ШЫМКЕНТ: ҚАЛА ӘКІМІ ҚАРАТАУ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстармен танысты. Аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін баяндады.

Жиын басында қала әкімі есептік кездесудің мақсатын жеткізді.

— Кезекті басқосуда сіздермен жүздесіп отырмыз. Халықтың тыныс-тіршілігімен жақыннан танысып, ашық байланыс орнату — Президенттің тікелей тапсырмасы. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-мағынасы осында. Яғни, аудан әкімдері мен басқарма басшыларының жұмыс жүйесін өзгертеміз. Енді тиісті мамандар сіздердің күнделікті тұрмыс-тіршіліктеріңізді біліп, араларыңызда жүріп, мәселелерді бақылайды, — деді қала әкімі.

Ауданда 18 елдімекен бар, 213 мыңнан астам халық тұрады. Жер көлемі — 19 500 гектар. Аталған аумақта 128 балалар ойын алаңшасы, 70 спорт алаңшасы бар. Ауыз сумен 98 пайыз, электр жарығымен 98 пайыз, ал табиғи газбен 96 пайыз қамтылған. Өткен жылы аудан тұрғындары тарапынан 411 мәселе көтеріліп, оның 357-сі шешімін тапқан. Жыл соңына дейін 21 мәселе шешіледі.

Аудан әкімі Рахымберді Мүлкемановтың есебін тыңдаған қала басшысы сұрақ-жауапқа көшті.

Тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдаған қала әкімі: «Сіздер мәселе көтердіңіздер, ал біз оны шешеміз», — деді. Сондай-ақ кей мәселелер бойынша кезек күттірмей, арнайы өзі барып көретінін айтты.

Бұған дейін қала әкімі Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесіп, аудан әкімі Досбол Есілбектің есебін тыңдаған болатын. Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби ауданы тұрғындарыменде кездесіп, атқарылған жұмыстармен танысты. Ғабит Сыздықбеков Абай ауданы тұрғындарымен есептік кездесуден кейін көтерілген мәселелер бойынша «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабына арнайы барды. Осылайша шаһар басшысы қаладағы 5 ауданның тұрғындарымен кездесіп, мәселелерімен танысуда.

ӨЗБЕК ҰЛТТЫҚ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ ШЫМКЕНТТЕ ҚОНАҚТА

Қазақстан мен Өзбекстан театрлары арасында мәдени және шығармашылық байланыстарды дамыту мақсатында арнайы меморандум түзілген. Осыған орай, Шымкентке Өзбекстан Республикасынан Өзбек ұлттық қуыршақ театры гастрольдік сапармен келді.

Ташкент қаласынан келген шығармашылық ұжым 2 - 6 қазан аралығында шымкенттік көрермендерді өздерінің қызықты қойылымдарымен қуантады.

Терең тарихы бар театр ұжымының қоржынында көрермен көңілінен шыққан көптеген қойылымдар бар. Солардың арасынан «Веселый балаганчик» пен «Қуыршақтар әлемі» атты сазды қойылымдарын театр сүйер қауымға ұсынбақ.

Өз ісінің шеберлері жиналған театр ұжымында рөлдерін сомдап қана қоймай, қуыршақ образын жасаумен де айналысатын бесаспап мамандар да бар. Солардың бірі ¬– театр әртісі Муниса Игамназарова.

– Осы театрда жұмыс істеп жатқаныма 30 жылға жуықтады. Қуыршақтарды пайдалана отырып ұшқыр қиялға ерік беріп, адам таңқаларлық әдемі көріністерді жасап шығуға болады. Қуыршақ театрының тәрбиелік функциясы басым болғандықтан әрбір қойылымның терең мағынасы, жеткізер ойы бар. Мен сахнада қуыршақтарды ойнатып қана қоймай, түрлі қуаршақтардың образын жасап, олардыөз қолыммен тігумен де айналысамын. Тіпті, қуыршақтардың билейтін биін де ешқандай хореографсыз өзіміз қоя береміз. Көптеген елдерде гастрольде болдық. Халқымыздың бай тарихына барлығы да тамсана қарайды. Сондықтан Шымкент қаласының тұрғындарын біздің қойылымдарымызды тамашалауға шақырамыз, – дейді ол.

Сонау 1939 жылы құрылған Өзбек Ұлттық қуыршақ театры – Өзбекстандағы тарихы тереңде жатқан өнер ордасының бірі. Оның көрші елдегі театр мектебінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор. Театрдың репертуары алуан түрлі, әрі ұлттық және классикалық драматургияға бай. Қуыршақ театры халықаралық фестивальдерге белсенді қатысып қана қоймай, шетелдерге гастрольдік турларға да жиі шығып тұрады екен. 1973 жылдан бастап труппа әлемдегі барлық континенттерде болған.

Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мәдени байланыстар жылдан жылға кең өріс алып келеді. Өзбек Ұлттық қуыршақ театрының гастрольдік туры – соның айқын мысалы. Шығармашылық турдың ресми ашылуы Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында басталды. Ташкенттік әртістер 6 қазанға дейін мектеп сахналары мен өзге де мәдени орындарда өнер көрсетпек.

 

ШЫМКЕНТ: САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ АҚТАЛУЫ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Шымкент қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссиясының отырысы өтті. Қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов төрағалық еткен жиында комиссияның бүгінге дейінгі атқарған жұмыстары баяндалып, маңызды құжаттарға қол жеткізуде орын алып жатқан мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, 2021 жылдың 14 қаңтарында Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан саяси құғын-сүргіндер құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның құрамы және оның ережесі бекітілген болатын. Бүгінде комиссия жанынан 16 адамнан тұратын жұмысшы топ құрылып, оған ЖОО-ның ғалымдары, тарихшылар, архив қызметкерлері және аудармашылар енген.

–Біз саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауды жұмысшы топ құрылған сәттен-ақ жұмысты бастап кеткен болатынбыз. Құжаттарды зерттеу Ішкі істер департаментінің архиві мен Түркістан облыстық мемлекеттік архивінен басталды. Бүгінгі таңда ІІД құпия архивіндегі құжаттар Алматы қаласындағы ҚР Президенті архивіне ауысуына байланысты қазан айының соңында іс-сапарға баруды жоспарлап отырмыз. Ал, экспедиция жұмысын 2021 жылдан бастап 5 бағыт бойынша жүргізіп келеміз. Осының нәтижесінде біз 9 елді мекенді аралап, халықпен кездесіп, саяси қуғын-сүргінге тап болған азаматтардың ұрпақтарымен тілдестік. Осылайша «Халық жады» жинағына материалдар жинақтадық. Бізге жолыққан күрделі мәселенің бірі – архивтегі құжаттардың төте жазумен жазылғаны еді. Комиссия құрамында осы жазуға аударма жасай алатын ғалымның болуы мәселенің біршама жеңілдегінімен, болашақтағы зерттеушілер көне құжат тілін аударуды қиналмауы үшін жоғары оқу орындарына араб, парсы, шағатай тілдерін оқыту бойынша ұсыныс бердік, - деді комиссия жетекшісі Гүлнәр Жанысбекова.

Еліміздегі әр өңірдегі комиссияның зерттеулері мен дерекқордан табылған құжаттар жинақталып, 100 томдық кітапқа басылып шығарылады. Өткен жылы жарық көрген 33 томдық жинақтың 26-шы томындағы материалдар Шымкент қаласындағы саяси қуғын-сүргіндерді толық ақтау жөніндегі комиссияның жұмыс нәтижесі екен. Биыл 50 томға дейінгі еңбектер жарыққа шықса, оның 36 -шы томы Шымкент қаласына арналмақ.

Жиын соңында тәуелсіздігімізді баянды ету жолында жазықсыз құрбандарды ақтау бағытында сүбелі еңбек еткен жұмысшы топ мүшелеріне ҚР Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Ерлан Кариннің, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің және қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың алғыс хаты табысталды.

ШЫМКЕНТТЕ 2022 ЖЫЛДАН БҮГІНГЕ ДЕЙІН 1769 АЗАМАТ ТҰРҒЫН ҮЙ СУБСИДИЯСЫН АЛДЫ

Тұрғын үй субсидиясы – пәтер жалдап тұратын отбасыларға әлеуметтік көмек. 2022 жылдан бүгінгі таңға дейін 1 769 азаматқа тұрғын үй субсидиясы берілді. Азаматтардың субсидияны мақсатты пайдалануы үшін басқарма тарапынан жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерге мониторинг жұмыстары жүруде. Мониторинг нәтижесі бойынша 256 азаматпен түзілген келісімшарттың күші жойылып, оларға тағайындалған субсидия тоқтатылды.

Тілге тиек етейік, биылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына еніп, баспанамен қамтылуда мемлекеттік қолдауға ие болады. Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде қабылданған заң бірнеше жаңа нормаларды қамтиды.

Бағдарламаға қатысушыға қойылатын негізгі талаптар:

Жұмыс істейтін және 35 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматы болса;

өтініш берушінің ай сайынғы табысы 40 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) тен кем емес болуы (соңғы 6 ай ішіндегі);

тұрғылықты мекен-жайы Шымкент қаласында үш жыл болуы;

иеліктерінде соңғы 5 жылда ҚР аумағында тұрғын үй тіркелмеуі.

Шымкент қаласында әзірге жастар бағдарламасы басталған жоқ. Бұл бойынша алдын ала БАҚ-та және әлеуметтік желіде хабарландыру жарияланатын болады.

Жыл басында кредиттік негізде 1886 пәтерді қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 1249 азамат ипотекалық негізде тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Олар, «5-20-25» 701 пәтер, «2-10-20» («Бақытты отбасы») бағдарламасы бойынша 486 пәтер, «Шаңырақ» («5-10-20») бағдараламысы 62 пәтер.

2023 жылдың соңына дейін жаңа концепциямен «5-10-20» бағдарламасы бойынша 540 пәтерлі 10 тұрғын үй, «2-10-20» бағдарламасы бойынша 324 пәтерлі 6 тұрғын үймен ипотекалық бағытта азаматтар қамтылатын болады.

2023 жылы Шымкент қаласында әлеуметтік мемлекеттік бағдарлама аясында көпбалалы отбасыларға, жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға, осал топтатағылар мен бюджеттік ұйым қызметкерлеріне 324 арендалық пәтер беру жоспарланған. Оның ішінде қазіргі уақытта арендалық тұрғын үймен түрлі санаттағы 279 азамат қамтылып отыр. Жыл соңына дейін қалған 45 азамат қамтылатын болады. Бұдан бөлек, тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтарға қосымша жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, әлсіз топтарға жалпы саны 505 арендалық пәтерді сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Саурандық шаруалар биыл 44080 гектар жерді игерген

Сауран аграрлы аудан. Жері құнарлы, диқандары еңбекқор. Жер ананы емген диқандар үшін биылғы жыл несібесіз емес. Саурандық еңбекқор диқандар да бұйырған өнімін жинап, шығынын өтеп отыр. Аудандағы ауылшаруашылығы саласында ілкімді тірлік бар.

Сауран аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаевтың берген мәліметіне сүйенсек, ауданға биыл осы саланың негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 11 млрд. 332 млн. теңгеге тапсырма беріліп, 8 айдың қорытындысымен 3 млрд. 973 млн. теңгеге орындалды. Жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артып отыр. Ағымдағы жылы 44 080 гектар жер игеріліп, өткен жылдың тиісті кезіңімен салыстырғанда 2057 гектарға артығымен орындалды.

44 080 га жердің 11 666 гектарына шаруалар мақта еккен. Соның бірі "Дінмұхамед" шаруа қожалығы. Астана мен Алматыдан келген блогерлер мақта алқабымен танысты. Шаруақожалық 418 га жерге мақта еккен. Санаулы күндерде мақтаның алғашқы терімі басталады. Шаруақожалық төрағасы Ділмұрат Қорғанбаевтың айтуынша гектарына 35-40 центнерден өнім аламыз деп отыр. Биыл мақтаның жағдайы орташа. Өнім көл көсір болмаса да диқанның маңдай терін ақтайды.

Биыл аудан бойынша 12 га жерге жылыжай өсіру жоспарланған. Жоспар 100% орындалған. Жылыжай өсіріп, табысқа кенеліп отырғандардың бірі "Мұрат" шаруа қожалығы. Үй іргелік жердегі жылыжайға қияр, қызанақ, тәтті болгар бұрышын еккен. Шаруақожалықтың басшысы Мұрат Сәрсенбаевтың айтуынша жылыжайдан гектарына 100 тонна, ал ашық топыраққа егілген капустадан 80 тонна, қызанақ пен тәтті бұрыштан гектарына 40-50 тонна өнім алған. Агроблогерлер жылыжайдағы әрбір өніммен мұқият танысып, шаруашылық егесіне сұрақтарын қойып, сұқбаттасты.

Сондай-ақ, бүгін Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған Агро фестиваль өтті. Оған ауданға қарасты 12 ауыл округтің шаруалары 60 тонна өнім әкелді. Ауыл тұрғындары өнімдерді арзан бағада сатып алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын» деген сындарлы сөз айтқаны жұртшылықтың есінде. Бұл көптің көкейінде жүрген ой еді. Сондықтан жұртшылық та жылы қабылдады. Президент ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойып, осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Шыны керек, бұл бастамадан күтеріміз көп және оған бәріміз атсалысуға тиіспіз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтты. Бұл шындық. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ең алдымен оның дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді анықтауға тиіспіз. Оларды біртіндеп шешуді қолға алсақ, алға қойған мақсаттар да өздігінен орындала бастайды. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдері артып, азық-түлік қауіпсіздігі төмендейді.

Проблемаларды анықтау үшін салада нақты жоспар болуға тиіс. Біз нарықтық экономикада жоспарлау қағидатын ұмыттық. Барлық өзгерістің нәтижесін салыстырмалы түрде ғана анықтауға болады. Ол үшін алдымен өндірісте жоспарлау бағыты жолға қойылуы керек. Дұрыс әрі сауатты түзілген жос­пар – жартылай орындалған нәтиже. Өндірістің нәтижесі – алынған өнімнің көрсеткіші. Алынған өнімнің көлемін, жоспарланған мәліметпен салыстырып, оның қажеттілікті қаншалықты қамтамасыз етіп отырғанына талдау жасау керек. Міне, сонда ғана алдағы мақсаттарды айқындауға болады.

Әрине, жоспарды сауатты ғылыми-өндірістік тәжірибесі мол кадрларға жасату керек. Сонда ол оң нәтиже береді. Мұндай жоспарларды республика, облыстар, аудандар, ауыл әкімдіктері бо­йынша жасату маңызды. Оған жергілікті ғылыми, өндірістік, әкімдік кадрларын тегіс тарту керек. Кадр демекші, біздің ақсап тұрған тұсымыз да дәл осы маман мәселесі. Кейінгі жылдары жасы ұлғайған мамандарды зейнетке жібердік те, олардың орнына жастарды даярламадық. Мамандарды біліміне қарай емес, тамыр-таныстықпен, қал­тасының қалыңдығына, туысқандық қатыстарына қарай іріктедік. Барлық мәселе саланы өз маманы басқарса ғана оң шешілетінін ескерсек, бұған атүсті қарауға болмайды. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары салалық мамандар өз саласына керексіз болып қалды да, басқа қызметтерді атқарып кетті.

Айтпағымыз, қай салада болсын, жос­парлы экономикадан қол үзбеу керек. Мәселен, қарапайым отбасының өзінде бір күндік, апталық, айлық, жылдық жоспарлар қағазға түсіріліп, мөр басылып бекітілмесе де, бағыт-бағдар нұсқап үнемі есте жүреді. Демек жоспарды қағаз жүзінде құру жеткіліксіз. Жоспарда әрбір күннің, апта мен айдың, тұтас жылдың шаруасы қамтылып, тиянақты түрде қадағаланып отыруы керек.

Қазақстан жерінің көлемі жағынан дүние жүзінде тоғызыншы орында бола тұра (жайылымның көлемінен – бесінші, егістіктің аумағынан – екінші), өзінің аз ғана халқын осынша жер­ден алуға болатын экологиялық таза өнім­дермен қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл жердегі негізгі үлкен кемшілік – салалық министрліктердің жылдық жоспарды сауатты ғылыми-өндірістік тәжірибеге сүйене отырып жасай алмауы. Олар­дың мұндай есептерден алшақтап, тәжі­ри­беден қол үзіп қалғандығы түрлі проб­лемаларға жол ашып отыр. Бір жағы­нан мемлекеттік қызметкерлерді де тү­сінуге болады. Олар өте аз ақшаға жұмыс істеуге мәжбүр. Тапқан айлығы шай­лығына зорға жетеді. Ал мұндай жағдайда олардан үлкен бір дүниені талап етудің өзі орынсыз. Дегенмен, алдағы уақытта бәрі жақсарады деген үміт­темін. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанып отыр­ған саясатынан осындай ой түйіп отыр­мыз. Бұл біздің ғана емес, көптің де пі­кірі екені даусыз. Сондықтан басшыға қосшы болып, барынша демеу­ге тиіспіз.

Жер-Ананы қадірлеп, анамыздай аялап, қадіріне жете білуіміз керек. Өміріміздің мәні де, сәні де жерге тікелей байланыс­ты. Сондықтан ұлтарақтай жердің өзіне дұрыс қарап, оны керекті қоректік заттармен қамтамасыз етіп, өңдеп, тиісті агротехникалық жұмыстарды өз дең­гейінде атқарып, жер беретін өнімді барынша алуға қол жеткізуіміз керек. Жоғарыда айтқанымыздай, ол үшін жылдың басында жоспар құрып, соны негізгі бағдар етіп ұстау керек. Ал жыл­дың соңында аудан, ауыл басшылары жос­пар­ланған жұмыстың қаншалықты сапа­лы я сапасыз аяқталғаны туралы есеп беруге міндетті. Баға да жерлердің түгел игеріліп, алған өнімінің санына, са­пасына қарай анықталуға тиіс. Жер­гі­лікті билікке берілетін жылдық баға Жер-Ананы қалай пайдаланғанына тіке­лей байланысты болса, міне, сол әділ әрі орынды болар еді. Мұндай қадам жергі­лікті биліктің жауапкершілігін арттырар еді және өнімнің қажетті көлемде дайындалуына тікелей септігін тигізері анық.

Мемлекет басшысы «ауылды қайта жаң­ғыртып, ауыл шаруашылығын дамы­туға көңіл бөлуіміз керек» деп, Үкі­мет­тің алдына нақты міндет қойды. Ке­ле­шегі кемел, көңілге қонымды, қай­тары­мы зор, халықтың қарнын тойғы­зып, киімін бүтіндейтін, хал-ахуа­лын жақсартып, жақсылыққа жетелеп, тұр­мысын түзетуге апаратын сара жол да осы негізі. Ауылда бес-он үй қалса да, сол елді мекеннің жағдайын жасап, халықты ауылға шақыра беруіміз керек. Қажетті инфрақұрылымдарды жедел тартып, халықтың мұқтажын мұқият зерттеп, зерделеп шұғыл түрде шешу – кезек күттірмейтін мәселе. Әрі-беріден кейін бұл біздің азаматтық парызымыз һәм қарызымыз екенін түсінуге тиіспіз.Түйіндей келе айтарымыз, қазақтың кіндігі ауылға байланған. Ендеше ауылға оралу, тамырдан ажырамау – елдік парызымыз!

«AQ-QARA.KZ»

Сауран ауданында Қарттар күні кең көлемде аталып өтті

1-қазан Халықаралық қарттар күні ретінде сонау 1990 жылдан бері дүние жүзінде аталып өтіледі. Қазыналы қарттарымызға бұл күні құрмет көрсетіліп, олардың өнегелі жолы мен өмірі насихатталады. Бұл мереке Сауран ауданында да «Қартқа құрмет - ұрпаққа міндет» тақырыбымен жоғары деңгейде аталып өтті.

ШЫМКЕНТ: ҚАЛА ӘКІМІ АРДАГЕРЛЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ!

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 1 қазан – халықаралық Қарттар күніне орай тыл ардагерлерінің шаңырақтарына барып, мерекелерімен құттықтады. Қазыналы қарияларға құрмет көрсеткен қала басшысы ақсақалдардың өсиетін тыңдап, ізгі тілегін жеткізді.

– Мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін еселі еңбек етуді сіздерден үлгі-өнеге еттік. Халқының тілеуін тілеп, ақ батасын берген өздеріңіздей қадірлі қарияларымыздың жол көрсетуімен өсіп-өніп келеміз. Ұрпақтар сабақтастығымен алған тәлім-тәрбиемізді өзімізден кейінгі буынға жеткізсек, үміттеріңізді ақтағанымыз болар. Әрдайым ортамызда аман жүріңіздер! – деді қала әкімі.

Қала басшысы құрмет көрсеткен Ағабек Сүгірәлиев қарияның Шымкент қаласының дамуына қосқан үлесі орасан. Ал Жолдыбай Еңдібаев ақсақал – елімізге еңбегі сіңген құрылысшы.

Арнайы құттықтау барысында қарияларға естелік сыйлықтар тарту етілді. Осынау құрмет-қошеметке ризашылықтарын білдірген ақсақалдар ақ батасын берді.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша ай сайын 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға 2 АЕК яғни, 6900 теңгеден әлеуметтік көмек төленуде.

9 Мамыр Жеңіс күніне орай 3 ҰОС ардагеріне 360 АЕК (1 242 000) теңгеден және 2 мыңнан астам тыл еңбеккеріне 12 АЕК, (41 400) теңгеден әлеуметтік көмек төленді.

Сондай-ақ соғыс ардагерлеріне ай сайын 5 АЕК (17 250) теңгеден берілуде.

Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлер 500-ден астам зейнеткерге үйлеріне барып қызмет көрсетуде. Арнаулы әлеуметтік қызмет алушы қариялардың қала аумағында ұл-қыздары жоқ немесе балалары еңбекке жарамсыз. Сала мамандары қызмет алушыларға аптасына екі рет барып азық-түлік пен дәрі-дәрмектерін жеткізеді, әлеуметтік-психологиялық, медициналық және тұрмыстық қызмет түрлерін көрсетеді.

 

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІМЕН БІРГЕ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚТЫ ТЕКСЕРДІ

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов басқарған комиссия құрамымен бірге жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексерді.

Арнайы бақылау жүргізу барысында «3-Энергоорталық» АҚ-ы, № 3 аудандық қазандық және ӘІО 160 ГКАЛ қазандығының дайындық жұмыстары тексерілді.

«3-Энергоорталық» АҚ-ының қысқы маусымға дайындығы толық атқарылған. Ал қуаттылығы 60 Гкал № 3 аудандық қазандығының да жылу маусымына дайындығы аяқталған. Бұл қазандық 219 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Әкімшілік іскерлік орталығындағы 160 ГКАЛ қазандығы 123 көпқабатты тұрғын үйге жылу береді. Бүгінде қысқы маусымға дайын.

Қаладағы 2 076 көпқабатты тұрғын үй мен 464 бюджеттік мекемедегі дайындық жұмыстары аяқталды. Осы орайда қала басшысы жауаптыларға жылыту маусымы кезінде мәселе болмауын тапсырды.

Айта кетейкі, қаламызға жылу маусымына дайындық жұмыстарымен танысу мақсатында келген ҚР Энергетика вице-министрі

Жандос Нұрмағанбетов пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков “Бозарық” қосалқы станциясында да болды.

Қаланың солтүстік бөлігін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы іске қосылған станция қуаттылығы 160 МВт кВ құрайды. Бүгінде қосалқы станцияның жүктемесі 47 МВт-қа жеткен.

Нысан “Оңтүстік Жарық Транзит” ЖШС-нің сенімгерлік басқаруында. Осыдан бірер ай бұрын жұмыс істеп тұрған 2 автотрансформатордың біреуінде ақау пайда болып, істен шыққан болатын. Автотрансформатор серіктестік көмегімен қайта қалпына келтіріліп, жуырда іске қосылды.

Сондай-ақ, ведомство басшысының орынбасары мегаполистің 2035 жылға дейінгі электр жүйесін дамытудың кешенді жоспарымен танысты.

Сауран ауданы: құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілуде

Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында құқық бұзушылық жөніндегі комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысына аудан әкімінің міндетін атқарушы Ербол Жанғазиев төрағалық етті. Жиналысқа аудандық мәслихаттың төрағасы Сержан Байысбаев, ауыл округ әкімдері мен бөлім басшылары, депутаттар қатысты.