Түркістанда 2024 жылы 570 орынды жаңа облыстық аурухана пайдалануға беріледі

Түркістан қаласында қазіргі таңда 570 төсек-орындық заманауи көпбейінді облыстық аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 50%-ы аяқталған. Облыстың бас ауруханасын 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

ШЫМКЕНТ: ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ САПАСЫН ЖАҚСАРТУҒА МАҢЫЗДЫ ҚАДАМДАР ЖАСАЛМАҚ

Шымкент қаласы бойынша қазіргі таңда 10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында балалар мен 18 жастан асқан 3000-ға жуық мүгедектігі бар азаматтар қызмет алуда. Тірек-қимылы жүйесі бұзылған және жүйке-жүйелерінің ауруы салдарынан түрлі ауытқуы бар ерекше жандар үнемі мамандардың бақылауында.Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева мен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Руслан Тұңғышбаев өзекті мәселелерді анықтап, қызмет сапасын жақсарту мақсатында бірқатар арнаулы әлеуметтік оңалту орталықтарын аралады.

Сала басшылары алдымен №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болып, медициналық көмек көрсету жағдайы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етулері мен азық-түлік сапасын бақылады. Орталықта қазіргі таңда стационарлық жағдайда 123, жартылай стационарлық жағдайда 83 бала қызмет алып жатыр. Оның ішінде тұл жетім, тастанды және асыраушысынан айырылған 25 бала орталық қамқорлығында.

-Мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсарту - оңалту шараларының қызмет сапасы мен әлеуметтік қорғауды арттыруды талап етеді. Орталықтардағы өзекті мәселелерді айқындау үшін қызмет алушылар және мамандарымен сөйлесуді жөн көрдік. Өйткені саланың барлық қиындығы мен ауыртпашылығы мүгедектігі бар азаматтармен етене жұмыс істейтін мамандарға аян,-дейді басқарма басшысы Жанат Өтебаева.

Басшылық құрамы мұнан соң Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының 18 жастан асқан І-ІІ топ психоневрологиялық ауруы бар мүгедек жандарға стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін «№2 және №9 оңалту орталықтарында» болды. Мұнда қызмет алушыларды емдік-оңалту шараларынан бөлек еңбек терепиясы мен мәдени іс-шараларымен қамту қарастырылған. Аралау барысында анықталған мәселелер назарға алынып, жұмыс барысын жақсартуға негіз болмақ. Жалпы, Шымкент қаласында 40 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат күн кешуде. Олардың 8 мыңға жуығы 18 жасқа дейінгі балалар.

Түркістан: жедел жәрдем қызметі және медицина саласындағы мәселелер айтылды

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық отырысында денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері, жедел медициналық жәрдем қызметінің жай-күйі талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды денсаулық сақтау саласының техникалық базасын нығайтуға қолдау көрсетілетінін айта келе басқарма басшысы мен бас дәрігерлерге жұмысты ширатуды тапсырды.

ШЫМКЕНТ: ЕРЕКШЕ БАЛА ТӘРБИЕЛЕП ОТЫРҒАН АНАЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ

Шымкентте бір топ ерекше күтімді қажет ететін жандардың анасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қаладағы өкілі Нұржан Әбдезов пен «Қазақстан әйелдері кеңесінің» Шымкент қалалық филиалы төрайымы Баян Жандосоваға алғыс айтты. Мерейлі кездесу «Рахмет саған анашым» мүмкіндігі шектеулі балалар аналарының қоғамдық бірлестігінде ұйымдастырылды.
Осы жылдың 5 қыркүйегінде қоғамдық бірлестіктегі бір топ ана Адам құқықтары жөніндегі уәкілге ауыр жағдайдағы балаларды ІІ топ мүгедектігінен І топқа өткізе алмай жатқанын жеткізген. Көп ұзамай, яғни 15 қыркүйекте Н.Әбдезов өтініш жасаған ата-аналарды, қалалық әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының өкілдерін, психикалық денсаулық орталығының бас дәрігерін, Еңбек және әлеметтік қорғау департаменті қалалық филиалының өкілдерін шақырып, мәселені шешудың заңды жолын қарастырыпты.
–Өкілдікке «Рахмет саған анашым» ҚБ-де балалары тәрбиеленіп жатқан 10 ана арызданған болатын. Бүгінгі күні 5 ананың мәселесі мемлекеттік мекемелердің мамандарымен бірлесе заңдылығы қаралып, шешімін тапты. Бір баланың мүгедектігін ауыстыру үшін жыл бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Егер денсаулық жағдайында өзгеріс болмаса, ары қарай қажетті жұмыстар атқарылмақ. Қалған төрт ананың өтініші денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныс ретінде жолданды, – деді Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әлібекұлы.
Осы жылдың 9 айында өкілдікке азаматтар тарапынан 134 арыз-шағым түсіп, оның 29-ы оң шешімін тапқан, ал қалғаны алдын ала тергеу амалдары мен сот үкімдері мен шешімдеріне байланысты болғасын кері қайтарылыпты. Мұны уәкіл «Өкілдік тергеу ісіне араласа алмайды. Соттың үкімдері мен шешімдерін тек сот төрелігі ғана өзгертеді», деп түсіндірді.

ШЫМКЕНТТЕ ҚЫЗЫЛШАНЫҢ АЛДЫН АЛУДА НАҚТЫ ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Шымкентте қызылшамен ауырған науқастар саны көбейген. Жыл басынан бері қалада 4795 жағдай тіркеліп, 2026 диагноз расталған. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері мен санитар мамандар ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

–Жыл басынан бері 167 мектептен 721 оқушы және 337 балабақшадан 1943 бала қызылшамен ауырған. Бүгінгі таңда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 238 пациент (33 ересек, 205 бала) стационарлық ем алуда. Осы орайда Шымкент қаласының тұрғындары арасында қызылшаның таралуына жол бермеу мақсатында нақты шаралар қабылданды. Атап айтсақ, қалада қызылшаның одан әрі таралуын азайту және алдын алу бойынша қалалық штаб құрылды. Эпидемиологиялық ахуалды бақылап, қызылшаның таралуын қадағалау мақсатында күнделікті мониторинг жүргізіледі, – деді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева.

Эпидахуалға байланысты қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының төсек қоры 120-дан 240 төсекке дейін көбейтілген. Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді жолы вакцинация екенін атап өтті.

Бүгінде қызылшаның асқынуынан құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит және орталық жүйке жүйесінің жұмысы зақымдалып, жүйкенің қабынуынан өзгерістер көп болады. Сондықтан мамандар әрбір адам суық тиіп мазасызданған сәттен бастап, дер кезінде дәрігерді үйге шақыртып, тексеріліп-қаралу керек, дейді.

–Уақтылы диагноз қойып, ем тағайындаған жағдайда ауру ошағын жойып, әрі қарай таралуына жол бермеуге болады – дейді мамандар.

ШЫМКЕНТТЕ ПСИXИКАЛЫҚ ЕСЕПТЕ ОН ЕКІ МЫҢНАН АСТАМ НАУҚАС ТҰР

Қазақстандық дәрігерлер психикалық ақаулар дертінің жиілеп кеткенін айтып, дабыл қағуда. Олардың айтуынша, ел тұрғындарының 25 пайызы аталмыш дертке шалдыққан. Өкініштісі сол, оның 14 пайызын жасөспірімдер құрап отыр. Бүгін өзекті мәселе аясында Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы «Психикалық денсаулық сақтау қызметінің заманауи жағдайы» атты өңірлік ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Іс-шараға Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының психиатр, нарколог, невролог, педиатр және жалпы тәжірибелік дәрігерлер қатысты.

Басқосу әртүрлі психикалық және мінез-құлыққа қатысты, психикалық ауытқулардан туындайтын проблемаларды шешу, оған заманауи емдеу әдістерін қолдану мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бүгінгі қоғамда белең алған ең зиянды әдеттердің бірі – лудомания мәселелерін сарапқа салды.

— Жер шарында миллиардқа жуық тұрғын психикалық аурулардың шырмауында жүргені мәлім. Өкінішке қарай, олар мамандандырылған медициналық ұйымдардың көмегіне жүгінуге асықпайды. Себебі, психикалық ауруларға қатысты стигма мәселесі қоғамда, тіпті денсаулық сақтау саласында кең тараған. Динамикалық бақылауға, яғни, диспансерлік есепке алады деген үрей қоғамда бұл дерттің өршуіне әкеліп, науқастардың сапалы, уақтылы ем алу мүмкіндігінен айырып отыр. Бүкіл әлемде ментальді ауруға шалдыққан адамдардың әлеуметтік интеграциясы аса өзекті мәселе болып табылады, – деді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Конференцияда әсері ұзартылған препараттарды қолдану, психореабилитация, балалар аутизмі мәселелері, сонымен қатар, эпилепсия және деменциясы бар пациенттерге медициналық көмек көрсетудің аспектілері бойынша невролог және психиатр дәрігерлердің арасында пікірталас өтті.

Айта кетейік, Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығында 12057 науқас есепте тұр. Сонымен қатар, бүгінде қоғам дертіне айналған лудомания ауруымен республика көлемінде ресми 10 науқас тіркеліпті. Бұл — қоғамда «ауруын жасырып» жүрген жандардың көп екеніне тағы бір дәлел. Дәрігерлер лудоманияға шалдыққандар медициналық көмекке уақтылы жүгінсе, дертінен айығуына мүмкіндік мол екенін алға тартып отыр.