ШЫМКЕНТ: 27 МЫҢНАН АСТАМ ОҚУШЫ МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ

Білім күні шын мәнінде барша халықтың дәстүрлі мерекесіне айналды.

Бүгін еліміздегі барлық білім ордасы оқушылар мен студенттерге есігін айқара ашты. Соның ішінде Шымкентте 27 мыңнан астам оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен 2021-2022 оқу жылында 1 сыныпқа қабылданған оқушылар – 25 005 болса, 2022-2023 жылы –26781, ал биылғы оқу жылында – 26 969 оқушы қабылдау жоспарланғанымен оқушы саны жылдағыдай тағы да артқан. Шымкентте 1 қыркүйектен бастап 246 орта білім беретін мектепте 232 788 оқушы білім алады. Шаһарда мектептерде 20 184 пегагог жұмыс істейді.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде 7 700 білім беру ұйымында 3 млн 900 мың бала білім алады, олардың 382 мыңы мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Қазақстан мектептерінде 340 676 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде еңбек өтілі 10 жылға толмаған 147 402 мұғалім, 20 жылға жуықтаған 88 393, 20 жылдан асқан 104 881 педагог бар Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Биыл 460 мың бала үшін 65,8 млрд теңге қарастырылған. Президенттің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы биылғы оқу жылында толыққанды орындалмақ. Өңір әкімдіктері оған қажетті қаржыны бөліп қойған. Соның нәтижесінде 1 қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде қалада 2025 жылға дейін 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 12-нің құрылысы басталды.  Шаһар  көлемінде биылдың өзінде 18 500 орындық 18 мектеп пайдалануға тапсырылуда. Биыл Шымкентте  үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді. Жаңа оқу жылында 600 орындық жаңа білім ғимараттары пайдалануға берілді. ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Жаңа оқу жылында қалада 28 мыңнан астам бала 1-сынып табылдырығын аттап отыр.

ШЫМКЕНТТЕГІ №65 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

Шымкент қаласының мектептерінде бүгін алғашқы қоңырау соғылды. Іргелі білім ордасы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында білім күніне орай салтанатты жиын өтті. Жаңа оқу жылында мектепке 250 бала 1-ші сыныпқа қабылданды. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева барша ұстаздар қауымын, ата-аналарды білім күнімен құттықтап, мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бүлдіршіндердің қадамына сәттілік тіледі.

– Жаңа оқу жылында Шымкентте 28 мыңнан астам оқушы 1-сынып табылдырығын аттап отыр. Қаладағы ең озық білім ордаларының бірі №65 мектеп-гимназия ұжымы оқу жылын жаңа ғимаратпен бастады. Биыл мектеп бітірушілер жоғары жетістіктерге жетті. ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Жалпы білім саласында жаңа мектептердің пайдалануға берілуі, білім сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, қауіпсіздікті күшейтуде көптеген жұмыстар атқарылды. Енді оқушылар тек қана білімге ұмтылуы тиіс, – деді Жанат Арысбекқызы.

Іс-шара барысында жаңа оқу корпусының лентасы қиылды. Білім басқармасының басшысы, қамқоршылық кеңесінің мүшелері, ата-аналар жаңа ғимараттың ішін аралап көрді. 600 орындық білім нысаны 24 оқу кабинеті, асхана, спорт зал, кітапхана, зертханалық кабинеттермен жабдықталған. Мердігер компания құрылысты мерзімінен бұрын аяқтады.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде қалада 2025 жылға дейін 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 12-нің құрылысы басталды.  Шаһар  көлемінде биылдың өзінде 18 500 орындық 18 мектеп пайдалануға тапсырылуда. Биыл Шымкентте  үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді. Жаңа оқу жылында 600 орындық жаңа білім ғимараттары пайдалануға берілді. ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Жаңа оқу жылында қалада 28 мыңнан астам бала 1-сынып табылдырығын аттап отыр.

 

ШЫМКЕНТ ЖАСТАРЫ БІЛІМДЕРІН СЫНАДЫ

Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ҚР Конституция күніне арналған «IQ ZHASTAR» қалалық интеллектуалдық сайысы басталды. Аталған жобаға қаланың белсенді жастары, блогерлер, жас журналистер, жайдарманшылар, жас ғалымдар, оқу орнының үздіктері, мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар, кәсіпкерлерден құралған жалпы 16 команда қатысуда.

Жастарды білімге, оқуға құлшынысын және бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру мақсатында қолға алынған ойын екі күнге яғни, 25-26 тамызға жоспарланған.

Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов дарындылар сайысына қатысушыларға сәттілік тілеп, көпшілікті мемлекеттік мереке ҚР Конституциясы күнімен құттықтады.

– 16 тамыз күні қала әкімінің төрағалығымен жастар кеңесі өткен еді. Сол жиында жастар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Қала әкімі жастардың ұсынысын қолдау бойынша басқармаға тапсырма берді. Осыған орай жастардың зияткерлік әлеуетін арттыра отырып, жаңа орта табуға көмектесу мақсатында интеллектуалды сайыс жүзеге асып отыр. Бұл сайыс білімді, ізденімпаз, коммуникативті және тапқыр тұлғаларды дайындайтын, жастарды бір арнаға тоғыстыратын бірегей жоба. Баршаңызды келе жатқан Конституция күнімен құттықтай отырып, жоба қатысушыларына сәттілік тілеймін, – деді басқарма басшысы.

Интеллектуалды ойынға қатысушылар негізінен, Шымкент қаласының 14 пен 35 жас аралығындағы жастары. Бүгін 1\8 кезең және ширек финал ойындары, екінші күні жартылай финалдық ойындар өтеді. Атап айтқанда, жобада «Тұран», А.Асқаров командасы, «Ордабасы», Әуезов құрамасы, «Жалын», «Ақиқат», «Абадан» сынды командалар бақ сынап жатыр. Қатысушылар барлық саладан жиналған. Жобаға арнайы телевизиялық түсірілім арқылы көрерменге ұсынылатын болады.

Жүзден жүйрік атанған жеңімпаздарға Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма атынан диломдар мен бағалы сыйлықтар (ноутбук, планшет, смартфон) табыс етіледі. Сонымен қатар, 2 айналымға өткен қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары (планшеттер) беріледі.

Интеллектуалды ойынды ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыстың 80 пайызы логикалық сұрақтардан тұрады. Ойынның шарты бойынша, сахнаға 2 команда шығады. Тапқырлық танытып, жеңімпаз болғаны келесі кезеңге жолдама алады. Бұған дейін аталған сайыс қалада екі рет ұйымдастырылды.

 

ШЫМКЕНТТЕГІ ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА 3 ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРУДЕ

Қаратау ауданы аумағында орналасқан Нұртас, Таскен, Тұран-2 елді мекендерінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында білім ұяларының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Аталған білім орындары 2024 жылы пайдалануға беріледі. Бұл туралы баспасөз брифингінде аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов баяндады.

–Ауданы аумағында 48 мектеп, 69 балабақша орналасқан. Жаңа шағынаудандарда салынып жатқан мектептердің құрылысы қарқынды жүруде.«Жайлы мектептер» келер жылы пайдалануға берілетін болады. Ал, жылу маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу бойынша 447 көпқабатты тұрғын үйлерге аудан әкімі аппараты тарапынан «Қуатжылу орталық-3» мекемесімен бірлесіп сығымдау жұмыстарын жүргізуге іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, Қаратау ауданындағы жылу алатын көпқабатты тұрғын үйлерге сығымдау жұмыстарын 8 қызмет көрсетуші мекеме атқаруда. Қызмет көрсетуші мекемелер 12 арнайы бригадамен сығымдау жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда, аудан аумағындағы 447 көпқабатты тұрғын үйден 235 үйге сығымдау жұмыстары атқарылған. Қалған 212 көп қабатты тұрғын үй бекітілген жоспарға сәйкес, қыркүйек айының 15-не дейін өтетін болады, –деді аудан әкімі.

Ал аумақтағы санитарлық тазалық жұмыстарын «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі атқаруда. Сондай-ақ, 2023 жылы аудан тұрғындарының қатысуымен орталық көшелердің бойына және көпқабатты үй аулаларына 5 000 түп ағаш көшеті отырғызылған. 2022 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемелермен тұрғындардың келісімшарт түзу көрсеткіші – 99 пайызды құраған. Аудан әкімі бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу мақсатында жұмыстар атқарып жатқандығын атап өтті.

Айта кетейік, Қаратау ауданында 5 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмектің оң қорытындысын алған. Аудан әкімі аппараты тарапынаны 1070 отбасыға азық-түлік және т.б. көмек көрсетіліпті.

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім саласындағы өзекті 20-тақырыптық бағытта еліміздің әрбір өңірінде республикалық тамыз кеңесін өткізу жоспарланған болатын. Шымкентте «Бір өңір – бір бағыт» принципі негізінде өтіп жатқан Тамыз кеңесі аясында «Білім саласындағы цифрлық технология» тақырыбындағы іс-шара екінші күн жалғасуда. Кеңестің бүгінгі пленарлық сессиясында Премьер-министрдің орынбасары Т.

Дүйсенова құттықтау сөз сөйлеп, білім беру жүйесіндегі маңызды міндеттерді жеткізді. Жаңа оқу жылы қарасаңындағы дәстүрлі жиынға қала әкімі М.Әйтенов қатысты.

Секциялық отырыста саланың дамуына ықпал ететін республика көлеміндегі 30-дан астам үздік авторлық жобалардың шеруі мен баяндамалар талқыланды. Жиынға республикамыздың барлық өңірлерінен келген қонақтар, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары, ата-аналар қоғамдастықтарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен жоғарғы оқу орындарының ректорлары мен ғалымдары және қаламыздың үздік педагогтары қатысуда.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен оқу жылының қорытындысын саралап, жаңа оқу жылына қойылатын міндеттерді айқындап берді. Осы ретте білім беру саласын цифрландыру бағытында Президент тапсырған міндеттемелер аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысын Оқу-ағарту Вице-министрі А. Ілиясов баяндады. Сондай-ақ келелі басқосуда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қ. Төлеушин мектептердегі интернеттің жылдамдығын арттыру, компьютерлік техникамен қамтамасыз ету, адами капиталды дамыту бағыттарына тоқталды.

Бүгінде автоматтандырылған жүйелер мегаполисте білім сапасын арттырып, саланы жаңа деңгейге көтеруде септігін тигізуде. Осы бағыттағы арнайы платформалар мен жаңа бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Д.Ерғарин баяндады.

ШЫМКЕНТТЕ 12 «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» САЛЫНУДА

Биыл Шымкентте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17300 орындық 12 мектеп салынуда. Мемлекет басшысы құрылыста отандық өнімдерді қолдануды басты назарға алуды тапсырған болатын. Осыған орай, кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында іс атқарып жатқан тапсырыс берушілер мен бас мердігерлер, дизайнерлердің отандық тауар өндірушілермен кездесуі өтті. Жиынға қалалық құрылыс және білім бөлімінің басшылары да қатысып, өз ұсыныстарын білдірді.

 –Бүгінгі таңда мердігер мекемелер анықталып, келесі жылы пайдалануға берілетін мектептердің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, 2024 жылы үшінші мегаполисте 10700 орындық 6 мектептің құрылысы басталмақ. Қазіргі уақытта бас мердігер компаниялар «Ақ ордасы», «Арт құрылыс», «Оңтүстік құрылыс», «Отау строй» құрылыс компаниялары анықталды. Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында Президент тапсырмасына орай отандық құрылыс материалдары, жабдықтар мен жиһаздар сатып алынады. Әлеуетті жеткізушілерге жоғары талаптар қойылады, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі, сондай-ақ «СТ-KZ» тауардың шығу тегі мен сертификатының болуы маңызды. Әлбетте сапалы өнім өндірушілер Шымкентте көп деп ойлаймын. Бұл кәсіпкерлер арасында бәсекелестікті арттырып, сапаны жақсартуға кепіл деп білемін,– деді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы Сәбира Адамбекова.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім беру нысандарының басты ерекшелігі – заманауи стандарттарға сай болмақ. Жаңа мектептерде жоғары жылдамдықтағы интернет, компьютерлік шеберхана, STEM зертханалары, жарық диодты экрандар, электронды кітапханалар болады. Сондай-ақ заманауи үлгіге сай жеке спорт залы мен асханасы, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған блоктар, әр қабатта су фонтандары, бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелері бар интерьермен жабдықталады. Ал, үстел, орындықтарды баланың бойына сай үлкейтіп, кішірейтіп реттеуге болады. Қазіргі ғылымның дамуына сәйкес робототехника кабинеттері, нанотехнология мен биотехнологияны зерттейтін зертханалар, оқу және демалыс үшін коворкинг аймақтары да қарастырылған. Барлық мектептер алдағы уақытта ерекше қажеттіліктері бар балаларға да бейімделіп, волейбол, баскетбол, теннис корттарымен қамтамасыз етілмек.
Жиынға 40-тан астам құрылыс компанияларының өкілдері қатысып, травертин, кірпіш, керамикалық плиталар, қапматама панельдері, әрлеу және бояу материалдары сынды өз өнімдері мен мүмкіндіктерін көрсетті. Жиһаз жасаушылар технологиялық тұрғыдан ыңғайлы жиһаз шығаруға мүмкіндіктері бар екенін көрсетіп, бұйымдардың эскиздерін ұсынды. Жиын барысында желдету жабдықтары, терезе, есіктерге арналған профильдер, қауіпсіздік жүйелері де таныстырылды.
Шымкенттік «Eagle teck» ЖШС-і ұсынған интелектуалды қауіпсіздік жүйесінің бірнеше ерекшеліктері бар. Компания басшы Кәрімбай Оразалының айтуынша, бейнебақылау жүйесі тек камераға түсіріп қана қоймай, суық қару, оқ ату орын алған жағдайда дыбыстық сигнал бірден құқық қорғау орындарына келіп түседі.
–Егер жүйе қауіпті таныса, ақпарат бірден құқық қорғау орындарына жіберіледі. Жасанды интеллект – жерде жатқан немесе төбелесіп жатқан адамдарды анықтай алады. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында әлімжеттіктің алдын алып, қорқытатын, ар-намысына тиетін, қорлау сөздерге де жауап береді. Смарт камералардың тағы бір мүмкіндігі мектеп оқушысының дене қызуы көтерілсе де фельдшерлік пунктке дабыл сигналы жіберіледі. Осылайша көптеген келеңсіздіктің алдын алуға болады, – дейді К.Оразалы.

ШЫМКЕНТ: АБАЙ АУДАНЫНДА 7 МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

Бұл туралы Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрлан Тілеш ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте хабарлады. Ол атқарылған жұмыстар және ауданның одан әрі даму жоспарлары туралы айтып берді. Абай ауданының жалпы ауданы 24 мың га құрайды. Xалық саны-257,7 мың адам. Аудан аумағында 27 шағын аудан мен елді мекен орналасқан. Абай ауданында 202 көпқабатты үй, 1 274 көше, 93 әлеуметтік нысан бар. Баспасөз мәслихатында тұрғындарды ауыз сумен, сапалы электрмен, табиғи газбен, кәрізбен қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға талдау жасалды. Ауданның 27 елді мекенінің 26-сы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген (96,2%). 27 елді мекеннің 25-і электр жарығымен қамтамасыз етілген (92,5%). Ал қалған екі елді мекен жеке трансформаторларды пайдаланады. Сондай-ақ, 27 елді мекеннің 20-сы сапалы газды тұтынады (74,1%). Қалған 7 елді мекен қатты отынды пайдаланады. Көкбұлақ, Батыс, арғымақ, Ақжар, Ақтас, Ақтас-2, Нұршуақ елді мекендеріне газ құбырын салу жұмыстары басталды, олардың бір бөлігі жыл соңында аяқталады, ал кейбіреулері келесі жылға көшеді. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 257 мыңнан астам халқы бар аудан ауыз сумен, сапалы электр энергиясымен толық қамтамасыз етіледі. Абай ауданына әлеуметтік маңызы бар денсаулық сақтау нысандары да қажет. Ауданда әзірге 18 емдеу мекемесі жұмыс істейді. Оның 11-і жеке, қалғандары мемлекеттік. Бірақ бұл жеткіліксіз. 2023-2024 жылдары жеке инвесторлар Ынтымақ шағын ауданының №14 емдеу орталығының филиалын салуға ниетті. Сондай – ақ, Қайнарбұлақ тұрғын алабында емхана салу жоспарлануда", - дейді Нұрлан Тілеш. Ауданда мектеп тапшылығын жою үшін 2023-2025 жылдары "жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында жеті заманауи оқу орны салынады. Қазір аудандағы мектептердің жалпы саны - 29, ал жекеменшік мектептердің саны - 16. 2023-2024 жылдары төрт мектеп салу жоспарлануда. 2024-2025 жылдары үш мектеп салынадыАудан аумағында тұрақты негізде санитарлық жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда аудан аумағы 7 секторға бөлінген. Әр секторға тазалыққа жауапты мамандар бекітілді. Тазалау ауданның ішкі орамдық көшелері бар көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларында жүргізіледі. Тазалауды "Шымкентспец комплект" ЖШС және "Sana Global"ЖШС орындайды. Тазалауға 23 бірлік техника, 210 адам жұмылдырылды. Биыл ауданда 57 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Абай ауданының аумағындағы көшелер саны-1 274 және 1 080,1 км.573 км (48,5%) - асфальтталған жолдар; тас жолдар - 450,2 км (25,7%); қара жолдар - 57 километр (2,8%). Аудандағы халықтың қауіпсіздігі де әрқашан назарда. Биыл жоспарға енгізілген көшелер жарықтандырылады, осы аумақтарда 250 бейнебақылау камерасы орнатылады. "Халыққа қатысу бюджеті" аясында биыл 15 әмбебап спорт алаңы мен үш спорт алаңы салынады. Жобаның құны 497,5 млн теңге. Олар Бозарық, Самал-3, Асар, Достық, Қызылжар, Тұрлан, Нұршуақ, Алтынтөбе шағын аудандарында салынады. Ал үш спорт алаңы Асар, Достық, Қайнарбұлақ елді мекендерінде салынады. Бұдан басқа, ауданның экономикалық әлеуетін арттыру жөніндегі ірі жоба аудан аумағында "Бозарық" тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағын салу болып табылады. Ауданы 132,9 га индустриялық аймақта жалпы құны 29,5 млрд теңге болатын тамақ өнеркәсібімен айналысатын 30 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Мұнда 1,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

ШЫМКЕНТ: ЖАҢА ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДАҒЫ 53 ҮЙІРМЕГЕ 2400 ОҚУШЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

Шымкент қаласының Арғынбеков-Шаяхметов көшелерінің қиылысында орналасқан №2 оқушылар сарайында бүгін ашық есік күні өтті. Жаңадан ашылған оқушылар сарайы жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді. Деп xабарлайды Шымкент қаласы әкмідігінің баспасөз қызметі.

Мұнда «Mindal.kz» порталына тіркелу әлі де жүріп жатыр және белгілі мерзімде тіркелу уақыты бітіп қалмайды, яғни жыл бойына өзіңіз таңдаған үйірмелерде бос орын шықса, кез келген сәтте тіркеліп, өтініш қалдыра аласыз. Осы кезге дейін №2 оқушылар сарайына Mindal.kz бірегей платформасы арқылы өтінім білдіргендердің саны 4 мыңнан асты. Бұл - күн сайын мыңнан астам өтініш келіп түсіп жатыр деген сөз.

Оқушылар спорт және сауықтыру бағытында 15 үйірме, гуманитарлық және жастар қозғалысы бағытында 5, өнер және музыкалық бағытта 14, психологиялық дайындық бағытында 3, көркем эстетикалық бағытта 5 үйірме бар. Үйірменің жалпы саны – 53.

Ал ғылыми-техникалық бағыт бойынша 11 үйірме бар. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 6. Физика, биотехнология, кипавтоматика, дизайн және 3Д модельдеу, робототехника. lego құрылысы, химия үйірмелері жұмыс істеп тұр.

Гуманитарлық және жастар қозғалысы бағыты бойынша 5 үйірме, журналистика, шешендік өнер, (ораторлық өнер – қазақ және орыс тілдерінде), журналистика қазақ және орыс тілдерінде, ағылшын тілі (лингвистика), дебат клубы оқушылармен жұмысты бастап кетті.

Өнер және музыкалық бағыт бойынша домбыра, хореография, фортепиано, жетіген, қылқобыз, вокал, драма театр режиссері, скрипка, ал көркем-эстетикалық бағыт бойынша ағаш өңдеу технологиясы, бейнелеу, қыш өнері, қолөнер үйірмелері жұмыс істеп тұр.

«Қабілетін арттырғысы келетін әрбір оқушыға есік ашық!»дейді мұндағылар.