Руханият

Руханият (124)

Түркістан: Еліміздегі діни туризм

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып саналған. Қазақстандағы туристік ресурстарға: туристік қызмет көрсету нысандарын қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтік-мәдени, сауықтыру нысандары, сондай-ақ туристердің рухани қажеттерін қанағаттандыра алатын, олардың күш-жігерін қалпына келтіріп сергітуге жәрдемдесетін өзге де нысандар жатады. Олар мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, әлеуметтік, діни, т.б. туризм түрлеріне бөлінеді.

Туризм (франц. tourіsme, tour – «серуендеу») – адамның  бос уақытында (жұмыс бабымен не туған-туысқа қыдыру  емес) өз еркінше көңіл көтеру мен демалу үшін, тәуекел  жасау үшін, көріп қызықтау үшін, яғни субъективті рухани  қажеттілік бойынша басқа бір жерге ерікті саяхаттап, серуендеп баруы. Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы заңда берілген анықтама бойынша: «Туризм – жеке тұлғалардың ұзақтығы жиырма төрт сағаттан бір жылға дейін, не жиырма төрт сағаттан аз, бірақ уақытша болған елде (жерде) ақы төлейтін қызметпен байланысты емес мақсатта түнеп өтетін саяхаты». Діни  туризм – өзінің тұрғылықты жерінен  жарты жылдан көп емес уақытқа, діни сенімдеріне байланысты  қасиетті жерлерге сапар шегу. Діни туризм термині «рухани туризм» және «қасиетті туризм» немесе «сенім туризмі» сияқты басқа да түсініктер жиі бір-бірінің орнына қолданылады. Қазіргі таңда мінәжат етуді дамыту құралы ретінде діни туризмге көп көңіл бөлінуде. Діни туризм халықаралық байланыстың кеңею, ұлттық мәдениеттің даму және басқа да халықтардың мәдениетімен танысу құралы болып табылады.             

Статистикаға сүйенсек тарихи-мәдени нысандардың көп шоғырлануы бойынша еліміздің оңтүстік аймағы алдыңғы қатарда екені баршамызға мәлім. Қазақстан діни ескерткіштерге, киелі жерлерге өте бай мемлекет. Барлығымызға біршама танымал тарихи - мәдени нысандар: Түркі халықтарының рухани астанасы болған киелі Түркістан өңірінде орналасқан Қoжa Axмeт Яcaуи, Арыстан Баб, Укаша ата, Гауһар ана кесенелері, аңызы мен әфсанасын, өркениеті мен тарихын жарты әлемге паш еткен қасиетті Тараз топырағындағы таңғажайыптардың бірі – Қaрaxaн кесенесі, Айша бибі кесенесі, Бaбaджa қaтын кeceнeci, XII-XVI ғасырларда Сырдариядағы сауда тармағы ретінде кеңінен танымалдыққа ие болған Сауран қалашығы, Қызылорда облысындағы – Артық, Айтман кесенелері, Балқаш көлі маңында – Тектау ата, Әуез бақсы, т.б. киелі орындар бар. Ислам мешіттерімен қатар, Қазақстанда Вознесенский кафедралы соборы (Алматы), Успенский кафедралы соборы (Тараз), Свято-Троицкий ғибадатханасы (Өскемен), Воскресенский соборы (Семей) сияқты керемет православие шіркеулері орналасқан. Сонымен қатар елдің оңтүстік-шығысы мен Алтайда Қазақстан аумағындағы буддизмнің болу тарихын айқындайтын нысандар қатары бар.

Шымкент қаласының солтүстік беткейінде жалпы аумағы 76,4 гектарды құрайтын «Қазына» этно-тарихи кешені орналасқан. Сол кешеннің ішінде ашық аспан астындағы – «Этносаябақ» өңіріміздегі діни туризм орындары туралы көрнекі ақпарат мекені ретінде үлкен маңызға ие. Себебі «Этносаябақтың» жоғарғы жағында еліміздің тарихи-сәулет ескерткіштерінің макеттері орналасқан. Бұл макет өз кезегінде этно-тарихи кешеніне келуші тұрғындар мен қонақтарды таңдай қақтырмай қоймады. Себебі тарихтың терең иіріміне ендіретін макеттер асқан шеберлікпен орындалып, өзіне келуші алыс-жақын шет елдік туристтерді тартуда.

Бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуына өз септігін тигізуі үшін қандай іс-әрекеттер жасауымыз керек? Әрине, қажетті арнайы мамандарға жұмыс орнын ашу үшін туризм инфрaқұрылымын дамытып, туризм caлacының мaтeриaлдық бaзacын жасақтау қажет. Еліміздің діни туризм саласының дамуы үшін  ең алдымен мына мәселелерді шешу қажет:

-  Кейбір зиярат ету орындарына баратын жерлерді табу қиынға соғатындықтан, ұялы телефон арқылы барған жерінің координаттарын анықтау арқылы баратын жерді оңай таба алатын қосымша (карта) жасалынса. Бұл ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін таптырмас жоба деп санаймыз;

-  Түркістан облысы көлемінде зиярат ету орындарында интернет және байланыс өте нашар. Ал, шетелдік кейбір туристер сол зиярат орнынан сурет, видео, естелік, сәлемдеме жолдауға мүмкіндік таппай жатады. Сондықтан, интернет мүмкіндіктерін жандандыру қажет. Бұл да өз кезегінде діни туризм нысандарының танымалдылығын арттырады деп сенеміз;

-  Қайда саяхаттауға немесе зиярат етуге болады деген сұраққа жауап ретінде қосымша ойлап табылса. Ол қосымшада саяхаттауға және зиярат етуге мүмкін орындар мен анықтамалар, ыңғайлы уақыттар, тіпті қаржы шығындарын есептеу мүмкіндіктері қарастырылса;

-  Зиярат орындары мен тарихи-мәдени орындардың электронды нұсқада гид анықтамасы жасалса. Аталған құрылғы қазіргі таңда тек Қ.А.Ясауи және Арыстан баб кесенелерінде ғана қолжетімді күйде қалуда;

-  Туристік фирмалардың әлеуетін арттыру қажет. Қазіргі таңда ел ішіндегі туристік сапарлар мен зиярат ету топтарын жекелеген тұлғалар ғана пайда табу мақсатында көптеп ұйымдастыруда;

-  Тарихи-мәдени және зиярат орындарында шағын әрі екі тілде (қазақ және ағылшын) анықтамалар жасау. Келушілерге тегін таратуды қолға алу. Аталған анықтамалық бүктемелер арқылы аталған туристік орын туралы бірыңғай ақпарат тарауына да қол жеткізе аламыз. Себебі қазіргі таңда шырақшылар ойдан қосылған әңгімелерді келушілерге көптеп айтуда;

-  Кесене, қабір, киелі орындардағы шырақшы, гид қызметінің өкілдерінің біліктілігін, туризм, зиярат мәдениетін қалыптастыратын семинарлар ұйымдастыру арқылы сапаны арттыру қажет;

-  Тазалық, киім кию, зиярат әдебі секілді жаднамаларды келушілерге баспа және электронды үлгіде көптеп тарату;

-  Келушілер үшін ыңғайлы орта қалыптастыру. Қолжетімді қонақ үй, ас-су ішетін орындар. Тынығып отыратын орындар жетіспейді.

-  Туристік орындардың басты ерекшелігін түсіндіретін туризм нұсқаушылары аз. Бар болса да, білімі, тіл қабілеті төмендеу. Кейбір орындар туризмге қызмет етудің маңызды буыны саналатын бұл түйінді ескерусіз қалдырған. Экскурсия жүргізетін гид қызметкерлерін үнемі білімін жетілдіріп отырса, мұндай мәселелер туындамас еді. Аталған мәселелер шешілмесе Қазақстан басқа елдерден ерекшеленіп тұратын туризм жүйесін қалыптастырмай, туризм саласында өз үлесін ала алмайды.

Туризмнің барлық саласы (діни туризм, іскерлік туризм, экологиялық туризм және т.б.) дамыса, қызмет ету саласының даму өрісі кеңейеді. Қатынас саласының кірісі артып, қонақүйлердің, көңіл көтеру орындарының, дәмхана, мейрамханалардың, сауда-саттық орындарының саудасы арта түседі және қызмет көрсету сапасы жоғарылайды. Сондықтан туризмді дамытуда тиімді детальдарды ұтымды пайдаланудың пайдасы көп. Мысалы: өзінің ерекше даусымен Қазақ өнерін әлемге паш еткен Димаш Құдайберген, бокс саласында өшпес із қалдырып үлгерген Геннадий Головкин – Қазақстанды танытудағы әлемге танымал брендтер десек артық айтқанымыз емес.

Қазақстанда діни туризмді дамытудың алғышарты – сол саланың үгітін күшейту. Әсіресе, ғаламторға діни туризмге үгіттейтін видеоларды, фотосуреттерді, жазба материалдарды ағылшын, орыс, француз, қытай, араб тілдеріне аударып салу керек. Шетелде Қазақстан туралы сапасы жоғары полиграфиялық және аудио-видео жарнама материалдарын белсенді түрде таратып, еліміздің көркем жерлерін жұртқа таныстыру мақсатында фотосурет, қысқаметражді түсірілімдер байқауын өткізіп, туристік орындардың басты ерекшелігін, салт-сана, мәдениетке қатысты түйіндерін көрнекілендіруге ден қою керек.

Қорытындылай келе туризмнің қарқынды жұмыс жасауы еліміздің экономикасының дамуына едәуір үлес қосатыны белгілі. Себебі, туризм саласы әлем елдерінің ішінде экономикаға тұрақты сала ретінде орнығып келеді. Ұлан ғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы, қазақтың алтын бесік ата жұрты. Аумағы ұшқан құстың қанатымен өлшенген кең де келісті өлкеде туризм саласын дамытуға арналған мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану салт-дәстүрге бай елімізді сыртқы нарыққа шығарып, таныстыруға жол ашатыны сөзсіз.

 

А.Борибекова

                                                                                                                                                                                   Теолог маман                         

Түркістан: Дін мен дәстүр зайырлы қоғам кепілі

Біздің зайырлы мемлекетіміз үшін діни және дәстүрлі әдеп-ғұрыптардың маңыздылығы қаншалық? Әлбетте, маңызы ерекше. Себебі, зайырлы мемлекет «дінсіз мемлекет» деген сөз емес. Зайырлы мемлекетте дін теріске шығарылмайды, керісінше, діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі. Әркімнің өз қалауына сәйкес діни сенімді ұстануға немесе ұстанбауға еркі бар. Біздің Қазақстан қоғамы руханилыққа ерекше жақын, ол халықтың дінге деген ықыласынан да көрінеді. Еліміздегі мемлекет құраушы қазақ халқының ата діні ислам екені баршаға белгілі. Мемлекет азаматтары болып табылатын еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің де басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Сондықтан халық үшін маңызды болған рухани құндылықтар мемлекет үшін де маңызды.

Соңғы кездері жиі көтеріле бастаған дін мен дәстүр сабақтастығы тақырыбына ойыстырсақ. Зайырлы мемлекет үшін бұл тақырып несімен маңызды? Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі.

Жалпы Ислам діні – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Тарих және уақыт елегінен өтіп олар шым-шымдап сіңген шариғат дәстүрлерімен біте қайнасып кетті. Осылайша шариғат заңдарына қайшы келмейтін қағидаттар мен ортақ бір қосынды дәстүр пайда болды. Қазақ тілінде «салт-дәстүр» мен «әдет-ғұрып» - сөз тіркестерінің мағынасы бір. Біз салт-дәстүр деген сөзімізді әдет-ғұрып деп те қолданамыз. Әдет-ғұрып араб тілінен енген сөз. Әдет деген сөзден әдетке айналған нәрсені түсінеміз. Ал, ғұрып сөзінің араб тілінен аударғандағы мағынасы «әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді. «Әл-ъурф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер».

Құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға жүгінейік. Дін құндылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені, бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Себебі, тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да, исламда: «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады.

Дін мен дәстүрдің үндесуі осыдан XIII ғасыр бұрын бабалар жүрегі иманға ұйып қабылдаған Ислам діні арқылы әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор.

Сәбидің дүниеге келуінен бастап, адам баласының ақтық сапарға аттандырғанға дейінгі аралықта қазақ халқында жасалынатын салт-дәстүрдің Ислам дінімен біте қайнасқан екендігін анық байқауға болады. Дін мен дәстүр қашан да бір-бірімен сабақтас ұғым екенін байқайсыз, екеуі егіз тақырып десек те болады.

Мысалы: халқымызда жарық дүние есігін шыр етіп ашқан сәбиге есім беру рәсіміне қатысты өзіндік дәстүрі мен салт жоралғысы бар. Азан шақырып, ат қою кезінде кішкене сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен азамат болсын деген ниетпен ырым етіп, сәбидің ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға қолқа салады. Ал, Ислам шариғаты бойынша да туылған баланың құлағына азан шақырып ат қою – сүннет. Сол дәстүр қазақтың әрбір отбасында сақталып келеді.

Шілдехана – арабтар нәрестенің дүниеге келгеніне жеті күн толғанда, шашын алып, шашының салмағымен бірдей садақа береді. Пайғамбар (с.а.с.) немересі Хасанға ақиқа жасағанда айтқан: «Йә, Фатима, оның шашын қи да сол мөлшердегі күміспен садақа бер» Ал қазақы дәстүрімізде қырқынан шығарған кезде ғана шашын алып жатады. Мұның да еш сөкеттігі жоқ. Қазақы дәстүрде дүниеге нәресте келгенде шілдехана жасалады, бесікке салынады, жиырма күнде кіші қырқынан, отыз тоғыз немесе қырық бір күнде үлкен қырқынан шығарады.

Келесі Исламмен быйланыстыратын дәстүр сүндетке отырғызу. Баланың жетінші күні немесе балиғат жеті жасына толғанға дейінгі аралық ішінде сүндетке отырғызылады. Сүндетке отырғызу ислам дінінен кіріп, кейін келе қазақтардың ұлттық әдет-ғұрпына айналған. Осы сияқты қыздың қалын малын беру, сырға салу, ұзату, байғазы, сүйінші, қәде сұрау, сәлемдесу, ақтық сапарға шығарып салу жаназасы сияқты т.б. көптеген Ислам дінімен сабақтас дәстүрлеріміз бар. Қазақ халқында ұлттық дәстүрлердің басым көпшілігі Ислам дінімен біте қайнасып бірге өрілген.

Елбасымыз «Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік» – деп атап өткендей діни құндылықтар сол күйі қалады. Ал дін қоғамға ұдайы өз өзгерісін тигізіп отырады. Дәстүрсіз ел болмайды, ежелден саралап келген құндылықтарымызды жоғалтсақ, мәдениетімізді жоғалтамыз. Мәдениетсіз халық, жабайы, тұрпайы халыққа айналады. Өткен заманда салт-дәстүрді сақтамаған адамдарды «салтын білмеген сауапты түсінбейді» сол заң негізінде жазалап та отырған. Қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр мен әдеп-ғұрып бұлжымас заң рөлін атқарды. Ұлт болғасын оның өзіне тән салты мен ғұрпы болары анық.

 

Б.Абдрахман

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»КММ-нің

теолог маманы                           

Түркістан: Ата тәрбиесі –ұлт болмысы

«Үй маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» – деген екен халқымыз, тұла бойымызға даналық, мейірімділік қасиеттерін сіңірген асыл жанымыз – атамыздың берген батасы, сезімге толы сөздері әлемдегі ең қасиетті сөздер болып саналады. Қазақ халқының тәрбиелік және тәлімдік ой-пікірлері мен жол-жораларының маңызы мынадай жайттарда айшықтала түседі: қазақ халқының өміріндегі үлкенді сыйлау мен қонақ күтудің елеулі маңызы; халық ойындары мен мерекелерін өткізудің де өзіндік ерекшеліктері мен қалыптасқан жүйесі, табиғаттың сырын терең меңгеріп, үйлесімділік табуы, өсиет айту, терме, айтыс, шешендік сөздер, қазақтардың поэзиясы, туыстық қарым-қатынастар, қонақжайлылық, тектілік, т.б.

Адамзат қауымының ғасырлар бойғы тарихы имандылық, ғибраттық, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық тағылым ұрпақ тәрбиесінің қыруар үлгілерін мұралыққа қалдырғаны бәрімізге белгілі. Қазіргі таңда сол құндылықтарымыз қаншалықты сақталып, ұрпақ санасына қаншалықты беріліп жатқандығы басты мәселе.

Адам өміріндегі тәрбие, ұлттық сана басты мәселе болуы тиіс. Адам болып туылу оңай, ал адам болып қалыптасу қиын. Адамдық қасиетке бірден бір әсер етуші фактор ол тәрбие, ұлттық салтымыз.  Сол халық даналығы қорытқан қазына байлық, тәжірибені халық игілігіне жарату, үлгі етіп ұсыну жас ұрпақтың еншісінде.

Ата сөзі – ақыл көзі ретінде мол асыл қазына, ата сөзінің тәлімдік мәні көне заманнан басталса, оның құдіретін сөз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа дамытушы қарт ұстаз. Өмірдің өнегелі жақтарын көңілге тоқыған қария – өсетін жасқа өнегелі өсиет айта отырып, жақсы өмірге үйретеді, ойын дамытады, тілін ширатады.  Ата-ана ақылды болса, ұл-қызы да дана болып өседі, бағбаны ақылды болса, ағашы түзу болып өседі. Ойсыз бала өспес, сусыз ағаш өспес. Ата-ана ардақты болса, ұл-қызы ақылды болар, ата-ана ақылсыз болса, ұл-қызы жағымсыз болар – деп бекер айтпаса керек. Жақсы тәрбие-жақсылыққа бастайды. Өмірде әрбір ата-ана өз ұлы мен қызын жамандыққа үйретпейді, жақсылыққа үйретеді. Жақсылық – ұлдың ойын, қыздың бойын тез өсіреді. Қазіргі уақытта ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуші қарттарымыз кемде кем. Аталарымыздың айтуында қарты бар үй қазыналы дейтін, алайда, сол қадір-қасиет қазіргі қарияларымыздың бойынан жеткілікті көрінбейді. Садақаға су берсең адам сырын да жасырмайды, мұңын өзінен асырмайды. Өмірде есепсіз дүние жинап, ажалға тап болғанды Алла да жақтырмайды, бірақ өмірде дана болсаңда тіршілікте мәңгі қалдырмайды. Кешірімді болсаң – кең етер, мейірімді болсаң – еліңе хан етер, қаһарлы болсаң – халықты өзіңе жау етер, ақымақ болсаң – айналаңды дау етер. Ата тәрбиесін түсінсең – өсиет болар, түсінбесең – өсекке айналар деген.

Ел басқару – естінің ісі, үй басқару – ердің ісі, қас пен досты дауластыру ездің ісі деп бекер айтпаса керек. Ата тәрбиесі – жасты ақылды етеді, ақылдыны – дана етеді, түйсігі барды – тілді етеді, ойланып оқығанды – білімді етеді, көңілге тоқығанды – көңілді етеді. Аталы сөзді білмеген жүрер жолын көрмейді, досына сенбейді, оңайлықпен күлмейді, жақсылықты білмейді, надандықтан кетпейді, ақылдыға ермейді, көрінгенді күндейді. Ата тәлімін үйреніп ойлаған озар, ойланбаған тозар, оқымағанның жыны күнде қозар – деп бекер айтпаса керек Марқабай Керімбекұлы.

Қорыта келе ата тәрбиесі жастарға даналықты тани білуге, балалықтан арылып, ақылдылыққа бой ұруға үйрететін өз ойын өзі ширатуға көмектеседі. Қарттық – ағып жатқан дария, теңіз іспеттес. Қарттарымыз еліміздің өткені мен бүгіні, тұнып жатқан тарихымыз. Үлкенді сыйлау – ата-бабаларымыздан келе жатқан салтымыз екенін ұмытпағанымыз абзал.

                                  

Қ.Салықбаев

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру

бөлімінің басшысы      

Түркістан: Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары

Ислам діні қазақ даласына таралғаннан бастап, ғасырлар бойы халықтың өміршең рухани-адамгершілік құндылықтарымен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен кірігіп, дін мен дәстүр бірлігін құрады. Яғни, қазақ үшін дін – дүниеден тыс тұрған әлдебір тылсым күш емес, қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі бүкіл тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, дәстүрін, дүниетанымын көктей өтіп жатқан негізгі арқау болады.

Қазақ мәдениеті ғасырлар бойы Құран мен сүннетке имам Ағзам Әбу Ханифа мәзhабы мен имам Матуриди сенім мектебінен сусындаған. Ислам философиясын, құндылықтары мен өнерін дамыту мен жаңғыртуда қазақ жерінде мекен еткен ойшылдар: Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұниден бастап, Абай, Ыбырай, Шәкәрім, Мәшhүр Жүсіп, Науан хазірет, Сәдуақас Ғылманиге дейінгі ұлттың ағартушы ұстаздары мен дін ғұламаларының үлесі зор. Солардың ерен еңбегінің нәтижесінде қазақ халқы исламның рухын сезініп, жанымен қабылдады.

Ислам рухани тазалық пен құндылықтардың өзегі, адам болмысының тұтастығын қамтамасыз ете алатын пәрменді күш ретінде адамзат санасына ұялай бастағандығы ең маңызды фактор. Жалпы алғанда, әрбір халықтың мәдениеті, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрі сол халықтың рухани дамуының негізін қалайды.

Дін мен мәдениеттің арақатынасы жөнінде қыруар пікірлер айтылуда. Соңғы кездері дін экспансия алаңына айналған елімізде «дініміз өзгерсе өзгерсін, ал мәдениетіміз өзгермесін» дейтіндей орашолақ пікірлер де айтылуда. Осы мәселеге байланысты ғылыми қорытынды жасау үшін алдымен қоғам өмірінің ең маңызды ұстыны саналатын дін мен мәдениеттің арақатынасын анықтайық. Бүгінгі мәдениеттану, антропология және социология саласының теоретиктері дінді мәдениеттің ең маңызды құрамдас бөлігі деп санайды. Дінсіз қоғам болмайтындықтан, дінсіз мәдениет те болмайды. Дін әлеуметтік құбылыс, қоғамды қалыптастыратын ұйытқы ретінде адамзат өмірінде аса маңызды рол атқарады. Кейбір идеологиялар мен саяси ағымдар діннің осы ролін пайдаланғысы келеді. Бүгінгі күні дүние жүзінде орын алып жатқан саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық оқиғалардың негізінде діни факторлардың бар екенін айту жаңсақтық болмас. Әсілі, дін – осы салаларға бағытбағдар беретін күштің бірі, тіпті ең бастысы. Қоғамдық құрылымның Ислам діні және Қазақстан мәдениеті анатомиясында діннің алатын орны ерекше. Қоғамдарды басқа қоғамдардан ажырататын ең негізгі қасиеттің бірі осы діннің өзі болып табылады. Заманауи әлеуметтану ғылымдары қатарынан социология, психология, антропология, мәдениеттану, философия, саясаттану, өнертану дінді зерттеумен шұғылданады. Бұлар әлеуметтік феномен, қоғамдық оқиға және қоғамға пішін беретін құдірет ретінде қарайды. Тіпті, халық арасында кең таралған хұрафи сенімдер мен ырым-секемдердің қаншалықты әсерлі екені баршаға белгілі. Діннің мәдениетті қалыптастырушы басты күш екеніне дау жоқ. Әсіресе, бүгінгі өтпелі кезеңде азаматтардың өзін-өзі танып білуі, ортақ ұлттық мұраны қалыптастыруы және XXI ғасырдағы халқымыздың өсіп өркендеуінің басты құралы – дініміз. Әлеуметтану ғылымдары ішінде ең көп дау-дамай туғызғандардың бірі мәдениеттану болып табылады. Мәдениет дегенде кейбіреулердің есіне тек Пикассо, Моцарт, Чайковский түседі. Ал, мәдениет ұғымы, шынында, өте кең ауқымды қамтиды. Әр қоғамның қоғамдық қасиеттерінің материалдық және рухани тамырлары бар. Мәдениет дегеніміз осы дүнияуи және рухани қатынастардың ғасырлар бойы етене араласуы нәтижесінде қалыптасатын нәрсе. Сондықтан, Ислам діні және Қазақстан мәдениеті заман өзгеріп, мәдениеттің кейбір тұстары өзгеріске ұшырағанымен қоғам өзінің мәдениетін сақтап қалуға тырысады. Ислам дінінің көшпелі және руларға бөлінген араб қоғамында пайда болғаны белгілі. Қазақ халқының тарихына қарайтын болсақ, ірілі-ұсақты рулар мен тайпалардың басын қосқан күш осы Ислам діні болған. Ислам діні қауымдастығына қосылмаған түркі тайпалары болса, мүлдем басқа мәдениет тобына қосылып, мүлдем басқа қоғамдарға айналған. Бұған мысал ретінде бұлғарларды, мажарларды, чуваштарды т.т. айтуға болады. Америкада зорлықпен шоқындырылған қараларды, африкадағы халықтарды, Оңтүстік Америкадағы қызылтерілерді осы санатқа жатқызуға болады. Демек, әр халықтың мәдени ортасын анықтайтын басты фактор дін екені анық. Біздің мұсылман халқымызға тән басты қасиеттеріміз, меймандостық, ағайынмен тату болу, арағайыншылдық, қайырымдылық Ислам дінінің мұсылман үмметіне уағыздаған қасиеттері.

Діннің мәдениеттің құрамдас бөлігі екені туралы тәжірибелік дәлелдер:

 1. Діннің жеке тұлға және қоғам өмірінде нақты функциялары бар;

 2. Дін әр адамға сол адам бағынышты болуға міндетті құдіреттің алдында жеке басының сенімділігі сезімін береді;

 3. Дін адамға өзінің төңірегіндегі әлемді түсіну тұрғысынан өзіндік жүйе ұсынады;

 4. Дін қоғам қатынастарының қалыптасуында басты міндет атқарады.

Мәдениеттің күштілігі соншалық, мәдениеттер арасындағы қақтығыста жеңіске жеткен мәдениеттің өзі жеңіліске ұшыраған мәдениеттің белгілі бір элементтерін сіңіріп алуға мәжбүр болады. Мұның нәтижесінде аралас мәдениеттер пайда болады. Ислам діні мәдениеттердің арасындағы парықтарды қабылдаған дін. Нәсілдер мен тілдердің, тіпті діндердің әртүрлілігін Ислам діні таниды. Құранда адамдардың тайпаларға, түстерге бөлінгендігі, әркімнің діні өзіне екені туралы айтылған және Құран мұны Жаратушының шешімі ретінде көрсеткен. Қоғамдар арасындағы парықтар адамдардың бірін-бірі танып білуі және қарым-қатынас орнату жағынан жағымды рөл атқаруы да мүмкін. Бұл біздің қолымыздағы нәрсе. Сондықтан, Ислам дініндегі толеранттылықты шынайы толеранттылық деп қабылдаған жөн. Тарихқа қарағанымызда сан жағынан аз мұсылмандардың үлкен мемлекеттерді басқарғанын кереміз. Яғни, мұсылмандар басқа дін өкілдерін де қорғаумен шұғылданған. Мұсылмандар негізінен бір мемлекеттің туының астында біріккен басқа тілдегі және діндегі халықтарға, олардың мәдениетіне хош көрушілікпен қараған. Адамзаттың тарихында дінсіз мәдениет болмаған. Алғашқы қоғамдық құрылымнан бері қарайғы уақытта пайда боған мәдениеттердің барлығы да діни сенім негізінде қалыптасқан. Ал, сенім жүйесі ең жоғары деңгейдегі имани, фәлсафи негіздерді қамтитын Ислам діні осы дінге қосылған халықтардың мәдениетіне орасан зор ықпал жасаған, түбегейлі өзіндік қалыпқа салған. Дін – адамдардың іс-әрекеттеріне бірінші дәрежеде ықпал жасайтын құдірет. Солай бола тұрғанмен, дін мәдениеттің негізгі салаларымен шұғылданады да, егжей-тегжейге араласпайды. Мәселен, дін адамдардың киіну мәселесінде негізгі қағидаларды белгілейді, бірақ дәл қандай киім үлгісін киюді ұсынбайды. Ислам діні адамдардың халал тағам жеуін сұрайды, бірақ тамақты дайындау және қабылдау салтына араласпайды. Мәселен, Қытайдағы мұсылмандар қасықпен, араб елдеріндегі мұсылмандар қолымен тамақ іше алады. Жалпы алғанда, әрбір халықтың мәдениеті, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрі сол халықтың рухани дамуының негізін қалайды. Ата-бабаларымыздан қалған «Үш қасиетті: дініңді, діліңді, тіліңді сақта!» - деген қанатты сөз бар. Ұлт негізін құрайтын осы үш қасиет болып табылатындықтан, оның тұтастығына қауіп төндіретін кез келген құбылыспен күресу ел азаматтарының тарих алдындағы парызы болмақ.

 

Б.Абдрахман

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің

                                                                                                                                                                                 теолог маманы                                                                                

ШЫМКЕНТ: ДӘСТҮРЛІ ДІН ӨКІЛДЕРІ ОРТАЛЫҚ МЕШІТТІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласының Орталық мешітінде 18 қазан – Рухани келісім күніне орай дәстүрлі дін өкілдері бас қосты. Шымкент қаласы имамының бірінші орынбасары Мұсабек Ақтамберді дін өкілдеріне Орталық мешіт жұмысымен таныстырды.

–Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз ислам дінін ұстанып, құлшылық ғибадатын орындаған. Бұл адамзатты екі дүниенің бақытына жетелейді. Шымкенттегі Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына ресми тіркелген 88 мешітте 250-ге жуық дін қызметкері жұмыс істейді. Олар қоғамдық жұмыстарды белсене атқарып, қайырымдылық шараларын өткізіп, халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге атсалысып жүр. Мұның бәрі ауызбіршілік пен ынтымағымыздың арқасында,-деді Мұсабек Ақтамберді.

Кездесуге келген христиан дінінің өкілі Александр Могилевский ғимаратты аралап, таңданысын жасыра алмады.

–Мешітке алғаш рет аяқ басуым. Бұл мешіттің әдемілігін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бізге экскурсия жасап жатқан ұйымдастырушыларға алғысым шексіз,- деді ол.

— «Ақмешіт» орталық мешітінің құрылысы 2008 жылы бастау алып, 2010 жылы халық игілігіне берілген. Мешіт жалпы аумағы 6 гектар жерді алып жатыр. Бір мезетте 5 мыңнан аса адам намаз оқи алады. Мешіт сыртқы сәулеті қазақтың киіз үйіне ұқсас. Биіктігі 37 метрлік ақ күмбез бен әрқайсысының биіктігі 33 метрді құрайтын 4 мұнара алыстан менмұндалап тұр. Ғимараттың бірінші қабатында кіші намазхана, конференция залы, кітапхана, медресе неке бөлмесі, әйелдер бөлмесі мен шаруашылық бөлмесі орналасқан. Ал, екінші қабатында имам бөлмесі, кітапхана және 4 қызметтік бөлме орналасқан. Мешіттің айналасы көп жылдық және мерзімдік жасыл желекпен абаттандырылған. Сонымен қатар, автотұрақ сыйымдылығы мың көлікке арналған,- деп таныстырды орталық мешіттің іс басқарушысы Азамат Абдукерімұлы.

Айта кетейік, «Ақмешіт» орталық мешіті 2008 жылы сол кездегі ОҚО әкімдігі мен Біріккен Араб Әмірлігіндегі «Шейх Халифа бин Зәид Әл Нахайян» қайырымдылық қоры арасындағы екіжақты келісімі негізінде бой көтерген.

ҮШІНШІ МЕГАПОЛИС БАСШЫСЫ ДІНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов діни бірлестік өкілдерімен кездесіп, Рухани келісім күнімен құттықтады.

Қазақстан - зайырлы мемлекет, сол себепті дәстүрлі діни конфессиялардың жұмыс істеуіне ешқандай шектеу жоқтығын тілге тиек еткен шаһар басшысы мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты - бейбітшілік пен келісімді нығайту екенін атап өтті.

“Конституция барлық азаматтарға, оларды наным сенімдері бойынша тең құқық берді. Биыл қыркүйек айында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың басшылығымен "Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі" өтті. Сонымен қатар, Рим Папасы Францисктің елімізге жасаған тарихи сапарын атап өткен жөн. Мемлекеттік саясат біздің діни бірлестіктеріміздің бейбітшілігі мен рухани келісімі негізінде дами түседі”,-деді М.Әйтенов.

Айтып өтейік, қала аумағында 12 конфессияны білдіретін 121 діни бірлестік тіркелген, 9 миссионер бар.

Кездесуге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл имамының бірінші орынбасары Ақтамберді Мұсабек, «Свято-Никольский кафедральный собор приходы» жергілікті діни бірлестігінің протоиерейі Могилевский Александр Валерьевич, «Шымкент Евангелдік христиандық «Сун Бок Ым» шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің пасторы Тен Михаил Валерьевич, «Сәби Исаның - Әулие Терезасы атындағы Рим-католик приходы» діни бірлестігі жетекшісінің орынбасары Риварола Хернан Рикардо және т.б. дін өкілдері қатысып, діндегі ахуал, тұрақтылық туралы сөз етті.

Жиын соңында шаһар басшысы Мұрат Әйтенов мерекеге орай, конфессия басшыларына алғыс хаттар табыстады.

 

Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласының Орталық мешітінде 18 қазан – Рухани келісім күніне орай дәстүрлі дін өкілдері бас қосты. Дін өкілдеріне Шымкент қаласы имамының бірінші орынбасары Мұсабек Ақтамберді Орталық мешіт жұмысымен таныстырды.


Отырар: қарттар күніне орай Темір ауылында «Қарттарым – асыл қазынам» атты тәрбие сағаты өтті

«Темір» жалпы орта мектебінде 3 қазан — күні қарттар күніне орай 3 «а» сынып жетекшісі Қарлығаш Ақтөре мен «Өлкетану» мұражайының жетекшісі Айнұр Сартбаеваның ұйымдастыруымен «Қарттарым — асыл қазынам» тақырыбында тәрбие сағаты болып өтті.

ТҮРКІСТАНДА РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІНЕ ОРАЙ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

 Түркістанда 18 қазан – Рухани келісім күні мерекесіне орай облыстағы діни конфессия басшыларының қатысуымен кездесу өтті. Жиынға Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы жетекшілік жасап, жүргізіп отырды. Кездесуде ел бірлігін сақтау, дінаралық қарым-қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды.

– Сіздерді 18 қазан – Рухани келісім күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Рухани келісім күні өздеріңізбен келелі кеңес құрып, пікір алмасуды жөн көрдік. Дін – саясаттан бөлек, мемлекеттен бейтарап болғанмен, рухани құндылық ретінде ажырай алмайды. Елімізде діни конфессия өкілдерінің бір шаңырақтың астында ауызбірлікте өмір сүруі мемлекеттің дамуына оң әсер етеді, – деді басқарма басшысы.

Кездесу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Қарақұлов Еркебұлан, «Шымкент епархиясының Түркістан қаласындағы Свято-Никольский приходы» жергілікті православиелік діни бірлестігінің жетекшісі Смольянов Виталий және басқа да дін өкілдері сөз сөйледі. Сонымен бірге облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимов те сөз сөйлеп, пікірін білдірді.

Кездесу соңында діни конфессиялар жетекшілеріне мерекеге орай алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді.

Отырарда Рухани келісім күні ерекше аталып өтті

Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет сарайында «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» атты іс-шара өтті. Мазмұнды өткен жиынға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов, облыстық дін істері басқармасының басшысы Р.Сабыржанұлы және мекеме қызметкерлері, дін өкілдері, ардагерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Түркістан: Дін: Кең болсаң, кем болмайсың

 Қайырымдылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Адамдар айналасындағы жандарға мейрімділік, қайырымдылық танытса, өзінің адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қазақ атамыз. Ата-бабамыз қайырымдылықты сауапты іс деп қабылдап, ұрпағын әрдайым жақсылыққа, адалдыққа, қайырымдылық пен мейірімділікке баулыған. Қайырымдылық – адам бойындағы ізгі іске бағыттайтын алтын қақпа іспеттес, ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген  сүйіспеншілігі мен көмегі.  

          Қайырымдылық жасауды тек қаржылай көмек көрсету деп ойламау керек. Кез келген мейрімге, көмекке мұқтаж адамға қол ұшын беріп, оған жылулық танытып, сөзбен де, іспен де, басқа жолдармен де қайырымдылық жасап, көмектесе аламыз. Қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келетін игі іс.  Әрбір жасалған істе ізгіліктің бар екенін есте сақтаған абзал. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Жақсылық жасау әрбіріміздің қолымыздан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігіміз  жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?!                                                                                              
           Қайыр-садақа жасаған адам осы дүниенің өзінде айналасындағы адамдардың шапағатына, құрмет-қошеметіне бөленіп әрі ризық-несібесі арта түседі. Қазақта: «Қайырымды адамдар суармалы жер іспеттес, алғанын сан есе арттырып қайырып береді» деген қанатты сөз бар. Ойлап қарасақ, дұрыс тауып айтылған сөз. Біреуге жасаған жақсылығымыз ізгілікті ісіміз, көмегіміз ерте ме, кеш пе қайтып оралады. Жасаған қайырлы істің түбінде жақсылық жасаған адамның өзі толығымен пайдасын көреді. Қайырымдылық көрсетіп, жәрдемдесудегі ең басты мақсат – Алла разылығы үшін жасау. Сондықтан да әр адам қайырлы іс жасайтын кезде Алла ризалығын мақсат тұту қажет.
            Қайырымдылық. Бір ғана сөз болғанымен, астарында үлкен мән мен мағына, терең ой жатыр. Қазіргі кезде қоғамда талай қайырымдылық қорлары жұмыс жасап, біраз мұқтаж жандар өз көмектерін алып, сәл болсын бақытқа кенеліп жатқаны өте қуантарлық жайт. Қазіргі таңда біздің елімізде түрлі іс-шаралар, акциялар, қайырымдылық қорлары көп ұйымдастырылуда. Сол арқылы қол ұшын беріп, көмектесетін жандар қатары әсіресе еріктілер тобының саны көбейіп келеді. Жақсылық жасау үшін міндетті түрде бай, ақшасы көп адам болуымыз қажет емес. Бастысы, біздің шын ниетімізде деп ойлаймын. Қазақ халқының ең жақсы қасиеттерінің бірі – жомарттық, кеңпейілділік. Қазақ халқы жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Жалғызбасты жандарға, үлкен қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы отбасыларға көмек көрсету ешқашанда халқымыздың санасынан ұмытылған емес. Қазіргі кезде қайырымдылық жұмыстары көп ұйымдастырылуда. Мұндай игі істердің көп болуы өте қуантарлық жағдай деп ойлаймын.                                                                                     
           Құран Кәрімде: «…Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» деген. Әрбір жан осы сөздерді терең түсініп, қайырлы іс жасау жолында Алла разылығы үшін деген ойда болуы керек.                                                                                                      
         «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөзде үлкен мағына жатыр. Жомарттық, қайырымдылық, кеңпейілділік қасиеттерді меңзеп отыр. Адамның жасаған қайырымдылық істері ешқашан бос кетпейді. Сондықтан қайырымдылық жасау – қайтарымы мол ізгі амал. «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без»,- дегендей қайырымдылықты, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, мейірім-шапағатын төгу, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық қарым-қатынас танытып, қол ұшын беру әр жанның азаматтық парызы деп түсіну керек.

 

Ж.Байгерей   

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

дінтанушы маманы               

Осы RSS каналға жазылу