мерекелік іс-шара Өзбекстан Республикасынан келген әншілермен қатар, жергілікті өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.

Отырар ауданының өнерпаздары облыстық «Өнерлі өлке» фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды

Ежелден «Ұлылардың Отаны» саналған киелі Отырар өңірі өзінің көптеген талантты, дарынды перзенттерімен мақтана алады. Кешегі ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби мен рух сардары Өзбекәлі Жәнібеков, тіл жанашыры Өмірзақ Айтбайұлы, Әлем ақыны Мұхтар Шаханов, ән падишасы Шәмші Қалдаяқов, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов, айтыстың ақберені Тәушен Әбуова, халық ақыны Әселхан Қалыбекова секілді тұлғалар сөзіміздің дәлелі болары анық. Бүгінде ұлы тұлғаларымыздың ізін басып келе жатқан талантты жастарымыз да аз емес. Оны кешегі қасиетті Түркістан қаласының төрінде өткен облыстық "Өнерлі өлке" өнер фестивалі айшықтап бергендей.