Сейсенбі, 30 Сәуір 2024 11:51

Түркістан облысында өндірістік аймақтар саны артады

Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына жұмыс сапарында осы саладағы бастамаларды тағы бір пысықтады. Нақты айтсақ, ауданда екі өндірістік аймақ құрылады және «Бадам» индустриалды аймағы 50 гектарға ұлғаяды.

Алдымен Шұбар ауылында өндірістік аймақ құру үшін жоспарланған 60 гектар жердің жобасымен танысқан өңір басшысы инфрақұрылым, ұйымдастыру жұмыстарын сапалы жүргізу маңызды екенін айтты. Бадам-Шұбар автожолының бойында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінен 500 метр қашықтықта орналасқан аумақта инфрақұрылым тартылады деп жоспарланып отыр. Қуаттылығы 25 МВТ қосалқы станция, 1,5 шақырым электр жүйесі, 2,1 шақырым су жүйесі, 0,7 шақырым газ жүйесі, ұңғыма құрылысы жүргізілуі тиіс.

Облыс әкіміне Шұбарсу Ауылында өндірістік аймақ құру үшін жоспарланған 50 гектар жердің жобасы да таныстырылды. Мұнда да су, газ, электр жүйелерін тарту керек.

– Барлық аудан, қалада индустриалды аймақтарды тиімді пайдалану, жаңа өндірістік аймақтар ашу өте маңызды. Осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырамын. Өндіріс орындарын, кәсіпорындар ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізілсін. Инвесторлар тартыңыздар. Біз өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетеміз. Бұл ретте мегаполиске жақын орналасқан Ордабасы ауданының әлеуеті өте жоғары, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі Ақбұлақ ауылындағы «Бадам» индустриалды аймағына да барып, жер көлемін 50 гектарға ұлғайту жобасымен танысты. Жоғарыда аталған жобалар іске асса, Түркістан облысындағы кәсіпорындар және жұмыс орындары көбейеді деген жоспар бар.

Айта кетейік, 2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3-орында тұр.

Түркістан облысында 2023 жылдың қорытындысымен негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсімге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі облыста алғаш рет 1 трлн. теңгеден асып, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға артты. Өсім негізінен өңдеу өнеркәсібінен орындалды.Бұл салада 437,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Облыс әкімі көрсеткіштерді одан сайын жақсарта түсу керектігін жеткізді. Экономикалық даму бойынша негізгі индикаторларға қол жеткізе алмаған басқарма және аудан басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды.

– Біз аудан, қалаларды аралау барысында аудан, қала әкімдерімен, орынбасарларымен кездесіп, нақты тапсырмалар бергенбіз. Орындалмау қаупі бар индикаторларды да көрсеткенбіз. Осыны назарда ұстаңыздар. Жұмысын дұрыс атқара алмаған жауаптыларға шара көріледі. 2023 жылдың нәтижесі шықты. Енді сіздер 2024, 2025 жылдың жоспарларын қазірден бастап әзірлеп, индикаторларды есептеулеріңіз керек. Кірісті молайту бойынша 2 бағыт ұсынылды. Біріншісі – резервтегі кіріс көздерін, «көлеңкелі экономикада» жүрген тұлғаларды анықтап, сол арқылы салық көлемін көбейту. Екінші бағыт – жұмыс орындарын ашу, инвестициялар тарту, кәсіпорындар ашу. Биыл шетелдердегі іссапарларыңызда алған тәжірибені іс жүзінде жүзеге асырған жөн, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған 20 жоба толық іске қосылды. Құны 30,2 млрд. теңге болатын жобалар арқылы 594 жұмыс орны ашылған. Инвестиция көлемі 972 млрд. теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 26,1%-ға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада үшінші орынға шықты. Жалпы инвестицияның 66,8%-ын құрайтын жеке инвестициялар 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артып, 649,6 млрд. теңгеге жетті. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 407,5 млрд. теңгені құрады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 344,1 млрд. теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 6,1%-ға артты. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 4%-ға артып, 899 мың шаршы метр үй тапсырылды. Жеке меншік есебінен 621,8 мың шаршы метр үй пайдалануға берілсе, мемлекеттік меншік есебінен 277,1 мың шаршы метр тапсырылған.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,2 трлн. теңгеге жетіп, өңір республикада көш бастады. Ет, сүт және жұмыртқа өндіруде өсім бар. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге бағытында құны 17,1 млрд. теңге болатын 25 жоба жүзеге асырылды, 624 жұмыс орны құрылған.

Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қалаларға негізгі көрсеткіштер бойынша рейтингтік бағалау жүргізілуде. Жалпы, 12 индикатордың 8-інде жоспарланған межеге қол жеткізілген. Рейтингтік бағалау нәтижесінде көшбасшылар қатарында Созақ, Сайрам аудандары және Түркістан қаласы орналасса, Отырар, Түлкібас және Шардара аудандары төменгі орынға жайғасты. Облыс әкімі аудан, қалаларды дамыту, индикаторларды толық орындау бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл жұмыстар хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.

«Ең үлкен облыс Түркістанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы бүтін республикаға әсер етер күшке ие. Өйткені Оңтүстік облыс географиялық тұрғыда қолайлы орналасқан, ондағы халық тығыздығының деңгейі жоғарғы және кейінгі жылдары қолға алынған іргелі бастамалар біршама. Өңірдегі аса өзекті мәселелердің көшін инфрақұрылым мен әлеуметтік ахуал бас­тайды. Бәріне бірдей бюджет қаржысын жеткізу оңай емес, бірақ біз әркез ұтымды шешімдер қабылдауға тырысып келеміз», дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Жалпы, елдің экономикалық драй­вері болуға қабілетті әрі лайық ауыл шаруа­шылығы саласы бұл облыста да қарқынды даму жолына түсіп келе жатыр. Өңірде өндірілген ауыл шаруа­шылық өнімдері құнының 1 трлн теңгеден асуы сөзімізге дәлел және бұл көрсеткіш арқылы облыс республикада ең алдыңғы позицияда.

«Былтыр жыл басынан бері салаға 88,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнім­дерінен рекордтық 3,3 млн тонна жиналып отыр. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 25 жобаны іске асыру көзделсе, жыл басынан бері нақты 22-сі іске қосылды. Салада жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда. Қарқынды бау көлемі 5 405 гек­тарға жеткізілді. Нәтижесінде, өнімділік 5 есе артып, 350 центнерге дейін өнім жиналуда. Су үнемдеу технологиясы 31 788 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 403 гектарға енгізіліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді», дейді әкім.

Жылыжайға қатысты да жы­лы жаңа­лық­­тар баршылық. Олар­дың жалпы көлемі бүгінде 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналыпты. Бұған қоса 100 гектардан агроаймақ құрып, 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарда бар екен. Қазір жылыжайларды бір орталықтан қатты отынмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, көмір өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілген. Бұл ретте жылыжайларды жылыту шы­ғындарының 20 пайызы субсидияланатынын да айта кетейік. Биыл осы мақсатта 500 млн теңге бөлінген.Сонымен бірге аймақ экономикасына мол ақша әкелуге әлеуеті бар мақта өндірісі саласын өркендету үшін мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленіп жатыр.

«Әлемдік ірі тоқыма компаниялармен өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы бірқатар жо­баны жүзеге асырып, мақ­та бағасына экспорттық тәуел­ділікті төмендетуді көздеп отыр­мыз. Мақта дақылын рен­та­­бельділігі жоғары дәндік жүге­рі да­қыл­дармен алмастыру мақсатында «Жы­­­лына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асы­рылуда. Ал су шаруашылығын дамыту үшін «Тұран су» мемле­кеттік кәсіпорынның жұмысын жүйелендіру есебінен каналдарды қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын мерзімінде атқа­руға қол жеткіздік. Нәтижесінде, бюд­жет қаржысы 28 пайызға үнемделіп, экономикалық тиім­ділігі 1,5-2 есе жоғары болды. Сондай-ақ екі ірі су нысаны толық пайдалануға берілді. Сыйымдылығы 18 млн текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қос­қорған-2» су қоймасы салынып, нәтижесінде, жылына қосымша 34 млн текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік ашылды. Түр­кістан магистралды каналының 59 ша­қырымын бетондау арқылы жылына 60 млн текше метр ағын су үнемдеуге қол жеткізілді. Бұдан бөлек, Түр­кістан қаласы өңірлерінде ағын су тапшылығын түбегейлі ше­шу үшін, «Боралдай», «Бәй­дібек ата» су қоймасын салу жо­балары әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргі­зілуде», деді аймақ басшысы.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 146 рет