Дүйсенбі, 21 Қазан 2024 16:25

Шымкентте жылыту жүйелері мерзімінен бұрын іске қосылды

Ауа температурасы төмендеп, күн салқындауына байланысты тұрғындар тарапынан жылуға қатысты көптеген өтініш түскен. Осыны ескерген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты орынбасарлары мен басқарма басшыларына жылу жүйелерін мерзімінен бұрын іске қосуды тапсырды. Кестеге сәйкес жылу қараша айының 1-іне қосылу керек болатын. Қала басшысының қаулысымен көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға бүгіннен, яғни қазанның 21-інен бастап жылу беріле бастады. 

Қазір қаладағы 26 бөлек орналасқан жылу қазандықтары мен орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциясы жылу маусымына дайын. Тұтынушыларды жылумен қамтамасыз ету төмендегідей кезектілікпен жүзеге асырылады:

- бала бақшалар, емханалар, мектептер, медициналық-әлеуметтік мекемелер;

- тұрғын үйлер, жатақханалар;

- әкімшілік ғимараттар, оқу орындары, театрлар;

- басқада ғимараттар.

 

Айта кетейік, қалада жылумен жабдықтау жүйесіне 2 306 көпқабатты тұрғын үй, 287 бюджеттік мекеме, 248 заңды тұлға қосылған. Жылуберушілер «2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама» бойынша тозығы жеткен жүйелерді жаңалауға мүмкіндік бар дейді. Жалпы 5 жылға 81 миллионан астам қаражат жұмсау жоспарланған. Сала мамандары 2024 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаға сәйкес ескірген жүйелерді алмастыруға 16 миллионнан астам қаражат бөлінгенін айтады. 

Естеріңізге сала кетейік, 2023-2024 жылдар аралығындағы жылу беру маусымында тариф жеке тұлғалар үшін 1 шаршы метріне 130,6 теңгеден есептелген.

Сондай-ақ, Шымкентте жылыту маусымы қарсаңында өрт қауіпсіздігін күшейту шаралары қарқын алды. Төтенше жағдайлар департаменті қаладағы табиғи газға қосылмаған және пропан газбалондарын қолданатын 22 жатақханада қауіпсіздік бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Барлық тұрғындарға арнайы жадынама парақшалары таратылды. Қатты отын пайдаланатын 3500-ден астам тұрғын үйге де ерекше назар аударылып, өрттің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында өрт қауіпсіздігі мен ауланы күтіп ұстау мәселелері талқыланған дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

Оқылды 81 рет