Шымкентте керамогранит шығаратын зауыт іске қосылды
Бүгін «Жұлдыз» индустриалды аймағында ірі инвестициялық жобаның бірінші кезеңі – керамогранит шығаратын зауыт іске қосылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «WAN SHENG CERAMIC» шетелдік компаниясының құрылтайшылары қатысты.
Қала әкімі өз сөзінде ауқымды зауыт Орталық Азиядағы құрылыс индустриясындағы ең ірі жобалардың біріне айналатынын атап өтті. Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында бұл жоба барлық кезеңдерде жан-жақты қолдауға ие болды. Зауыттың ашылуы ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен, яғни керамикалық плиталармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте «WAN SHENG CERAMIC» ЖШС құрылтайшысы Ху Цзяньго жобаны жүзеге асыруда көрсеткен көмегі мен белсенді қолдауы үшін қала әкімдігіне алғысын білдірді. Оның айтуынша, компания заманауи технологияларды енгізумен қатар, қызметкерлерді дамытуға арналған түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.
Айта кету керек, инвестициялық жобаның құны 25,5 млрд теңге, ал оның жалпы аумағы 32 гектарды құрайды. Кәсіпорында 350 жұмыс орны ашылды. Зауыттың құрылысы өткен жылы басталып, мұнда заманауи технологиялық қондырғылар орнатылған, өндіріс барынша қауіпсіз әрі экологиялық таза болады.
Бірінші кезеңді іске қосу аясында кәсіпорын жыл сайын 12,7 млн шаршы метр өнім шығаруды көздеп отыр. Екінші кезең іске қосылғаннан кейін өндірістік қуаттылық екі есеге - 25,4 млн шаршы метрге дейін артады, тағы 350-ден астам қосымша жұмыс орны ашылады.
Бұл жобаны жүзеге асыру құрылыс саласын дамытуға ғана емес, заманауи өндірісті енгізуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға да септігін тигізеді.
Естеріңізге сала кетейік, инвесторлардың демеушілігімен Шымкент қаласындағы сауда-логистикалық орталық аумағында «Coca-Cola Kazakhstan» сусындар зауыты ашылды. Бұдан бөлек шетелдік инвесторлар Шымкент қаласында электр энергиясын өндіруге арналған ірі қоқыс өңдеу кешенін салу жобасын жүзеге асырмақ.